Вице-адмирал алты жылға сотталды

Malim Админ

  • 21.05.2020

Қазақстан республикасы қарулы күштері әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Жандарбек ЖАНҰЗАҚОВ алты жылға сотталды. Бұл туралы Sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.

Ақмола гарнизонынынң әскери соты оны «вице-адмирал» атағынан айырып, 42 млн теңге көлеміндегі материалдық шығынды өтеуге міндеттеген.

"Қылмыстық кодекстің 49-бабына сәйкес, "вице-адмирал" әскери атағынан да айырылды. Оған қоса, сотталған адамнан мемлекет кірісіне 42 401 076 теңге көлемінде материалдық шығын өндіріледі", – делінген әскери сот берген мәліметте.

Сондай-ақ, алты жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Үкім 18 мамыр күні шығарылған.

"Жанұзақов Қылмыстық кодекстің 450-бабы 2-бөлігі ("Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызмет бабын асыра пайдалану") бойынша 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару түзеу мекемесінде өтейді", – делінген сот хабарламасында.

Әзірге бұрынғы вице-адмиралдың жазасын нақты қай жерде өтейтіні нақтыланбаған, оны ІІМ анықтайды.

Бұдан былай Қылмыстық кодекстің 50-бабына сәйкес, Жанұзақов қарулы күштер қатарында, , құқық қорғау органдарында және мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік секторда қызмет ете алмайды.

Айта кету керек, әзірге сот үкімі заңды күшіне енбеген.