Маңғыстау облысын дамытуға 2,1 трлн теңге жұмсалады
Үкімет Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспарын мақұлады. Осы мақсатта 2025 жылға дейін 2,1 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр. Дәлірек айтқанда 338 млрд теңге - республикалық бюджет есебінен, 118 млрд теңге - жергілікті бюджет және 1,6 трлн теңге - жекелеген инвестициялар есебінен болмақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әсет Ирғалиев мәлімдеді.
"Кешенді жоспар әртүрлі бағыттағы жобаларды іске асыру бойынша 15 бағыт, 214 шарадан тұрады. 2021-2025 жылдарға арналған инвестицияның жалпы көлемі - 2,1 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен - 338, 8 млрд теңге, жергілікті бюджеттен - 118,3 млрд теңге, сондай-ақ жеке инвестициялар - 1,6 трлн теңге", - деді министр.
Министр сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта Жаңаөзенде газ өңдейтін зауыт салынып, сұйық дәрі-дәрмек пен химреагенттер өндіру бойынша 21 жоба іске асырылады. Сондай-ақ, өңірлік туризмді дамыту бойынша бірқатар жоба қолға алынып, Ақтау халықаралық әуежайы жаңартылмақ. Министр бұдан бөлек тұрғын үй, кәсіпкерлікті дамыту мен спорт және мәдениет саласында да кешенді жұмыстар жасалатынын айтты.
"Денсаулық сақтау саласы үшін 16 құрылыс қолға алынып, үш ауысымдылық пен апаттық мектептерді жою үшін 24 мектеп пен 11 жанама құрылыс салынбақ. Кешенді жоспарымыздың біраз шарасы өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған. Атап айтқанда "Қошқар-Ата" қалдық қоймасы қалпына келтіріліп, төрт тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны салынады. Ал қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін үкімет үш модульді өрт сөндіру бөлімшесі мен "Қауіпсіз қала" жобасын жүзеге асырмақ. Еңбек даулары туындаған жағдайда дереу шешім қабылдау үшін Жаңаөзенде ведомствоаралық штаб құру жоспарланған" - деді министр.