Испания Ирандағы соғысқа қатысып жатқан АҚШ ұшақтары үшін әуе кеңістігін жапты, деп хабарлайды Malim.kz.
«Біз Ирандағы соғысқа байланысты әрекеттер үшін әскери базаларды да, әуе кеңістігін де пайдалануға рұқсат бермейміз», – деді Испанияның қорғаныс министрі Маргарита Роблес.
Экономика министрі Карлос Куэрпо Мадридтің «біржақты түрде басталып, халықаралық құқықты бұза отырып жүргізіліп жатқан соғысқа» қандай да бір түрде көмектескісі келмейтінін айтты.
Испанияның El Pais басылымының мәліметінше, Мадрид Иранға қарсы соғысқа қатысып жатқан жойғыш ұшақтар мен жанармай құюшы ұшақтарға елдің оңтүстігіндегі Рота және Морон-де-ла-Фронтера әскери базаларын пайдалануға тыйым салған.
Сонымен қатар, Ұлыбритания мен Франция сияқты үшінші елдерде орналасқан АҚШ ұшақтарына да Испания әуе кеңістігіне кіруге рұқсат берілмейді.
Сонымен бірге, Севильядағы әуе қозғалысын басқару орталығы АҚШ-тың Миссури штатынан ұшып шығып, Иранға соққы жасап, кейін қайта оралатын бомбалаушы ұшақтарға аэронавигациялық қолдау көрсетеді.
Алайда мұндай рейстер кезінде бұл ұшақтар Испанияның әуе кеңістігіне кірмейді.
Сондай-ақ Мадрид Еуропадағы шамамен 80 мың америкалық әскери қызметкерді материалдық-техникалық тұрғыда қамтамасыз етуге қатысып отыр.