Ақтөбе өңірінде экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталған ауқымды бастамалар жалғасуда. Биыл 30 наурыз – Халықаралық қалдықсыз күн. Атаулы датаға орай, сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының аясында облыстың білім беру ұйымдарында “Қалдықсыз қоғам” акциясы өтіп, оқушылар, ұстаздар мен ата-аналарды ортақ мақсатқа жұмылдырды.
Акцияның басты мақсаты – жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін арттыру, табиғатқа жанашырлық көзқарас қалыптастыру және тұрмыстық қалдықтарға жауапкершілікпен қарауды үйрету.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңір мектептерінде “Қалдықсыз өмір – жарқын болашақ”, “Таза табиғат – таза болашақ” тақырыптарында сынып сағаттары өткізіліп, оқушыларға қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеудің маңызы жан-жақты түсіндірілді. Бұл тек теориялық түсіндірумен шектелмей, нақты іс-шаралармен толықты.
Мектеп аумақтарында сенбіліктер ұйымдастырылып, оқушылар қағаз, пластик және өзге де тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға белсенді қатысты. Білім ордаларында арнайы сұрыптау жәшіктері орнатылып, экологиялық мәдениетті насихаттауға арналған көрмелер, байқаулар мен челлендждер өтті.
Бұл бастамаға тек оқушылар ғана емес, мұғалімдер мен ата-аналар да белсенді араласты. Осындай бірлескен әрекет қоғамда экологиялық жауапкершіліктің артып келе жатқанын көрсетеді.
“Қалдықсыз қоғам” акциясы – бір күндік шара ғана емес, тұрақты дағды қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Себебі бүгінгі тазалық – ертеңгі ұрпақтың жарқын болашағы.