Алмаз Шарман: Реанимация бөліміне вакцина салдырмаған науқастар түсіп жатыр

Malim Админ

  • 02.08.2021

Қазақстан профилактикалық медицинасы академиясының президенті Алмаз Шарман індеттің бетін қайтарудың жалғыз жолы вакцинация деп есептейді. Алмаз Шарман Алматы қаласының аймақтық коммуникациялар орталығында берген сұхбатында "вакцинация қаншалықты тиімді?", "вирус неге мутацияға ұшырайды және онымен қалай күресуге болады?" және  т.б. өзекті сұрақтарға жауап берді. Malim.kz  брифингте қойылған сұрақтар мен дәрігер жауабын оқырман назарына ұсынып отыр.

1. Елімізде вакцина алып жатқан халықтың саны өсу үстінде. Бірақ індет те өршіп тұр, вирусты жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар саны күн сайын өсіп жатыр. Вакцина салдырғандардың  саны өсіп жатса да, індет неліктен өршіп тұр?

– Шын мәнінде, елімізде вакцина салдырғандар 16 пайыз ғана. Бұл халықтың 85 пайызға жуығы әлі вакцина алмады деген сөз. Ал вакцина салдырғандар санының аздығы, ұжымдық иммунитеттің қалыптаспауы вирустың таралуына, жаңа мутациялардың пайда болуына қолайлы жағдай тудырады.  Вирустың өзге варианттарынан әлдеқайда жұққыш келетін "дельта" штамм осы жағдайды пайдаланып, тарап жатыр. "Дельта" варианттың өзге варианттармен салыстырғанда жұғу көрсеткіші 50-60 пайызға жоғары. Бұл бір адам 5-6 адамға вирус жұқтырады деген сөз. Әсіресе жаңа вариант вакцина салдырмағандарға жұққыш келеді.

Сондықтан індеттің өршуіне бір жағы "дельта" варианттың өте тез жұғатыны себеп болса, екінші жағынан елімізде вакцина салдырғандардың көрсеткіші өте төмен. Жағдайды өзгерту үшін вакцинация қарқынын күшейту керек.

2. Ревакцинация, яғни вакцина алған соң белгілі бір уақыттан кейін екпені қайта салдыруға бола ма?

– Жалпы алғанда, оған тыйым жоқ. Алайда одан үлкен пайда көріп тұрғаным жоқ. Өйткені вакцинаның екі дозасын салдырғандар аурудың ауыр өтуінен, жансақтау бөліміне түсуден қорғалған. Тіпті "дельта" вариантты жұқтырса да, оларда ауру жеңіл өтеді. Бүгінде реанимация бөліміне түскендер, қайтыс болып жатқандар – вакцина салдырмағандар.

3. Вакцина салдырар алдында антиденелер бар-жоғын анықтау үшін анализ тапсыру керек пе?

– Антиденелерге анализ тапсырудың мәні бар деп айта алмаймын. Өйткені вируспен ауырған соң да, вакцина салдырған соң да жасуша деңгейіндегі иммунитет қалыптасады. Антиденелер де белгілі бір индикатор, яғни ауырғаныңызды немесе вакцина салдырғаныңызды көрсетеді. Бірақ нақты қорғаныш – жасуша деңгейіндегі иммунитетте. Бұлар Т-лимфоциттер, В-лимфоциттер. Т-лимфоциттер вирус жұққан жасушаларды өлтіреді. Ал антиденелердің бар болуы иммундық қорғаныш бар дегенді білдірмейді, тіпті кейде шатастыруы мүмкін. Өйткені әлемде ауырғандардың 20 пайызы қайтадан вирус жұқтырған. Сондықтан антиденелердің болуы жеткілікті дәрежедегі қорғаныш емес. Ал ауырып шыққан, кейін вакцинаның екі дозасын салдырған адамда жасуша деңгейіндегі иммунитет қорғанышы ондаған есеге артады.

4. Вируспен ауырып шыққан адамдар оны неге екінші рет жұқтырады?

– Олардың қайта жұқтыратын себебі – вирус мутациясы. Вирустың жаңа варианттары иммунды қорғанышты айналып өтеді. Бүгінде вируспен ауырып шыққандардың 20 пайызы оны қайта жұқтырған. Жоғарыда айтқанымдай, ауырып шыққан адамдар вакцина салдырса, олардың жасуша деңгейіндегі иммунитеті ондаған есеге артады. Бұл вакцинацияның маңызды екенін көрсетеді.

5. Халық неге жақын уақытта вакцина салдыруы керек?

– Әдетте мен мұны мынандай аллегориямен салыстырамын. Біз бәріміз кемеге мініп, пандемия жоқ аралға бара жатырмыз. Бірақ кеме жолында айсберг шықты. Айсберг – бұл вирус жұқтырғандар мен вакцина салдырмағандар. Біз кеме айсбергпен соқтығыспауы үшін бар амалды жасаймыз: маска тағамыз, карантин шараларын енгіземіз. Бірақ қазіргі індет толқыны айсбергпен соқтығысу қаупін күшейтіп отыр. Онымен соғылып қалмаудың жалғыз жолы – айсбергті еріту, яғни вакцина салдыру.

Қазақстанда вакцина салдырмаған басым көпшілік тек өзінің ғана емес, туған-туыстарының, әсіресе қарт адамдардың денсаулығын, тіпті өмірін қауіп-қатерге байлап отыр. Вирус мутациясы вакцина салдырмаған адамдар арқылы тарайды. Сондықтан пандемияның бетін қайтарудың жалғыз жолы – вакцинация.

 

 

Байланысты жаналықтар

Ақтөбеде депо бастығы пара алып сотталды

22.11.2024

Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелі өмірден өтті

22.11.2024

Тұман, көктайғақ: 22 қарашаға арналған ауа райы болжамы

22.11.2024

Энергетикалық сусындар харам ба? ҚМДБ үкім шығарды

21.11.2024

Биыл он айда 44 мың адамды ит қапқан

21.11.2024

Дина Төлепберген күйзелісте жүрген жандарға қолдау көрсетті

21.11.2024
MalimBlocks
Ақтөбеде депо бастығы пара алып сотталды

Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелі өмірден өтті

Бұл туралы Құралай Нұрқаділова хабарлады.

Тұман, көктайғақ: 22 қарашаға арналған ауа райы болжамы

Жамбыл облысының таулы аудандарында көктайғақ болады

Энергетикалық сусындар харам ба? ҚМДБ үкім шығарды

Биыл он айда 44 мың адамды ит қапқан

Депутаттар бұралқы иттерге эвтаназия жасауды ұсынды

Дина Төлепберген күйзелісте жүрген жандарға қолдау көрсетті

Ол оқырмандарына өлең жолдарын арнады.