Зейнетақы есебінен қалай емделуге болады?

Айшолпан КЕРІМ

  • 24.11.2021

Қазақстандықтар зейнетақы қорында белгіленген мөлшерден артық жиған-тергенін баспанадан өзге бірқатар ем түріне жұмсай бастады. Соңғы деректерге сәйкес, денсаулыққа деп біржолғы зейнет төлеміне өтініш бергендердің көбі тіс емдеу орталықтарына барған.  Бұдан бөлек халық БЖЗҚ-ға офтальмологиялық қызметтер үшін өтініш жазуын жиілеткен.

2021 жылдың 25 ақпанынан бастап Отбасы банк Қазақстан территориясындағы ем-шаралар төлемі үшін бір жолғы зейнетақы төлемдерін мақсатты қолдану бойынша өтініш қабылдай бастады. Сайтта шетелде емделу үшін өтініш қабылдау кейінірек қарастыралатыны жазылған. 18 қараша күнгі статистикаға сәйкес, емделу үшін зейнетақы жинағынан жалпы 46 355 806 846 теңге алынған.

Зейнетақы есебінен төлеуге болатын медициналық қызмет тізімі аса көп емес:

- орфандық ауруларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, емдеу, сондай-ақ емдеу тактикасын айқындау үшін диагностикалық зерттеулер;

- Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қызметтер (тісті протездеу, имплантация);

- операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды, сондай-ақ мастэктомиядан кейін түзету мақсатында реконструктивті және қалпына келтіру операциялары (пластикалық);

- радионуклидтік және радиойодтерапия;

- радиохирургиялық емдеу;

- протон терапиясы;

- офтальмологиялық қызметтер.

Екі сайтта да қызметті тек Қазақстан Республикасы территориясында қолдану мүмкін екені, шетелде емделу алдағы уақытта қолжетімді болатыны жазылған. Алайда жоғарыдағы тізімдегі кейбір ем-шаралар, мысалы протон терапиясы, керісінше, тек шет елдерде қолжетімді екені қызық болып көрінді.

Сонымен, зейнетақы есебінен қалай емделуге болады?

Бұл шаруа бірнеше қадамнан тұрады. Әуелі сайтқа кіріп, біржолғы зейнетақы төлеміне өтініш беріп, ЭЦҚ-мен қол қоюыңыз керек. Осыдан кейін БЖЗҚ 5 жұмыс күні ішінде БЗТ сомасын сіздің Отбасы банктегі арнайы шотыңызға аударады.

– Қаражат арнайы шотқа түскеннен кейін, диагностика жүргізу үшін бейінді медициналық маманға хабарласуыңыз керек.

– Бейінді маманның қорытындысын алғаннан кейін, тіркелген жеріңіз (тіркелу орнын E-Gov.kz порталынан білуге болады) бойынша медициналық ұйымға хабарласып, жеке басыңызды куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, дәрігерлік комиссияның қорытындысын беру туралы өтініш беріңіз.

– Дәрігерлік комиссия өтініш берген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде не емделуге жолдама беру туралы, не бас тарту туралы шешім қабылдайды.

– 2 жұмыс күні ішінде комиссия хатшысы сізге қорытынды беруі керек.

– Оң қорытындыны алғаннан кейін емделгіңіз келетін медициналық ұйымды таңдап, онымен келісім жасайсыз. Шартта медициналық қызметтің түрі, дәрігерлік комиссияның қорытындысында көрсетілген диагноз, сома және медициналық ұйымның деректемелері көрсетілуі тиіс.

Артынша Enpf-otbasy.kz платформасына PDF форматтағы дәрігерлік комиссияның қорытындысын және медициналық ұйыммен жасалған шартты жүктеуіңіз керек. Отбасы банк 5 жұмыс күні ішінде құжаттардың сәйкестігін тексеріп, cіздің арнайы шотыңыздағы қаражатты шартта көрсетілген деректемелер бойынша медициналық ұйымға аударады. Осыдан кейін емдеу амалдарына кірісуге болады.

Қазірде емделу мақсатымен 40 мыңнан аса адам бір жолғы зейнетақы төлеміне өтініш білдірген. Жыл басында Отбасы банк төрайымы Ләззат Ибрагимов ОҚК брифингінде емделу үшін 60 мың азамат өтініш беретіні болжанғанын айтты. 

Байланысты жаналықтар

Коронавирус: Үйде жатып емделудің жолы қандай?

28.06.2020

Халықтың зейнетақы жинағы неге азайып жатыр?

18.04.2020

Зейнетақы жинағын енді алты компания өзара бөліседі

17.02.2021

Мемлекеттен төлем алатын азаматтардың тізімі кеңейтілді

29.03.2020
MalimBlocks
Коронавирус: Үйде жатып емделудің жолы қандай?

Халықтың зейнетақы жинағы неге азайып жатыр?

Зейнетақы жинағын енді алты компания өзара бөліседі

Мемлекеттен төлем алатын азаматтардың тізімі кеңейтілді