Бауыржан Жақып «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып тағайындалды
«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып тағайындалды, деп хабарлайды Malim.kz.
«Еліміздің бас әдеби, мәдени апталығы - «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы қызметіне тағайындалдым. Бұрындары Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлин, Әбділда Тәжібаев, Ісләм Жарылғапов, Сырбай Мәуленов, Жұмағали Сайн, Зейнолла Қабдолов, Жұмағали Ысмағұлов, Нығмет Ғабдуллин, Әнуар Әлімжанов, Шерхан Мұртаза, Төлен Әбдіков, Оралхан Бөкей, Ахат Жақсыбаев, Ұлықбек Есдәулет, Жүсіпбек Қорғасбек, Жұмабек Кенжалин, Жұмабай Шаштайұлы сияқты тұлғалар атқарған қызметке келу үлкен жауапкершілік жүктейді. Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов өзімнің төл ұстазым, ал кейінгі жылдары Бас редактор болған Жанарбек Әшімжан мен Дәурен Қуат өзімнің төл шәкірттерім. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының шығармашылық жөніндегі орынбасары болып, 7 жылға жуық тер төктім. Енді міне Төраға Мереке Әбдешұлы Құлкенов Қазақстан Жазушылар одағының Хатшысы — «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы қызметіне тағайындап отыр. Үлкен жауапкершілік пен сенімді ақтауға тырысамын», — деп жазды Фейсубуктегі парақшасында Бауыржан Жақып.
Бауыржан Жақып - 1963 жылы 1 мамырда бұрынғы Семей облысы Абай ауданы Аққора ауылында туған. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
Еңбек жолын Қазақ теледидарының әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясында, одан кейін «Жалын» кітап баспасында редактор болып бастады. Қазақ теледидарында қызмет атқарған кезінде «Дидар» әдеби телеальманахын, «Халық қазынасы», «Жыр жазамын жүрегімнен», «Сұхбат» хабарларын әзірлеп, жүргізді. «Айтыс» хабарын жасауға қатысты. «Алатау» телеарнасы арқылы «Өлең – сөздің патшасы», «Баспасөзге шолу» циклді хабарларын жүргізді.
1986 – 2001 жж. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқыту- шы, стажер-зерттеуші, ассистент, аға оқытушы, доцент, деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары, журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасының меңгерушісі, баспа ісі кафедрасының, мерзімді баспасөз кафедрасының меңгерушісі, журнал- истика факультетінің деканы болып істеді.
2009 жылы «Қазақ энциклопедиясының» бас директор- бас редакторы болды.
1994 жылы профессор Т.С. Амандосовтың жетекшілігімен «Мұхтар Әуезов – публицист» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын, 2004 жылы академик З.Қабдоловтың жетекшілігімен «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. 1997 жылы доцент, 2005 жылы профессор ғылыми атағын алды. 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы.
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшесі (2002), Қазақстан Журналистика академиясының академигі (2006), халықаралық Жазушылар мен Публицистер ассоциациясының мүшесі (2006), ҚР Жоғары мектеп ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі (2007), Халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының академигі (2011). ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі.
«Аудитория» (1984), «Баспалдақтар» (1987), «Бір кеменің үстінде» (1987), «Парусь времени» (1987), «Аралым – арым, Балқашым – бағым» (1988), «Көзімнің нұры» (1990), «Айдындағы аспан» (1996), «Мұхтар Әуезов – публицист» (1997), «Ақ лақ» (1997), «Қолтаңба» (2001), «Уақыт ұршығы» (2004), «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» (2004), «Публицистикалық шығармашылық негіздері» (2007), «Қызыл қайың» (2008), «Абайдың Қасқабұлағы» (2012), «Еліккөрген» (2013), «Менің далам» (2014), т.б. кітаптары жарық көрді. Таңдаулы жырлары «Екі мың жылдық дала жыры» (2000) антологиясына, «Жыр маржаны» атты он томдық қазақ поэзиясының антологиясына (2015) енгізілген. Шығармалары орыс, түрік, украин, македон, түркімен, қырғыз тілдеріне аударылды.
Шығармашыл жастардың «Жігер» фестивалінің иегері (1984), Қазақстан Жазушылар одағының М.Мақатаев атындағы сыйлығының (1990), Дарынды жас ғалымдардың мемлекеттік стипендиясының (1998), Қазақстан Журналистер одағының С. Сәдуақасов атындағы сыйлығының (1998), «Дарын» мемлекеттік сыйлығының (1999), 2004 жылы Бакуде өткен Бүкіл түркі дүниесі ақындарының 11-ші «Хазар шеир ақшамдары» фестивалінің иегері. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталған (2006). Түркияның Елазығ шаһарында өткен әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовқа арналған бүкіл түркі дүниесі ақындарының 15-ші «Хазар шеир ақшамдары» фестивалінің дипломанты (2007). Македонияның Скопье, Косованың Приштина қалаларында өткен бүкіл түркі дүниесі ақындары фестивалінің иегері (2007). «ЖОО- ның үздік оқытушысы» республикалық байқауының жеңімпазы (2009), ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын (2010), 2011 жылы сәуірде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Алғыс хатын алды. «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл», медалімен, «Құрмет» орденімен, 2013 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік педагогикалық университетінің «Құрметті профессоры».
2014 жылы Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығымен, т.б. көптеген сыйлықтармен марапатталған.
2015 жылдың наурызынан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиетінде ректордың кеңесшісі – «Өнегелі өмір» сериялық басылымы бас редакторының орынбасары қызметін атқарады.
2018 жылдың 12 наурызында өткен Қазақстан Жазушыларының ХV құрылтайында Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары болып сайланды.
Фото: Бауыржан Жақыптың Фейсбуктегі парақшасынан