Тоқаевтың бір жылы: Шындықтан қаша алмадық

Алмас НҮСІП

  • 18.03.2020

2019-дың 19 наурызында отыз жыл бойы билік еткен Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ  күтпеген жерден отставкаға кетті. Заң жолында және сырт көзге ол президенттіктен кеткенімен, іс жүзінде саяси алаңдағы басты ойыншы боп қалды. Дегенмен, 2019 жылдың 19 наурызы қазақ мемлекетіндегі саяси ағыстың бір иіріміндей тарихта қалды. Олай болса, осы бір жыл несімен есте қалды? Қысқаша шолу жасағанды жөн көрдік.     

Н.НАЗАРБАЕВ «мен кеттім» дегенде  көңілі босап, қимастығын білдіргендер де болды. Бұл саптың басында, әрине, шенеуніктер  жүрді. Әсіресе, көзіне жас алып, тығылып сөйлей алмай қалған «Ақжол» партиясының төрағасы ПЕРУАШЕВТЫҢ әжептарқы түрі әлі көз алдымызда. Қанша жыл бойы «қашан кетедінің» астына алып келген жалпы жұрттың Назарбаевқа деген махаббаты шын оянған бір күн болса, ол осы 19 наурыз еді. Бірақ, бүкіл Қазақстанның бұл «сезімі» бір тәулікке де жетпеді.

Қазақстанның бұрынғы президенті Н.Назарбаев

Ертеңіне Конституция заңы бойынша уақытша президенттік таққа отырған Сенат спикері Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ алғашқы бұйрығы Астана қаласының атын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы болды.

Астананың атауымен қоса, осы қаладан тұңғыш президенттің монументін тұрғызу, мемлекеттік қызметкерлердің кабинетіндегі «портреттердің» мызғымауы, әр облыс орталығынан орталық көшенің атын беру туралы шешімдерді Тоқаев анықтап та берді.

Алайда Астананың Нұр-Сұлтан атануына қарсылықтан басталған шерулер легі бір жыл бойы тоқтаған жоқ. 22 наурызға тура келген қаланың атын ауыстыру туралы шешімге наразы жұрт көшеге шығып, «Нұр-Сұлтан – менің қалам емес» деп ұрандатты. Бұдан кейін де бірнеше жерде осы тақырыппен флеш-мобтар өтіп, жұрт қарсылығын әлеуметтік желілер арқылы да білдіріп жатты. Соған қарамастан, көп өтпей-ақ, Тоқаевтың өкімімен қаланың аты заңды түрде ауысты.

Н.Назарбаев пен Қ.Тоқаев ұлықтау салтанатынан кейін, 20.06.2019

Тоқаев үш апта өткен соң кезектен тыс президент сайлауы өтетінін мәлімдеді. Бұл да алдын ала болжамдарда айтылып жүргеніне қарамастан қоғам бірден кері реакция танытты. «Шындықтан қаша алмайсың», «Менің таңдауым бар» (От правды не убежишь», «У меня есть выбор») деген ұрансөз жазылған плакат ұстап шыққан белсенділер Алматы қаласында пикет өткізді. Олар бірден ұсталып, қамалған соң, наразылық одан ары өршіп, қалалық соттың алдына осындай жазуы бар плакат ұстап, тағы бір топ белсенділер барды. Міне, осындай жаңа деммен басталған наразылықтар сайлауға дейін де, кейін де толастаған жоқ.

Әлеуметтік желілерден басталған наразылық 1 және 9 мамыр мерекелеріндегі жаппай шерулерге ұласты. Кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялауға шақырған наразылықтар негізінен Алматы мен астанада өтті. Бұл кезде де билік жиналғандарды жаппай ұстап, көлікке «мал сияқты» тиеп әкетіп жатты. Осыдан бастап бұл Қазақстан қоғамы үшін үйреншікті көрініске айнала бастады.

10.06.2019 күнгі наразылықтардың бірі.

9 маусымға белгіленген сайлау кезінде «көлікке қойша тоғыту» жаңаша күш алды. Нәтижесінде маусымның 9-10-ы күндері Қазақстан бойынша 4 мың адам қамауға алынғанын биліктің өзі мәлімдеді.

Сайлаудағы Тоқаевтың басты қарсыласы саналған Әміржан ҚОСАНОВ дауыс беру нәтижесі шықпай жатып «Нұр Отанның» кандидатын құттықтап, қоғамға «сүйкімін кетіріп алды». Жұрт жаппай Қосановты балағаттап жатқанда тыныш барып тағына отырып алған Тоқаев: «Сайлау кампаниясы өркениетті сипатта, тыныш өткеніне қуаныштымын. Бұл тек бағдарламалар арасында бәсеке болды. Бұл Қазақстанда саяси мәдениеттің айтарлықтай өскенін білдіреді», - деп мәлімдеме жасады.

Ә.Қосанов, президент сайлауына ресми тіркелу кезінде сөйлеп тұр

Бұл қарсаңдағы наразылыққа шығушылар – сайлауға байкот жариялау; саяси жүйені түбегейлі өзгерту; сайлау, бейбіт митингілер мен саяси партиялар туралы заңдарды қайта жазуды талап етті.

Осындай у-шудың ортасында жүріп президент болған Тоқаев сайлаудан кейін бірден Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Бұл кеңестің міндеті – «қоғаммен диалог құру» ұранының аясында жүрді. Бірқатар сарапшылар тарапынан 20 наурыздағы «тарихи шешімдерінен» кейінгі үлкен шешімі болып бағаланған бұл кеңес жұрттың демократия, ашық саясат туралы талаптарын ескеру үшін құрылып, құрамына бірқатар қоғам белсенділері кіргізілгенімен, кеңес мүшелерінің алғашқы үлкен отырысы үш ай өткен соң бір-ақ болды.

Арыс қаласындағы жарылыс, 24.06.2019

Сайлаудан соң өзі де есін жиып үлгере алмай жатқан жаңа президенттің есін шығарған тағы бір оқиға – Арыстағы жарылыс болды. Қару-жарақ қоймасындағы жарылыстан соң өзі де асқынып тұрған қоғамдағы саяси ахуал тағы да дүрлікті. Арыс қаласынан 200 метр жерде ғана сақталып келген қару-жарақтың жарылысында бірнеше кісі өлімі тіркеліп, үйлер қирағанына қарамастан, бұл оқиғаның жаңа президентке аздаған пайдасы да болды деуге болады. Үйсіз қалған арыстықтар арнайы ұйымдастырылған лагерьлерге қоныстанып жатқанда жаңа басшының жұрт арасына барып, басу айтуы, оның видеоға түсіріліп, ел ішін аралап кетуі көпшіліктің ішін жылытып-ақ тастады.

Дегенмен, жаңбыр-жаңбырдың арасымен сайланып кеткен жаңа президентке жұрт амалсыз мойынсұнғандай болғанмен, жыл басынан бері қызығы мен шыжығы бітпей тұрған 21 мыңның жыры қайта тұтана бастаған тұста шыға келген бұл қайғылы оқиға тағы да наразылық шерулеріне ұласып, оның ақыры Шымкенттің бұрынғы әкімі  Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВТЫҢ «Әйелдеріңе ие болыңдар!» дейтін аты шулы сөзіне жалғасты. Осындай қайшылықты кезеңнен де «еститін мемлекет» құрушы президент ештеңе «естімей» өтіп алды.

Жас белсенділер құрған "Oyan, Qazaqstan" қозғалысы да елде саяси реформалар жүргізуді талап етіп, 30 тамызда шеруге шықты. Бұл да Ақорданың тынышын біраз алды.

"Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы, 21.08.2019

Назарбаевтың «өкілеттігі жүрмейтін мәселелерге араласып, президент секілді сөйлеген» «Нұр Отан» партиясының тамыз айында өткен жиыны «еститін мемлекет» туралы бастаманың түкке тұрғысыз екенін дәлелдеп кеткендей болды. Қос билік туралы сөз тоқтап, шексіз билік және «шартты президент» жайлы көп айтыла бастағаны да осы тұс.

Қыркүйектің басында Тоқаев Қытайға сапарға барардың алдында Жаңаөзенде жүздеген мұнайшы-жұмысшылар алаңға шығып, Қытаймен бірігіп іске асырылатын жобаларға қарсы екенін, Қытайға жасалмақ ресми сапардан бас тарту керек екенін айтқан наразы топтың екі күндік шеруін  Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Семей қалалары да іліп әкетті.

2010 жылы 14 жылға сотталып, 2013 жылы қоғам тарапынан саяси тұтқын деп танылған Мұхтар ЖӘКІШЕВТІҢ ісі де Тоқаевтың абыройына аз салмақ түсірген жоқ. Бұрынғы президент қамаған адамды денсаулығына байланысты босатуды жаңа президенттен талап еткен жиындар мен наразылықтардың бәрі нәтижесіз аяқталып отырды. «Сот шешімін өзгерткен жоқ» деген ақпараттан соң Ақорданың әлі де Кітапхананың ықпалында екені айтылып жатты.

Жәкішевке бостандық талап еткен пикеттердің бірі. Алматы, 10.09.2019

Ақырында, 2020 жылдың 3 наурызында «ҚазАтомөнеркәсіптің» бұрынғы басшысының бостандыққа шығатыны жайлы ақпарат тарағанда да бұл жаңа президенттің жақсылығы емес, қоғамның жеңісі ретінде бағаланды.

Саяси тұтқын демекші, Қытайдан қашып өткен Сайрагүл САУЫТБАЙДАН бастап өзге де шекара бұзған қазақ босқындар Тоқаевқа оңай тиген жоқ. Қытай мен Қазақстан қоғамының арасында қалған жаңа президент ақыры Сайрагүлді Қытай үкіметіне бермей, шет ел асырып құтылса да, жалпы жұрт «пана сұрап келген қазағына қорған бола алмады» деп бағалады. Жақында АҚШ үкіметі Сайрагүлге марапат ұсынғанда да қоғам «өзіміз қадірін білмеген қызымыз еді» деп, таяқтың бір ұшын Ақордаға тіреп жатты.

С.Сауытбайға АҚШ-та "батыл әйел" сыйлығы табыстау сәті. 04.03.2020

Жыл басынан басталған көп балалы аналар наразылығынан соң, мемлекет қазынасынан қаншама ақша (2,9 трлн) бөліп, 450 мыңдай отбасын «жарылқауды» бастап кеткен билік көп ұзамай өзгеше  мінез көрсете бастады. Жүйкесі сыр бере бастаған біраз әкім-қаралар көп балалы аналармен дауласып, «баклажка» лақтырысып, олардың күйеулерімен соқтығысып қалатын болды. Наразылық 21 мыңмен шешілмей қойғанына налыды ма, арнайы құрылған комиссия жұмыс қарқынын үдетіп, бірқатар қалаларда жәрдемақы алуға қатысты заң бұзушылықтар болғанын анықтай қойды. Тіпті біраз отбасыларды ақшаны кері қайтар деп, сотқа сүйрей бастады. Комиссия есік алдындағы көлденең жіпке дейін есептеп жүріп, біраз аймақтарда жеңіске жетті де. «Ақшаны жаратып қойып ек, енді қалай қайтарарымызды білмей тұрмыз», деп, мұңын шаққан отбасылар да болды. Қысқасы, жыл соңына қарай аналар наразылығы аздап саябырсығанымен, мемлекет бір жыл ішінде бұл проблеманы толыққанды шешіп бере алмады.

Көп балалы аналардың наразылығы. Шымкент, 03.06.2019

Тоқаев президент тағына отырғаннан көп өтпей, бірқатар тұрмысы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың несиесінің бір бөлігін (300 мың теңге) кешіру туралы жарлыққа қол қойды. Бірақ, бір реттік акцияға «азаматтардың кірісінің азайып, қарызының көбейгені» себеп болғанын айтқан Тоқаевтың бұл шешімін Ақорданың өзі «бұрын-соңды болмаған теңдессіз әлеуметтік көмек көрсету» деп бағалағаны болмаса, жұрт ішінде анау айтқандай резонанс тудыра алмады.

Жылдың соңын «тозған жүйенің көрінісі болған» Алматыдағы ұшақ апатымен аяқтаған Ақорданы жылдың басында жаңа бір оқиға күтіп тұрды. Қытайдағы коронавирус және Қордай оқиғасы. Ақпанның басында Жамбыл облысында болған жаппай төбелесті президент тұрмыстық жанжал ретінде бағалағанмен қоғам мұны ұлтаралық қақтығыс деп атады. Таяқтың бір ұшы ассамблеяға да тиіп жатқанмен, бұл оқиғаның негізгі жүгін Тоқаев көтеріп алды. «Нұр Отанның» жиынында, тағы бір іс-шараларда алға түсіп кете беретін экс-президент бұл кезде Тоқаевқа «кедергі келтірмей», сырттай бақылаушының рөлін атқарды.

Белсенді Дулат АҒАДІЛДІҢ тергеу изоляторындағы жұмбақ өлімі де Тоқаевқа оңай тиген жоқ. Билікке деген жұрттың ашу-ызасы біраз азаматтардың көшеге шығуына түрткі болды. Президенттің өзі бастап, өзгесі қостап, азаматтық белсендіні "жүрек талмасынан қайтыс болды" деп мәлімдегеніне қарамастан, көпшілік мұның өтірік екенін айтып, бірнеше қалада наразылық шерулері өтті. Тіпті, 27 ақпанда өткен Ағаділді жерлеу рәсіміне кейбір белсенділерді жібермей, қысым көрсеткені де жасырын қала алмады. Осыған орай АҚШ мемлекеттік департаменті мен Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі белсендінің өліміне алаңдаушылық білдіретіндерін жеткізіп, Қазақстан билігін Ағаділдің өлімін ашық әрі мұқият тергеуге шақырды. Ел ішінде де "еститін мемлекет" дегенге осы кезде ашық күмән келтіріле бастады.

Дулат Ағаділ өлімінен кейін Ішкі істер министрлігіне талап айтып барған наразы топ және полиция жасағы. 25.02.2020

Ендігі мәселе, биліктің басты бас ауруы – коронавирус. 13 наурызда алғашқы екі азаматтан анықталып, содан бері тоқтаусыз өсіп келе жатқан көрсеткіштің қазіргі нәтижесі – Алматы мен астананың карантинге жабылуы. Былтыр Назарбаев «кетіп», Тоқаев «келген» күнге дөп келген бұл карантиннің кезінде де Қазақстан азаматтары саяси астыртын оқиғалар болып кетуінен қорқады. Бүкіл әлем етек-жеңін жиып, есік-терезесін қымтап жатқанына қарамастан, пандемияның өзін «қажетіне» жаратып кетеді деп қорқатын, сенбейтін елге басшы болудың қандай болатынын «билікке келді» дегеннен гөрі, «президент атанды» деуге болатын Тоқаевтың өзі 1 жылдық «мерейтойында» айтпаса, бірдеңе айту қиын.

Нұр-Сұлтан қаласын карантинге дайындап жатыр, 18.03.2020

Әйтеуір, қазір жұрт кітапханадан емес, ресми билік – Ақордадан сәл де болса үміт күтетін сияқты.

Теңгенің құны түсіп, мұнай бағасы арзандап, пандемия таралып жатқан қиын жағдайда несиені төлеуді кейінге қалдыруға болатындай шешім шығарған Тоқаевтың ендігі әрекеті қалай болады; өзіне қаншалықты ұпай жинай алады; Кітапхана қожайынының ықпалынан құтылу үшін қандай да бір батыл қадамдар жасай ма деген сұрақтар екінші жылға қалып барады...

Айтпақшы, Латын графикасын жасағанда да «Нұрсұлтан» деген сөздің төбесіне ноқат қоймай, Ұ-ны «U» деп жазуды ұсынған «ақылды» лингвист ғалымдар да әлі күнге бір ауызды тоқтамға келе алмай жатыр...

Суреттер ашық дереккөздерден алынды.

Байланысты жаналықтар

Жолды жауып тастаған Қоянды ауылынан бір түнде 80 мың текше метр су тартылды

27.03.2024

Ресейдегі теракт: Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерімен жиын өткізеді

23.03.2024

Наурыз-2024: Астанада бір тоннадан астам палау әзірленді

22.03.2024

Наурыз мейрамына қандай мерекелік шаралар ұйымдастырылады?

21.03.2024

Наурызнама: Бүгін - Ынтымақ күні

21.03.2024

Наурызнама онкүндігі: бүгін - Ұлттық спорт күні

20.03.2024
MalimBlocks
Жолды жауып тастаған Қоянды ауылынан бір түнде 80 мың текше метр су тартылды

Ресейдегі теракт: Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерімен жиын өткізеді

Наурыз-2024: Астанада бір тоннадан астам палау әзірленді

Наурыз мейрамына қандай мерекелік шаралар ұйымдастырылады?

Наурызнама: Бүгін - Ынтымақ күні

Астана мен Алматыда қандай іс-шара өтеді?

Наурызнама онкүндігі: бүгін - Ұлттық спорт күні

Бұл күнді Астана мен Алматы халқы қалай тойлайды?