Экономист: «Қазақстанның шығыны Украинадан кем болмайды»
Күрделі де шиеленісті ахуал Қазақстан экономикасына кері әсер етеді. Бұл туралы Malim.kz тілшісі экономист Рашид Жақсылықовпен тілдесіп көрді.
Ресей мен Украина арасындағы қырғиқабақ соғыс Қазақстан экономикасына да ықпал ететіні белгілі. Отандық экспорттың да басым бөлігі осы екі ел арқылы өтетіні мәлім. Қалыптасқан ахуалдың жаңа сын-қатерлері қандай?
Бұл күрделі де шиеленісті ахуал Қазақстан экономикасына өте кері әсер етеді. Біріншіден, біздің хәліміз соғысқа қарсы шығып жатқан мемлекеттердің Ресейге қолданатын санкцияларына байланысты болмақ. Бүгін үшінші мәрте санкция салынады делінді. Батыс энергиялық ресурстарға тыйым салмақшы. Егер олар Ресейдің мұнай-газ тасымалын тоқтатамыз десе, біз өз мұнайымызды сата алмаймыз. Себебі, мұнай тасымалдау қорларын Ресейдің құбыр желісі арқылы тасымалдап отырмыз. Осындай қиын уақытта өндірген мұнайымызды қалай тасимыз? Сондықтан ықтимал қауіп алдында тұрғанымызды жасырмаймын.
Қазақстан қазір екі ел туралы бейтарап ұстанымда. Бұл әрекеттің соңы неге әкеліп соғуы кәдік?
Қазақстан Ресейді не қолдап отырған жоқ, не қолдамайтынын байқатпады. «ДНР» мен «ЛНР»-ді тәуелсіз мемлекет деп қолдамағанмен, Ресей біздің дос, әріптес деп отыр. Бұл негізінен дұрыс емес. Қазақстан Ресей жөніндегі өз ұстанымын нақты көрсеткені дұрыс. Қолдайтын болсақ, санкциялардың салмағы біздің елге де ауыр тиейін деп тұр. Неге мұнай саласы біз үшін өте өткір?! Осы жағдайдан кейін шикі мұнай беруші мемлекеттердің тізімі мен нарығы өзгереді. Қазір Сауд Арабиясы Ресей мемлекетінің Еуропаға беріп отырған мұнайы мен газын бере аламыз деген әңгіме жүргізіп жатыр. Қазақстан позициясын айқындамай нарықтан шығып қалатын болса, басқа мұнай өндіруші елдер жылы орнымызды баса қояды. Біздің мұнай нарығынан шығып кеткеніміз дүние жүзіне аса білінбегенмен, отандық экономиканы тұралатады. Себебі, мемлекет түсімінің 50 пайызы мұнай саласынан келіп отыр. Мұнай өнімдерін сыртқа өткізе алмай қалсақ, экономикалық саланы немен толтырамыз?
Оның сыртында биылғы жыл да едәуір экономикалық шығындармен басталды ғой...
Билік Жаңа Қазақстан құрамыз деп бірнеше әлеуметтік міндеттеме алып қойды. Оны орындау үшін әуелі қомақты қаражат керек. Мұның салдары өте қиын болатыны анық. Украина тікелей соғыстың зардабын шексе, Қазақстанның да зардабы одан кем болмайды. Қаншама жұмыс орны босайды, бизнес шатқаяқтайды. Болашақта барлығы реттеліп, орнына келеді дегенмен, тұншықтырып тастаған ұңғымаларды қалай қалпына келтіреміз? Қазақстанда биыл зорға дегенде сендірген инвесторлар клубы жұмыс істеуде. Алпауыт «Шеврон» сияқты компаниялар кетіп қалса, қайта келу мәселесі қалай болмақ? Біз басқа салаларды инвестор тартып жаңғыртып жатқанымыз шамалы. Олардың басым көпшілігі мұнай өндірісінде жүр. Сондықтан бар инвесторларды сақтап қалу амалын қарастыруымыз қажет.
Ресейдің жағдайы қиын. Ендігі кезекті мұнай тасымалдау ісін қай бағытқа бұрған жөн?
Ресей 2014 жылы Қырымды басып алған кезде мен биліктің назарын Азия бағытына бұрғанмын. Қазақстан түбегейлі Ресейдің коммуникабельдік мұнай тасымалдау қорларына тәуелді болмай, шама келгенше Қытай бағытына бұрылуымыз керек. Мұнайымызды Қытайға тасымалдау жағын жедел қарастырған жөн. Өйткені, мұнай өндіру бір бөлек, оны тұтыну деген бар. Мұнай нарығын қалыптастыратын өндірушілер мен тұтынушылар деген екі көрсеткіш белгілі. Қазір Қытайдың нарығы кең, экономикасы әлеуетті. Себебі, көрші елге мұнай ауадай қажет. Екінші нұсқа ретінде Үндістанды қарастырған едім. Бірақ ұсыныс айтылды да, жабулы қазан күйінше қалды. Біз өзі алдағы сын-қатерлерді ескермей, бейқам өмір сүреміз. Басқа жұрттар ертеңін ойлап, бірқатар жоба жасап жатады. Ресей қазіргі әрекетін болашақ ұрпақты қорғау мақсатында жасап жатырмыз деген пікір білдірді. Оны түсінгендер бар, түсінбегендер де көп. Дегенмен, қазақ мемлекеті өз болашағы үшін «жоқ» деп те айтып үйренуі керек шығар. Алпауыт елдер не айтса да бас шұлғып жаман үйреткенбіз. Соның кесірінен күрделі экономикалық ахуалды бастан кешкелі тұрмыз. Бұл өз кезегінде халықтың арқасына аяздай бататын мәселе.
Долллар бағасы да күннен күнге шарықтап барады. Мұның зардабы қандай болмақ?
Доллар бағасы міндетті түрде өседі. Себебі, Ресейдің барлық қаржы институттарына санкция салынып жатыр. Бір триллион қорлары бар банктердің бәріне санкция салынды. Сондықтан міндетті түрде теңгенің тағдыры Ресейдің Рубльіне және мұнай бағасына байланысты болмақ. Қара алтын бағасы құбылғанда, орыстардың экономикасында келеңсіз жағдай болған кезде біздің теңге әлсірейді. Сондықтан Қазақстан дербес экономикасын жасауға күш салуы қажет.