Облыс әкімін сотқа берген Ақсу әкімі қызметінен босатылды
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовты сотқа берген Ақсу қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов әдеп жөніндегі кеңестің ұсынысымен қызметінен босатылды.
Павлодар облысы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Павлодар облысы әкімінің бұйрығымен Нұржан Әшімбетов Ақсу қаласының әкімі қызметінен босатылды.
Бұған дейін Нұржан Әшімбетовтің қарамағындағы қызметкерлер "әкім дөрекі сөйлеп, еңбек тәртібін бұзды" деп шағымданған. Әкімге қатысты қызметтік тексеріс жүрді. Әдеп бойынша кеңес Нұржан Әшімбетовті жұмыстан босатуды ұсынды. Атап айтқанда, әдем кеңесінің жеті мүшесі Нұржан Әшімбетовті жұмыстан шығару, үшеуі ескерту жасау, ал біреуі сөгіс жариялауды ұсынды.
Нұржан Әшімбетов арыздағы айыптауларды жоққа шығарып, тексерушілер заңбұзушылықтарға жол берді дейді. Сөйтіп, Әшімбетов мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменттің үстінен де сотқа шағымданды.
Сәуір аяғында облыс әкімі Сқақов Ақсу қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының төмен көрсеткіштерін алға тартып, міндетін тиісті дәрежеде орындамағаны үшін Нұржан Әшімбетовке сөгіс жариялаған.
Сөгіспен келіспеген Нұржан Әшімбетов Әбілқайыр Сқақовтың үстінен Павлодар қаласының сотына шағым түсірді. Нұржан Әшімбетов Ақсу қаласына әкім болып барғалы небәрі екі ай өткендіктен, жоғары әлеуметтік-кэономикалық көрсеткішке жету мүмкін еместігін айтады. Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, оған Ақсу қаласының 2021 жылы 1-тоқсан мен жыл бойы қандай әлеуметтік-экономикалық көрсеткішке жетуі керектігін белгілейтін құжатпен ешкім таныстырмаған.
Сәуір айында Нұржан Әшімбетов әкіміктегі көптеген заңбұзушылықты тізіп берген. Бұл туралы Павлодардағы Pavon порталы хабарлаған.
"Әкімнің журналистерге айтуынша, Ақсудағы шенеуніктер мемлекеттік бағдарлама бойынша толық аяқталмаған үйлерді қабылдап алған. Ол үйлерде қазір ешкім тұрмайды. Жер қатынастарында көптеген бұзушылық анықталды, қала ішіндегі жерді пайдалану мақсатын өзгертіп, мың бас ірі қараға арналған сүт-тауар фермасын салған", - деп жазады Pavon.
Сондай-ақ Ақсу қаласының бұрынғы әкімі қағаз жүзінде қалаға құйылды деп көрсетілген инвестиция шын мәнінде қалаға келмегенін жеткізген.
Екі әкім арасындағы даудың неден басталғанын мына жерден оқыңыздар:
Қала әкімі облыс әкімін сотқа берді