Біртанов бастамасы. Дәріханалар заңнан неге қорықпайды?

Айшолпан КЕРІМ

  • 23.11.2021

Сот ісін күтіп, бір жарым жылдан бері мырзақамақта жатқан бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтің 2019 жылы бастап берген дұрыс бастамасы бүгінде сұйылып бара жатқандай. Әңгіме дәріхананың дәрігер рецепінсіз дәрі сатпауы жайында. Жалпы, елімізде 8 мыңға жуық дәрі тіркелген, Біртанов енгізген заң тәртібінде сол 8 мыңның 6 мыңы тек дәрігер рецепімен берілуі, сатылуы тиіс. Рецепсіз сатылатын 2 мың дәрі негізінен дәрумендер, мұрын, тамақ шаю ерітінділері, тамшылар, шөп шайлар мен суық тигенде ауруды басатын өте қарапайым дәрілер ғана. 

 

Дәріхана саудасын тұралатып тастайтын мұндай қадамға Е.Біртанов не үшін барған еді? Амалы жоқтан барды. Өйткені, дәрі-дәрмек нарығындағы 30  жылға созылған бейберекетсіздіктен дәрігерлер шаршағандарын айтып, ендігі жерде мұндай халықты емдей алмайтындарын мәлімдеген болатын. “Мұндай халық” дейтін себебі, өз-өзіне диагноз қойып, көрші апай мен интернеттің айтқанына жүріп тұрған немесе  сауданы ғана көксеген дәріханамен сыбайласқан дәрігердің айдауымен жүрген көпшілік отыз жылда түрлі-түрлі дәріні есепсіз қабылдап, ағзаларын антибиотиктерге улап, тәуелді етіп тастаған еді. Осының нәтижесінде дәріханалар көл көсір табысқа кенелді. Ал елдің ағзасы антибиотиктерге тәуелді болып, аллергия секілді қосымша көптеген ауруларды жалмап алды. Ал ең сорақысы шындап ауыра қалған жағдайда дәрігер жазып берген антибиотиктерді көпшіліктің ағзасы қабылдамайтын жағдайға жеткен-ді. Біртанов бастамасынан кейін жап-жақсы қадағалау басталды. Науқаншылықтай көрінсе де, әр аймақта, әр жерде дәріханаларды тұтқиылдан тексеріп, шеттерінен айыппұлға жығып жатты. Оның үстіне дәрі-дәрмек бизнесін реттеуге президент Қ.Тоқаевтың өзі тапсырма беріп, өз қадағалауына алған еді.

Бірақ, пандемия келді де, бұл мәселе тіпті ұмытылып қалғандай болды. Дегенмен, соңғы кездері дәрігерлер рецепт мәселесін еске қайтадан түсіріп, әр жерде сыбырлап болсын айта бастады. Бірнеше дәрігерді осы тақырыпта сұхбатқа шақырған едім, бірақ, олар ел алдында ашық сөйлеуге ықыласты болмады. Алайда, олар “өз көзіңмен көргің келсе, кез келген дәріханаға кіріп көрсеңші” деп ақыл айтып, жол нұсқады. “Неге көрмеске?” дедім де, Алматыда жол жөнекей алдымнан шыққан  (Бостандық ауданындағы) бірнеше дәріханаға кіріп, дәрігер рецепінсіз антибиотик сатып алуға әрекеттеніп көрдім.

 

Бұхар жырау гүлзарындағы дәріханадан бір антибиотикті сұрап, күдік тудырмас үшін, жанына жөтелге қарсы таблеткаларды қоса сұрадым.

 

- Сәлеметсіз бе? Цифрокс, 500 мг өлшемде бар ма?

- Сәлеметсіз бе? Қазір қарап көрейік, - деп компьютерін қарай жөнелді. Басында рецепт сұрап қалар деп күттім. Сұрамадым. Сұраған дәрім жоқ екен. Есесіне әсері одан да жақсы препарат бере алатынын айтты. Төлем жасаған соң, білмегендей болып, “Бұл дәріні рецепсіз қабылдай беруге бола ма?” деп сұрадым. Дәріханашы естімеді ме, әлде, естісе де естімеген болды ма, кезекте тұрған ер адамға сөйлей жөнелді. 

malim.kz

Осылайша, Клиникалық-фармакологиялық топтар бойынша рецептімен босатуға жататын дәрілік заттар тізіміндегі “Ципрофлоксацин” атаулы препаратты  оп-оңай алып, келесі дәріханаға беттедім. 

Бұл жолы дәріханадан тез шықтым. Дәріханашы дәрігер рецепін сұрады. Онсыз сатпайтынын айтқан соң, құр қол шықсам да, риза болдым.

Бұдан кейінгі дәріхана қызметкері бірден “Өзіңізге ме?” деді. “Иә” дедім. Артқы жақтан дәріні алып жатып, “Система керек пе?” деп айқайлады. “Жоқ, ол үйде бар, рецепт керек емес қой?” деп сұрадым. Дәріні кассаға әкеліп, “Негізі, керек, бар ма рецепіңіз?” деген соң, қолымызда қағаз жоқ екенін айттық.

 

- Сонда қалай алғалы тұрсыз? Дәрігеріңіз не деді?

- Дәрігерге барған жоқпын, досым - дәрігер, ол осы дәріні айтты.

- Жақсы, егер досыңыз дәрігер болса, жауапкершілікті өз мойнына алып тұрса, онда осылай-ақ ала беріңіз, - деді де, қолымызға чекті ұстатты.

rbc.ru

Абай даңғылындағы дәріханалардың бірінде де препаратты  рецептісіз алу түк қиын болмады. Яғни, Елжан Біртановтың бастап берген дұрыс ісі іс жүзінде сұйылып бара жатыр деген сөз. Дәрігерлердің айтқаны да рас болып тұр. Егер дәріханалар сауда мен табысты ғана ойласа, қарапайым халық дәрі ішу мәдениеті мен сауатын арттырмаса, онда халық денсаулығы енді емделмейтін сатыда тұр деген сөз. Өйткені бейберекетсіз ішкен дәріден ағза тозып, сол дәрілерге тәуелді болып, өздігінен вирустарға төтеп бере алмайтын, күреспейтін жағдайға жетеді.  

Ал осыны білсе де, түсінсе де дәріханалар неге осындай бассыздыққа барып отыр? Заңға қарасақ, осындай теріс әрекеті үшін дәріхана алты айға дейін лицензиясынан айырылуы мүмкін. Заңгер Аида Өтесіннің сөзінше, рецептімен берілуі керек дәрі рецептіссіз беру - заңды белден басу. 

“Ондай дәрі сатып алған адамға теріс әсер беріп, зардабын тигізсе,  онда рецепсіз дәріні сатқан тұлғаны азаматтық іске тартып, шығын мен зардап өтемін өтетуге құқысы бар. Заңбұзушылық дәлелденсе, дәріхана Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 426 бабы (Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) немесе Қылмыстық Кодекстің 317, 322 баптары (Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы) бойынша жазаланады. Ал рецепсіз дәрі сатқан жеке тұлға 70-тен 100 АЕК-ке дейін, ал бизнес субъектілерге 130-дан 1 000 АЕК-ке (2 млн 917 теңге дейін (АЕК 2917 теңге) дейін айыппұл салынуы мүмкін. 

Есептеп қарасақ, дәріхана үшін 3 миллион теңгеге айыппұлға жығылған кәдімгідей шығын. Бірақ, осындай айыппұлға қарамастан  рецепсіз дәрі сатып жатқандарды өз көзімізбен көрдік. Сонда олар кімге сенеді? Заңнан неге қорықпайды?

Байланысты жаналықтар

СҚО-да денсаулық сақтау қоймасынан мерзімі өтіп кеткен екпелер табылды

05.03.2024

Қарағандылық әскери қате салынған екпеден көз жұмды

04.12.2023

Қызылша балаларға қауіп төндіріп тұр

01.12.2023

«Аңсаған сәби» бағдарламасымен 4 500 бала өмірге келді  

06.07.2023

Бас дәрігер: «Қан қысымы, қант диабеті, остеохондроз аурулары белең алып тұр»  

20.04.2023

«Сұмдық жағдай, қу сүйегі қалған». Экс-президенттің халі нашар 

23.01.2023
MalimBlocks
СҚО-да денсаулық сақтау қоймасынан мерзімі өтіп кеткен екпелер табылды

Арасында қызылша, паротит, қызамық және А гепатитіне қарсы екпелер болған.

Қарағандылық әскери қате салынған екпеден көз жұмды

Тексеріс барысында жіберілген қателер анықталды

Қызылша балаларға қауіп төндіріп тұр

30 бала жансақтау бөлімінде жатыр

«Аңсаған сәби» бағдарламасымен 4 500 бала өмірге келді  

Бас дәрігер: «Қан қысымы, қант диабеті, остеохондроз аурулары белең алып тұр»  

Емделушілер  арасында статистикалық бақылау жүргізіледі

«Сұмдық жағдай, қу сүйегі қалған». Экс-президенттің халі нашар 

Ол сот отырысына  қатыса алмайды