Өсек

  • 16.04.2020
  • Malim Админ

“Мен бұл әңгімені ұзақ сапарда жолыққан жол серігімнен естідім”

Автор

Ол өзін мүсіркегендерді иттің етінен жек көретін. Сәл аяушылық көрсетсең болғаны, ит теріңді басыңа қаптауға әзір. Тағдыр сынағына мойынсұнып келе жатқанына тұп-тура жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында ауыл жұртының біразына дерлік бәкісін кезеніп те үлгерген. Содан бері Жасынды “жынданған” дейтіндердің қарасы көбейді.

"Жындымен жынды болғанды қашан қоясың?" деген көрші кемпірдің қаңқу сөзін құлағыма ілмей, күн сайын ауыл сыртындағы тоқал тамға беттеймін. Құр қол емес, әрине. Екі құты сүтпен. Ол соны күтеді.

Мен Жасынның үйіне аттап кірген емеспін. Ол да мені үйге кіруге үгіттеген емес. Алып келген қос құтымды жаңқалары таптай-таптай әбден мүжілген табалдырық тұсында табыстаймын. Одан арғы тірлік Жасынның еншісінде. Кеш түсе босаған қос құтыны алып қайтамын. Тағы да табалдырық тұсында.

Бұрын ауыл сыртындағы тоқал тамға еш мән бермеген екенмін. Бос үй ме, бос үй. Қалай Жасын сонда қоныстады, сол жаққа аңсарым ауып тұратын болған. Әр келген сайын ауласынан көзге оғаш көрінетін дүние іздеймін. Сондағы бар тапқаным терезесін тұмшалаған қызыл барқыт мата, есігіне қаққан күрең киіз. Бір қызығы Жасынның жетім терезесі қас қарайған шақта елдікіндей шуақ та шашпайды, өңі тайған ағаш есігінің саңылауынан сәуле де түспейді. Соған қарағанда терезесін тұмшалаған барқыт мата бір қабат емес, үш-төрт қабат. Тіпті жеті қабат болуы да мүмкін. Ал жаздыгүні ағаш есігіне киізді не үшін қақты екен?! Жарығын жасырмақ болғаннан ба, әлде...? Шынымды айтсам, Жасынның үйінде жарық бар дегенге өз басым сенбеймін.

Тек ауласындағы түбі шірік бағанадан тараған электр сымын көргенде еріксіз ойға қаласың. Сонда бұның бәрі кім үшін?! Не үшін?! Әлде ...

Сіз өсектің өршігенін көрдіңіз бе? Ал мен көрдім. Тіпті күніге куәсімін. Шіркіннің шырқын бұзып, сирағы болса тұсаулар ма еді?! Тек ондай қауқар қайдан болсын. Кетік шалдың ішінен жел шығарып "Ал, мықты болсаңдар ұстаңдар" дегеніндей бұғаттауға келмейтін бәле. Анығында, Жасынды осы өсек құртты. Досқа күлкі, дұшпанға таба қылған да - сол. Шіркін, әлгі еркек ауылға келе қалмағанда, жесір Күләш құлағын түре қалмағанда, бәрі басқаша болар ма еді кім білсін?! Енді оған тұсау да, тоқтау да жоқ. Жел ұшырған қаңбақтай сол кеткені мол кеткен.

Әр жыл сайын не туысы екені, не ашнабайы екені белгісіз беймәлім еркек жесір Күләштің үйіне бір түнеп кетеді. Жесірдің жанын жесірден артық түсінген бар ма?! Өзге жесірлер бұл қонақ жайын жылы жауып қойғанымен, бай төсіне иленіп жүргендер әр жыл сайын бір шуласып қалатын. Биыл да жылдағы әдетіне басып әлгі еркек жесір Күләштің үйіне түнеп кетті. Кеткенде жай кетпеді, шулатып, шұрқыратып кетті. Бар бәле сол түннен, анығында сол таңнан басталды.

"Әйел затының кейбірі еркек мұртын қызық көрсе, енді бірі кермек көреді" деп жесір Күләштің марқұм күйеуі жиі әзілдейтін. Соған қараған бұл Күләш қызықшылдардың қатарынан. Мынауы да мұртты. Сол мұртты таң ата далаға шылым шегуге шыққанында, үйлері жапсарлас Жасынның жарын көріпті-мыс. Жарықтықтың жазбай танығанын айтсаңшы. Қала кезіп жүргенінде жолықтырған сылқымы екен. Талай рет омырауынан уыстап ұстап, ақ тәніне қара мұртын қонақ қылыпты. Қасағасына қол салып, тән ләззатын алыпты. Хауыз жағалай сылаң қағып жүрген сылқым, сол сәттегі тән рақаты басына қара бұлт болып үйірілетінін білді ме екен?! Бүгінде жастықтың албырт буымен қолдан қолға, төстен төске, белден белге өткен күндеріне лағнет айтып жүрген болар...

Бастапқыда ол жай ғана сыбыр еді. Келе-келе сыбыр-сыңғырға, сыңғыр-салдырға алмасты. Өсекке олақтары бәлекетті салдырлатып ауыл асты. Алыстағы құлақтанған ағайын Жасынның жағасына, Жасын жарының етегіне жармасты. Етек оны шалғайдағы Алматыға сүйреді. Кім нені, не кімді қайда сүйресе де ауыл әйелдерінің өсектен ойған мүсіндері қандай да болмасын дауылға төтеп берері анық. Оның үстіне әлгі мүсін қақшиып тұрудың орнына, ауыл кезді. Қайда бармасаң да: "Бір ауылды ұстайтын еркек еді, жезөкшенің соңынан кетті", "Сол бәленің келін емес, келсап екенін баяғыда-ақ білгенмін", "Үйбай, етек астына тығылардай не күн туыпты басына?” деген қаңқу сөздер құлақ қалқанын жанап өтеді. Самалай соққан желмен қосақтала айдарыңнан еседі.

Өмірде бар қасіретке төзе алар бірден бір жан болса, ол - әйел жаны. Бар қайғыны жұта алар жұтыншақ та әйелдің еншісінде. Бұл жалғанда әйел ішпеген у бар ма өзі? Жоқ шығар, сірә. Иә, жоқ, сондықтан да байғұс шешей бәріне төзіп, көнді. О баста қаңқу сөзден қаймығып, төркініне қайтпақ та болған, бірақ қолындағы қаусаған қара шалды кімге тастап кетпек? Келіндік борышын кім атқармақ? Әрине - өзі. Басқа ешкім.

Біздің жұртта өсектің сыбыры, есектің ақырғанынан алысқа тарайды. Бірінің үні өшсе, екіншісі қалықтата жөнеледі. Осылайша Жасынның жыры ауыл үстінде қалықтап ұзақ тұрды. Өсек екпінінің қатты болғаны соншалық -байғұс шешей жұрт көзіне көрінуден қалды. Үйдегі шал қатарластарымен шақша алмасуды қойды. "Өсек" дейтін құдыретті төрт әріптің арқасында сүттей ұйып отырған бір отбасы іркіттей іріді.

Содан бері тас төбеден түн төнсе, қаусаған қара шалдың күркіліне қабаттаса байғұс шешей екі бүктеле жатып мұңға бататын болған. Іздейтіні мың сұраққа бір жауап. "Басқа түскен қайғыға кінәлі кім? Сұрайтыны- жалғыз жаратқан. Тек сол жаратқаннан жалқы жауап келмей итқұса қылған жоқ па?! Осылайша, таңға дейін өз жанын өзі жегідей жеп жатқаны. Қайғы шешейді бір жақтап кеміргенімен, қарияны ауруына қосақтала қос жақтап кемірді. Алғаш айықпас ауруына ұлы дүниеден өткенде шалдыққан, ал немере қасіреті оның ауруын мүлде өршітіп жіберді. Қайғы шырмауына екі іліккен, ажал ауызына бір түседі емес пе?! Көп ұзамай қария дүниеден озды.

Аядай ауылда біреу бақилық болса, құлақтанған жұрттың сүйек жерге тигенше жиылатын әдеті. Тек осы жолы олай болмады. Түкпірдегі жұрт бұл қазаны ғасыр жаңалығындай қабылдады. Алғашқы күннің өзінде-ақ тайлы-тұяғымен жиылды. Көңіл айта келгендерге кесе жетпей, бірі ішкен ернеуге екіншісінің ерні тиді. Қолжуғыш жақтауына ілінген ақ сүлгі әп-сәтте-ақ былғарының кебін киді. Қонақасыға сойылған қойдың басы отқа емес, адам деміне қақталды.

Көпке топырақ шашып не керегі?! Келгендердің ішінде қазаны қайғы тұтқандар да аз болмады. Десе де, өсек отын тұтатуға келгендер де жоқ емес. Жасынның сүйек шыққанша келмейтініне бәс те тігісті. Тіпті келе қалған жағдайда "мұрнымды кесіп алыңдар" дегендер де табылды. Ең бір өкініштісі - сол мұрынның кесілмей орнында қалғаны. Бәстерінің бәсерелі болғаны. Жасынның қазаға келмегені. Сүйектің ақ бәтеске оралғаны. Жасынсыз жаназаның оқылғаны. Кіндіксіз қара жерге көмілгені...

***

Жасын ауылға қайтып оралғаннан кейін оны алғаш көргендердің бірі менмін. Ол кезде жаңа отау құрып, қарашаңырақтан бөлек шыққан кезіміз. Түнімен жар құшағына шомыламын деп тәңсәріде кештеу оянып, еншіге алған үш сиырды табынға қосып жіберу үшін асыға басып келе жатқан бетім болатын. Кенет ауыл сыртындағы тоқал там жақтан қарауытқан біреуді көзім шалды. Біздің ауылда есі бар жұрт өлсе де ол үйдің қақпасынан аттап кірмейді. Кірмейтіні, осыдан сегіз жыл бұрын әлгі үйде жесір Күләштің марқұм күйеуі асылып өлген. Өлгенде жәй өлмеген, алдымен шөлмектесін балталап өлтіріп, артынан атының жүгеніне жүгінген. Содан бері ауыл сыртындағы тоқал тамның күректей терезесіне жұрт қараудан сескенетін. Ал мына біреу, ол оқиғадан бейxабар адамдай қолына ұстаған балтасымен қақпа алдындағы қарағай діңін діңкелетіп жатыр. Бастапқыда менің көзіме дала кезген жын секілді көрінген, бірақ жақындай келе Жасын екенін аңғардым.

- Жасын! - жанарым алдап тұрмағанына көз жеткізу үшін алыстан айғай салдым.

Ол маған сұқтана бір қарады да, танымаған адамдай жұмысын әрі қарай жалғастыра берді. Сиыр айдауға шыққанда қолыма алған шыбығымды мықтап ұстап, біраз жер аяңдай басып келдім де тағы да:

- Жасын! - дедім дауысым қарлыға.

Бұл жолы да ол маған мән бермеді. Шоқпардай қолын аспанға айқастай тастап, ағаш діңін паршалап жатыр. Мен және де таяй түстім. Жақындаған сайын сұлбасы көзге анық басылып, Жасын екеніне көзім жеткен соң ба қолымдағы шыбық босаңсып, қадамым нықтала түсті.

- Жасын, сенбісің? - дедім қалаға кеткелі көріспеген досымды араға жыл салып дәл тоқал тамның ауласынан кезіктіргеніме таңырқап.

- Е, Мақсұт сен екенсің ғой!

- Қашан келдің? - әлі де болса таңданысым басылар емес.

- Кеше түнде, - түк болмағандай кейіп танытты.

- Үйіңе бардың ба?

- Бардым, - деді марғау ғана.

- Шешең ауылдан көшіп кетті.

- Айтты.

- Бәрін естіген боларсың?

- Неге маған xабар бермедіңдер? - деп ашулы кейіпте маған тіксіне қарады.

- Хабар беруін беретін едік. Тек мекен-жайыңды білмеген соң...

Жасын сәл ой үстінде тұрды да, қолындағы балтасымен қарағай діңін одан әрі паршалай жөнелді.

- Мына тоқалтамда не істеп жүрсің?

- Енді осында тұрамын.

Жасынның бұл сөзін естігеннен кейін денем түршігіп, бірден тоқалтамның жетім терезесіне қарадым. Көкжиектен көтерілген күннің бар сәулесін жалмап алғандай, үңірейіп тұр.

- Мұнда Естайдың асылып өлгенін... - дей бергенім сол еді.

- Білемін, - деп айтар сөзімді шорт кесті.

- Соған қарамастан...

- Басқа амал бар ма? - деді ашуға булығып.

- Болмаса, біздің үйде тұр.

- Жоқ, керек емес, - деді де қара терге малшынған көйлегінің жеңімен  маңдайын бір сүртіп, қарағай діңін қайта шапқылады.

Мен Жасынның қимылына міз бақпай қарап тұрмын. Қарағайда жеті атасының құны кеткендей балтасын оңды-солды сермеуде. Құдды бір, жүрегін кек кернеп, өшін алмақ адамдай әр соққы сайын бұлқынады келіп.

- Жасын бұлай болмайды.

- Не болмайды? – деді ентіге.

- Тоқал тамда тұруға.

- Хыx, - деп мырс етті.

- Жасын, кішкене күнімізден бірге өстік қой. Қысылмай...

- Мен емес қысылып-қамтырылатын адамың. Қалауым осы.

- Бұл сонда көмегімнен бас тартқаның ба?

- Жоқ, сен мүлде олай ойлама. Қалауым осы.

- Сонда да...

- Жоқ! - деді де шып-шып терлеген маңдайын қолының қарымен сүртіп өтті.

Осы кезде ауыл шетінен Бейсен молда алақанымен жанарын көлегейлеп біз тұрған жаққа қарап тұрғанын сезіп қалды да:

- Ана шал кім?–деді иек қағып.

- Бейсен ақсақал ғой.

- Өлмейді екен өзі...

Жүрегім шым ете қалды. Не де болса атасының жаназасын шығарған жалғыз ауыл молдасы еді.

- Ауылдың әр тасын түгендеп жүретін кісі ғой.

- Қайдағы тас, бұндайлар өсек іздеп жүреді.

- Молда ғой ол кісі.

Жасын менің бұл сөзімді місе тұтпай, ағаш діңін қайта отауға кірісті.

- Жасын?

- Айта бер!

- Шынымен осы үйде тұрмақсың ба?

- Басқа амал бар ма? - деп балтасын сілтеп қалғанда түбі берік қарағай опырылып түсті.

- Жасын?

- Керек емес.

- Қайткенмен де екі адам өлген үй.

- Қалауым осы дедім бе? Дедім! Кет енді! - тағы да шыпшып шыққан маңдайын сүртті. Бұл жолы шыт көйлегінің жеңімен. – Егер шын көмектескің келсе сүт әкел, - деді аптығын сәл басып.

- Қандай сүт?

- Сиырдың сүті.

- Оны неғыласың?

- Құдай-ау оны неғыласыңың не сенің? Ішем!

Жасын көмегімнен осылай бас тартуды жөн көрген сияқты. Әйтпесе қадалған жерден қан алмай тынбайтынымды жақсы біледі.

- Кешке үйге кел. Асықпай сөйлесейік.

- Уақытым болса.

- Соғыршама не жұмыс?

- Жұмыс көп, - деді де мен жаққа бет бұрмастан қайта тірлігіне кірісті.

- Кешке Сабырдың үйіне кел. Сонда күтемін, - дедім менде қасарысып.

- Онда не бар?

- Мен қазір сонда тұрамын.

- Жақсы, - бұл сөзді құлықсыз айтты.

- Кел, күтеміз, - дедім де ақырындап алшақтай бердім. Ол бастапқыда үн қатпағанымен, ұзай бере:

- Мақсұт, ана шалды балталап тастамай тұрған да өзіңмен бірге алып кет,-деді ауылды басына көтеріп.

Сол түні Жасынды сарыла күттік. Зарыға күттік. Ымырт үйіріліп, ауыл үстіне түн төнсе де келер түрі көрінбеді. Жарымның кірпіктері айқасып, ілінуге айналды. Сонда да Жасынның бір келеріне бекем сеніп, алдаусыратып біраз отырдым. Соңғы сиырдың бүйірі жерге тиып, күйісі кеми түскенде ауыз үйдің терезесін тақылдатып біреу келді. "Жасын!" деді түйсігім. Қошқыл түннің қоюлығына сіңсіп тұрған тұлғасын бірден таныдым.

- Жасын?

- Иә, мен ғой, Мақсұт. Я менің, я оның дауысы көршінің итін оятты.

- Үйге кір.

- Жоқ, әуре болма.

- Кір-кір, күтіп отырмыз.

Жасын соңына ерген түнді есік ауызда қалдырып, үйге бас сұқты. Күні бойы істеген жұмыстан кейін үстіне су жүгіртпесе керек, көкіректен ащы тердің қолаңса иісі мүңкіп тұр. Қарыны да ашып қалған. Дастарxан үстіне жайғасқан сәттен, ауызы астан бір босамады. Не жесе де апыл-ғұпыл шайнайды. Әлгінде ғана ұйқы қысып отырған әйелімнің ұйқысы шайдай ашылған. Баққаны – Жасын. Өзінің Алматыға барғалы күйі кеткен тәрізді. Алып денесінің еті қашыпты. Киіп келген күпәйкесінің шынтақ тұсы шұрық тесік. Шашы да алба-жұлба өсіп кеткен. Ауылдан аттанарында қарасаң көз тоймайтын азамат еді. Әйел бастаған көштің оңғаны бар ма?! Кезіндегі Жасынды мүлде тани алмай отырмын. Іштей аяп отырмын. Арасында:

- Еттен жесеңші, - деп қояды әйелім де жаны ашып.

Ал Жасынның шамасы "Иә, иә"-дан асқан жоқ. Қолына түскеннің бәрін аузына тықпалап әлек. Асығамын деп бір кезде шашалсын келіп. Содан кейін жотасынан ұрғыла.

- Қарының ашса неге ертерек келмедің? - дедім ашуға ерік беріп.

- Күндіз жұрт көзіне түсуден сескендім.

- Неге?

- Өсек қой баяғы, - терең күрсінді.

- Өсектесе не болыпты?

- Қажыдым...

- Сонда енді күні бойы аш құрсақ жүрмекпісің?

- Мақсұт, сен менде ақша жоқ деп ойлама. Міне, ақша, - деді де қалтасынан бір бума ақшасын шығарып, үстел үстіне қойды. - Бұл менің ішіп-жем, жүріп-тұруыма былай жетеді, - деді де бас бармағымен кеңірдегін тырнай өтті.

- Онда неге аш жүрсің?

- Әй, Мақсұт, сен мені тергемексің бе? Айттым ғой жұрт көзіне көрінгім келмейді деп.

- Аядай ауыл болғаннан соң бәрібір көреді емес пе?

- Сонда да.

- Енді не істемексің?

- Мә, мына ақшаны сен ал, - деп оң қолымен үстел үстіндегі бір буманы менің алдыма сырғытты. Әйелімнің көзі қуаныштан жайнап кеткенін іштей сезіп отырмын. Ал мен Жасынның бұл қылығын түсіне алар емеспін.

- Бұл не қалғаның, Жасын? Маған бір тиында керек емес, - деп әлі буманы келген жолымен кері қайтардым.

Әйелім маған қабақ шыта қарады.

- Жоқ, Мақсұт, мен саған бұны жайдан-жай беріп отырғаным жоқ. Көмегің керек. Сол үшін.

- Көмек болса, былай да көмектесеміз.

- Жоқ, Мақсұт, сен мені түсінбедің. Бұл ақша дүкеннен заттар алуға. Өзім бара алмайтын болғандықтан, сенен көмек сұрап отырмын, - деп ет табақтың арасымен қайта маған жөнелтті.

Мен болып жатқан жайттың байыбына енді барғандаймын. Жасын шынымен де өсектен зәрезап болыпты. Жар таңдауда жаңылысқаны бір бөлек, атасының қазасынан қапы қалғаны жанын жегідей жейтін сияқты. Шешесінің қара шаңырақты қалдырып, төркініне кетуі мүлдем бөлек әңгіме, дегенмен де Жасын сол кеште көп шешіле қоймады. Әр сөйлеген сайын қабырға сағатына жиі қарайлады. Тіпті шайға қарамастан екі құты сүтін ала сала, ауыл сыртындағы тоқал тамына асықты.

Сол оқиғаның ізін ала әр күн сайын екі құты сүт, әр апта сайын орталықтағы дүкеннен бір қап азық-түлік таситын болдым. Бір қызығы таңертең сүт көтеріп келгенімде Жасын жас балаша қуанып, кеш түсе босаған құтыларды алар кезде тұнжырап қалатын. Сосын сәл кідіріп “Сиырларың су алайын деді ме?” дегенді жиі қайталайтын. Егер біреу маған отыздағы еркекке күніне екі құты сүт тасып жүрмін десе ішек-сілем қатып күлетін де болармын. Мүмкін жынданған да дермін, бірақ сол адам өзің болғаннан кейін сенбеске амалың қайсы?!

Өткенде сүт көтеріп келе жатып, оқыс оқиғаның куәсі болдым. Ер болсаң да ерсі қылық көргенде есеңгіреп қалады екенсің. Қол-аяқтан әл кетіп, ерікті көз бен құлақ алды.

- Жасын, бір ашуыңды бер. Бер бір ашуыңды, - деп шарбақ сыртында жесір Күләш азар да безер болып тұр.

Оны ұғатын Жасын ба?! Қолындағы айырын бақшасына кірген қасқа сиырдың сан етіне екіні сұқты да:

- Мә, шешеңді! - деді айызы қанған адамдай.

- Ойбай, Жасын, өлтіресің! Қой болды, қой! - деп жесір Күләштің жаны шығып барады.

Оны құлаққа ілер Жасын жоқ. Өсіртен енді қайтқан сиырдың шартық қарынына айырын айызы қана тағы бір сұқты да:

- Іздегенің өсек қой? Мә, шешеңді! - деді көзі аларып.

- Ойбай-ойбай, өлтірді, өлтірді, - деп жесір Күләш етегіне орана жылады.

Жасын сонда да көзге ілер емес. Керзі етігін сүйрете қолпаң-қолпаң басты да:

- Мә! мә, шешеңді! - деп үшінші рет қолындағы айырын қасқа сиырдың өрістен сыздып келген желіне сұқты.

Қасқа сиыр қарыны тесілгенде дәл бұлай ақырмаған шығар. Бақшаны қоршаған тор темірге терісін тілгілетіп, ауылды басына көтеріп барады. Желініне сұғылған айыр кері шықпай, жер сабалап қалған. Күйеуі өлгенде бүйтіп жыламаған жесір Күләш еңкілдей желінінен қан емес, сүт тамған сиырының соңына түсе жөнелді.

Бұл менің өз көзіммен көргенім. Ал естігенім қаншама: "Жасын, жұма күні үйіне құран оқуға келген Бейсен шалдың тақиясын теріс айналдырып жіберіпті", "Күрек сұрап барған Тұрсынның бетін тіліп тастапты" деген сөздер қайда барсаң да құлақ қалқанын жанап өтеді. Кейін "Күләштің өлген сиырының өтеуін сұрап барған ағайындас атасының сақалын кесіп алыпты" деген де қауесет тарады.

Күзге салым Жасынның үйіне сүт көтеріп келгенімде ол табалдырықта мұңайыңқырап отырды. Қос құты салынған торлы дорбаны алдына қойдым да, жанына жайғастым. Ол көпке дейін үндемеді. Мен де сөз бастауға қаймығып үнсіз отырмын. Сәлден кейін терең бір күрсінді де:

- Мақсұт, өмірдің мәні неде осы? - деді дорба ішінен бір құты сүтті алып шығып.
Тосылдым да қалдым. Отызға келсем де еш ойланбаған сұрағым.
- Өмірдің мәні ақша тауып, қарын тойдыру болса... - сөзін аяқтамай бір құты сүтті сіміріп салды.

Мен Жасын не айтар екен дегендей міз бақпай қарап отырмын. Ал ол екінші құтына алды да бел ортасына дейін қылғытты.

- Өмірдің мәні ақша тауып, қарын тойдыру болса, ондай өмірге түкіргенім бар, - осы сөздерді айтқанында жанарында тұңғиық бір мұң байқалды. Ішіндегі барын ақтарсын дегендей бір саусағымды бүгіп отырмын.
- Өткенде саған берген ақшамның таусылатын уақыты таяғанын сезіп жүрмін. Тіпті таусылған да болар, - деді де босаған құтыны қайта торлы дорбаға салды.

Сөз арасына килігуді жөн көрмедім. Өтірік айтсам, жүзімнің қызарып сала беретіні бар, оның үстіне Жасын мәймөңкелегенді тіпті де ұнатпайтын адам.
- Солай ғой? - маған тесіле қарады.

- Солай, - деп бас изедім.

- Сенің мен үшін жасандарыңды еш уақытта ұмытпаймын, - ауласындағы түбі шірік бағанаға қарады.

Бұның барлығын қойыртпақтап не үшін айтып жатқанын түсіне алар емеспін.
- Сенен соңғы өтінішім болсын, маған бір жәшік арақ әкелші!

- Оны неғыласың?-дедім көзім шарасынан шығардай болып.

- Неғыласының не? Ішем, - қарқылдай күлді.

- Тағы да өсекке ілінесің.

- Мейлі, ілінсем іліне берейін. Онсыз да жеген тамағыма дейін дүкенші қатын сөз қылып жүрген жоқ па, - деді кейіп.

- Жасын, не ойлаған ойың бар. Бүкпей айтсаңшы.

- Менде не ой болсын. Қажып жүрмін, - деп жалған күлімсіреді. - Біраз күннен кейін шешеме барамын, - деді артынша.

Жалғандағы жалғыз ет жақынына барғанын жөн көрсем де, ащы су жайлы әңгімесін қабылдай алмадым. Арақ түгілі ауызына шылым салып көрмеген Жасынды қиянатқа қимадым. Десе де ол өз айтқанынан қайтпады. Сол күннің кешінде бір жәшік "шайтансуды" құшақтап, үйіне келдім. Таң атқалы орнынан қозғалмаған адамдай жаңқалары таптай-таптай әбден мүжілген табалдырық үстінде ойға батып әлі отыр. Бір бәленің боларын сезсем де, құлықсыз әлгі жәшікті жанына қойдым. Ол менің жүзіме қарамастан, жәшік шетінен бір бөтелкені суырып алды да, түбін көкке көтеріп, төңкере салды. Жарықтықтың жүзі сыр бермейді ғой. Ауылдың ащы суға үйірлері тым құрығанда ішер алдын да бас шайқап, дем шығарушы еді, ал Жасын сүт ішкендей сімірді. Шамасы қайғысы қалың секілді. Мен жанында көп аялдамастан босаған құтыларымды алып, кері қайттым.

Апырай түнімен ұйықтай алсамшы. “Жасынның жыны қозып, бір бәле бүлдіріп қоя ма?” деген ой маза берер емес. Ауған түннің ортасы болса да, үстіме киімімді киіп көшеге шықтым. Ауыл тым-тырыс. Әрбір жерден шәуелеңдеп үрген кәндендердің дауысы болмаса, мүлгіп жатыр. Ой құшағында аяңдай басып ауыл шетіне таядым. Тоқал там тұнжырау. Жалғыз жарым ол тұсқа таяуға жүрек құрығыр даулар емес. Не де болса таңда көрермін деп өз-өзімді алдаусыратып, кері қайта төсегіме қылжидым.

Таң әлде қашан атып үлгеріпті. Көзімді ашсам, жарым жалқы құтыны торлы дорбаға салып, төсегімнің бас жағына қойып қойған екен. Тоқал сиырдың су алатын уақыты таяғанын өзім де сезіп жүрмін. Апыл-ғұпыл киімімді киіп, дорбаны уысыма мықтап қыстым да тоқал тамға таядым. Табалдырықта тағаты таусыла күтіп отыратын күнделікті Жасын жоқ. Үйің дәл алдына келдім де "Жасын!" деп айқайладым. Жаны бар пендеден жауап келмеді. Үй артындағы қораға бардым. Ақыр басында жалғыз күрегі сүйеліп тұр. "Жасын!"  деген дауысым тағы шықты. Тек жауап жоқ. Үйге кіруге дәтім бармауда. Ала жаздай осы үйді паналаған Жасынды ойлап, өзімнің бұл қылығыма күлкім де, жасықтығыма жылағым да  келді. Содан соң не де болса, үйге кіруге бекіндім. Өлім мекеніне айналған тоқал тамның тұтқасын ұстаған сәтте, бойым шымырлай жөнелді. Үй іші тым қарағы. Есіктен сығалаған таңғы сәуле бергі бөлмеге ғана әлсін-әлсін жарық беріп тұр. Арғысы қою тұман. Терезені тұмшалаған барқыт маталардан сұқтана өткен күн сәулесі еденде қызарақтай түскен. Үйге кіре салысымен, терезені ғана емес, сонымен қатар көзімді тұмшалаған қою тұманды сейілту үшін бірден терезенің тұсына келіп, әлгі матаны жұлып алдым. Жарықтық шаңға көміліп тұр. Гүлдің ұшқан ніліндей әп сәтте-ақ шаң бөлме ішін кезіп кетті. Кенет көзім төсек үстінен қимылдаған беймәлім бейнеге түсті. Дене-бітімі шап-шағын. Қызыл барқыт матаның бір жымына ораулы жатыр. Айналасы түгелдей босаған арақтың шөлмектері. Жүрегім шайылып, жанына таядым. Құдай-ау, шақалақ. Жанары жұмулы. Басы денесінен әлде қайда үлкен. Құр сүйек. Жылағысы келгендей бетін тыржитады. Тек дауысы жоқ. Аяқ-қолын әлсін-әлсін қимылдатқанымен, қауқарсыз екені көзге ұрып тұр. Сәбиді қолыма алып көтеріп едім, қаңбақтайын жеп-жеңіл. Қозыдай да салмақ жоқ. Түр-әлпеті сау нәрестеге ұқсамайды. Бас сүйегі керіліп тұр. Жүрегім атқақтады. Мен білсем, бұл - Жасынның жезөкшеден туған баласы. Қаладан көтеріп келген қара сөмкесінің ішіне жасырғаны осы болса керек-ті. Жұрт көзінен жасырынып, есік-терезесін тастай тұмшалауының себебін енді түсінгендеймін. Осы кезде арғы бөлмеден төсектің шиқылы естілді. Қолымдағы сәбиді жөргегіне орай бергенім сол еді:

- Мақсұт, таста баланы, - деді Жасын тұл желкемнен.

Қол-аяғым қалтырай жалаң тәнін жайылып жатқан барқыт үстіне қойдым.
- Жасын, ашуға беріле көрме!

- Кім саған үйге кіруге рұқсат берді? - деп көйлегімнің жағасынан шап беріп ұстады да, қабырғаға тақады. Шылқып терлегенімді сонда сездім. Қабырға ызғары жотамнан өтіп барады.

- Жасын…

- Үндеме! - деп қолына ұстаған балтасының ұшын қылтамаққа тақады.
- Жасын...

- Үндеме! - деді жағамнан жұлқып.

Самайымнан шыққан тер бетімді сызып барады.

- Сенің де іздегенің өсек екен ғой, - деп нұқып қалғанда шыбын жаным балта жүзіне үйірілді.

- Жасын... - көзімді тарс жұмығанда оқыған иманым осы болды.

- Жоғал!

Сол сәтте-ақ алды артыма қарамастан жолдағы жусан біткенді жапыра таптап, ауылға қарай тайып тұрдым.

Менен ұйқы қашқалы қашан. Шамасы алтыншы күн. Жарыма да жақ ашпай, іштен тынып жүрмін. Тынып  Таң намазын ести сала күнделікті әдетіме басып, тоқал тамды бетке алдым. Тек қолымда қос құты сүтім жоқ. Құр сүлдерімді сүйретім келемін. Ауыл шетіне таяй бере, қадамым сұйылып сусыл тартты. Көңіл құрығыр кешегіден шайылып қалғандай. Десе де іштегі күдік маза берер емес. Алақаныммен көзімді көлегейлеп, тоқал тамға жаққа қараймын. Қыбыр еткен пенде жоқ. Ауыл шалдарының кешкісін кезек күткенде құйрықтарын бір иіскететін кесілген ағаш діңдерінің біріне барып жайғастым. Ауыл әлі де мүлгіген ұйқыда. Тек бұралқы иттер ғана қаншық соңынан еріп, жер тіміскілеп барады. Сәлден кейін ауыл сыртындағы бейіт жақтан Жасынның сұлбасы көріне бастады. Оң қолында күрегі, сол қолында қызыл барқыт матаның жырымы бар. Ет жүрегім езілді. Мен білсем, өз сәбиін өзі жерлеп келеді. Иә, дәл солай. Кеше ғана өзім көрген шақалақтың жаялығы. Көзім қарауытып, құлағым кереңдене түсті. Енді міне, cыпсың сөздің салдарынан бір нәресте жарық дүниемен қош айтысып, қара жердің астында жатыр. Ал өсек елінің падишалары жер үстінде әлі қайқаң қағуда. Бар бәленің бастауы болған анау еркек дәл қазіргі сәтте тағы бір жас тәннің аршын төсіне қара мұртын қонақ қылып жатыр ма, кім білсін?!

Кенет күн бұзылып, жаңбыр жауды.

Байланысты жаналықтар

Мұхтар Мағауин. Көлме-көл

02.04.2020

Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті

17.02.2021

Биыл Канн кинофестивалі өтпейді

11.05.2020

Қуат ҚИЫҚБАЙ. БІЗДІҢ КӨШЕДЕГІ КІСІ ӨЛІМІ

22.04.2021

Атақты хирург Алмас Ормантаев қайтыс болды

13.12.2020

ЖЕТІЛДІРІЛГЕН ӘЛІПБИДЕГІ «Ŋ» ЖӘНЕ «Ş» ТАҢБАЛАРЫ

10.03.2021