Дәрігер: Бақсы-балгерлік бизнеске айналып кетті
Пандемияға байланысты көп сырқат түрі шетке ығысып, адамдар дертін ұмыта бастағандай. Десе де хирург-дәрігер, ұстаз Қаракөз Қариқызы Қазақстанда адамдар әлі де әлемде жоқ ойдан құрастырылған аурудың емін іздеп әлек болып жүргенін айтады. 30 жылдық тәжірбиесі бар маманмен науқастарды жиі мазалайтын сұрақтар мен «сиқырлы» ем-дом, блогерлер жиі жарнамалайтын «дәрумендер» туралы әңгімелестік.
- Науқастар көп жағдайда қандай шағыммен келеді? Профилактилық тексеріс үшін келетіндер көп пе?
Бізде науқас мәдениеті өсті деу қиын, керісінше төмендей бастаған сияқты. Профилактикалық тексеріске жазылатындар әдетте оның не екенін түсінетін дәрігерлердің өздері. Ал қарапайым халық жағдай мейлінше ушыққанша, дәрігерге жүгінбейді. Қазір профилактикалық ем бойынша ақпараттық компаниялар өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Науқас тексерістен өтпейінше, телефонына тыным бермейді. Бұл – үлкен аурудың алдын алудың амалы ғой.
- Науқастар кейде оларға дұрыс ем тағайындалғанына көз жеткізу үшін басқа маман іздеп кететіні бар, мұның себебі неде?
Қазір адамдар дәрігерлерге сенбейді. Кезінде халық дәрігерді құдайындай көретін. Ал қазір кейбір жастар медицинаның сол образын бұзып жүр. Өзім ЖОО-да ұстазбын. Жастар түгел жаман дей алмайсың, бірақ аудиторияда отырған он студенттің тек үшеуі шын құлшыныспен оқиды. Қалған 7 студент телефон шұқылап, ойын ойнап отырады. Ең жаманы сол жетеуі де кейін тартынбастан емханаға жұмысқа тұрады. Науқас келсе, ең әуелгі «Сізді не мазалайды?» деген сұрақты білмейді. Мамандардың халі осы болса, науқас оған, ол жазып берген ем-домға қайдан сенсін?
Сосын қала аралап, жақсы маман іздейді. Әр дәрігер әртүрлі диагноз қояды. Кейін қарасаң, науқас мүлде жоқ ауруды емдеп жүрген болып шығады. Қазір халық та қызық, қаншалықты көп дәрі жазып берсе, дәрігердің біліктілігі соншалықты жоғары деп ойлайды. Бірақ қазіргі дәрігерлер дәрінің химиялық құрамына қарамастан, тізіп жазып бере салады. Ол жердегі дәрілердің химиялық құрамы қарама қарсы болуы мүмкін: көп жағдайда бір-бірінің күшін жойып жіберіп, нәтиже 0-ге тең болады. Тек ағза одан әрі улана береді.
- Ал соңғы кездері қандай шағыммен келетін науқас көп?
Қазір бауыр циррозы жиі кездеседі. Осыдан бірнеше жыл бұрын циррозды емдейтін арнайы емхананы жауып тастады. Содан бері осы диагнозы бар адамдар емделе алмастан, өліп кетіп жатыр. Ауру білінбестен асқынатындықтан, ол нақты белгі беріп, науқас көмек сұрап келгенше, бауырды ауыстырудан басқа амал қалмайды. Ал ол операцияны екінің бірі көтере алмайды. Ауруханалар да мұндай науқастар өлім санын арттыратындықтан, оларға көмектесуден бас тартады. Қарапайым емхана жағдайында осы науқастарға көмектесу өте қиын, сол үшін бөлек аурухана бөлімшесін ашқан артық болмас еді.
- Медицина жайлы барлық ақпар қолжетімді болса да, бақсы-балгерлер тағайындаған емге қыруар қаржы жұмсайтындар көп. Бұл туралы не ойлайсыз?
Бақсы-балгерлік бұрынғыдай «арқасы бар» ерекше адамдардың тірлігі емес. Қазір бұл бір бизнеске айналып кетті. Шөптің тілін түсінбейтіндер адамдарды емдеймін деп, сол шөппен улап жүр. Кейін олар айналып дәстүрлі медицинаға жүгінеді. Қала аралап, ағзасын түрлі затпен улап, үлкен қаржы жұмсап, тек шаруасы біткенде бізге келеді. Мұның себебі тағы сол дәрігерлерге сенбегендіктен де болар.
Бірақ сол дүмшелерге берген бәленбай мыңды спортпен шұғылдануға, пайдалы тағам мен дені дұрыс дәрігер тағайындаған тиімді дәріге жұмсауға болар еді.
- Блогерлер жиі жарнамалайтын биологиялық белсенді қоспалар жайлы: адамдар мұны тек сол жарнамаға сеніп қолдана ма, әлде ББҚ-ны дәрігерлер де тағайындауы мүмкін бе?
Расын айтқанда, биологиялық белсенді қоспаға сеніп, емделіп кетіп жатқандар да бар. Мұның бәрі өз-өзін алдау, «Плацебоны» еске алыңызшы. Адамға арзан дәріні мақтап, ал қымбат дәріні «Ішіп көріңіз, бірақ бұдан емделіп кетесіз бе, жоқ па, білмеймін» деп берсеңіз, адам бірінші айтқан арзан дәрімен емделіп кетеді. Сананы алдай салудың нәтижесі осылай болады.
*Плацебо – қабылдаған дәрінің күшіне сеніп, «сенім» арқылы адамның өзін-өзі емдеуі. Дәрінің шын мәнінде ешқандай әсері болмауы мүмкін. Бірақ ми әсердің «бар екеніне» сенгендіктен, ағзаға табиғи гормондар бөле бастайды.
Бірақ жаманы қазір ББҚ-ны әркім өз бетінше тағайындайтын болған. Тіпті ғаламторды аша салып, қай жері ауырып тұрғанын жазып алып, өздеріне қате диагноз қойып, рецептсіз сатылатын дәрілермен емделіп жүре беретіндер бар. Қазақстандықтар дәрі алуға беретін ақшаның көп бөлігі тиімділігі дәлелденбеген препараттарға жұмсалады.
Адамдар өз өміріне осыншалық селқос қарай алатынына таң қаламын. Кез келген дәруменнің өзін дәрігер тағайындауымен қабылдау керек. Ағзаға қай нәрсенің жетіспей тұрғанын сараптамадан кейін ғана білуге болады. Егер шынымен жетіспеушілік болса, тіпті біз де сол танымал ББҚ-ларды жазып беріп жатамыз.
- Науқас білікті маманға тап болғаны мен тағайындалған емнің дұрыс екенін қалай біле алады?
Дәрігердің мұқият болуы, сізбен тірі байланыс жасауы, «Сізді не мазалайды?» деген қарапайым сұрақ – жақсы маманға тап болғаныңыздың бірінші белгісі. Егер дәрігер жүзіңізге қарамастан, тез-тез ем тағайындап, компьютерға телміріп отырса, ондай дәрігерден дереу қашу керек. Уақыт жоғалтпастан, нағыз маманды іздеу керек. Себебі жағдай асқынып кетуі мүмкін. Мына компьютер, электрондық тіркеулер науқас пен дәрігердің арасын алыстатып жіберді, өкінішті. Сол себепті дәрігерлерге де айтарым, ең алдымен науқасыңызбен сөйлесіңіз, байланыс құрыңыз, ал компьютердегі тіркеуді нақты науқас шағымын білген соң да жасауға болады.