Психолог пен Жанардың соңғы кездесуі: Жанар бірінші күйеуін тапты

Malim Админ

  • 31.03.2021

Алдыңғы бөлімдері:

  1. Талғатты өлімнен құтқара алмаған психологтың әңгімесі
  2. Психолог: Күйеуі тастап кеткен Жанардың әңгімесі
  3. Психолог: Еркінге алданған Жанарды Санжардың өлімі мазалап жүр
  4. Психолог: Жанарға қылмыңдаған мектеп директоры қайтыс болды

Соңы.

Жанардың мына әңгімесінен кейін араласпауға болмайтынын түсіндім.

- Байқаймын, сіз өзіңізді кінәлаудан ләззат алатын сияқтысыз?

- Сонда қалай?

- Құрбыңыз сізге оның өліміне сіздің қатысыңыз жоқтығын айтып отыр. Ал сіз өзіңізді кінәлайтын себеп іздеп отырсыз. Бірақ оны шынымен қарғадыңыз ба, жоқ па, оны өзіңіз де білмейсіз, солай ма?

- Иә, қамауда жатқанда адам есеңгіреп қалады екен. Сол кезде не ойлағаным, не сезінгенім мүлде есімде жоқ.

- Ендеше, неге? Неге бұл өлімді де өзіңізге жүк қылып артып отырсыз? Ол адам, Құдай өзі кешірсін, өзінің арам ниеттерінің кесірінен туындаған кеселден көз жұмды. Бұл бір сәттік нәпсіқұмарлықтан пайда болған нәрсе емес, оның сізден басқа да қаншама адамға осылай қорқыту, бопсалау арқылы зәбір-жапа көрсеткені бір Аллаға ғана аян. Мұндай жамандықтың ешқайсысы ізсіз кетпейді. Адам деген темір емес. Қанша жерден өзін жайлы сезінсе де, ол өз күнәсі мен кінәсін біледі және ол үшін ерте ме, кеш пе бір жазаланатынын біледі. Сол жаза оған ауыр дерт түрінде келді. Ол оның әрбір жасаған жаман әрекетінен кейін ішіне жиналып, қордалана берген. Ал сізге жасаған иттігі сол жиналған дерттің асқынуына түрткі болған. Түсінесіз бе? Ешкімнің біреудің жеке өміріне өзінің рұқсатынсыз қол сұғуға қақысы жоқ. Ол осы шекараны бұзғаны үшін өз жазасын алды. Бұл – сіз ғана емес, сіз сияқты қаншама адамға жасаған жамандығының жазасы. Бірақ, сіз де оны кешіріңіз. Оны да, бұған дейін жолыңызда кездескен ой-ниеті бөтен барлық адамдарды да, тіпті өзіңізді де кешіріңіз. Әйтпесе, мұндай ауыр дерттің сіздің де бойыңызда дамуы ғажап емес. Қатерлі ісік сияқты аты жаман ауруды тек кешірім арқылы ғана жеңуге болады!

 

***

- Мен бұдан әрі бұл қалада қала алмадым, - деп сөзін жалғастырды Жанар. – Директорды ұрғаным үшін түрмеге отырғаным бар, соның ізін ала оның көз жұмғаны бар – осының бәрінен кейін мені мектептегі жұмысымда қалдырмасы онсыз да белгілі еді. Оның үстіне сайда саным, құмда ізім жоқ, пәтер жалдап, жат қалада қаңғырып жүруден өзім де шаршадым. Сондықтан, жиналдым да, ұлымды көтеріп, өзімнің Шымкентіме, дайын пәтеріме қайтып оралдым. Мадина мені тоқтатпады. Ол да осылай болғанын құп көрген сияқты...

Бұл жолы мен жұмыссызбын деп қиналмадым. Шағын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлердің есеп-қисабын жүргізуден біраз тәжірибем болғандықтан, осы істі жалғастырайын деп шештім. Шымкент – мүмкіндігі мол қала, мұнда жеке кәсіпкерлік мықты дамыған. Сондықтан, азды-көпты жиған ақшама қаланың орталығындағы еңселі ғимараттың ықшамдау бір бөлмесін жалға алып, бухгалтерлік кеңсе ашып алдым. Ұлымды балабақшаға беріп, өзім алаңсыз жұмысқа кірістім. Табысым жаман болмады, тіпті екі айдан кейін бір өзім барлық тапсырысты орындауға шамам келмейтін жағдайға жеттім. Сондықтан, бұрын Санжардың фирмасында есеп-қисап бөлімінде бірге жұмыс істеген Темір есімді жігітпен хабарласып, көмек сұрадым. Өзі жас болса да, өте алғыр, әрі қулық-сұмдықты білмейтін, адал жігіт еді. Сондықтан, алдымен сол есіме түсті. Қызық болғанда, ол да жұмыссыз жүр екен, дереу жұмысқа қабылдадым. Осылайша екеулеп ісімізді дөңгелентіп әкеттік.

Темір мен кеткеннен кейін бір жылдай менің орныма бас есепші болып істеп, біраз тәжірибе жинақтап қалыпты. Бірақ, ана Арсен деген неме, қалай екені белгісіз, бір жылдан кейін түрмеден құтылып шығыпты да, фирманың ақшасын оңды-солды шашып, ақыры жоқ қылып тыныпты. Содан жұмыссыз қалған Темір тиіп-қашып әртүрлі жұмыстарда жүргенімен, тұрақты ештеңе таппаған екен.

Мұны естіп, мен қатты күйзелдім. Санжардың қанша жылғы еңбегін ана жарыместің бір-ақ күнде аяқасты еткені жанымды ауыртты. Бірақ, амал не? «Өзі жоқтың көзі жоқ» деген осы...

Бірақ, бәрін көп ұзамай ұмыттым. Жұмысқа қатты беріліп кеткенім сонша, бірдеңені уайымдауға да уақыт қалмайтын болды. Тіпті ұлыма қарауға да шамам болмай, күтуші жалдадым. Ұлымды таңертең балабақшаға апарып, кешкісін алып қайтатын да, тамағын беріп, кірін жуатын да сол күтуші қыз. Ал өзім кейде түнгі сағат 2-3-ке дейін жұмыс істеп, сілем қата келіп құлаймын. Ал таңертең таңғы асымды жүре ішіп, кеңсеге тағы жүгіремін. Әрине, еңбегіме қарай табысым да жаман болмады. Ұлымның барлық қажетін қанағаттандыруға шамам келетін болды.

Бірақ, соңғы кездері қатты шаршағанымды сезе бастаған сияқтымын. Біртүрлі бойымды бойкүйездік жайлап, ештеңеге зауқым соқпайтын болды. Сосын бір күні «қой, демалмасам болмас» дедім де, бар жұмысты Темірге табыстап, ұлыммен бірге Көкшетауға тартып кеттім.

Барып жайғасып болған соң, ұлым Аманат екеуміз көлдің жағасына серуендеуге шықтық. Бұл кезде мектептің бірінші сыныбына барып қалған ұлымның қуанышында шек жоқ. Тастан-тасқа ортекедей секіріп, мәз-мейрам болып жүр. Кенет қалай байқамай қалғанымды білмеймін, жағалаудағы үлкен қойтастың үстінде тұрған ұлымның аяғы тайғанап, көлдің суына гүмп ете қалды. Мен қорыққанымнан орнымнан қозғала алмай, қаққан қазықтай тұрып қалыппын.

Бір кезде арт жағымнан бір кісі жүгіріп келді де, киімшең суға қойып кетті. Көзді ашып-жұмғанша болмай, әлгі адам ұлымды көтеріп, қайтып шықты. Мен қалтыраған қолдарыммен ұлыма жармастым. Абырой болғанда, көп су жұтпапты, есін де жоғалтпапты. Аманатымның амандығына көзімді жеткізген соң, оны дер кезінде құтқарғаны үшін рахмет айтайын деп әлгі адамға көзімді көтеріп қарай бердім де...

Алдымда Айдар тұрды. Сол баяғы менің алғашқы ақ некелі жарым Айдар... Көп өзгеріпті. Жағы қушиып, көзінің асты қалталанып, қартайыңқырап қалыпты. Бірақ, көзінен ұшқын шашып, маған екі езуі екі құлағына жете қарайды...

- Сенсің бе? – деді.

- Иә, менмін. Сен ше? Сен қайдан жүрсің мұнда? – Кенет жүрегім аузыма тығылып, қатты-қатты соғып кеткенін сездім.

- Мен... Осында, Көкшетауда ұлым оқып жатыр. Соған келіп едім, әрі осында бірер күн демала кетейін деп... Сені кездестірерімді білген жоқпын...

Көңілім су сепкендей басылды. Айтпақшы, оның әйелі, баласы бар еді ғой. Менің бар өмірімді ойран еткен әйелі мен баласы...

- Дұрыс екен. Ұлымды құтқарғаның үшін рахмет. Алладан қайтсын! – Аманатымды қолынан ұстап, бұрылып жүре бергім келген.

- Жанар, жалғызсың ба? – Айдардың бұл сұрағының төркінін бірден түсіндім. Сонда да қырсығым ұстап, дұрыс жауап бергім келмеді.

- Жоқ, ұлыммен келдім. Сен де жалғыз емес шығарсың?

- Ұлыңның әкесі қайда?

- Ана жақта... – Саусағыммен аспанды көрсеттім.

- Кешір. Иманды болсын...

- Сұрағың бітсе, мен кетейін, ұлым суықтап қалар, киімін ауыстыруым керек.

- Жанар, ал мен жалғызбын. Әйеліммен сол сен кеткен жылы-ақ ажырасқанмын. Содан бері сені іздеумен болдым. Бірақ, сен ұшты-күйлі жоғалып кеттің. Сот арқылы ұлымды өзіме алып, бар өмірімді соған арнадым. Сені табармын деген үмітімді жоғалтқан жоқпын. Сондықтан, үйленбедім...

Көзіме келіп қалған жасты іркіп қала алмадым. Жерге отыра қалып, еңіреп жылап жібердім. Ұлым маған бір, Айдарға бір қарап, аң-таң болып тұр. Айдар жанымызға келіп, Аманатымның маңдайынан сипады да:

- Басыңнан не өткенін білмеймін, бірақ менің сенен енді қайтып айырылғым келмейді. Менен қашпашы, сөйлесейік. Мүмкін, бәрін қайтаруға болатын шығар...

 

***

Сол күні ұзақ сөйлестік. Мен басымнан өткен жайдың бәрін бірін қалдырмай әңгімелеп бердім. Айдар да етегіне намаз оқып жүрмеген көрінеді. Біраз қызықшылығы болыпты, «бірақ, некеге тұру туралы ойға да алмадым» дейді. Сенгім келді. Бірақ, мен өзге құрбандықтарым сияқты оның тағы да өмірін ойрандаудан қорықтым. Бұл ойдың санама бекіп алғаны сонша, тіпті қайта бақытты болу туралы ойлаудың өзі сондай қорқынышты болды. Сондықтан, сізге келіп, бойымдағы барлық үрей мен күмәннен арылғым келді.

- Дұрыс істегенсіз. Ал қазір Айдар қайда?

- Ол да осында, Шымкентте. Біраз жыл әскери қызмет атқарып, әр қалаға бір ауысып жүрген екен. Әскерилер зейнетке ерте шығады ғой, қазір зейнетке шығып, осында бір оқу орнында дәріс беріп жүр.

- Сол кездесуден кейін араларыңыз қайта жақындады ма?

- Жаңа айтқанымдай, өте жақын араласуға қорқамын. Бірақ, ол алған бетінен қайтпайтын сияқты. Өткен жолы, есіңізде ме, бір аптадай келмедім ғой сізге. Сол кезде Айдармен бірге ауылына барып, апасын көріп келдім. Ол кісі де қартайыпты, мені көргенде еңкілдеп ұзақ жылады. «Айдарым сені бағаламады, сонда да сен оны енді тастама» деп жалынғандай болып қайта-қайта айтумен болды. Тіпті не дерімді де білмедім. Рас, мен өмір бойы тек Айдарды сүйдім, бірақ оралмасқа кеткен күндерімді қайтару енді мүмкін бе?...

- Мүмкін. Мүмкін, Жанар. Сіздің бақытыңызға кедергі болар ештеңе жоқ. Рас, екеуіңіздің де арқаңызда өткеннен қалған ауыр жүк бар. Бірақ, бұл – тағдыр. Бәлкім, қателік те болған шығар. Бірақ, жазмыштан озмыш жоқ. Енді артқа қарайламай, алға бірге көз салыңыздар. Тағы да айтам, сіздің алдыңызда ешқандай кедергі жоқ. Кедергі – тек өзіңіздің ішкі ой-санаңызда. Өзіңізді кінәлауды доғарыңыз. Сіз ешкімге бақытсыздық әкелген жоқсыз. Әркім өз іс-әрекеті үшін өзінің лайықты жазасын алды. Әрі-беріден соң, әркімнің Алланың өзі өлшеп-пішіп берген өз өмірі бар, тағдыры бар. Сіз оны өзгертетіндей Құдай емессіз. Сіз ешкімді өлтіре де, бақытсыз да ете алмайсыз. Сізде ондай құдірет жоқ. Осыны түсініңіз. Сіз қарапайым адамсыз. Жылауға, күлуге, қайғыруға, бақытты болуға хақыңыз бар жай ғана пендесіз. Тағы да айтамын, бақытты болыңыз! Бұл сіздің қолыңыздан келеді. Осы уақытқа дейін жоғалтқандарыңыз көп, сондықтан көп нәрсенің қадірін білесіз. Айдардың да көргені мен көңілге түйгені аз емес сияқты. Бір-біріңізді қадірлей аласыздар, ең бастысы, сіздер махаббаттарыңызды осынша уақыт бойы, осынша жағдайлардан кейін де сақтай білдіңіздер. Бұл керемет емес пе? Мұндай махаббатты жоғалтуға хақыларыңыз жоқ!

- Иә, дұрыс айтасыз. Мен де енді оны жоғалтқым келмейді. Мүмкін, менің өмірімді ойран еткен осы қорқақтығым шығар. Енді мен өз бақытым үшін күресуім керек!

- Міне, енді жөнге келдіңіз. Мен сізге сенемін.

- Рахмет сізге. Құдай сізге екі дүниеде жақсылығын нәсіп етсін!

- Әумин! Айтқаныңыз келсін...

 

***

Жанармен қоштасқалы біраз болды. Одан кейін де қанша адамның жан дертін емдеуге көмектестім. Әрқайсысының тағдыры өз бетінше бір тарих. Әрқайсысының өмірінде ауыр қайғы да, бақыт та, баянсыз махаббат та, өкініш пен өкпе де жетіп-артылады. Қарап отырсам, бұл жер бетіндегі пенде шіркіннің бәрінің сырты жылтырап жүргенімен, ішінде нешеме алсапыран дауыл болып жатады екен ғой. Бәріне жаным қосыла ауырып, басындағы қасіреттен арылудың жолын қосыла іздедім. Іздей жүріп өзім де өмір сүруді қосыла үйрендім. Бірақ...

Жұртқа ақыл айтқанда жақсымын-ау, ал өзімнің жүрегімде шемен болып қатып қалған жан дертімнен қалай арыларымды әлі күнге білмеймін. Жарастың қанға бөгіп, қолымда үзіліп бара жатқан сәті көз алдымда тұрып қалыпты. Оны ойлағанда бұрынғыдай көкірегім удай ашып жыламаймын, қайғырмаймын, сағынбаймын да. Тіпті жаным қайта жадырап, күлгім келеді, өмірдің ләззатын сезініп, қайтадан сүйгім келеді, сүйікті болғым келеді. Бірақ, қанша «болды, ұмыттым, енді жаңа өмір бастаймын» деп өзімді сендіргім келгенімен, сол сурет көз алдымнан көлбеңдеп кетпейді. Ескі альбомдағы бейнесін саусағыммен аялай сипап отырып: «Жаным, мен сені сүйдім. Сені сүйгендей енді ешкімді сүйе алмаймын. Сен менің мәңгі жүрегімдесің... Бірақ, енді мені босат. Мен де өмір сүрейін, ана атанып, ұрпақ өрбітейін. Жанымды мазалама» деп жалынамын кейде. Ал ол мені жібергісі келмейтін сияқты. Бейнебір арамызда бітпей қалған бір іс бар сияқты...

А, иә, оны өлтірген қанішерлер сол күйі қолға түспей кетті емес пе? Жазасыз кетті. Сонда Жарасымның қаны сұраусыз қалғаны ма? Бәлкім, оның жанын жай таптырмай жатқан сол болар? Бәлкім, оның кегін алуым керек шығар?

«Жо-жоқ, ондайды ойға да алушы болма!» дейді ақылым. Орта ғасырлардағы адамдарға ұқсап кек қуған деген не сұмдық! Олар бәрібір Алланың жазасынан қашып құтыла алмас. Дегенмен, олардың өз істеріне лайық жазаланғанын көзбен көрмейінше көңілім тыншымайтын сияқты...

 

***

Жанармен сеансымыз аяқталғалы арада 3-4 ай өткен. Бір күні ол маған қоңырау шалып, кешкісін үйіне қонаққа шақырды. Біраз уақыт сырын тыңдап, өткен өмірін көзбен көргендей өз жүрегіммен терең сезінгендіктен бе, Жанар маған ет жақыным сияқты болып қалыпты. Сондықтан, бас тартпадым.

Кешкісін қала шетіндегі айтылған мекенжайға келіп жеттім. Еңселі үйдің қақпасының алдында сұңғақ бойлы, қараторы жігіт ағасы күтіп алды.

- Сіз Жанардың психологы боларсыз? – деп күлді ол менің қолымды алып тұрып.

- Иә, дәл таптыңыз. Ал сіз...

- Мен Айдармын. Жанар сізге айтқан болар. Ішке кіріңіз, біз тек сізді күтіп отырмыз.

«Шамасы, екеуі қосылған болды ғой» деп топшыладым іштей. Осыны ойлауым мұң, тұла бойымнан бір жып-жылы леп жүріп өткендей болды. Екеуі үшін қуанғанымнан болар.

Есіктің аузына жүгіріп шығып, мені құшақтай алған Жанарды тани алмай қалдым. Өткенде алдыма келген стильді, іскер әйел бейнесі жоқ. Үстіне кең етек көйлек киіп, басына жаулық тағып алыпты. Өзіне сондай жарасады екен. Жүзі бал-бұл жанады. Бақыттың табы...

Қонақбөлмедегі дастархан жайнап тұр. Төрде етжеңді келген әже отыр. Маңдайын қалың әжім басқан, бірақ жүзінен төгілген мейірім шуағы әжімдерін көрсетпей, айналасын нұрландырып жібергендей екен.

- Бұл менің апам, - деді Айдар бәріміз дастархан басына жайғасқан соң. – Үлкен ұлымыз студент, енді қысқы демалысында бір-ақ келеді. Ал мынау – Аманат деген батырымыз, - Айдар жанына келіп, сүйкене отырған 8-9 жасар баланы кекілінен сипап қойды. Сырттан қараған адам екеуін туған әкелі-балалы деп ойлары анық. Араларында ешқандай алшақтық байқалмағаны былай тұрсын, тіпті екеуі бір-біріне бауыр басып қалғаны көрініп тұр. Жанарға көзім түсіп кетіп еді, ол да Айдар мен ұлына мейірлене қарап отыр екен.

Ас желініп, сорпа ішіліп, дастархан басындағы әдемі әзіл, әңгіме айтылып болған соң, «қыздар» жағы үстел үстін жиыстырып, асүйге «сырласуға» кеттік.

- Сізге барғаным жақсы болды, сеанстарыңыз маған көмектесті, - деді Жанар жымиып. – Шын мәнінде, осы уақытқа дейін өз өмірімді өзім қор қылып келген сияқтымын. Әлде шын бақыттың қадірін түсіну үшін осының бәрін көруім керек пе еді... Білмеймін, әйтеуір, қазір енді бар бақытымды Құдай тартып алмаса, өз қолыммен ешкімге беретін ойым жоқ...

Айдармен қайта қосылуға бел байлағанда алдымен оның ұлы мені қабылдамас деп қорықтым. Қанша дегенмен ержетіп қалған жігіт, әрі егер әу баста анасы мен әкесінің арасы менің кесірімнен бұзылғанын білсе, мені жек көрер деп ойладым. Бірақ, ол сондай ашықжарқын, ақкөңіл жігіт болып шықты. Мені бір көргеннен құшақтап, «Менің ешқашан анам болған емес, сізді мама десем бола ма?» деді. Сол сәтте, білесіз бе, төбем көкке екі елі ғана жетпей қалған шығар. Мен оны көрмей тұрып-ақ жақсы көргенмін. Тіпті баяғы, сәби кезінен жақсы көрген шығармын. Сонау қайынәпкем маған «сот арқылы алып беріп, бауырыңа басамыз» деген сәттен. Сол кездің өзінде алғашқы сәбиім шетінеген соң, кемерінен асып-толған аналық махаббатымды осы балаға бергім келген. Бірақ, тағдыр ол күнді маңдайыма жазбады... Енді арада көп жылдар салып, сол бала енді мені «мама» деп тұр. Ол бұрыннан-ақ менің балам болатын, сондықтан мен де оны мейірлене құшағыма алдым.

Айдар да Аманатты туған ұлындай қабылдап, оған бар әкелік махаббатын беруге тырысып жүр. Аманатым қазір менен гөрі Айдарға жақын. Үйде де, түзде де екеуі бірге. «Әкем маған ананы үйретті, әкем мені анда алып барды» деп аузы бір жабылмайды. Иә, «әке» дейді...

Енемді ауылдан өзім алдырттым. Кезінде маған туған анамдай болған жан еді. Оған қызмет қылып, келіндік міндетімді атқара алмадым. Енді сол кемшілігімнің орнын толтырғым келді. Қазір апам қатты қартайып, шөгіп қалыпты. Буыны ауырып, жүре алмайды, сонда да айналасын шұқыланып, қыл-қыбырын тазалап отыратын тынымсыз адам. Аузынан «айналайыны» түспейді. Аманатым да «әжелеп» жанынан шықпайды. Алланың мұнысына да шүкір...

 

***

Жанардың бақыт пен береке тұнған шаңырағынан жаным жадырап, бойыма ерекше бір қуат құйылғандай рахаттанып шықтым. Құдай шебер ғой. Ештеңені бекер жасамайды. Бұлардың бастан кешкен қасіреті мен бүгінгі бақытының да бір мәні бар шығар...

Үй иелерімен қақпа алдында қоштасып тұрып, арғы түкпірде арба сүйретіп, бірдеңе тасып жүрген адамды көзім шалып қалды. Түрі таныс сияқты. Қайдан көрдім?... Арслан! Жарасымды жер жастандырған қанішер!

Бір сәт көз алдым қарауытып, дүние теңселіп кеткендей болды.

- Сізге не болды? Жүзіңіз бозарып кетті ғой! Айдар, үйден су әкелші, тез! – Шыр-пыр болып қолтығымнан демей берген Жанарға қарап, «бәрі дұрыс» дегендей басымды изедім де, бойымды тіктеп, саусағымды жаңағы адам жаққа нұсқадым.

- Анау... кім?

- А, ол біздің қораны жөндеп жүрген жұмысшы ғой. Өзі бір үй-күйі жоқ, қаңғырып жүрген бейшара. Өзінің кім екенін, қайдан келгенін білмейді. Айдар көшеде суықта қалтырап отырған жерінен жаны ашып, алып келіпті. Ескі асүйді жөндеп, баспана етіп бердік. Сонда жатып, үйдің анау-мынау тірліктерін жасайды. Ақша берсек, алмайды. «Тек тамақ пен киім әперіп тұрсаңдар жетеді» дейді. Осылай тұрып жатыр. Ешкімге зияны жоқ, бір міскін ғой. Оны неге сұрадыңыз?

- Жай, біреуге ұқсатып едім. Жаңылысыппын...

Осылай дедім де, тез-тез қоштасып, таксиге мініп кете бардым. Шын мәнінде жаңылысқан жоқ едім. Бұл сол қанішердің дәл өзі болатын. Құдай оны жазасыз қалдырмапты. Жазалағанда да аямапты. Егер ол түрмеге қамалғанда араға жылдар салып, бостандыққа шығып, әрі қарай өмірін жалғастыра берер еді. Ал қазір Құдай оны мәңгілік зынданға тастапты. Бұрынғының адамдары: «Тәңірім, барымды алсаң да, ақыл-есімді алма» деп жалбарынады екен. Мұның мәнісін бұрын түсінбей келіппін. Енді ғана санама жетіп отыр, есін жоғалтқан адам – не өткені, не болашағы жоқ, мәңгі тұтқын ғой!

Кенет бойым жеңілдеп, еңсемді езген ауыр ойлардан азат болғанымды сезіндім. Айдарды да онша ойлағым келмейтін сияқты. Тек тезірек үйге жетіп, жылы төсегіме жатып, рахаттана ұйықтасам болды. Ал ертең... ертең мүлде жаңа күн күтіп тұр!

Камила Тілепова

Байланысты жаналықтар

Психолог: Жанарға қылмыңдаған мектеп директоры қайтыс болды

29.03.2021

Психолог: Еркінге алданған Жанарды Санжардың өлімі мазалап жүр

27.03.2021

Психолог: Күйеуі тастап кеткен Жанардың әңгімесі

26.03.2021

Талғатты өлімнен құтқара алмаған психологтың әңгімесі

25.03.2021
MalimBlocks
Психолог: Жанарға қылмыңдаған мектеп директоры қайтыс болды

Психолог: Еркінге алданған Жанарды Санжардың өлімі мазалап жүр

Психолог: Күйеуі тастап кеткен Жанардың әңгімесі

Талғатты өлімнен құтқара алмаған психологтың әңгімесі