Қос қолы жоқ болып дүниеге келген Анар Бексұлтан аяқпен тігін тігіп, ерекше шеберлігімен көпшілікті тәнті етті, деп хабарлайды Malim.kz
Bairaq Media мәліметінше, Анар тігіншілікпен 35 жасында айналыса бастаған. Алғашында балаларына киім тігіп жүрсе, кейін тапсырыс қабылдап, сүйікті ісін кәсіпке айналдырған.
Қазір ол "Қыз жасау" жиынтықтарымен танымал. Сондай-ақ Анар мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесіне мүше болған алғашқы әйел кәсіпкер атанған.
Жақында Астанада өткен шеберлік сағатында Анар инемен және матамен аяғы арқылы жұмыс істеп, өз өнерін көрсетті. Оның өмір жолы физикалық мүмкіндіктің шектеулі болуы сүйікті іспен айналысуға кедергі емес екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.