Денсаулық сақтау министрлігі фастфуд жарнамасын шектеуге қатысты заң жобасын әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Әзірге нақты қандай тыйымдар енгізілетіні белгісіз. Дегенмен жаңа талаптар әлеуметтік желілердегі, телеарналар мен радиодағы жарнамаларға, сондай-ақ билбордтар мен маңдайшаларға қатысты болуы мүмкін.
Министрлік бұл бастаманы балалар мен жасөспірімдер арасындағы артық салмақ мәселесімен байланыстырып отыр. Ведомство мәліметінше, 6-9 жас аралығындағы балалардың 23%-ында артық салмақ бар, ал 6%-ы семіздікке шалдыққан.
Сонымен қатар жасөспірімдердің 17,5%-ы энергетикалық сусындарды апта сайын тұтынады.
Қазір тиісті заң жобасы бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды фастфуд пен тәттілердің жарнамасынан қорғау жөнінде тапсырма берген еді.