Талғатты өлімнен құтқара алмаған психологтың әңгімесі

Malim Админ

  • 25.03.2021

Өмірімді өзгерткен қасірет

Менің әу бастағы таңдаған мамандығым – физика пәнінің мұғалімі болатын. Бірақ, бұл мамандықпен мен еш жерде жұмыс істеп үлгермедім. Ойламаған жерден осы салаға келдім. Қалай дейсіз бе? Ол да бір хикая.

Біздің елде ерікті психотерапиялық қызмет әлі де болса кең етек жая қоймаған. Сондықтан, менің мамандығымды күрт өзгертуіме таныстарым мен туыстарым алғашында қатты қарсы болды. Бірақ, бүгінгі заманда осы қызметтің пайдасының көп екендігін көргендер ғана айта алар. Соның бірі – мына менің өзім...

***

Университетте оқып жүргенде мен өзіммен бір факультетте оқитын Жарасқа тұрмысқа шықтым. Біз бір-бірімізді өлердей жақсы көруші едік, тіпті үйленген соң да бір сәтке бір-бірімізді көзден таса қылғымыз келмейтін. Қайда барсақ та, қол ұстасып бірге жүргенімізді көрген дос-таныстарымыз бізге қызыға қарап, қызғанышын да білдіріп жататын.

Мен өте бақытты едім. Бірақ, Жаратқан біздің осы бақытымызды көп көрді...

Бірде Жарас екеуміз кешкісін киноға барып, серуендеп келмек болдық. Онда екеуміз де жаспыз, студентпіз. Әрине, оқуымыз бен жалдаған пәтеріміздің ақысын қайынатам төлеп тұрды. Дегенмен, басқа да қажеттілігіміз жетіп-артылатын. Сондықтан, Жарас отбасымызды асырау үшін сабақтан соң бір мекемеде қосымша жұмыс істейтін, яғни бұлай серуендеуге көп мүмкіндігіміз бола бермеуші еді.

Әйтеуір, сол күні, неге екенін білмеймін, Жарас жұмысынан ертерек сұранып келіпті. «Бүгін екеуміз бірге болайықшы, сені қатты сағынып кеттім», - деді. Мен бақыттан басым айналып, ештеңеден күдік алмаппын. Солай екеуміз қол ұстасып кете бардық. Киноға бардық, сосын дәмханада отырып, кинодан алған әсерімізді бір-бірімізге жарыса әңгімеледік. Одан шыққан соң да Жарас бірден үйге қайтпай, түнгі қаланы аралап жүре тұрғысы келетінін айтты. Мен де қарсы болмадым. Сүйіктіңнің құшағында түнгі сұлулықты тамашалап жүргенге не жетсін!

Осылай уақыттың қалай зырылдап өте шыққанын да байқамаппыз. Бір қарасақ, сағат түнгі екіні көрсетіп тұр. Көшеде адам қарасы азайған. Тіпті жоқ десе де болады. Біз бір-бірімізге қарап, «қайтайық» дегенді үнсіз ұғыстық. Осы сәт Жарас мені иығымнан ұстап, өзіне қаратып алды да, бетіме ұза-а-ақ тесіле қарап тұрып қалды. Көзінде бір мұң бар сияқты. Оның не мұң екенін сол мезет түсінбеппін. Әлде өзінің соңы таянғанын сезді ме екен?...

Қарап тұрды да, мені қыса құшақтап, «Мен сені өле-өлгенше сүйіп өтем!» - деді. Бұл кезде қатты шаршап, көзіме ұйқы тығыла бастаған мен: «Жарас, қайтайықшы, ертең сабаққа тұрмай қаламыз ғой», - деп еркелей, құшағына тығыла түстім. Ол: «Жарайды, тек үйге дейін жаяу барайықшы, екі-ақ аялдама ғой», - деді. Мен қалжырап тұрсам да үнсіз келістім. Сөйтсем, ол өмірін ұзарта түскісі келген ғой...

Біз жүретін көшенің бойына жарық орнатылмаған еді. Бірақ, жанымда арқа сүйер сүйіктім болғандықтан, маған сол сәтте ештеңе де қорқынышты көрінбеді. Қолынан ұстадым да, қараңғы көшемен соңынан ере бердім. Жарас ауыз жаппай сөйлеп келеді. Бар әңгімесін бүгін айтып қалмаса, ертең үлгере алмай қалатындай, асыға-аптыға әрнені айтып, риясыз күліп келеді. Маған бұл да күдікті көрінбеді. Мен оның әрбір қимылын, әрбір сөзін шексіз сүйетінмін, оның қандай да бір әрекетінің соңында бір жасырын нәрсе бар деген ой ешқашан келген емес.

Кенет үйімізге жетуге оншақты метрдей жер қалғанда алдымыздан үш-төрт жігіт шыға келді. Анадайдан көз алмай қарап тұрып-тұрып, тіке алдымызды орағыта шыққанына қарағанда, дәл бізді күтіп тұрғаны белгілі болды. Ішіндегі бойы пәкенелеу, маңдай шашы түскен қасқабас біреуі Жарасқа жақындап келді де:

- Адамды осынша күттіруге бола ма екен? – деп жерге шырт түкірді. Бірден өзімсініп, киліге кеткенінен тіксініп қалдым. Жарас та оны танитын сияқты.

- Арслан, жүрші, оңаша сөйлесейік. Назгүл үйге кіре берсін, - деп мені алға қарай оздырып жібермек болып еді, қалғандары менің жолымды бөгей берді.

- Тоқта, қайда асығасың? Екеуің бір бүтін емессіңдер ме? Сенің басыңдағы қиындық екеуіңе ортақ болуы керек қой. Мүмкін, қарызыңның орнын әйелің толтырар... – Жымысқылана қарап, менің өн бойымды көзімен тінтіп шыққан қасқабасқа жиіркене қарадым. Ол да мұны сезді ме, көзін тайдырып әкетіп, тағы да Жарасқа шүйлікті.

- Мен саған қарызыңды бүгіннен қалдырмай жеткіз дегенім қайда? «Жоқ» деп аузыңды қу шөппен сүрте бергенше неге әкеңнен сұрамайсың? Әкең

бір мекеменің құлағынан ұстап отырғанын білемін. Сүйікті ұлын қиындыққа тастап кетпейтін шығар. Әлде өзім қоңырау шалайын ба?

- Жоқ, Арслан, әкем білмей-ақ қойсын. Тағы бір күн бер, ертең сұраған ақшаңды тауып берем!

- Уақыт бітті, Жарас. Қарызыңның пайызы шектен асып кетті.

- Сонда маған неғыл дейсің?

- Енді маған ақшаңның керегі жоқ. Маған басқа нәрсе керек. Қарызыңның орнына мына сүйкімді келіншегіңді бересің... бір түнге...

Жарасқа жалт қарадым. Жүзі түтігіп, жұдырығын түйіп алыпты. Мені білегімнен ұстап, арқасына ығыстырып жасыра берді. Сөйтсе, ана жігіттің тырнағынан аман алып қалатын сияқты.

- Байқап сөйле, Арслан! Біле білсең, мені бұл іске тартқан сенсің! Демек... демек, әдейі арандатқан екенсің ғой! Бәсе, қайта-қайта Назгүлді айтып, аузыңның суы құрып отырғанынан-ақ сезіктеніп едім. Жоғалт қараңды, әйтпесе... өзім де өлем, сені де ала кетем!

Мына сөздерді естігенде мен кімнен қорқарымды білмей, екеуіне жалтақ-жалтақ қарай беріппін. Кенет анау қасқабас қасындағыларға иегін көтеріп еді, еңгезердей екі жігіт келіп, менің білегіме жабысты. Жарас та қарап тұрмай, әлгілерді менен аластатып, оңды-солды жұдырығын сермеп жатыр. Мен айналамда не болып жатқанын түсінуден қалдым. Тек жерге отыра қалып, құлағымды жауып, бар даусыммен шыңғырып жылай бердім.

Бір кезде Жарастың ішін ұстап, бүктетіліп бара жатқанын, ал ана жігіттердің тым-тырақай жан-жаққа қашқанын байқадым. Одан кейінгісі бұлыңғыр... Айқай салып, қолына келтек ағаш ұстап жүгіріп келген көршілер... уілдеген жедел жәрдем көлігінің даусы... жерде қансырап, домалап жатқан Жарас... бәрі-бәрі көрген түстей...

***

Жарас сол күйі тілге келмей, ауруханада көз жұмды. Әлгі оңбағандар оны үш-төрт жерінен аямай пышақтап кетіпті. Даладағы айқайды естіп, көршілер жүгіріп келмегенде, мен де аман қалмас па едім...

Одан айырылған соң бар дүниеден баз кешіп, мүлде тұйықталып алдым. Көзімді жұмсам болды, жерде қансырап жатқан Жарас елестейді. Түні бойы сандырақтап, айқайлап шығамын. Күндіз сабағыма барып келгенім болмаса, ешкіммен тілдеспеймін. Бөлмеме кіріп алып, өз-өзіммен түпсіз тұңғиыққа батып, елес қуып кетемін.

Жарасты пышақтағандар ақыры табылмады. Әлде табылса да, амалын тауып, құтылып кетті ме, кім білсін... Бірақ, неге екенін білмеймін, менде оларға деген ешқандай ыза-кек те жоқ сияқты. Мен жалпы бұл ақымақ

өлімнің кімге, не үшін керек болғанын түсіне алмадым. Түсінуге тырыспадым да. Әлде әр ойланған сайын жанымды қылбұрауға салатын қасіретке қайта-қайта оралып, ауырсына беруден шаршадым ба? Бар ойым – тек маған ешкім тиіспесе екен...

Апамды менің жағдайым қатты алаңдататын. Иә, сырттан қараған адамға мен еш зиянсыз, моп-момақан көрінгеніммен, ішімде қандай арпалыстың жүріп жатқанын тек апам ғана жақсы түсінетін. Менің жан күйзелісімнің күн санап тереңдеп бара жатқанын оты сөнген жанарымнан көріп білді де, бір күні қолымнан жетектеп, жеке емханаға алып барды.

Алғашында ішкі дүниемді ешкімге жалаңаштағым келмей, үндемеуге тырысып бақтым. Ал дәрігердің сабыр-төзімінің арқасында жанымды сыздатқан дертіммен алғаш бөліскен күні екі сағат бойы тоқтаусыз өкіріп жыладым. Сол күні бірінші рет ешқандай түс көрмей, алаңсыз ұйықтадым...

Осылай психотерапия курстарына жарты жылдай барып жүрдім. Ал сосын емдеуші дәрігерім «енді айтар ештеңең қалмады» дегендей, емдеу курсының аяқталғанын айтып, шығарып салды. Бірақ, іштегі сыздау жарамның беті қарақотырланып, жазыла бастаса да, жыл бойы құрсауда ұстап келген қайғы-қасіретім сейілгенде, оның орны қаңырап бос қалғанын түсіндім. Жарас өмірден өткелі мен бәрінен бас тартып, жалғыз қалыппын. Осыдан бір жыл ғана бұрын кез-келген кештің көркін қыздырар ауыз жаппастың нағыз өзі болған мен енді адамдармен қарым-қатынас жасауға дайын болмай шықтым.

Менің өмір сүргім келді. Бірақ, қорықтым. Осы уақытқа дейін тек психологтың тәй-тәйлауымен ғана жүріп келген мен өзімді енді сүйеніш-тірексіз қалғандай сезіндім. Маған өмір сүру үшін бір үлкен себеп керек еді...

***

Перзентханада дәрігер болып істейтін апам бір күні мені өзімен бірге жұмысына алып барды. Сол жолы неге барғаным есімде жоқ, бірақ, барғаным дұрыс болыпты. Апам күні бойы бір тыным таппай, маған қарауға шамасы болмады. Тек дәрігерлер бөлмесіне бір сәт дамылдауға келгенде ғана қатты абыржып отырғанын байқадым. Менің сұраулы жүзімді байқады да, сұрағымды естіртіп айтуымды күтпестен өзі әңгімелей бастады:

- Бүгін бір әйел баласынан бас тарту туралы арызын жазыпты. Жас дейтін емес, жасы 30-да. Бұдан алдын да бір қызы бар екен. Мен оған: «Тоғыз ай жүрегіңнің түбінде сақтаған балаңды қалай қиып кетесің? Ана болу бақытын түсінбейді дейтін емессің. Қызың бар екен, серік болады ғой. Мұның не?» десем, «Күйеуім мені тастап, басқа әйелге кетіп қалды. Мұны қайда апарам? Өзім пәтерде жүрмін. Бір қызымның әуресі де жетеді. Мемлекет өлтірмейді ғой...» дейді. Оңай ма екен? Алтынмен аптап бақсаң да, туған анаңның аялы алақанына жетпейді ғой. Қалай түсіндіріп, райынан қайтарарымды білмей, басым қатты...

Апамды аяп кеттім. Күні бойы мына жақта әркімнің өміріне алаңдап, қиналып жүргенде мен де бір жүк болыппын-ау. Оның мойнына масыл болғаным үшін өзімді кінәлі сезініп, сәл де болса көмектескім келді де:

- Апа, ол әйелмен мен сөйлесіп көрсем қайтеді? – дедім.

- Жақсы болар еді, қызым...

Апам «Ешқашан балалы болып көрмеген сен оған не айта алушы едің?» демеді, бір сөзге келмей, әлгі әйелдің палатасына ертіп апарып, кіргізіп жіберді.

Бір бөлмеге төрт төсек қойылған екен. Үш әйел балаларын ұйықтатып қойып, өзара әңгімелесіп, шай ішіп отыр. Ақ халат киген мені осындағы медбикелердің бірі деді ме, маған ешкім назар аудармады. Есік жақтағы төртінші төсекте бүк түсіп бір әйел жатыр. Жанындағы сәбидің шыңғырып жылағанына да қарар емес. Мен баланы қолыма алып, біраз әлдилеп едім, ернін сорып жатып ұйықтап қалды. Бірақ, артынша-ақ оянып, қайта айқайға басты. Осы кезде палатаға кірген медбике ашуланып, қолымнан баланы жұлып алды да:

- Ана деген аттан садаға кеткір-ай! Баланы шырқыратып қойып, жатысын қарашы! Тым болмаса тастап шыққанша уызыңа қандырсаң қайтеді? Не деген тасжүрек едің! – деп, құндақтаулы баланы көтерген күйі шығып кетті.

Мен үндемей әлгі «тасжүрек» әйелдің төсегінің шетіне келіп отырдым. Осы сәт жастықтан басын көтеріп алған ол «Сен кімсің?» дегендей маған көзін бағжаң еткізді. Қабақтарының айналасы қызарып, ісіп кетіпті. Әбден жылағаны көрініп тұр.

- Менің күйеуімді өлтіріп кетті, - дедім әй-шай жоқ. Әлгі әйел енді маған аңтарыла қарап қалыпты. - Мен оны жанымнан артық сүйетінмін. Онсыз өмірімді елестете алмайтынмын. Ал ол мені тастап кетті. Не артынан бара алмаймын, не өмір сүре алмаймын. Қиналып кеттім... – Көз жасым тарамдалып, бырт-бырт үзіліп жатыр. Жаңа ғана маған дұшпан көзбен қарап жатқан әйел атып тұрып, мені құшақтай алды. Мен жасыма тұншығып, сөзімді жалғастыра бердім. – Мен оны өлердей сүйетінмін. Енді оны еске түсіретін ештеңе қалмады. Оны күннен-күнге ұмытып бара жатырмын. Менің ұмытқым келмейді, ал ол ұмытылып барады. Ең болмағанда құрсағыма өзінің бір бөлшегін қалдырғанда бұлай қиналмас едім, оны ешқашан ұмытпас едім. Сәбиімді құшақтап, күнде оның жүзінен сүйіктімнің қас-қабағын, оныкінен аумайтын көз жанарын көріп, өзі жанымда жүргендей сезінер едім. Ал ол маған ештеңе қалдырмады...

Өзіме мүлде бейтаныс, «тасжүрек» әйелдің құшағында өкіре жылап қанша отырғанымды білмеймін. Тек апам келіп:

- Қызым, қайтатын уақыт болды, - дегенде ғана орнымнан тұрып, шығып кеттім.

Ертеңіне апам әлгі әйелдің баладан бас тарту туралы өтінішін қайтып алып, перзентханадан сәбиін өзі алып шыққанын, кетерінде «Мен әлдеқайда бақытты екенмін!» дегенін айтып келді.

Сол күннен бастап мен апаммен перзентханаға жиі баратын болдым. Күн сайын дүние есігін ашып жататын жаңа, жас өмірлерден қуат алдым ба, әлде осындағы қаншама тағдырларға қанығып, тіпті кейбірінің жанына демеу бола алғаныма қанаттандым ба, әйтеуір менде бір құлшыныс пайда болды. Осы сәтте мен өмірде бір ауыз демеу сөзге зәру қаншама адамның барын, оларға кәсіби көмек көрсете алсаң, қаншама қасіреттің алдын алуға болатынын, сондықтан өзімнің психотерапиямен айналысқым келетінін түсіндім.

Менің таңдауыма апам ғана қарсы болмады. Басқалар – әкем, бауырларым, бұл кезде қатары көбейіп қалған құрбыларымның бәрі бірауыздан бұл істен ешқандай пайда таба алмайтынымды, ешкімнің психологтың қызметін өз еркімен пайдаланбайтынын, болса да тек жүйкесі қатты жұқарған науқастармен жұмыс істеп, өміріме қауіп төндіруім мүмкін екенін айтып, райымнан қайтаруға тырысып бақты. Мен де айтқанымнан қайтпай, оқуымды ауыстырып, психоаналитик мамандығын игеріп шықтым. Әрине, жалғыз дипломмен ештеңеге қол жеткізе алмайтынымды жақсы түсіндім. Сондықтан, осы салаға қатысты көптеген әдебиеттерді оқыдым, Интернет арқылы көптеген шетелдік психология мамандарының тәжірибелерімен таныстым. Бірақ, мұның бәрі де өзім армандаған жеке психологиялық қызмет көрсету ісімен айналысуым үшін жеткіліксіз еді. Менде тәжірибе жоқ болатын...

Алғашқы сәтсіздік

Оқуымды бітірген соң, бірден қаладағы мектептердің біріне жұмысқа орналастым. Алғашында неден бастарымды білмей, өзге мектептердегі психолог мамандардың жұмысымен танысып көрмек болғам. Сөйтсем, өзгелердің де қатырып жатқаны шамалы екен. Көбісі дәріс үстінде балаларға тек түрлі кітаптардан көшіріп алған баяндамаларын оқып беруден әрі аса алмайды. Енді біреулері сынып жетекшісінен сұрап, тәртібі нашар балалардың тізімін жасап, олармен сөйлескен болады. Бірақ, ондай балалардың көбі тұрмысы төмен отбасынан шыққан немесе ата-анасы маскүнем, тіпті жағдайы жақсы болған күнде жұмысбасты ата-анасының қарауынсыз қалған балалар болғандықтан, «біз не істей аламыз?» деп қолдарын қусырады да отыра береді. Оларға да кінә арта алмаймын, психология пәні мектептерге жаңадан еніп жатқандықтан, бұл салаға келген мұғалімдердің дені мен сияқты жас мамандар. Тәжірибесі аз. Әр баланың өмірін терең зерттеп, санасына әсер ету жолдарын іздеуге ешкім құлықты емес. Бұлай ету керектігін мен де білген жоқпын, өзім куә болған мына бір жағдайға дейін...

Бірде жоғары сыныпта оқитын Талғат есімді баланы үйіндегілер жіпке асылып тұрған жерінен тауып алғаны туралы әңгіме құлағыма жетті. Бірақ, құдай сақтап, әйтеуір аман қалыпты. Бірақ, қазір балалар арасындағы суицид асқынып тұрғандықтан, бұл бізге де қатты соққы болды. «Мектепте дұрыс тәрбие бермейді» деген сияқты әңгімелерден қорқып, мектеп басшысы маған әлгі баламен жеке жұмыс жасауды қатаң тапсырды.

Содан бірнеше күннен кейін ғана сабаққа келген Талғатты оңаша шақырып алдым да, ашық әңгімеге шақырдым. Былай қарасаң, сабырлы, ақылды бала сияқты. Ондайға барады деуге қимайсың. Бірақ, бірдеңенің дұрыс емес екені анық.

- Талғат, жағдайың жақсы ма? – дедім бірден үркітіп алмайын деп.

- Жақсы, апай. Оны неге сұрадыңыз? – Бетіме жымия қараған балаға қарап, «сол әңгіменің бәрі бекер сөз емес пе екен?» деген күдік кірді.

- Мектепте балалармен қарым-қатынасың қалай? Достарың көп пе?

- Әрине, әлі күнге дейін ешкіммен ренжіскен емеспін. Сабақ үлгерімім де жақсы.

Онысы рас. Сынып жетекшісі оның өте зейінді бала екенін, құдай қаласа, «Алтын белгіден» үмітті екенін айтқан болатын.

- Ал үйіңде ше? Әке-шешең ренжітпей ме?

- Жоқ... – Алдымдағы жаңа ғана жайраңдап отырған баланың жүзі бірден күреңітіп сала берді. Жанды жерін енді тапқан сияқтымын.

- Қысылма, айта бер. Мен ешкімге тіс жармаймын. Мүмкін, менің бір көмегім тиер...

- Апай, қойыңызшы, менің кетуім керек!

- Талғат... – Менің соңғы сөзімді есіктің тарс жабылған даусы естіртпеді де...

Мен Талғатты бұдан кейін де бірнеше рет шақырып, әңгімеге тартып көрмек болдым. Бірақ, ол бұл жолы сыр алдырмай, үнемі әрнені әзілдеп, әңгімені бұрып отырды. Тек түсінгенім, ол өгей әкесімен тұрады екен. Анасы үнемі жұмыста, бұған қарауға шамасы жоқ. Ал өгей әкесі күнұзақ үйде, бір сөзбен, жұмыссыз. Оған қоса «ұрттайтыны» да болса керек. Бұдан басқа ештеңе де біле алмадым.

Бірақ, бір күні ақыры сұрағымды төтесінен қойдым.

- Талғат, айтшы, сен неге өзіңе қол жұмсамақ болдың?

Бұл жолы да әңгемеден қашар деп едім, олай болмады.

- Апай, білесіз бе, мен үйде жүргенде үнемі бір қара киім киген кісі келіп, мені сарай жаққа қарай шақырады. Мен мұның дұрыс емес екенін білсем де, сол жаққа қарай барғым келеді де тұрады. Бір күні бардым да. Одан кейінгісі есімде жоқ. Сол күні апам жұмыстан ерте келіп қалмағанда мен қазір алдыңызда отырмас едім.

- Мұндай жағдай содан кейін қайталанбады ма?

- Сол оқиғадан кейін апам мені молдаға апарып оқытқан. Біраз уақыт әлгі қара киімді кісі келмей жүрді де, бір күні қайта пайда болды. Мен тағы да еріп кете бардым. Кенет сарайға жақындап қалғанда алдымнан бір ит жүгіріп шықты. Неге екенін білмеймін, мен оның көзіне қадала қарап қалыппын. Ол менен қорқып, қыңсылап, артқы аяғымен шегіне берді. Сол шегінген күйі есік алдындағы жолға шықты да, көліктің астына түсіп өліп қалды. Сонда ғана есімді жиып, қарасам, ауладағы кір жаятын жіпті шешіп, қолыма ұстап алыппын...

- Ол қара киімді адам қашаннан бері пайда болды?

- Білмеймін... әйтеуір пайда болды...

Жоқ, оның білетіні анық. Ол бірдеңені жасырады. Кімді, нені? Бірақ, бұдан кейін қанша сұрасам да, ештеңе айтпады.

Осыдан соң Талғат бір апта бойы мектепке келмеді. Ал сосын... оның өз үйінің сарайында асылып өлгені туралы хабар жетті. Мен оны ажалдан құтқарып қала алмадым...

Бұл өкініш әлі күнге дейін жанымды жейді. Егер тағы біраз уақытым болғанда, мүмкін, түпкі себебін анықтар ма едім. Сонда, бәлкім, оған көмегім тиер ме еді. Сол кезде көңілімде пайда болған күдігім рас болса... онымен өгей әкесінің арасында бірдеңе болған болуы мүмкін, бәлкім, тіпті зорлық көрсеткен болуы да... Бірақ, енді мен оны ешқашан біле алмаймын...

Камила Тілепова 

Жалғасы бар...

Байланысты жаналықтар

Жамбыл облысында жасөспірім қыз жоғарғы қабаттан секіріп кеткен

10.11.2024

Жамбылда бір көшеде тұратын екі жасөспірімнің мәйіті табылды

30.10.2024

Қыркүйектің басынан елімізде 7 әскери қызметші мерт болды - журналист

14.10.2024

Прокурорлар күйзелістік контенті бар Telegram-арнаны бұғаттады

03.10.2024

Тараз полицейлері суицид жасамақ болған адамды құтқарып қалды

02.10.2024

Суицидке шақыратын 43 интернет-ресурс анықталды

01.10.2024
MalimBlocks
Жамбыл облысында жасөспірім қыз жоғарғы қабаттан секіріп кеткен

Сол күні кешке достарын шақырып, кеш ұйымдастырған

Жамбылда бір көшеде тұратын екі жасөспірімнің мәйіті табылды

Екеуі бір-бірімен таныс болған, бірақ екі жағдайдың бір-біріне қатысы жоқ дейді полицияда

Қыркүйектің басынан елімізде 7 әскери қызметші мерт болды - журналист

Прокурорлар күйзелістік контенті бар Telegram-арнаны бұғаттады

Тараз полицейлері суицид жасамақ болған адамды құтқарып қалды

Суицидке шақыратын 43 интернет-ресурс анықталды

Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі күмәнді ойындарды тексереді