"Шетелде жүргендер елге келмесін деген дұрыс емес"

Елнұр Бақытқызы

  • 25.03.2020

Лондоннан Нұр-Сұлтанға "Эйр Астананың" ұшағымен жеткізілген соң, бас қалада тұрып қалған 43 алматылық туралы жазған едік. Бұл ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыланып, "жолаушылар келген жеріне қайта кетсін", "карантинге 14 күн жатсын", "Алматыға кірмесін" дегендей пікір көп айтылды. Әбден әуре-сарсаңға түсіп, елге әрең оралған оларға мұндай сөздер оларға қалай әсер етті? Лондоннан бас қала арқылы Алматыға келген жолаушылардың бірі, журналист Есенгүл КӘПҚЫЗЫНАН Алматыға қалай жеткенін, әлемжеліде шетелден оралып жатқан қазақстандықтарға қатысты реакцияға пікірін сұрап білдік.

– Лондоннан бас қалаға ұшақпен жеткізілген соң, тест тапсырып, оның нәтижесін бір тәулік күттіңіздер. Бізге берген сұхбатыңызда рейстегі адамдар коронавирустан құлан-таза деген анықтама алсақ да, карантинге жабылып қалған Алматыға жете алмай отырмыз деген едіңіз. Сонымен, Алматыға ақыры қалай жеттіңіздер?

– Сол күні Алматыға қайта алмаған 43 адам шу көтердік, әлеуметтік желіге жаздық. Әлеуметтік желідегі ақпарат әсер етті ме, өзіміз де шулап кеттік пе, әйтеуір бізбен сөйлесіп жүрген вирусолог Иван Ни бас қаладағы коронавирусқа қарсы штабпен байланыста болыпты. Бір кезде штаб өкілі біз отырған қонақ үйге келді де, "сіздермен әкім Алтай Көлгінов телефонмен сөйлеседі" деді. А.Көлгінов "екі сағат ішінде Алматыға ұшақ ұшырамыз, алаңдамаңыздар" деді. Біз отырған қонақ үйден басқа қонақ үйде де алматылықтар бар болып шықты. Сөйтіп, 80-нен астам адам болып астанадан Алматыға ұшып келдік. Алматыға дейін билеті бар жолаушылар билет алмады, оларға ұшақтан орын берілді. Бірақ билеті жоқтар оны сатып алдық.

– Алматыға жеткен соң не болды?

– Ұшақтан шыға бергеніміз сол еді, қолымыздағы төлқұжаттарды жинап алды. "Оны қашан қайтарасыздар?" деп сұрағанда "әуежайда береміз" деді. Бірақ өтірік айтқан болып шықты. Бізді әуежайға кіргізген де жоқ, автобусқа отырғызып алып кетті. Қайда апара жатқанын түсіндірмеді. Түсіндіріп айтса болады ғой. Бір кезде Қалқамандағы ауруханаға апара жатқанын білдік.

Қалқамандағы ауруханаға апарған соң тест тапсырасыңдар деді. Оған бәріміз "біз тестен астанада өттік, бас вирусологтың "коронавирус анықталмады" деп қолы қойылған қағазы бар, тест қымбат тұрады, ол басқаларға керек" дедік.  Сол жерде аурухананың бас дәрігерімін деп жүрген кісі "олай болса, тестен өтуден бас тартамыз деп қолхат беріңдер" деді. Біз бермейміз дедік, өйткені тестен өтуден бас тартқаны үшін жауапкершілік бар. Сөйтіп, тестен өтуге кезекке тұрдық. 20 шақты адам одан өтіп қойғанда бас дәрігер айналып келіп, "анықтамаларыңызды көрсетіңіздерші" деп бүкіл құжатты қарап шықты. Бір кезде қолхат таратып, "осыны толтырыңыздар, тестен өтпей-ақ қайта берсеңіздер болады, ешқандай жауапқа тартылмайсыздар" деді. Сосын 14 күнге үй карантиніне алындық.

Мұндағы айтпағым, Нұр-Сұлтаннан Алматыға жалғыз ұшақ ұшып келді. Орталықтандырылған мәліметтер базасы болуы керек қой. Ұшақта қанша жолаушы бар, олар қай жерден келді, тестен өтті ме, қолдарында тест нәтижесі бар ма деген ақпарат болуы керек. Яғни ақпараттық мобилизация жоқ болғандықтан, тест тапсырып келген адамдарды қайта тест тапсыруға әкетті.

– Лондоннан Алматыға ұшып келетін жолаушылар бас қалада тұрып қалғанын оқып білген әлемжелідегі жұрт "бұл жолаушылар шетелде қалсын", "елге келмесін" дегендей пікір айтты. Бұл сіздерге қалай әсер етті?

– Ең алдымен айтарым, бұл халықаралық жағдай, оған ешкім де кінәлі емес. Екіншіден, Ұлыбритания екінші категориядағы елге жатады (Ұлыбританиядан оралған қазақстандықтар карантинге ауруханаға жатқызылмайды). Мен Ұлыбританияда тұрған Нью-Касл қаласында халық аз,  бұл дертке шалдыққандар да аз, мен кетенде 13 адам болған. Оларды бірден оқшаулады. Негізі Ұлыбританияда мемлекеттік деңгейде карантин енді жарияланды. Бүкіл қоғамдық орындар кеше ғана жабылды. Ал жоғары оқу орындары онлайн оқуға 20 наурыз күні көшті.

Біз ауру қайнап тұрған ошақтан келмедік. Ол елде барлық көпшілік орындарда, қоғамдық көліктерде дезинфекция жақсы жасалады. Өзіміз де сақтық шараларын жасап жүруге тырыстық. Бір жерге қоғамдық көлікпен емес, жаяу бардық. Тек әуежайда немесе ұшақта ұрынып қаламын ба деп қорықтым. Абырой болғанда біз мінген ұшақта барлық жолаушы таза болып шықты. Ал Ұлыбритания әуежайларында қайта-қайта дезинфекция жасалып тұрды.

Қазақстанда шетелден келіп жатқандарға қатысты осындай пікір айтып жатқан адамдарды бір жағы түсінемін. Бәріміз де қорқып отырмыз. Коронавирусты шетелден оралғандар жұқтырып келді. Дегенмен әлеуметтік желідегі "шетелден келетіндер келмесін, сонда қалсын" дегендей пікірлер жаман әсер етті. Өзімнің визам бітіп жатты, сонда ол шетелде саған кім қарайды? Сондықтан сырттан келіп жатқан адамдарға түсіністікпен қарау керек сияқты. "Олар ерігіп жүр, қаңғып жүр, ел кезіп жүр" деп айтылып жатыр, бірақ қазіргі жаһандану заманында шетелмен байланысқа түспеу, шетелмен қарым-қатынас жасамау мүмкін емес. Біреудің шетелде бизнесі бар, біреудің оқуы бар. Онсыз да соңғы бір апта бір жылға татыды. Ұлыбританиядан елге жеткізуі тиіс төрт рейс тоқтатылды. Ақыр аяғы әуежайға жеткізетін пойыз жүрмей қалды. Осының бәрі жаман әсер етті. Сол сәтте қандай күй кешкеніңді ешкім білмейді.

Сурет Есенгүл Кәпқызының әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан алынды.

Байланысты жаналықтар

Алматыда бизнес-орталық отқа оранды

29.03.2024

Алматыда ер адам тұрғын үй кешенінің күзетшісін аса қатыгездікпен өлтіріп тастады

29.03.2024

Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

24.03.2024

Алматыда Наурыз мейрамы қалай өтіп жатыр

22.03.2024

Наурыз мейрамына қандай мерекелік шаралар ұйымдастырылады?

21.03.2024

Наурызнама: Бүгін - Ынтымақ күні

21.03.2024
MalimBlocks
Алматыда бизнес-орталық отқа оранды

Алматыда бизнес-орталық өртенді, деп хабарлайды Malim.kz.

Алматыда ер адам тұрғын үй кешенінің күзетшісін аса қатыгездікпен өлтіріп тастады

Алматыда түнде тұрғын үй кешенінің күзетшісін үй тұрғындарының бірі аяусыз өлтіріп тастаған, деп хабарлайды Malim.kz.

Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

Алматыда Наурыз мейрамы қалай өтіп жатыр

Наурыз мейрамына қандай мерекелік шаралар ұйымдастырылады?

Наурызнама: Бүгін - Ынтымақ күні

Астана мен Алматыда қандай іс-шара өтеді?