Ақымақ Петряның желқобызы (румын ертегісі)

Malim Админ

  • 08.04.2020

Есте жоқ ерте кез екен, сол кезден қалған сөз екен. Аса ауқатты бір адам болыпты, мал-мүлкінің көптігі сонша, санына өзге түгілі, өзі де жетпепті. Албарда үйлері мен қамбалары, тас қоралары мен ат қоралары қаз-қатар, жыпырлай тізіліп тұрыпты. Егістік-шабындығы,  жүзімдігі, бау-бақшасы, жылқысы мен сиыры, шошқасы мен қой-ешкісі күннің көзін, жердің жүзін жауыпты...

Жаратқан жалғыз хақ әлгі байға үш ұл сыйлаған екен. Бірінен-бірі асады дейді: үлкен ұлдың ақылы ортаншы ұлдан сәл артық, ортаншы ұлдың ақылы үлкен ұлдан сәл аздау, ал кенже ұл – ақымақ дейтін ақымақ емес, ақылды дейтін ақылды емес, алаңғасар біреу екен. Оның үстіне «кісінің кішісі болғанша, иттің күшігі бол» деген де сөз бар емес пе?!

Хош, сонымен әлгі бай малына мал, пұлына пұл қосып жүріп жатады. Күндердің күнінде ажал шіркін аяғын байқатптай басып, оның да қасына келеді. Талқаны таусылғанын сезген бай балаларына өсиет айтып, бар байлықты ағайыншылықпен бөлісіп, ұрыспай-керіспей, тату-тәтті тірлік етуге кеңес қосып,  жарық жалғаннан жөнеп кетеді.

–Ал енді не істейміз? – деп абыржиды Петря. – Ағайыншылықпен бөлісу дегенін қалай ұғамыз?

–Ұға алмайтын несі бар?– дейді ақылы көптеу үлкен ұл.– Одан оңай нәрсе жоқ. Бір затты алып, «мынау менікі, мынау сенікі, мынау мынанікі»,– деп бөлесің, тек үшеуіміздің үлесіміз бірдей болуын қадағалау керек. Түсіндің бе?

–Түсінікті,– дейді Петря. – Кез келген мал-мүлікті үшке бөліп аламыз.

Әкелерін барлық жөн-жоралғысымен жерлеген соң үш бауыр енші бөлісуге  кіріседі. Ең әуелі кең албарды үшке бөледі: әркім өзіне тиесілі үлесті қоятын жер керек қой. Үлкені оң жақты, ортаншысы ортаны, кенжесі сол жақты иеленеді. Содан соң алағай да бұлағай албарды кезген тауықтарды бөліседі. Қуалап жүріп, зорға ұстаған соң, қайта санаса, әтеш артық екен. Әрі-бері кеңесіп, әтешті бауыздап,  жүнін жұлып,  отқа қақтап жеп, тойып алады. Бұдан арғы шаруа еш кедергі, кідіріссіз, оп-оңай реттеледі. Мыңғырған мал,  қара-құрым құс, ыдыс-аяқ,  киім-кешек үшеу ара тең бөлінеді. Күні бойы айналаны  «мынау менікі, мынау сенікі, мынау мынанікі»–деген дауыстар жаңғырып тұрады. Үй мен қора-жай, қамбарларға кезек келгенде ғана ағайынды үш жігіт тығырыққа тіреліп, әбден бас қатырысады.

–Міне, шатақ,– дейді үлкен ұл,– үй үлкен еңселі болғанымен біреу ғана. Оны қалай бөлеміз?

«Шатағы шатақ,– деп ойлады ортаншы ұл, – бір үйді тең етіп, үшке қалай бөлмекпіз?»

Петря аңтарылған екі ағасына алма-кезек қарап:

–Саспаңдар,– дейді, – бұған дейін қалай бөлсек, үйді де солай бөлеміз. Бұзамыз да әрқайсымыз өз үлесімізді аламыз.

Ақыры ағайындылар Петряның ақылына құлақ асып, үйді, үйдің соңынан қора-жай,  қамбарларды бір кірпіш, бір тақтайын қалдырмай бұзып, қылдай бөліседі.  Неше күн тынбай жұмыс істеп, қатты шаршайды.

–Ай, азаматтар! Бәрін біттік! Көбі кетіп, азы қалды. Ал енді егістік, шабындықты, бау-бақшаны, жүзімдікті бөлейік,– дейді үлкен ұл масайрап.

Байлық бөлу, ақыл беру емес. Үш жігіт әр түп жеміс ағашын санап, әр адым жерді қайыра өлшеп, сілелері қата қалжырағанда барып, енші бөлісу сәтімен тәмәмдалады. Тек бөлінбеген бір-ақ нәрсе қалды. Ол бұқа еді! Жай бұқа емес, бүкіл табынның көсемі, салқам төс, құж желке, найза мүйіз, құжбан болатын, қақпаға зорға сыюшы еді. Қанталаған көзімен алара қарағанда ең бір батырсынған мықтылардың зәрелері зәр түбіне жетуші еді. Мұндай бұқа жай адам тұрмақ, патшаларға бітпеген екен.

–Бұқаны қайтеміз?–дейді үлкен ұл. «Мынадай бұқаң болса, даңқың әлемге жайылар»,–деп ойлайды іштей.

–Иә, бұқаны қайтпек керек?– деп ортаншы ұл оны қостайды. Ол да бұл бұқаның бағасын білетін.

–Қайткені қалай? Әтеш сияқты мұны да сойып, жеп аламыз,– дейді Петря.

–Сақта құдай! Әтештің аты – әтеш, ал бұқаның аты – бұқа ғой! Союға болмайды,– деп екі үлкен ұл шу етіседі.

Әрқайсысының да бұқадан демесі бар, қилы-қилы қулыққа салып бағады. Дәнеңе өнбейді. Төбелес тұтануға аз ғана қалғанда Петря айтыпты:

–Білесіңдер ме, – депті, – маған бір ой түсті .Әрқайсымыз бұқаға арнап қора соғайық.  Кімнің қорасына кірсе,  бұқа сонікі болсын!–депті.

–Келістік! –деседі екі ағасы.

Үлкен ұл әйгілі тас қалаушы шеберлерді жалдап, мұнаралы, күмбезді әсем қора тұрғызады. Мұндай қораны көрген бұқа тұрғай, адамның өзі шыдап тұра алмас еді.

Ортаншы ұл ағасынан қалыспайды. Оның да қорасы сәнді-салтанатты болып шығады.

Ал ақымақ Петря ағаларының қарбаластарына қарап, көзін жыпылықтатып жүре береді. Ақыры екі ағасы қораларын бітіріп, бұны асықтырып, қаузай бастағанда ғана тоғайға барып, үш арба тал қиып әкеледі. Тездетіп жаман жаппа қалқайтады да, төбесін қамыспен жабады. Екі ағасы күле-күле ішектері түйіле жаздайды, тек Петряның өзі риза, жасыл желекті жаппасына қараса, көзі тойып, ыңылдап ән салудан танбайды.

Сонымен ағайынды үшеу бұқаны жетектеп, албарға кіргізеді. Бас жібін шешіп алып, кімнің қорасын таңдар екен деп қарап тұрады. Қайнаған жаз ортасы еді. Маса-сона мазасын кетірген бұқа басын шайқап, құйрығымен бауырын сабалап, есі шығады. Қанша келбетті, қаншама қайратты болғанымен, бұқаның заты сиыр, миы бұзаудың миындай ғана ғой! Мұнаралы, сәнбі қораларға бұрылып та қарамай, өңкеңдеген күйі жасыл жаппаға бір-ақ кіріп, жатып алады. Қусаң кететін сыңайы жоқ!

Ақылсыз бұқаның ісіне ақылды екі жігіт күйіп-пісіп ашуланады. Ашуланғанымен, не пайда? Бұқа қуанышы қойнына сыймаған Петряның еншісіне тиеді. Бірақ Петряның бұл қуанышы ұзаққа созылмайды. Екі ағасы бұқаны бірінен-бірі қызғанып, екеуі бірігіп, Петрядан қызғанып, шала бүлінеді.

«Бақытсыз басым,–деп торығады Петря,– Бұл бұқасы құрғырға қайдан тап болып едім. Енді қалай құтылсам екен? Сойып  тастасам қайтеді?»

Сойып тастаса, ағалары өзінің де қолын-қол, бұтын-бұт етер еді. Мұны Петря жақсы білетін.

–Қой, – дейді Петря, –  мен мұны базарға апарып, сатып жіберейін. Кім көп төлесе, соған берермін.

Айтты – бітті. Петря бұқасын жетектеп, қалаға тартады. Алайда базар дегенді, сауда дегенді естігені болмаса, көрмеген екен. Жолдың шаңын бұрқыратып, жөнеп келе жатқанда алдынан базардан қайтқан адамдар шығады:

– Жол болсын, туысқан! Қалаға барасың ба? Бұқаң жақсы екен, қанша сұрайсың?– дейді.

«Мықты бол, Петря,– депті Петря ішінен. – Міне, базарға да іліндік»

–Бұқам мың сом жүз теңге он тиын тұрады,– дейді Петря.

–Бағасы да аз емес, бұқасы да жаман емес...–дескен жолаушылар жөніне кете береді.

Петря «сұраған ақшаңа сатып алушы табылмаса, бағасын түсіру керек» деген ақылды естіген еді. «Жарайды, енді бағасын ептеп түсіріп көрейін,–деп шешеді, – базардың аты базар ғой».

Аз жүре ме, көп жүре ме, тағы біреуге қарасы ұшырысады.

–Бұқаң тамаша-ақ екен! Базарға апара жатырсың ба? Қанша сұрайсың? –дейді жолаушы.

  • Тоғыз мың тоғыз жүз тоқсан тоғыз сом, тоқсан тоғыз теңге, тоғыз тиын,– дейді Петря баптана сөйлеп.

Жолаушы бұған оқты көзін қадай қарап, кетіп қалады.

Содан Петряға базаршылап қайтқан жұрт бірінен соң бірі кездесіп, бұқасын мақтайды, бірақ ешкім сатып та алмайды (базардан қайтқан адамда ақша қайдан болсын!), Петря да бағасын төмендете береді. «Бұл базарың сұмдық екен, ешкім саудаласпайды,  құр мақтап, кете береді. Енді қалай құтылдым мына бұқадан?» – дейді.

Сөйтіп келе жатқанда нағыз аларманға жолығады. Аларман бұқаны шырқ айналып:

–Апай төс, құж желкем-ай!– дейді.

–Басы – бас-ақ, мүйізі –мүйіз-ақ екен!– дейді.

–Қанша сұрасаң да, берейін!– дейді.

–Бір сом, бір теңге, бір тиын,– дейді Петря.– Бұдан әрі төмендете алмаймын.

–Қалжыңды қой,– дейді анау, – су тегін беретіндей не көрініпті саған, бұқаң тым-ақ жақсы екен. Әлде мені ақымақ санап тұрсың ба?

«Е-е, бұқам тым жақсы болғандықтан да ешкім алмай жүр екен ғой»,– деп ойлайды Петря.

–Кейінірек келерсің, сонда келісерміз, – дейді аларманға. Ол көзден таса болысымен, бұқасының бір мүйізін қағып тасайды. Сәл ойланып, сыңар мүйізді де сындырып тынады. Содан соң құнтитып құлағын кеседі, шолтитып құйрығын кеседі. Бұқада кісі көзі тоқтатар кейіп қалмайды. Енді өткен-кеткен жұрт жөн сұрасудан да сап тиылады. Петря да шаршайды, бұқа да азапқа түсе діңкелейді.

Бір уақытта қалың тоғайға келіп кіргенде, бұқа бір қураған кәрі, құшақ жетпес жуан ағашқа сүйкеніп жата кетеді де, тұрмай қояды. Күн кешкіріп, жел соғып, орман шулайды. Кәрі ағаш та сықырлай шайқалады. Петряға ол бірдеңе деп, адамша сөйлегендей көрінеді. «Бұл тегін ағаш емес, сиқырлы ағаш болды,– дейді ол күбірлеп, –  әйтпесе бұқа осының түбіне келіп жатып алар ма? Осыған сатып құтылайын».

–Ей, ағаш! Бұқа сатам, аласың ба?–деп айқайлайды Петря.

–Сық-қыр, ср-р-р!...– ағаш ырғатылған сайын, қуысында ақша сылдырлағандай болады.

–Не, не дейсің? Сәрсенбіде кел дейсің бе? –дейді Петря.

–Сық-қыр, ср-р-р!...

–Жарайды, бұқаны алып қал, сәрсенбіде ақшасына келермін. Айтқаным–айтқан, бір сом бір теңге бір тиын аламын,– дейлі Петря. Сүйдейді де бұқаны тастап, үйіне оралады.

Сәрсенбіде ағашқа қайтіп келсе, бұқасының сүйегі шашылып жатыр, қасқыр жеп кетсе керек. Ал ағаш баяғы әдетінен жаңылмай, сықырлаумен тұр.

–Немене? Келесі сәрсенбіде кел дейсің бе? Жетер мазағың! Бұқаны ғой жеп алдың, ендеше ақшамды бер!– дейді Петря қатуланып.

–Бір жолға көндім, – дейді содан соң.– Бірақ, келесі сәрсенбіде құр қол келмеймін, балта ала келемін. Ақшамды бермейді екенсің, шауып-шауып, жаңқалап тастаймын.

Уағдалы мерзімде Петря балтасын алып ағашқа жетеді. Тек пәтуасыз ағаш тағы да сәрсенбіге сілтейді. Ашуланған Петря балтасын құлаштай сілтеп, салып жібереді. Әлгі ағаштың іші қуыс еді, сол қуысқа бай ма, қарақшы ма, – біреу алтын тыққан болатын. Кейін алармын деп ойлаған болуы керек. Балтаның жүзі шыдатсын ба, ағаш шатынай жарылып, жарқыраған алтын ділдалар сылдырлай төгіледі.

–Е-е, өстіп жөніңе көшсеңші, – дейді Петря, –  тек ұсағың жоқ екен. Жә, қайтеміз енді, осыған да риза болармын.

Петря үйме алтыннан бір ғана ділда алып, үйіне қайтады. Алтын көрген ағаларының тілі байланып қала жаздайды. Мән-жайды сұрап білген соң  Петряны жерден алып, жерге салып, жабылып ұрысады:

–Әй, ақымақ! – дейді үлкен ағасы зығырданы қайнап. – Ағаштың саудаласқанын қай атаңда көріп едің, «сәрсенбі келіп, бүкіл алтынды алып кет» деген ғой ол саған!

«Мүмкін солай да шығар», – деп ойлайды Петря. Ағаш шынында да саудаласпаған еді.

–Ағашта ақша жетеді, – дейді ағаларына.

–Жете ме, жетпей ме, – бәрі біздікі,– дейді ортаншы ағасы. – Біз бұқаны саған бердік, өйткені бөлуге келмейтін еді. Ал сен бұқаны ағашқа саттың, ендеше ақшаны теңдей бөліп аламыз.

Үшеуі үш өгіз-арба алып, ағашқа барады, ағаштың қуысындағы бүкіл алтынды «мынау менікі, мынау сенікі, мынау мынанікі» десіп, тең бөлісіп, арбаларын артып, үйлеріне қайтады. Жолай ұшырасқан адамдар жөн сұраса, үлкені:

–  Жүгері әкеле жатырмын,–дейді.

Ортаншысы:

–Тары әкеле жатырмын,–дейді.

Петря өмірінде өтірік айтып көрмеген еді, сондықтан:

–Шынымды айтсам, арба толы ақша әкеле жатырмын, бірақ ағаларым арбадағы ақша емес, арпа деуге бұйырған,–дейді.

–Е-е, құдай саған арпаның орнына арба толы ақша берсін,– дескен жұрт күліп қала береді.

Үйге жеткен соң қараса, үлкеннің арбасында жүгері, ортаншының арбасында тары, тек Петряның арбасында ғана алтын қалыпты. Екі ағасын аяған Петря:

–Әкемнің сөзі – мен үшін заң. Алтынды тең бөлісеміз, – дейді.

Арба толы алтынды бір-бірлеп санауға ерініп, таразы іздейді, таппайды. Сонда үлкен ағасы Петряны поптың үйіне таразыға жұмсайды. Петря жүгіріп отырып, попқа барып:

–Таразыңызды бере тұршы, -–дейді. Ағасының ақылы есіне түсіп:

–Алтын емес, жүгері, тары өлшейік деп едік, – деп қосып қояды.

Поп таразысын бергенмен, ойланып қалады. «Алтын өлшейміз дегені тегін емес. Осылар дәу де болса, әкелерінің қазынасын өлшеп, бөліскелі жатыр» – дейді. Шыдай алмай, бұғына барып, ағайынды үшеудің үйіне келеді.

Ағайындылар алтындарын өлшей бастағанда ит үреді. Иттің шабалана шаңқылдағанына қарап, үйдің сыртында біреу бұларды аңдып жүргенін сезеді.

–Петря, тағы бүлдіргенсің ғой сен, – дейді үлкен ағасы. – Поп бізді аңдып жүр ме деп қорқамын. Бар, қарап кел.

Петря сыртқа жүгіре шығып, тамашаға батып тұрып қалады.

Поп ырсылдап, биік дуалдан кері қарай түсе алмай әлек. Шұбатылған етегінен мықтап жабысқан ит жіберер емес. Кенет поп қалбаң етіп, ұшталған басы жоғары қаратылған жерге шаншылған қаданың тура үстіне құлайды. Қорс етіп кірген қада поп қозғалған сайын, бойлап сұғылады. Жаны ашыған Петря аяғы-аяғына тимей, поптың қасына жеткенде, байғұс о дүниеге аттанып кеткен еді.

Петря ағаларына келіп, аттан салады:

–Сұмдық! Поп қадаға түсіп өлді, енді жұрт оның қазасын бізге жабады. Ортаншы ағасы шошып, алтын салынған қабын арқалай қашпақ еді, үлкен ағасы тоқтатады.

–Сабыр етіңдер, бауырлар! – дейді. Асықпай ойланайық.

Үлкен ағасының қалған екеуіне қарағанда ақылдырақ екенін айтып едім ғой, енді сол білгіш жоқ жерден амал тауыпты.

–Попты қададан суырып, үйге алып келіп, есікке ілмек қағайық та, соған асып қоялық. Сонда жұрт поп біздің үйге ұрлыққа түсіп құдайдан қорқып, өзі асылып қалған екен деп ойлайды, –депті.

Үшеуі топты сүйреп әкеліп, есікке ілмек қағып, ілмекке поптың өлі денесін салақтатып аса салады да, тұра қашады.

Үлкен ұл бір қап алтынды, ортаншы ұл бір қап алтынды арқалай қашады. Петря тары толы қапты сүйреп, оларға ере бергенде, үлкен ағасы:

–Есікті іле кет соңыңнан, ақымақ!– деп айғайлайды.

«Есікті қалай іле кетем?» –деп дал болған Петря көп ойланбай қабын лақтырып тастап, есікті поппен қоса топсасынан жұлып алып, арқасына салып, екі ағасына ілесіп жөнеп береді.

Үшеуі өкпелері өшкенше, аялдамай жүгіріп, жан баспаған ну орманға келіп кіреді. Сөйткенше күн де батып, төңірек түн құшағына көміледі.

–Ә, қарғыс атқан кеще!–деп ызаланады ағалары поп пен есікті қоса арқалаған Петряны көріп.

Орман іші көзге түртсе көргісіз, көрдей қараңғы. Аю өкіріп, қасқыр ұлитындай, орманның аш жыртқыштары қаумалап келіп қалғандай...Аялдауға, дем алып, жан шақыруға қорқады. Ақыры салалы бір дарақтың түбіне жетіп, бұтақтарына өрмелеп шығып, түн асырып, таң атырмақ болады. Петря есікке асылған попты да тастамай ала шығып, жуан бір бұтаққа сүйеп қояды.

Көп ұзамай қараңдап әлдекімдер көрінеді. Бұлар – шіркеу тонап келе жатқан қарақшылар еді. Қарақшылар ағайынды үш жігіт қонақтаған ағаштың түбіне тоқтап, жайғасады. Шөпшек теріп, от жағады, қой сойып, терісін сыпырмай, үйтуге кіріседі. Үйітілген жүннің түтіні будақтай көтеріліп, қашқын жігіттер тұншыға бастайды.

Қарақшылар шіркеуді тонауын тонағанмен, құдайдан қорқулы еді. Шіркеуден тапқан олжаларының арасында бір қап хош иісті, құдайға құлшылық кезінде жағылатын қасиетті май бар еді, содан көсіп, отқа тастайды. Әдемі иіс бұрқырап, мұрынды жарады.

–Ағалар, қазір түшкіріп жіберемін. Құдай бар-ды, түшкіремін!–деп сыбырлайды кеңсірігі жыбырлаған Петря.

Екі ағасы ақымақты желкеден түйіп үлгермейді, Петря орманды жаңғырта түшкіріп салады. Қатты түшкіргені соншама, ағаш сілкініп, есіктің құлпындағы кілт тура қарақшылардың алдына топ ете түседі.

Қарақшылар қарғып тұрып, шалқайып аспанға, сыбдыр естілген ағаш бұтақтарына қарайды. Қанша қараса да, түк көрмейді. Өйткені өздері тұрған жер жарық, оттың басы, ал жоғары жақ қою түтінмен тұмшаланған, қап-қараңғы.

–Әй, ақымақтар, – дейді бір қарақшы жолдастарына. –Жаңағы біз жаққан хош иісті қасиетті майдың иісі көкке көтеріліп, Петр әулиенің мұрнына жеткен ғой. Әулие қуанғаннан түшкіріп жіберіп, жұмақ қақпасының бір кілтін бізге тастаған ғой, жұмаққа қалаған уақыттарыңда қысылмай еркін кірсін деген ғой...

–Мүмкін, ол оңбаған кілтімен біздің басымызды жарғысы келген шығар,–дейді қорқақтау келесі қарақшы.

–Әбден мүмкін,– деп қоштайды оны үшінші қарақшы. Қалған қарақшылар да елегізіп, дабырласып кетеді.

–Ағалар,–дейді Петря осы кезде сыбырлап, – поп пен есік құлап барады, ұстап қалуға шамам келер емес.

Айтып, ауыз жиғанша, салбырай поп асылған есік Петряның қолынан шығып кетіп, гүрс етіп, жерге құлайды.

–Құрыдық!–деп бажылдасады қарақшылар. –Жұмақтың қақпасын алып Петр әулиенің өзі де келіп қалды!

Қалшылдай қорыққан қарақшылар танбандары жалтырап зытып барады. Мұны көріп ағайынды үшеу мәз болады. Ағаштан жерге түседі. Үлкен ұл мен ортаншы ұл қарақшылардың қазынасынан көтергенше  алып, тайып отырады. Ал Петря қалтасынан пышағын суырып, қойдың семіз етіп жәукемдей жөнеледі. Қарны тойған соң басын көтерсе, жалғыз қалыпты. Екі ағасының ізі суығаны қашан! Тек сорлы поп қана жатыр ұзыннан сұлап.

–Әй, байғұсым-ай,–дейді Петря.– Қанша айтқанмен, жақсылық жасап, жаудан құтқардың. Енді сені қарға-құзғынға жем етіп тастап кетпейін, қолымнан келгенше жүзіңді жасырайын.

Пышағымен жер қазып, көр дайындап, попты жерлейді. «Байқұс поп! Тым құрымаса, басыңа шырақ та жағылмады. Енді қасиетті иіс майды аямай өртейін, бәлкім, жаның соның түтінімен қалықтап, көкке көтерілер»,–деп ойлайды.

Бір қап иіс майды отқа бір-ақ атып ұрады. Бұл жолы түтін тік ұшып, жұмаққа, Петр әулиеге жетеді. Әулие қасиетті майды тұтатып, түтін салған адамның жүрегі таза, жаны адал екенін сезіп, самғап жерге ұшып, Петряның алдына келіп түседі.

–Сәлемет пе, ұлым,– дейді ескі танысынша жылы ұшырап. –Хал нешік?

–Әй,  жайлап,– дейді Петря.– Қарным тойды, ағаларым қашып кетті, өзім попты жерлеп, енді істейтін іс жоқ, ерігіп отырмын.

–Дұрыс ұлым,– дейді әулие. – Қу тірліктің түбіне кім жеткен, анда-санда ерігіп алған да жөн. Құдай тағала сенің ісіңді хош көріп, ризашылығын білдіруге мені жұмсады.

–Рақмет,–дейді Петря орнынан тұрып.

–Ал енді не тілегің бар, айт. Кез-келгенін орындаймын. Құзыры күшті құдайдың жарлығы солай,– дейді Петр әулие.

–Еш тілегім жоқ,– дейді Петр ойланбастан.

–Қой, аттасым!– дейді әулие. – Ойлан. Құдайдың пәрменіне қарсы тұруға болмайды. Одан да тілегіңді айт. Мүмкін байлық керек шығар.

–Байлық өзімде де жетіп артылады. Тіпті не істерімді білмеймін, –дейді Петря қағабын түйіп.

–Онда денсаулық сұра!

–Немене, мен ауру адамға ұқсаймын ба?– дейді Петря кеудесін кере дем алып.

–Ендеше бақыт сұра!

–Менен бақытты адам жоқ бұл пәниде,–дейді Петря. – Жайыма қалдырсаң қайтеді мені, а?

Петр әулие Петряны біраз айналдырып, ақыры ақымақ көнер болмаған соң қабағынан қар жауа түнеріп:

–Әй, пендем, сен құдай жарлығының не екенін білемісің өзі?! Құдай сөзі қайтып алынбайды, бұлжытпай орындалады, – дейді ол.

–Жарайды енді, ашуланба. Жарлық болса, –құлдық. Менің тілегім... Не сұрасам екен? Әй, мейлі, ендеше сен маған масаның желқобызын тауып бер!–дейді, Петр әулиенің мұны таба алмасына шүбәсіз сеніп. Бірақ аңғал жігіт құдай мен әулие-әмбиені алдау мүмкін емесін білмейтін. Петр әулие көзді ашып-жұмғанша қолына жеп-жеңіл, көзге әрең шалынатын, жұп-жұқа желқобыз ұстата салады.

–Міне, сұраған желқобызың. Есіңде болсын, бұл желқобызды ойнаған жан да, тыңдаған жан да бар қайғысын ұмытады.

Тыңдарман жұртқа тіршілігі жұмақтай көрініп, көңілі қуанып, билеп кетеді. Ал бетіңнен жарылқасын,–дейді.

Соны айтып, Петр әулие ғайып болады. Петря айран-асыр қалып, біресе жаңа ғана әулие тұрған жерге, біресе қолындағы ұлпадай жеңіл желқобызға қарай береді, ауызына апарып, ойнауға батылы жетпейді.

Сол уақытта қой етінің иісін сезген қасқырлар ағаш маңына жиналып, Петряны қоршап алған еді. Петря тістері сақылдап, көздері жайнаған өңкей аш қасқырды көріп: «Тұра тұрыңдар – дейді, – Мені жегілерің келген екен ғой. Ашсыңдар ғой. Қазір тойдырамын сендерді». Желқобызын үрлеп, бар өнерін салып, ойнап жөнеледі.

Қандай қызық болғанын көрсеңдер ғой! Петря әп-сәтте қорқыныштан арылып, көкірегі шаттыққа толады. Қасқырлар үйретілген күшіктей құлақтары салпиып, құйрықтарын бұлғаңдатып, секіріп, қарғылақтап, аунақшып, әлемет биге басады...

Керемет! Тура ертегідегі сияқты!

Петря желқобызын құйқылжытқан күйі жолға түседі. Орманнан шығып, адамдар арасына баруға аңсары ауады. Жалығыз адам жұмақтан да жалығады ғой...

Қасқыр біткен билерін үзбей, соңынан ілеседі.

Таң сібірлей Петря орманнан шығады, жайқалған егістікті, бау-бақшаны, алыстан мұнартқан үйлерді көреді.

Желқобызын әуелете күйін қайырады, сол сәтте жарықтан сескенген қасқырлар да тым-тырақай қашып, күңгірт орманға қайтып оралады.

Петря бау-бақшаны, егістік-шабындықты аралап, ұзақ жүріп, қыстаққа жетіп, поптың үйіне тоқтайды. Себебі поп деген – шаруалар үшін ең қадірлі адам. Оны біздің Петря да білетін.

–Сәлем бердік, әкей!

–Сәл бол, ұлым. Қайдан келесің, қайда барасың?

–Үйден келемін, әкей. Бірақ, үйімнің қайда қалғанын, қайда баратынымды өзім де білмеймін. Ну орманда адасып кетіп едім...

Поп аңғарымпаз, пысық адам еді, мына жігіттің аңқау, алаңғасар екенін біле қойыпты. «Маған керегі – осындай жалшы. Барар жері, басар тауы жоқ, не айтсам да, бас тартпайды»,– деп ойлайды.

–Менің қызметшім бол, ұлым,– дейді  Петряға. – Жұмыс  аз, ақшасы жақсы. Ерте тұрып, атқораны тазалап тастайсың да, қолыңды қусырып, бос  отырасың. Сосын малды суғарып, жем-шөбін бересің де, тағы да бос отырасың. Сосын отын жарып, от жағасың да, рахаттанып демаласың. Сосын ешкілерді өріске айдап апарып, күні бойы бос жүресің. Кешке ешкілерді үйге айдап қайтып, таңертең істеген шаруаларыңды және бір пысықтайсың. Сосын боссың. Осы үшін саған жылына жеті ешкі, жеті лақ, бір серкеш беремін. Үйіңе байып, мал-малданып ораласың.

–Мейлі, әкей, мен келістім,–дейді Петря.

Сөйтіп попқа қызмет ете бастапты. Таңертең ерте поп тапсырған шаруаларды тап-тұйнақтай етіп орындап, аз-кем дамылдамақ болып еді, қайда... ешкілерді өріске айдайтын уақыт жеткен екен. Петря ешкілерді жайылымға айдап келісімен-ақ, ешкі біткен құтырынып берсін. Бірі тастан тасқа секіріп, енді бірі жар жағалай қарғылап, келесілері жұрттың бақшасына қарай жүгіріпті. Петря байыз таппай салпаңдап, тілі салақтай шалдығады. Бәрібір ешкілерді жинай алмай, сілесі қатады.

–Жарайды, бәлем, сендер қасқырдан қу емес шығарсыңдар!–дейді шығандай қашқан ешкілерді қуа-қуа құл сүлдері қалған Петря.–Қазір сендердің діңкелеріңді қатырайын.

Петря желқобызын алып, желпінте ойнайды. Сол-ақ екен, ойдан-қырға шапқылаған ешкілер біреу мүйіздерінен ұстап сүйрегендей Петряның жанына жиналады. Жиналып, биге кіріседі. Аштық та, шөл де адыра қалады. Құлақтары ербеңдеп, сақалдары шошаңдап, Петряға алғыспен қарап, дамылсыз билейді. Ал Петря күн ұзақ саялы жөке ағашына арқасын сүйеп, желқобызын уілдетумен болады.

Кешке Петря ешкілерін айдап үйге қайтады. Аш ешкілер поптың шарбағына шегірткедей жабылып, тал-теректің қабығын сындырып, түк қалдырмай жалмайды.

Екінші, үшінші күні де осы оқиға қайталанады.

–Әкесі,–дейді сонда поптың әйелі,–осы қызметшіңде бір кесел бар. Мына ешкілерді не жын ұрғанын түсіне алмай шаршадым. Өрістен аш келеді, сүттері мүлдем суалып барады, тал шарбақты да жұлмалап құртатын болды.

–Менің де күмәнім бар, – деп келіседі поп.

–Артынан аңдып, сырын білсеңші онда,–дейді поптың әйелі.

Поп жуас кісі еді, бәйбішесіне қарсы уәж айта алмай, ерте тұрып, өріске барып, бұта арасына жасырынып, Петряны күтеді.

Міне, Петря да келіп, желқобызын асқақтата аңыратты. Ешкі-лақ, серке-теке тұяқтары сыртылдап, билеп кетті. Тек поптың өнері бәрінен де асып түсті,– қанша дегенмен адам ғой! Қауға сақалы желпілдеп, кең шапаны жалпылдап, тынбай ойнақтайды. Шапанын бұта жыртып, бет ауызын тікен тырнаса да, қоймай-қоймай, екіліне билепті. Байғұсты көрген жанның көңілі босарлықтай-ақ еді. Бірақ, поптың өзі тәніне қадалған тікенекті де сезбепті, Петряға да ашуланбапты, өйткені ғажайып желқобыздың сырлы сарыны жанына жай таптырып, жүрегін қуанышқа бөлеп еді. Петряға мейірлене көз тастап, билей әндетеді:

–­Құдай куә, осыған берермін, осыған берермін-ақ! – дейді.

Поптың көркіне тіл жетпейтін жалғыз қызы бар еді, соны Петряға ұзатпақ болып шешеді іштей. Мұндай өнерлі күйеуден айналып кетпеймісің!

Күні бойы билеген поп қалжырай шаршағанымен, көңілді қайтады. Тіпті үш күн бойы Петряның күйін тыңдап, тынбай билеуге әзір.

Алайда оның сабалқтана ұйысқан сақалын, жалба-жалба шапанын көрген бәйбішесі шат-шәлекей болады:

–Түріңе қарасаңшы! Кімге ұқсайсың? Сені де еркек, сені де поп дейді-ау! Қайдағы бір қаңғырған әумесердің мазағына қалып, бүкіл қыстаққа күлкі болдың,–деп тұлан тұтады.

–Түу, ақылы қысқа неме, қойсаңшы енді!– дейді поп ашуланып. – Сен дәнеңе де білмейсің. Жалшы жігіт желқобызын тартқанда көрермін қалай сайрағаныңды.

–Мен бе?!–дейді әйелі қыстығып. –Садаға кетсін! Билермін мен оның алдында! Жарылып өлсем де, билемеспін. Мен сен секілді ынжық емеспін!

–Жә,– дейді поп, –сәл шыдай тұр. Кірсін үйге, сосын желқобызын шалуын өтінермін. Сенің күшіңді сонда сынармыз.

Бәйбіше поптың сөзіне құлақ асып, екеуі Петря үйге келісімен, желқобыз ойнамауын сұрамаққа келіседі. Қанша қайраттанып бақса да, бәйбішенің көңіліне күдік еніп, әжептәуір абыржиды. «Бұл әумесердің шынында да билемесіңе қоймас сиқыры болса, қайтем?»–деп ойлайды.  Қайда тығылуға болатынын ойлап, санасы сарсаң болады. Күбіге отырса қайтеді? Жоқ, күбі тар, ыңғайсыз. Ақыры бәйбіше шатырға сандыққа кіріп, қақпағын тарс бекітіп алады. Демін шығармай, Петряны тосады.

Бірақ желқобыздың әсерлі әуенінен бәрібір қашып құтылмапты. Петря желқобызынан жүз құбылған күй төккенде бәйбіше сандық ішінде ары дөңбекшиді, бері дөңбекшиді. Сандыққа сияр болмайды, сандық аспанға ұшып, жерге түседі. Бір уақытта сандық шатырдан құлап, күлпарша боп санады.

–Мен де бердім қызымды осыған!–деп жан дауысы шығады бәйбішенің.

Сонымен олар дүрілдетіп той жасайды. Петря үйлі-баранды, құрметті жанға айналады, көп ұзамай бала сүйеді.

Ал кейде үйде әлдеқандай көңілсіз жағдай туа қалса, Петря желқобызын қолына алады. Сол сәтте-ақ бар қайғы-мұң, өкпе-реніш сейіліп сала береді екен.

Осымен ертегі де тәмам болды. Жалғасын білем десеңдер, өздерің айтыңдар.

Аударған Ғалым ДОСКЕН,

«Алтын сырнай» ертегілер жинағы, 1992 жыл.

Тағы қараңыз:

Ертегі аудармашының рұқсатымен, сайт редакциясында қайта теріліп, жарияланды.

Көшіріп басуға болмайды!

Байланысты жаналықтар

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

28.10.2023

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

21.09.2022

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

09.04.2022

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

16.06.2021

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

03.04.2021

Айдында жүзген ақ желкен

08.03.2021
MalimBlocks
Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоғамдық қоры Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы жүзеге аса бастады.

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

Олар Қайратты «Құдай берген таланттың ұшқынын көруші» дейді.

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

Кинозалдың есігін ептеп ашып ішке кірдім, сабақ басталып кетіпті.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

Айдында жүзген ақ желкен