Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға
Кинозалдың есігін ептеп ашып ішке кірдім, сабақ басталып кетіпті.
Кинозалдың есігін ептеп ашып ішке кірдім, сабақ басталып кетіпті. Дәуренбек ағайымыз бір қолымен жағын таянып алып, бір қолын стол бетіне қойып, саусақтарын жыбырлатып отыр. Соңғы партада жалғыз отырған Әйгерімнің жанына жайғастым. Студенттер қарбаласып бірдеңе жазып отыр. Әйгерім ештеңе жазбаған, есесіне дәптерінің бір бетін толтыра шимайлап, шимайдың үстін шимайлап отыр. Басқалардың не жазып отырғанын түсіне алмай қалдым.
– Не туралы жазып жатырсыңдар? – деп сыбырладым.
– Көріп тұрсың ғой, – деді Әйгерім сәл жымиып.
Дәптерімді аштым да, қаламсабымды алып, не жазарымды білмей отырып қалдым. Әйгерім дәптерін маған қарай сырғытып:
– Менің жазбамды көшіріп ал, – деді. Мен күліп жібердім. Ол дәптерін алдына сырғытты да, таза бетін ашып шимайлай бастады, дәптерімнің жаңа бетін ашып, мен де шимайладым. Дәптерінің екінші бетін ашты да, алақанымен басып, саусақтарының арасын айналдыра сызып, өз қолының суретін салды. Суреттегі алақанның ортасына көздің суретін салып жатты.
– Пышақ берші, – деді.
– Пышақты не істейсің?
– Мына көзді кесем, – деп сықылықтап күлді.
– А-а, Луис Бунюэльдың фильмі туралы ма? «Андалузиялық ит» туралы жазып жатыр екенсіңдер ғой, – дедім. Екеуміз аузымызды басып алып күліп жатырмыз. Күліп отырып ағайдың қасымызға келіп қалғанын да байқамай қалыппыз. Дәуренбек ағай екеуміздің дәптерімізді қолына алып парақтай бастады. Мен болсам кірерге тесік таппай отырмын. Ол ағайға қарап отыр. Қымсынғаны байқалмайды, ағай не айтар екен деп күтіп отырған сыңайлы.
– Бұл неғылған еріккендік, шығып кетіңдер, – деп, дәптерді парта үстіне тарс еткізіп тастай салды. Әйгерім жиналып орнынан тұрды, мен қозғалмадым. Бәрі бізге бұрылып қарап қалған. Әйгерім тұрған орнынан қозғалмады, мені күтіп тұрғаны байқалады.
– Сендерге шығып кетіңдер дедім, – деген қатқыл дауыс мені орнымнан тұрғызып жіберді.
Екеуміз жертөледегі асханаға келдік. Асхана іші жым-жырт, тыныш, бізден басқа ешкім көрінбейді. Шай, тамағымызды алып, төр жақтағы үлкен айнаның алдындағы орынға жайғастық. Айнаға қарсы отырған Әйгерім өзіне үңіліп қарады. Мен оған қарадым. Құлағындағы сырғасына көзім түсіп кетті. Аққудың мойнындай ұзын мойнымен таласа иығына дейін салақтап тұрған шашақты сырғасы қозғалысымен бірге дірілдеп жалт-жұлт етеді. Қара түсті жақұт көзі өзінің үлкен көздерінің қарасындай жарқырайды.
– Сырғаң қандай әдемі! – дедім. Ол айнаға қарап, басын қозғалтып сырғасын тербете отырып:
– Мамам күйеуге шыққалы жатыр. Екінші рет әкелі болып жатырмын. Сол кісі сыйлаған, – деді.
– Құтты болсын... Таза алтын сияқты ғой?!
– Иә, таза ғой, ол кісі алтынмен айналысады. Үлкен сауда сарайы бар екен, – деді. Ол үнсіз отыр, мен де үнсіз қалдым. Тамақ ішіп отырмыз. Терезеден далада жапалақтап жауған қар ұшқындары көрінеді. Бір кезде топ торғай терезенің астыңғы жақтауына қонды. Мен торғайларға қарап отырғанда Әйгерім де бұрылып қарап, жүзіне күлкі үйіріле қалып орнынан тұрды да, бір кесім нанды үгітіп, терезеге беттеді. Ол барып терезені ашқанда торғайлар ұшып кетті. Нанды терезенің астыңғы қырына шашты да, қайта отырып үнсіз шайын ішті. Мен торғайлардың қайтып келуін күттім. Сәлден соң торғайлар қайтып келіп, нан үгітіндісін теріп жей бастады. Әйгерім онша назар салған жоқ.
– Бала кезімдегі бір жайт есіме түсіп кетті, – деп сөз бастады Әйгерім. – Мектеп жасына дейін ауылда әжемнің қолында тұрдым. Қызылжар қаласына жақын бір ауылда, ол жақта күн қатты суық болады ғой, далада боран соғып, қар жауып тұрған. Ерлан көкем есікті ашып ішке кіргенде, бір торғай үйге кіріп кетті. Төбемізді айнала ұшып тыным таппады. Мен торғайды ұстап алғым келіп ары-бері жүгіре бердім. Ерлан көкем торғайды сыртқа шығарып жіберуге есікті ашқанша болған жоқ, торғай пеш үстінде қайнап тұрған шелектегі суға түсіп кетті...
– Өліп қалды ма?
– Иә, құтқара алмай қалдым, – деп, Әйгерім кесесінің шетін сұқ саусағының ұшымен айналдыра сипап отырды. Мен де үнсіз отырмын.
– Келесі сабаққа дейін екі сағат уақыт бар, осында отыра береміз бе? – дедім.
– Осында отыра тұрайық, дала суық, – деп терезеден сыртқа қарады. Далада жапалақтап қар жауып тұр.
– «Аттар мен қасқырлар» деген ертегі жаздым, соны айтып берейін бе? – дедім. Әйгерім менің сөзіме онша назар аудармады, айнаға қараған бойы:
– Кеше әжем түсіме кіріпті, – деп маған бұрылып, – кішкентай кезімде әжем бір аңыз айтып берген еді, сол есіме түсіп отыр. Соны айтып берейін, тыңдайсың ба? – деді.
– Айтшы, тыңдаймын...
– Ертеде Каспий бойын мекен еткен бір тайпа ел болған деседі. Тайпа көсемі Өзтемір деген адам екен. Жалғыз қызы Ақбаяннан басқа баласы болмапты. Ақбаян он алтыға толған жылы әжесі қартайып, ауыр науқастан төсек тартып жатып қалады екен. Ақбаян болса күндіз-түні әжесінің қасында болып, құрақ ұшып жүріпті. Бір күні әжесі жастығының астынан жібек шүберекке түйілген бір затты алып шығып: «Әжемнің маған сыйлаған мұрасы еді», – деп шүберекті шешіп, күміс шолпыны алып шығыпты. «Бұл енді сенікі. Көзімдей көріп тағып жүргейсің. Пәле-жаладан сақтасын, келші, өзім тағып берейін», – деп, Ақбаянның бір өрім ғып өрген қолаң шашының ұшына тарамыс қолдары дірілдеп тағып, маңдайынан сүйеді. Ақ шүберектей қуарып солған әже жүзіне қуаныш ұялап, жалғыз немересінің жүзіне ұзақ қарап отырады да, сәбидей шалықтаған күйі о дүниелік болып кете барады.
Әжесінің жыл уағы болып асы беріледі. Ақбаян бойжетіп, толықсып толысады. Ай жүзді аруға ат сабылтып алыс-жақыннан сөз салушылар көбейіп кетеді. Бай мырзалары, ел билігіндегі мансаптылардың балалары, әнші-күйші, сері жігіттер де болады. Ақбаян ешкімге мақұлдығын бермейді. Таңдау жасау жас қыздың жүрегін әбден сыздатады, осылайша қатты қиналады.
Түні бойы ұйықтай алмай жатып, таң ата көзі ілініп кетіпті. Бір кезде шашындағы шолпысы сыңғырлай жөнеліп, бір алуан әуенмен Ақбаянды оятады. Шолпыға тіл бітіп, теңіз жаққа барып келуін өтінеді екен. Ақбаян қатты таңғалады. Орнынан тұрады да, ақшабдар жорғасына ер салып, теңізге қарай жұлдыздай ағып шаба жөнеледі.
Теңіздің ұшы-қиырсыз ұзақ шетіне көз салады. Асау, ерке толқындарға қызықтай қарайды. Бірін-бірі қуалаған ерке толқындар шашырап, таңғы күн сәулесімен шағылыса жалт-жұлт етіп жағалауға асығады. Шолпысы бір алуан әуенге басып сыңғырлай жөнеледі. Ақбаян мың бұралып билейді. Бір кезде шолпы сыңғыры басылып, тып-тыныш бола қалады. Ту сыртынан ат тұяғының дүбірі естіледі. Артына қараса, сауыт киінген, бесқаруын асынған жас батыр желе жортып келеді екен. Бұл жас батыр Ақбаянның әкесі Өзтемір көсемнің оң қолы – Жолаушы батырдың үлкен ұлы Есет батыр еді. Талай жорықтарда ерлігімен көзге түскен жас батыр қыз жанына келіп, ілтипатпен сәлемдесті: «Оу, ерке қыз, жалғыз жүргенің қалай, қаласаң серігің болып бірге серуен құрайық, жалғыз тұрсаң жабырқап қаларсың», – деп атынан түсіп, тізгінді ердің басына тарта қаңтарды.
Ақбаян күлімсіреп жылы жүз танытты. Шолпы қайтадан әдемі бір әуенге басып сыңғырлай жөнеледі. Екеуі теңіз бойында ұзақ жүреді, бір кезде алыстан салт аттының қарасы көрінеді. Осы кезде шолпының сыңғырлы әуені басылып, тыныштала қалады. Келе жатқан жас батыр – Бура. Ол да Ақбаянға ынтызар болып жүргендердің бірі екен. Бура алыстан садақ тартып, Есет батырға қарай оқ атады. Зулап келген сұр жебе Есет батырдың кеудесіне қадалады. Есет батыр орнында теңселіп кетеді. Қадалған жебені денесінен жұлып алғанда, жебе ұшы Ақбаянның шолпысына қадалып қалғанын көреді. Жебе зырлап келе жатқанда шолпы жебенің қаскөй ұшына тосқауыл болған еді. Осылайша Есет батыр аман қалады. Шолпы қайта сыңғырлап, әуендетіп сөйлей жөнеледі: «Сенің бақытың осы. Бұл жалғанда сені Есет батыр ғана бақытты етеді. Бақытыңды таптың», – дейді. Осылайша Есет батыр мен Ақбаян үйленіп, отау құрады. Көп ұл-қыздары болады. Өзтемір қартайып, өмірден өткен соң, Есет батыр ел көсемі болыпты. Сөйтіп, екеуі бақытты ғұмыр кешіпті дейді, – деп Әйгерім әжесі айтқан ертегісін баяндап шықты.
– Керемет! – дедім. Әйгерім үнсіз отырып шайын ішті. Бір кезде құлағындағы сырғасын ұстап:
– Мен саған бір сырымды айтайын, бірақ ешкімге тіс жармаймын деп уәде берші, – деді. Мен бірден:
– Уәдем мыңжылдық! – дедім. Ол орнынан тұрып жиналды да:
– Менің мына сырғам да сөйлейді, – деді кетіп бара жатып.
– Қайда барасың? Келесі сабаққа кіреміз деп келісіп едік қой.
– Менің кетуім керек, – деді де, бұрылмастан кетіп қалды.
Айгерім сол кеткеннен жоқ болып кетті. Біреулер оны «шетелге кетіп қалыпты» деп жүрді. Енді біреулер «тұрмысқа шығып, басқа қалаға көшіп кетіпті» десті. Құрбылары үйіне іздеп те барды, үйлерін басқа біреулер сатып алыпты. Қайда жүргенін ешкім білмейді, өзі де ешкімге хабарласып, бір жөнін айтпаған екен.
***
Метро пойызы зырлап келіп, «Алатау» аялдамасына тоқтады. Пойыздан түстім де, жылжымалы баспалдақпен көтеріліп келе жаттым. Жоғары жақтан сырғыған жылжымалы баспалдақта қолында қолшатыры бар қыз төмен сырғып келеді. Жақындағанда таныдым, Әйгерім. Иә, соның өзі. Үстіне қара плащ киіп алған, шашын төбесіне орап жинап алыпты. Жақындағанда: «Әйгерім, сенсің бе?» – дедім. Ол маған қараған да жоқ. Танымаған шығар. Жоқ, таниды ғой, қарамай өте шықты. Өтіп бара жатқанда байқап қалдым, қолшатырының шетінен екі-үш тамшы су баяу тамшылады. Құлағына сырға тақпапты. Артынан қарап тұрмын, ол төмен сырғып барады. Үлкен қызыл түсті қолшатыры басын көрсетпей қалқалап қалған. Мен жоғары сырғып көтеріліп барамын. Жылжымалы баспалдақтан түсіп, аялдама жаққа өтіп кеткенше қарап тұрдым. Соның өзі, иә, Әйгерім.
Сыртқа шықсам, жаңбыр сіркіреп жауып тұр. Ағаштар жапырағынан айырылып, жалаңаштанып қалған. Қала сүреңсіз, қайда барарымды білмедім, Әйгерімнің соңынан баруға шешім жасай алмадым. Алдымнан Өнер академиясының оқу ғимараты көрінді. Солай қарай жылжыдым. Көз алдыма баспалдақпен түсіп бара жатқан Әйгерімнің бейнесі келе берді. Жылап бара жатқандай болып көрінді. Жүгіре жөнелдім, кинозалдың есігін тарттым. Жабық тұр, ашылмайды. Өтіп бара жатқан студенттердің бірі:
– Кімді іздейсіз? – деді.
– Ешкімді, жай кіріп шықсам ба деп едім, – дедім. Студент:
– Дәуренбек ағай бүгін болмайды, – деді де, кетіп қалды. Ұзын дәлізді бойлап кетіп барамын, Әйгерімнің жаңағы бейнесі көз алдыма қайта-қайта келе берді. Құлағынан қан ағып бара жатқандай болды. Жүгіріп баспалдақпен жертөлеге түстім. Жанымнан адамдар өтіп жатты. Оларға да назар сала алмадым. Асханаға кірдім де, үлкен айнаның қасындағы орынға жайғастым. Терезеден далаға қарадым. Жаңбыр жауып тұр. Жан-жағыма қарадым, студент қыз-жігіттер. Құлағыма «менің де сырғам сөйлейді» деген дауыс келді. Әжесінің айтқан аңызын есіме алдым, шолпы сөйлейтін еді ғой. Оның тәкаппарлығы, әсем күлкісі, кей кездері өз ойын дәлелдеу үшін басқалармен сөзге келіп қалатын шарт мінезі, сымбатты тұрқы ой елегімнен өтіп жатыр.
Көктем. Абылай хан даңғылы мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы аялдамада студент қыз-жігіттер, таяқ ұстаған әженің қасында көзілдірік таққан ата тұр. Топтан бөлек тұрған Әйгерімді байқадым. Жолдың қарсы бетіндегі консерваторияның оку ғимаратының ашық терезесінен оркестрде ойналған Тәттімбеттің «Көкейтесті» күйінің әуені естіледі. Екі қария күй әуеніне құлақ түріп тұрғандай. Осы кезде бесінші бағытта жүретін троллейбус келіп тоқтады. Әйгерім соған мініп кетіп барады.
Троллейбус ішінде адамдар иін тіресіп тұр, Әйгерімнің жанындағы бұйра шашты сұңғақ бойлы жігіт оған қарап:
– Сағат қанша болғанын айтып жібермес пе екенсіз? – деді. Әйгерім естімеген кейіп танытып үнсіз тұрды. Бұйра шаш жігіт қайталап:
– Қарындас, сағатыңыз қанша болды? – деді. Осы кезде құлағындағы сырғасы сыбырлады:
–Айтсаңшы, сұрап тұр ғой, – деді. Әйгерім жігітке күлімсірей қарап жауап берді. Екеуі сөйлесіп жатты. Жігіт Әйгерімнің телефон нөмірін жазып алды.
Қала. Көктемнің жадырап тұрған салқын түні. Абай даңғылы мен Гагарин көшелерінің қиылысындағы қытайдың «Турандот» мейрамханасының іші. Әйгерім мен бұйра бас жігіт тамақтанып отыр.
Әйгерім тым көңілді, жолдан өтіп бара жатып байқап қалдым.
Қаладағы ең үлкен думанды түнгі клубтың бірі. Рок музыканың қатты даусы, жарқылдаған шырақтар. Би алаңында бұрала биге басқан қыз-жігіттер, анадайда бардың қырына сүйеніп тұрған Әйгерім мен бұйра бас жігітті байқап қалдым. Қолдарында ұзын мойын стаканға құйылған солғын сарғыш түсті мөлдір виски шарабы.
Жаз мезгілі. Түн жарымы, нөсерлеп жауған жаңбыр қала көшелерінде сел болып ағуда, машиналар суды шашырата жүйткиді. Қонақүйге бет алған қыз бен жігітті көзім шалып қалды, тани кеттім: Әйгерім мен бұйра шаш жігіт, екеуі ішке кіріп кетті.
Көпқабатты үйлердің бірінің төбесінде Әйгерім егіле жылап отыр. Жоқ, төбеде емес, өзінің жатын бөлмесінде еденге бүктетіле отырып қалған:
– Неге өтірік айтты, неге?! – деп Әйгерім бар даусымен айқайлады.
– Бұл сенің тағдырың, – деп сықылықтай күлген қыз даусы естілді.
– Сенің сөздеріңе өлердей сендім ғой, – деп, Әйгерім еденді алақанымен ұрғылап, егіле жылап отыр. Қыз қарқылдап қатты күлді. Әйгерім шыңғырып жіберді де, екі құлағындағы сырғасын жұлып алып, есікке қарай лақтырып жіберді. Екі құлағынан қан тамшылады. Жербауырлап дөңбекши жылады. Қыз қарқылдай күліп:
– Мен өз мақсатымды орындаған сияқтымын, – деді. Әйгерім қатты айқайлап:
– Өшір үніңді, сен кімсің? – деді. Қыз сыбырлап сөйледі:
– Мен Ібілістің қыздарының бірімін. Мен де сендей тәкаппар, сұлумын. Бірақ сені қатты жек көремін, сенің өміріңді қызғанамын, сол үшін сенің өміріңді астан-кестен еттім. Мен сенің сырғаңның жақұт көзінің астында жасырынғам. Сен менің қасымда кімсің? Өте әлсіз бейшарасың, сен маған өкпелеме, мені ешқашан кінәлама, бәріне өзің кінәлісің, – деп қарқылдай күлді. Әйгерім құлағын басып, төрт бүктеліп өкіріп жылап жатыр. Қыз даусы есік жақтан естіліп тұр. Не деп жатқанын Әйгерім ары қарай естігісі келген жоқ.
Басымды қатты сілкіп-сілкіп алдым да, маңдайыма алақаныммен ұрып-ұрып жібердім. «Олай болуы мүмкін емес, жоқ, бұның бәрі өтірік. Өзімнің қиялым, неге бұлай ойлап кеттім, оның онжылдық өмірінің қалай өткенін мен қайдан білем?» деп, өз-өзіме күбірлеп мазасыздандым. Жан-жағыма қарап бірдеңе іздеп отырғандаймын. Терезеден далаға қарадым. Қар жауа бастапты. Торғайлар терезенің астыңғы жақтауына қонып алыпты. Алдымдағы бір кесім нанды үгіттім де, терезеге беттедім. Торғайлар ұшып кетті, терезені аштым да, нан қоқымдарын шашып қойып, орныма жайғастым. Торғайлардың келуін күтіп көп отырдым. Олар келмеді. Бұл жолы шынымен келмеді, қар жапалақтап жауып тұрды