Гаосюн қаласындағы Сунь Ятсен атындағы Ұлттық университеттің жатақханасына 20-30 шақты макака басып кірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Жануарлар төрт қабатты ғимараттың сыртқы қабырғасымен өрмелеп, терезелерге үңіліп, бөлмелерге дейін кірген. Студенттер ерекше көріністі видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде бөлісті. Оқиғаның ауқымына таңғалған кейбір қолданушылар бастапқыда видеоны жасанды интеллект көмегімен жасалған деп ойлаған.
Мамандардың айтуынша, маймылдардың жаппай келуіне тамақ себеп болуы мүмкін. Бір макака азық тапқан жағдайда, қалғандары да оның соңынан тез ілеседі.
Университет Шоушань тауына жақын орналасқандықтан, мұндай жағдайлар кампуста ара-тұра кездесіп тұрады. Бұл аймақта тайваньдық макакалар мекендейді.
Осыған байланысты студенттерге тамақты ашық қалдырмау, сондай-ақ бөлмеде ешкім болмаған кезде терезе мен есіктерді міндетті түрде жабу ескертіледі.