Басқа амал жоқ - эпидемиолог-дәрігер ревакцинация жайлы
Қазақстанда 22 қараша күні ревакцинация басталмақ. Қайта екпе салдыру екі кезеңнен тұрмақ, алдымен ауру жұқтыру ықтималдылығы жоғары санаттағы азаматтар мен 60 жастан асқан адамдарға салынса, екінші кезеңде өз еркімен екпе салдыруды қалайтын адамдар вакцинация бөлімшелеріне жүгіне алады.
Қазақстанда 22 қараша күні ревакцинация басталмақ. Қайта екпе салдыру екі кезеңнен тұрмақ, алдымен ауру жұқтыру ықтималдылығы жоғары санаттағы азаматтар мен 60 жастан асқан адамдарға салынса, екінші кезеңде өз еркімен екпе салдыруды қалайтын адамдар вакцинация бөлімшелеріне жүгіне алады. Осы орайда Malim.kz тілшісі №4 қалалық емханасының эпидемиолог-маманы Досанова Айман Мұхтарқызымен сөйлесіп, реевакцинация жайлы, оның маңызы мен қандай кері әсерлері болуы мүмкін екенін сұрап көрді.
- Қай топ өкілдеріне қайта вакцина салдыру ұсынылады?
- Негізі бұған дейін вакцинаның аурумен күресте рөлі зор екенін байқадық, өзіміз сол эпидемияның ішінде жүргендіктен, вакцина алған азаматтарда коронавирус жеңіл өткенін көзбен көрдік. Сондықтан, вакцинаның алғашқы екі дозасын алғанымыз сияқты, қайта вакцинациялауға да қоғам жұмыла кіріскені жөн. Бірақ қазір азаматтардың қызығушылығы жоғары, күнде хабарласып, ревакцинация жайлы сұрайтындар көп. Енді 22 қарашадан бастап қайта вакцинациялауға кірісетін боламыз. Бірінші кезеңде жыл соңына дейін медицина қызметкерлері, педагогтар, медициналық-әлеуметтік және балалар тәрбиеленетін жабық мекемелердің қызметкерлері, күштік құрылым қызметкерлерін қамту тапсырылды. Сондай-ақ бұл тізімде 60 жастан асқан адамдар, өз бетінше зерттеуден өткен және коронавирусқа қарсы антиденелердің жоқ екенін көрсеткен адамдар бар.
- Бұл алдын ала жоспарда болмаған екпені алу қаншалықты маңызды? Осыдан бір жыл бұрын вакцинация басталғанда Спутник V вакцинасын жасап шығарушылар қорғаныс бір жылға жарамды деген еді.
- Жалпы бұл жай ғана болжам болған. Ревакцинациялау шаралары коронавирустың қарқынына, пандемияның өршіп-бәсеңдеуіне қарай жасалып отыр. Әлі күнге өлім жітім бар, алайда жағдай жаз мезгіліндегі көрсеткіштерден жақсы. Сондықтан осындай амалдарды қолдану керек. Қайта қалыпты өмірге оралу үшін бұдан өзге амал жоқ сияқты.
Пандемиямен әлем болып ұзақ күресіп келеміз. Коронавируспен күрестің осыншалық ұзақ әлі қиын болуы ақпараттық заман себебінен деп ойлаймын. Әйтпесе, кезінде қызылша мен оба екпесінің жасап шығарушыларын іздеп, зерттеліп-зерттелмегенін сұраған адам болмады ғой. Одан бөлек ер адамдар сәбилеріне туған кезде салынатын түрлі екпесі жайлы қызығып сұрап та жатпайды, ал өздеріне ине саларға келгенде түрлі дерек іздеп кететіні қызық.
- Ревакцинациялау тәртібі қалай болмақ? Алғашқы вакцинациялаудан айырмашылық бола ма?
- Бәрі бұрынғыша, вакцинаның бірінші, екінші дозасын қай бөлімшеден алғаны маңызды емес, кез келген ыңғайлы орталыққа барып екпе алуға болады.
Жалғыз жаңалық Pfizer вакцинасы елге әкелінгені болса керек. Pfizer вакцинасына қатысты медицина қызметкерлерімен қатар мектеп мұғалімдері үшін де арнайы семинарлар өткізуді бастадық. Осы жолы мектеп оқушыларына да екпе салынатындықтан, ең әуелі мұғалімдерге, сосын ата-аналарға түсіндіру маңызды. Себебі мектеп оқушыларына вакцина тек ата-ана рұқсатымен салынады. Қазір ата-аналардың рұқсатхаттары жиналуда, жалпы қызығушылық білдіргендер аз емес.
- Ревакцинацияға шешім қабылдамас бұрын, ағзадағы антидене деңгейіне мән берген дұрыс па, оның маңызы бар ма?
- Қаулыға сәйкес, антидене анықталмайды делінген. Бірақ ревакцинаға қатысты мәлімдемеде қайта екпені бірінші кезеңде салдыратын қауіпті топтағы азаматтар тізіміне антиденесі теріс тесті бар адамдар да қосылған. Егер антиденеге тест тапсырып, оның жоқ екені анықталса, сол анықтаманы көрсетіп, бірінші кезеңде қайта екпе салдыра аласыз.
- Қайта екпе салдыру үшін қай вакцина ұсынылады?
- Қазір вакциналардың екі түрі ұсынылып отыр: векторлық және инактивтендірілген. Көбі салдырған Спутник V – векторлық вакцина, ал қалғандарының барлығы инактивтендірілген. Векторлық вакцина салдырған адамдарға тоғыз айдан кейін белсенді емес вакциналар - Vero Cell немесе QazVac салуға кеңес береміз. Ал кез келген инактивацияланған вакцинаны алғандар алты айдан кейін Спутник V векторлық вакцинасын салдыруына болады.
- Қайта вакцинациялаудан өтпеген азаматтардың Ashyq мәртебесі жаңартыла ма?
- Хабарласатындардың көбін мазалайтын сұрақ осы. “Ревакцинациялауға бармасам, Ashyq-тағы жасыл түс қайта көкке ауыса ма?” дегенді өте жиі ести бастадық. Әрине, жоқ. Сіздер міндетті вакцинаның екі дозасын алғандықтан, жасыл статустарыңыз қала береді және ревакцинация құжаты ашыққа әсер етпейді. Біздің министрліктен алған ақпаратқа сәйкес, жағдай әзірге осылай болуы керек.
- Кейін коронавирусқа қарсы вакцина жүйелі түрде салынатын болса, әр екпенің уақыт аралығы қалай болмақ?
- Мұны коронавирустың күші, қарқыны қалай боларын сәл бақылап барып айтқан жөн шығар. Әлемдік ғалымдардың бірі жүйелі түрде алты ай сайын вакцина салу керек десе, ендібірі “иммунологиялық сал” болып қалу қаупі барын айтып, тоғыз ай немесе бір жыл болуы керек дегенді айтып жүр. Алайда, вакцина жүйелі түрде салынғаны дұрыс деп ойлаймын. Себебі былтыр өзіміз вакцина салған азаматтарға үнемі хабарласып, қал-жағдайын біліп отырдық. Вакцина салдырғандардың көбі коронавируспен ауырған жоқ, ауырған күннің өзінде тек бірнешеуі емханаға жатты. Ал біздің емханадағы екпе салдырған 400 маманнан тек жиырма жеті адам жеңіл формада ауырып шықты.
- Қайта вакцинациялаудан соң ағза басқаша жауап беруі мүмкін бе, екпе салдыратын адамның қандай жағдайға дайын болғаны жөн?
- Вакцинаның бірінші дозасын алған соң, иммунитет реакциясы - дене қызуы көтеріліп, сәл әлсіреп қалғаннан кейін екінші дозасын алуға қорқып қалғандар да бар. Алғаш кезде өзіміз де не болғанын түсінбей, ойланып қалдық, рас. Алайда кейін келе алпыс жастан асқан қариялардың көбі вакцина алғандарын тіпті мүлдем сезбей де қалғанын байқадық. Көбінің тек қолы ауырған, өзімде де дәл солай болды. Ал дене қызуы көтеріліп, әлісреп, үш күндеп жатып қалғандардың көбі - жастар. Бұл иммунитет, керісінше, жұмыс істеп тұрғанының, сырттан келген нәрсені сезіп, жауап қайтарып тұрғанының белгісі. Сондықтан осы бір уақытша ағза жауабынан қорқып, екпеден бас тартып керек емес. Әрине, әлсіреу сезімі үш күннен ұзақ, дене қызуы аса жоғары болған жағдайда дәрігерлерге дереу жүгінген жөн.
Соңғы ақпаратқа сәйкес, елімізде вакцинаның бірінші компонентін 8,5 миллион, ал екінші компонентін 7,7 миллион адам салдырған. Алдағы онкүндііте басталатын ревакцинациялауға ресейлік Спутник V, қазақстандық QazVac және қытайлық Vero Cell вакциналарын қолдану жоспарланып отырғаны белгілі болды. Сондай-ақ, 12-18 жастағы жасөспірімдер мен жүкті, бала емізетін әйелдер тобы үшін Pfizer вакцинасы қолданылмақ.