Ақтөбе облысының Хромтау қаласындағы атыстан кейін аға лейтенант шеніндегі полиция қызметкері кісі өлтіруге оқталды деп күдіктеліп отыр. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
28 наурыз күні шамамен сағат 23:10 шамасында полиция қызметкері жанжал кезінде ер адамға оқ атқан. Жедел жәрдем станциясынан 102 пультіне ер адамның оқ жарақатын алғаны туралы хабар түскен.
Алдын ала ақпарат бойынша, оқиға Республика көшесі, 155 мекенжайында, A-FRAME глэмпингі аумағында болған. Полиция учаскелік инспекторының көмекшісі қызметтік қарудан төрт оқ атқан деген болжам бар. Оқ ер адамның кеудесіне және іш бөліктеріне тиген.
1989 жылы туған ер адам Хромтау ауданының орталық аудандық ауруханасының реанимациясына жеткізілді.
“Аталған факті бойынша полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Зардап шеккен ер адам медициналық мекемеге жатқызылды, жағдайы қанағаттанарлық. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр”, – деп хабарлады полиция департаменті.
Сонымен қатар ведомство алдын ала жалған ақпарат таратқандарға жауапкершілік бар екенін еске салды.