Маңғыстау облысындағы мектептің төбесі опырылып түсті

Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Құрық ауылында мектеп-гимназия ғимаратының акт залының шатыры опырылып түскен, деп хабарлайды Malim.kz.
Оқиға 23 шілдеде таңғы сағат 6:00 шамасында болған. Қираған кезде ғимаратта ешкім болмаған. Зардап шеккендер жоқ. Мәліметке сәйкес, опырылып түскен аумақ 250 шаршы метр болған.
Қарақия ауданы әкімдігінің мәліметінше, мектеп ғимараты 2009 жылы салынып, пайдалануға берілген. Қазір мұнда 1 200-ден аса бала білім алады екен.
“Қазір оқиға орнына арнайы сарапшылар шақырылып, қажет тексерулер мен сараптамалар жүргізіліп жатыр. Бұл жағдай бойынша арнайы комиссия құрылды. Бағалау нәтижелері мен алдағы жөндеу жұмыстары туралы толығырақ ақпарат кейінірек жарияланады”, – делінген хабарламада.
Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов комиссиямен бірге оқиға орнында жүр.
Фото: видеодан кадр

Ең көп оқылған
