Психолог: Жанарға қылмыңдаған мектеп директоры қайтыс болды

Malim Админ

  • 29.03.2021

Басы. Талғатты өлімнен құтқара алмаған психологтың әңгімесі

Жалғасы. Психолог: Күйеуі тастап кеткен Жанардың әңгімесі

Жалғасы. Психолог: Еркінге алданған Жанарды Санжардың өлімі мазалап жүр

Соңғы кездесуімізден кейін Жанар біраз уақыт көрінбей кетті. Алдыңғы жолы қаттырақ айтып жіберіп, көңіліне ауыр қалып қалды ма екен деп те ойладым. Бірақ оған көп бас қатыруға уақытым бола қойған жоқ. Бұл уақытта бірер мекемемен келісімшартқа отырып, одан басқа да клиенттерім көбейгендіктен, Жанарды сарыла күттім дей алмаймын.

Ол екі аптадан кейін қайта бой көрсетті.

- Кешіріңіз, шаруаларым шығып қалып, келе алмадым, - деп ақталды.

- Жарайды, ең бастысы, орта жолдан қалдырмай, келгеніңізге қуанып отырмын.

- Иә, өзімнің де бұл жүктен ертерек құтылғым келеді...

- Сонымен, қай жерге тоқтап едік? Сіз Санжардың өліміне кінәлі адамды ұстап бердіңіз, солай ғой?

- Солай. Бірақ бұл өз басыма сор болды.

- Неге?

- Арсеннің қолға түсуіне менің себепші болғанымды білген соң, Санжардың әйелі кеңсеге долданып келіп, әбден жер-жебіріме жетті. «Күйеуімнен бір айырдың, енді інімді де қаматып тастадың. Саған не жетпейді? Айналаңдағы еркек біткенді жалмап бара жатқан жалмауыз болдың ғой сен! Әлде інімнің айтып жүргені рас па? Сенің көздегенің мына фирманы басып қалу ма? Мүмкін, келесі кезекте мен тұрған шығармын?» деп айқайлады. Сол сәт кірерге тесік болса, кіріп-ақ кетер едім. Өткенде ғана «көңілі кең, періште жан екен» деп табынып жүрген адамым әп-сәтте албастыға айналып шыға келгендей. Иә, оны да түсінем, екі бірдей жақын адамынан айырылып отырса, оның үстіне екеуіне де менің қатысым болса, ашынуы орынды да. Бірақ, бұлай көптің көзінше жерден алып, жерге салмай, оңашада не істесе де разы едім...

- Сонымен...

- Сонымен, сол күні асай-мүсейімді жинадым да, қаншама маңдай терім сіңген фирманы бір Құдайға тапсырып, ол жерден біржола кеттім. Тіпті сол қаладан да кетіп қалғым келіп еді. Бірақ, Санжардың ісі бойынша куәлік етуім керек болғандықтан, тергеушінің рұқсатынсыз шыға алмадым.

Қолда Арсеннің өз ісін мойындаған дыбыс жазбасы бар, өзі де тергеу кезінде бәрін мойындапты. Сондықтан, іс тез жабылуы керек еді. Бірақ, тергеушілерді «Санжардың соңғы хатындағы М....Қ.... деген кім?» деген ой көп әуреге салды. Ақыры Санжар бәрін ұйымдастырып жүрген өз әйелінің бауыры екенін біле тұрса да, өз отбасын қиындыққа қалдырмау үшін тергеуді шатастырғысы келген болуы керек деген болжам жасалып, іс тоқтатылды. Әй, Санжар-ай, өліп бара жатып та қаскөйдің атын жасырып, жақсылық жасағың келген екен ғой...

- Бұдан кейінгі өміріңіз не болды? Басқа жұмысқа орналаса алдыңыз ба?

- Екі адамның, жоқ, әйелі, бала-шағасымен қосқанда алты адамның обалына қалдым-ау деген оймен өз-өзімді іштей мүжіп, әрі жұмыссыз қалғаныма уайымдап, бұған қоса тергеушілердің бітпейтін сұрақтарына жауап берумен екі ай да зырылдап өте шығыпты. Осы күндер ішінде бар жиған-терген ақшамды ішіп-жеп тауыстым десем де болады. «Енді әрі қарай не істеймін, қайда барамын, болашағым қалай болады?» деген ойлар енді мені шындап мазалай бастады. Бірақ, соңғы кездері бітпейтін күйзеліс пен сәтсіздіктерден шаршадым ба, ештеңені ойлағым келмей, жата бергім келетінді шығардым. Тіпті уақтылы тамақтанып, таза ауаға шығуды да қойдым. Қарным ашпайды, тек ұйықтай бергім келеді. Орнымнан тұрайын десем, басым айналады.

Сосын бір күні «қой, бұлай жата бергенім болмас» дедім де, өзімді зорлағандай етіп, дәрігерге бардым. Ол мені мұқият тыңдап, талдама тапсыруым керектігін айтты. Тапсырдым. «Қазір менен бір ауыр дерт табылса, жақсы болар еді. Мен де ертерек өліп, мына азаптың бәрінен құтылайыншы» деп тілеп отырмын іштей.

Талдаманы қарап шыққан дәрігер маған қарап жымиды да:

- Құттықтаймын! – деді.

- Не? Не үшін? Әзіліңіз бе? Менің жағдайым жақсы емес, сіз не деп отырсыз?

- Бұл қалыпты нәрсе ғой. Білуімше, бұл сіздің бірінші жүктілігіңіз емес. Алғашқы белгілері сізге таңсық болмауы керек еді...

- Жүктілік?!... – Өз құлағыма өзім сене алар емеспін. Қашан, қалай? Соңғы рет мен Санжармен ол өлерден бір күн бұрын ғана кездескенмін. Демек... О, құдіреті күшті Құдайым! Бұл тағы қандай сынағың?

Үйге қалай жеткенімді білмеймін. Қуанайын ба, жоқ, жылайын ба? Егер қазір Санжар тірі болғанда, бұл жаңалықты ол қуана қабылдап, мені көкке көтерері анық еді. Ал енді... енді не істеймін? Не жұмысым жоқ, бұл баланы қайтіп асыраймын? Әлде оны алдырып тастайын ба? Бірақ, мен тұңғышымнан айырылған соң, сәбилі болуды қаншама армандадым емес пе? Не істеймін, енді қайтіп өмір сүремін?

Осындай сансыз сауалдармен басым мың-дың болып, жасымды көлдетіп жатып, тек таңға жақын ұйықтап кетіппін. Түсіме Санжар кіріпті. «Қорықпа, мен сенің жаныңда боламын. Менің аманатымды сақта» дейді. Ояна келіп бұл түстің тегін емес екенін, бұл баланы Құдай маған қайта күш жинап, өмір сүруім үшін жібергенін, сондықтан, оны қалдыруым керектігін түсіндім...

- Кешіріңіз, Жанар, сөзіңізді бөлейін, сіз үнемі барлық қиындықпен жалғыз күресуге тырысасыз. Неге? Жақындарыңыз қайда? Ата-анаңыз, бауырларыңыз дегендей... Неге солардан көмек сұрамайсыз?

- Менің анам... қалай десем екен, анам менің кішкентай кезімде әкем екеумізді тастап, басқа адамға күйеуге шығып кеткен. Маған үйдегілер солай деген. Ал өгей шешем мені ешқашан бауырына тартып, басымнан сипаған емес. Одан туған бауырларым да анасының ықпалымен маған өгейлігін көрсетіп тұрады. Ешқайсысынан ешқашан жылу көрген емеспін. Оларға менің бар-жоғым бәрібір...

- Аа, солай ма, кешіріңіз... Ал сіз өз анаңызды іздеп табуға тырысып көрмедіңіз бе? Кейін оны көргіңіз келмеді ме?

- Бала күнімде «шіркін, анам қайтып келсе, оны ешқайда жібермес едім» деп армандайтынмын. Ол тек жоғары сыныпта оқып жүргенімде бір-екі рет мектепке іздеп келді. «Мені кешір, қызым. Әкең мені қуып жіберіп, сені бермей алып қалды. Кейін қайта тұрмыс құрған соң сені қайтарып алуға мүмкіндігім болмады» деп зар еңіреген соң, көңілім босап, кешірмек болғанмын. «Мені отбасыңа апарып, бауырларыммен таныстыр, енді сенен қара үзгім келмейді» дедім. Ал ол күмілжіп: «Кейінгі күйеуіме сен туралы айтқан жоқ едім. Егер білсе, арақатынасымыз бұзылуы мүмкін. Менің сенен басқа үш ұлым бар, қызым. Оларды жетім ете алмаймын, мені түсін», - деді. Мен түсіндім, содан кейін «маған қайтып келмеңіз» деп шорт кестім. Ол да қайтып төбе көрсетпеді...

- Түсінікті. Міне, мәселенің түп-төркіні қайда жатыр... Білесіз бе, адам баласы үшін ана – отбасылық бақыттың негізі, ал әке – материалдық құндылықтардың бастауы саналады. Бала күнінде ана махаббатына тойынбаған адам ересек өмірде отбасылық қиындыққа көп тап болады. Ал әкенің орны жұмыс, мансап, ақша мәселесінде аз рөл атқармайды.

Сіздің жағдайыңызда сіздің анаңызға деген, дұрысы, екі анаңызға да қатысты үлкен өкпе-ренішіңіз бар. Бұл сіздің отбасылық өмірде бақытты болуыңызға кедергі келтіріп отыр. Ал әкеңізбен араңыз қалай?

- Ол кісі жасында көп ішкен. Шамасы, анаммен ажырасуына да сол себеп болса керек. Бірақ, ол мені жақсы көретін. Үнемі маңдайымнан сүйіп, еркелетіп отыратын. Тек өгей анамның сөзінен аса алмайды...

- Яғни, әкеңізбен қарым-қатынасыңыз жақсы. Сондықтан, жұмыс, ақша мәселесінде қиындық жоқ. Иә, мүмкін, кейбір қиындықтар болған шығар, бірақ, негізінен, ешкімге алақан жайып көрмегеніңіз анық, солай ғой?

- Солай сияқты...

- Енді мені тыңдаңыз. Ертеде жастар жаңа өмірге қадам басар алдында ата-ананың ақ батасын не үшін алған, білесіз бе? Өйткені, ата-ана баламен кіндігімен байланған. Яғни, олардың арасында күшті байланыс қуаты бар. Ата-ана баласына разылығын білдіріп, ақ жол тілесе, оның отбасылық бақытына жол ашылады. Ал егер теріс батасын берсе, көп қиындықтарға кездеседі. Ал сіздің жағдайыңызда керісінше, сіз анаңызға разылық бермей отырсыз. Оның да екінші отбасында бақыты ашылмағаны анық, әйтпесе ол сізді сағынып іздеп келіп тұрып, екінші қайтара айырылмас еді, сізді жаңа отбасымен таныстырып, сол отбасының бір мүшесі етер еді. Ал анаңыздың бақытсыздығы сізді бақытсыз етіп отыр. Мұны түсіну сізге біраз қиындау болар. Дегенмен, бұл өмірде бәрі бір-бірімен өзара байланысты. Сіз біреуге жаман қуат жолдасаңыз, яғни, жеккөрсеңіз, ашулансаңыз, қарғасаңыз, мұның бәрі сіздің өміріңізге қиындық түрінде қайтып келеді. Сондықтан, қиын болса да айтайын, сіз оны кешіруіңіз керек. Жүрегіңізді жамандықтан тазартуыңыз керек. Анаңызға деген өкпе-ренішті ұмытып, оны өзіңіз іздеп барып, батасын алыңыз. Қазір ендігі балалары естері кіріп, ержетіп кеткен болар, олар да әпкесін жылы қабылдап, есігін айқара ашар. Немесе, бәлкім, бәрі біз ойлағаннан қиындау болар. Бірақ, тырысып көріңіз. Ең бастысы, анаңыз сіздің кешіргеніңізді көрсе, оның да жан жарасы жазылып, разылығын білдірер еді. Содан кейін өзіңіз де жеңілдеп, жолыңыз бола бастағанын байқайсыз...

- Тағы да кешірім сұраймын, сөзіңізді бөлуіме тура келді. Мұны айтпасам болмайтын еді.

- Иә, түсіндім.

- Қай жерге келіп тоқтап едік? А, иә, сіз баланы қалдырамын деп шештіңіз...

- Қалдыруын қалдырдым-ау, бірақ енді менің екі адамның жағдайын жасауым керек болды. Ал жұмысым болса жоқ. «Не істеймін?» деп жүргенімде басқа қалада тұратын Мәдина есімді құрбым хабарласып қалды. Екеуміз сонау институт қабырғасынан достасып, жақын болып кеткен едік. Кейін екеуіміз де екі жаққа тұрмысқа шығып кеттік. Бірақ, өткен жылы ол мені өзі іздеп тауып келген. Содан бері жиі телефон шалып, жағдайымды біліп тұратын. Барлық қуанышымды да, қайғымды да соған айтатынмын. Рас, соңғы жағдайлардан оның мүлде хабары жоқ еді. Мен тіпті Санжар кеткелі ешкіммен сөйлеспейтін болғанмын...

Осы жолы Мәдинаға басымнан өткеннің бәрін түгін қалдырмай баяндап бердім. Ол мені үнсіз тыңдап тұрды да, аяғым ауыр екенін естігенде айқайлап жіберді.

- Жаным-ау, бағанадан бері осыдан бастамайсың ба? Бұл деген бақыт қой! «Құдай бір есігін жапса, екіншісін ашады» деген. Уайымдама, періштеңнің несібесіне бірдеңе табылар. Сен қазір тез жинал да, маған кел. Біраз демалып, есіңді жинап ал. Сосын екеулеп бірдеңе ойластырармыз, - деді. Мен де иығына басымды сүйеп, шерімді тарқатып алатын адам таппай отыр екенмін, дереу жиналып, кешкі пойызбен жолға шығып кеттім. Бұл кезде тергеушілердің де менімен ісі біткен, сондықтан, кетуіме еш кедергі болмады.

Мәдина өзі тұратын қаладағы бір мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып істейтін. Директорымен де қарым-қатынасы жақсы екен, мен келгенше бастығымен келісіп, маған бір орын дайындатып қойыпты. Мен құрбымның үйінде екі-үш күн тынығып, өз-өзіме келген соң, жұмысқа шығып кеттім. Бұрынғы пәтерімді сатып, осы жақтан басқа үй қарастырмақ болып едім, Мадина:

- Сатпа, оны жалға беріп қоя сал. Ай сайын қосымша табыс, әрі кейін қайтып оралғың келсе, керек болады, - деді. Сөйтіп, соның ақылымен пәтерақысы аздау жас отбасыларға арналған жатақханалардың біріне орналасып, жұмысымды істеп жүре бердім.

Уақыты келіп, ұлымды дүниеге әкелген соң, Мадина қоярда-қоймай мені қайтадан өзінің үйіне көшіріп алды. Өзінің үш баласы болған соң, бала бағудан тәжірибесі жетерлік екен, менің ұлымды өбектеп, әбден сылап-сипап, жасына толтырып өсіріп берді. Осы бір жылда мен де қарап отырған жоқпын. Екінші – бухгалтерлік мамандығымды пайдаланып, әртүрлі шағын фирмалардың есеп-қисабын жүргізумен айналыстым. Клиент табуға маған салық органында жұмыс істейтін Мәдинаның күйеуі көмектесті. Екі дүниеде ол екеуінің жақсылығын ұмытпаспын...

Ұлым бір жасқа толған соң, мен оларға алғысымды жаудырып, пәтер жалдап шығып кеттім. Ұлыма күтуші жалдап, қайтадан мектепке жұмысқа шықтым. Жұмыстан тыс уақытымда есеп-қисабымды жүргізуді жалғастыра бердім. Бір сөзбен, ақшадан онша тарыға қойған жоқпын. Бәрі дұрыс еді, бірақ...

Мектептің директоры онша жақсы адам болмай шықты. Менің жалғызбасты екенімді білетін ол бұрын ішім шермиіп жүргенде бәлен дей қоймаса да, декреттен кейін қайта оралғанымда өзінің пасық ниетін ашық білдіре бастады. Қанша бетін қайтарсам да қоймай, үдетіп бара жатқан соң, бірде  қатты айтып тастауға мәжбүр болдым. Сол күні түнде үйге келіп тұр. Өлесі мас.

- Бүгін менің айтқаным болады. Болмайды екен, ертең жұмыстан шығасың! – дейді.

- Жақсы, шық десеңіз, шығайын. Бірақ, өлсем де сіздің дегеніңіз болмас! – дедім мен де қасарысып.

- Сен не, өзіңді періште санап жүрсің ба? Мына тексіз балаңды қайдан тауып әкелгеніңді бір Құдай біледі. Мүмкін, ана келген жағыңда бәрін суғарып болып, елге қарайтын бетің қалмаған соң қашып келген шығарсың, ә? Енді неменеңе бәлсінесің? Қайта мен сияқты білдей бір мектептің басшысы өзіңе көз салғанына рахмет де!

Мына сөздерге күйіп кеткенім сонша, шыдай алмай, есіктің аузындағы пештің алдында тұрған көсеумен шеке тұсынан қойып қалдым. Мастықпен алғашында не болғанын түсінбей қалған анау неме маңдайынан сауылдап аққан қанды алақанымен сүртіп көргенде ғана өгіз сияқты өкіре ойбайға басып, далаға атып шықты.

Ертеңіне таң атпай полиция келіп, мені апарып қамап тастады. Ұлымды қалдыратын ешкім болмаған соң, өзіммен бірге ала кеткенмін. Кейін Мәдина келген соң, соған беріп жібердім.

- Мына жерден шыға алмасам, өз ұлыңдай асырап-жеткіз, - деп аманаттадым. Олай демеске амалым бар ма? Енді абақтыдан шығатынымнан үмітім аз еді. Өйткені, мектептің директорын ұрғаным рас. Қорғандым деп те ақтала алмаймын, ол маған зорлық көрсеткен жоқ. Енді бәрі бітті... Не көрмеген басым, бәріне көнермін-ау, бірақ, кішкентай құлыншағымды көрмей, оның балдай тәтті иісін иіскемей қалай өмір сүремін?...

Бірақ, мені екі күннен кейін босатты. Анау неме арызын қайтарып алыпты. Ондай кеңшілік танытатын адамға ұқсамайтын еді, қалай ғана ала қойды екен? Әлде бұл да бір пасық жоспарының бірі ме? Мүмкін, осы «жақсылығы» үшін алғыс айтып, қойнына кіреді деп ойлады ма екен?

Таңертеңгісін күйеуімен бірге мені бөлімшеден шығарып алуға келген Мәдина мұның себебін өзі де түсінбей, аң-таң болып жұмысына кеткен. Кешке дейін хабар болмады. Тек қас қарая бастағанда ғана келген ол есіктен кіре мені құшақтай алды да:

- Бүгін директорымыз қайтыс болды, - деп жылап жіберді.

- Қалай? Кеше ғана... Әлде мен...

Мәдина бірден көз жасын тыйып:

- Жоға, жаным, оның саған қатысы жоқ. Сенің соққыңның ізі де білінбейді. Жай жырып кеткен сияқты... Өзінің бұрыннан ішегінде қатерлі ісігі бар екен. Алдыңғы күні ішінен қан кетіп, ауруханаға түсіпті. Өлерінің алдында: «Жанарға обал болмасын. Бәріне кінәлі өзім. Арызымды қайтып алыңдар» депті туыстарына. Байғұс, әйтеуір бір жақсылық жасап кетіпті. Жаман адам емес еді, қу нәпсі не істетпейді, сен де кешір марқұмды, - деді.

- Әрине, кешірем. Бірақ, осылай кенеттен кетіп қалғаны...

- Бәріне бір Алла куә. Не болғанын, қалай болғанын сол ғана біледі. Өзіңді кінәлама, жаным. Артының қайырын берсін, - деп Мәдина мені жұбатып жатыр.

Бірақ мен жұбана алмадым. Бұл өлімге де менің қатысым бар сияқты болды да тұрды. Бәлкім қамауда жатып, мені осынша сынаққа салған Аллама көп шағымданып қойдым ба, менің нақақтан-нақақ қолымды былғап, осы халге түсірген директорды қарғап қойдым ба, білмеймін. Әйтеуір, оған бір жамандық жасағандай мазасыз күй кештім...

Камила Тілепова.

Жалғасы бар

Байланысты жаналықтар

Психолог пен Жанардың соңғы кездесуі: Жанар бірінші күйеуін тапты

31.03.2021

Психолог: Еркінге алданған Жанарды Санжардың өлімі мазалап жүр

27.03.2021

Психолог: Күйеуі тастап кеткен Жанардың әңгімесі

26.03.2021

Талғатты өлімнен құтқара алмаған психологтың әңгімесі

25.03.2021
MalimBlocks
Психолог пен Жанардың соңғы кездесуі: Жанар бірінші күйеуін тапты

Психолог: Еркінге алданған Жанарды Санжардың өлімі мазалап жүр

Психолог: Күйеуі тастап кеткен Жанардың әңгімесі

Талғатты өлімнен құтқара алмаған психологтың әңгімесі