Актер, композитор әрі режиссер Рамазан Амантай сыртқы келбеті мен салмағына қатысты сын айтқан көпшілікке жауап берді. Өнер иесі көрерменнен дене бітіміне емес, шығармашылық еңбегіне баға беруді сұрады, деп хабарлайды Malim.kz.
Рамазан Амантай әлеуметтік желідегі парақшасында өнерге ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқанын айтып, осы уақытқа дейін 12 фильм түсіріп, 600 ән жазғанын жеткізді.
Оның сөзінше, кейбір туындылары күткен нәтижеге жетпей, касса жинамаған кездерде де сүйікті ісінен бас тартпаған.
"Не істейін? Өнерді тастайын ба? Мен өнерді сүйемін. Түсірген кином өтпей қалды екен деп, касса жинамады деп ешқашан өзім жақсы көретін істен бас тартпадым", – деп жазды ол.
Өнер иесі салмағы мен денсаулығына қатысты мәселе өзін де алаңдататынын жасырмады. Дегенмен ол көрерменнің шығармашылығына берген бағасы өзі үшін маңызды екенін атап өтті. Рамазан Амантай қазақ тілінде шығармашылықпен айналысуды саналы таңдауы деп атады. Оның пікірінше, қазақ қоғамының өзіне тән әзілі, сөзі, әні мен өнері болуы керек.
"Жақсы шықса да, қате кетсе де, тіліміздің дамуына өз еңбегімді қосып жүргенімді сезінемін", – деді ол.
Сондай-ақ актер өзінің негізгі көрермені мен тыңдарманы қазақтілді аудитория екенін айтып, сын айтқан жандарға да реніш білдірмейтінін жеткізді.
"Не айтсаңыздар да, мен сіздерді жақсы көремін. Себебі менің көрерменім де, тыңдарманым да – өздеріңіз. Менің басқа аудиториям жоқ", – деп жазды Рамазан Амантай.
Жазба соңында өнер иесі шығармашылығында қателіктер болуы мүмкін екенін мойындап, көпшілікке өтінішін жеткізді.
"Салмағым үшін мені өнерден қумаңыздар. Менің денем емес, еңбегім мен өнерім бағаланса екен", – деді ол.
Рамазан Амантай кім?
Рамазан Болатұлы Амантай – қазақстандық актер, режиссер, продюсер, композитор және ән авторы. Ол 1998 жылдың 28 желтоқсанында дүниеге келген. Өнерге жастайынан қызығушылық танытып, домбыра тартып, музыкамен айналысқан.
Рамазан Амантай көрерменге "Бизнес по-казахски" кинофраншизасындағы Еркош рөлі арқылы кеңінен танылды. Кейін ол аталған жобаның бірнеше бөлімінде түсіп, қазақстандық кино аудиториясына жақсы таныс актерлердің біріне айналды. Сондай-ақ "I Go to School" және басқа да фильмдерде басты және қосалқы рөлдерді сомдаған.
Ол актерлікпен қатар режиссура, продюсерлік және музыка саласында да еңбек етеді. Рамазан Амантай көптеген әннің авторы ретінде танылып, қазақстандық орындаушыларға әндер мен мәтіндер жазған. Кейінгі жылдары толықметражды фильмдер түсіріп, өзін режиссер әрі продюсер ретінде де таныта бастады.
Өнер иесі шығармашылығында қазақ тіліне басымдық беретінін жиі атап өтеді. Оның сөзінше, басты мақсатының бірі – қазақ тіліндегі кино, музыка және ойын-сауық контентінің дамуына үлес қосу.