«Саяси жүйе біртіндеп көппартиялылыққа бет бұрып келеді»

Malim Админ

  • 22.05.2020

«Ауыл» Халықтық – демократиялық патриоттық  партиясы Орталық аппаратының жетекшісі Қуаныш СЕЙІТЖАНОВПЕН сұхбат.

─Қуаныш Қабыкенұлы, біз азаматтық қоғам деген сөзі жиі айтамыз. Қазір пандемияны басымыздан өткеріп келеміз. Осы бір қиын кезде қоғам қаншалықты ұйыса алды деп ойлайсыз?

Қазіргі заманда азаматтық қоғамның маңыздылығы айқын. Қоғам, қауым болып өмір сүрген соң әр алуан пікірлер мен идеологиялық топтардың болуы заңдылық. Олардың арасында түрлі оқиғалар мен идеяларға байланысты пікір қайшылығы да болады. Бірақ ең маңыздысы ел басына күн туған сәтте қоғамдағы күштердің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымдаса білуінде. Пандемия еліміз үшін үлкен сын болды. Шүкір, қазір сынның қиын кезеңі артта қалды. Осы алапат сынға қарсы Қазақстан халқы жұдырық болып жұмыла білді деп ойлаймын. Күнделікті телеэкрандардан көрсетіліп жатқан қайырымдылық акциялары, әлеуметтік желілер арқылы тараған челенждер ел арасында атқарылған қыруар іс-шаралардың азғантай ғана бөлігі шығар. Жер-жерде ешкімге жария салмай-ақ, өз еріктерімен мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасаған жандар мен қоғамдық құрылымдар қаншама. Мұның мысалын орталықтан шалғай жатқан  ауылдардан да кездестіруге болады. Сын сағатта біздің қоғам бірлік пен ынтымақтың нағыз үлгісін көрсетті деп айтуға толық негіз бар. Ең бастысы Төтенше жағдайда карантин шарттарын сақтауда ел тұрғындарының сабырлылық пен саналылық танытқаны қуантады.

─Үкімет тарапынан жасалып жатқан шаруалар БАҚ-та жиі айтылып жатыр. Енді әңгімемізді қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың жұмысына бұрсақ.

Қоғамдық ұйымдар мұндай сәтте қарап қалмасы айдан анық. Бұл жерде саяси партиялардың да заң жүзінде қоғамдық ұйымдар санатына жататынын естен шығармауға тиіспіз. Індет жалпы еліміз үшін сынақ болды дегенді жиі айтып жүрміз. Бұл сынақта тек үкіметтік пен биліктің ғана емес өздерін қоғамдық ұйымбыз деп атап жүрген көптеген құрылымдардың әлеуеті мен идеологиялық құндылықтары таразыға тартылғаны рас. Мәселе олардың қиын кезеңде алып, бергенінде емес. Пандемияға қарсы күресте  қосқан үлестерінде. Қоғамдық ұйымдардың  бас-басына баға беру оңай емес. Алайда карантин кезеңінде халқымыз жұдырықтай жұмыла білсе, мұнда қоғамдық құрылымдардың үлес пайы бар деп білемін. Ал енді «Ауыл» партиясы ретінде айтар болсақ, шама шарқымызша індетке қарсы күреске өз үлесімізді қостық. Төтенше жағдайдың алғашқы күнінен бастап, өңірлердегі филиалдарда партия белсенділері мұқтаж жандарға көмектесіп, өз күшімен қажетті санитарлық құралдарды әзірлеп, тұрғындарға тегін таратуды ұйымдастырды. Атымыз «Ауыл» болғасын, індеттің ауылдарға тарап кетпеуіне күш салдық.  Осы мақсатта жер-жердегі өкілдеріміз тұрғындар арасында ақпараттық үгіт-насихат шараларын жүргізді. Партиямыздың төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламент сенатының депутаты Әли Бектаев ауылдарда індеттің таралуының алды алу және қалалардағы карантин режиміне орай ауылдық жерлерде туындап жатқан немесе туындауы ықтимал әлеуметтік, экономикалық мәселелердің уақтылы шешілуін қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдай бойынша мемлекеттік комиссия төрағасына депутаттық сауалдар жолдап, ұсыныстар жасады. Пандемия  көптеген өңірлердегі көктемгі егіс жұмыстарымен тұспа - тұс келгенін білесіз. Шаруалардың арасында карантиндік шаралар егіс жұмыстарының ұйымдастырылуына кедергі келтіреді деген қауіп болды. Бұл мәселеде де партия мүшелері, филиал төрағалары белсенділік танытты. Әрине шаруалардың мәселесін шешуде шұғыл  әрекет еткен жауапты ведомстволарға да алғысымызды айтуымыз керек. Төрағаның  бастамасымен «Көктемгі егіс науқаны 2020» Call орталығы ашылды. Бұл Call орталық әлі де жұмысын жалғастыруда. Негізгі қызметі - көктемгі егіс науқаны кезінде шаруаларға ақпараттық, қеңестік қолдау көрсету. Сондай-ақ карантин кезеңінде партияның әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы 15 сәуір ден 15 мамырға дейін шаруаларға онлайн кеңестер ұйымдастырдық. Сұрақ-жауап форматында өткен онлайн кеңестерде ауыл шаруашылығындағы субсидиялар, несиелендіру, форвардты сатып алу жүйесі және т.б.  өзекті мәселелер қамтылды. Кеңес беруші ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігі департамент басшылары, КазАгро бөлім меңгерушілері, азық-түлік корпорациясы мамандары онлайн эфирге шығып отырды. Бұл шаралараға шаруалардың қызығушылығы аса жоғары деңгейде болды. Тікелей эфирді мыңдаған адам көрген күндер де болды. Жалпы карантин бізге де біраз нәрсені үйреткендей. Бұрындары өз электоратымызбен сандық технологиялар арқылы байланыс құруға қажетті деңгейде мән бермей келгенімізді аңғардық. Бұдан кейінгі жұмыс жүйемізде технологияның мүмкіндіктерін барынша пайдалану үшін жоспарлар құрудамыз.

─Соңғы президенттік сайлауда қоғамның белсенділігі қатты байқалды. Саяси науқаннан сырт қалғандар көп болған жоқ. Тәуелсіз бақылаушылардың жұмысының өзі неге тұрады. Бұл ненің белгісі деп ойлайсыз?

Өткен Президенттік сайлау қай тұрғыдан алсақ та өзгеше болды. Біріншіден бұл Қазақстан Республикасының сайлау туралы Конституциялық заңына өзгерістер енгізілгеннен кейінгі алғашқы президенттік сайлау еді. Кандидаттар қоғамдық ұйымдар тарапынан ұсынылды. Яғни әр кандидаттың артында нақты мүдделі ұйымдар болды. Шын мәнінде толыққанды қоғамдық ұйымдар мен белсенді саяси партиялардың сайлауға дейін де күнделікті  жұмыс істеп тұрған құрылымдық бөлімшелері мен қалыптасқан жұмыс жүйесі бар. Әр кандидаттың артында мұндай дайын күштер болған жағдайда қоғамдық белсенділіктің жоғары болуы заңды шығар. Екіншіден интернет, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер сияқты коммуникациялық технологиялардың қол жетімділігі қоғамдық белсенділікке әсер ететінін де мойындауға тиіспіз. Үшіншіден жалғыз билікте ғана емес, электораттың белсенді тобында да буын алмасу үдерісі жүріп жатыр. Тәуелсіздік алған жылдары туған ұл-қыздарымыз қазір отыздың шамасында. Отыз дегеніңіз -  саналы азаматтың деген шағы емес пе?...Қоғам белсенділігіне бұл фактордың да әсері болуы әбден мүмкін. 

─Парламент қабырғасында қаралып жатқан «Бейбіт митингілер туралы» заң жобасы қоғамды біраз талқыланды. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын сенат кері қайтарды. Бұл заңға қатысты қандай пікірдесіз?

Бұл заң шеңберінде өткен жұмыс тобындағы талқылауларға партия өкілдері қоғамдық ұйым ретінде қатысты. Сенат кері қайтарса, өзінің заң аясындағы құзыретін қолданған болуы керек. Жоғарғы палатының негізгі функцияларының бірі ғой, бұл. Жаңа заңда бұрынғы көптеген шектеулердің алынып тасталғанын, азаматтардың митинг өткізуіне біршама еркіндіктер танылғанын аңғаруға болады. Төменгі палата Сенаттың ұсыныстары негізінде өзгертулер мен толықтырулар енгізіп,  «бейбіт митинг туралы» жаңа заңды бір екі күн бұрын қабылдады. Жаңа заң елімізде демократиялық институттардың қалыптасып, нығайуына септігін тигізеді деп сенеміз.

─Жуырда мәжіліс «парламенттік оппозиция туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл заңды сынаушылар да бар, қолдаушылар да бар. Сіздің ше жаңа заң жобасы мәжілісті шынайы дискуссия алаңына айналдыра ала ма?

Белгілі бір саяси реформаларсыз елдегі экономикалық және  әлеуметтік жаңашылдықтардың алға баспасын уақыт өзі дәлелдегендей. Бұл әлемдік тәжірибемен де дәлелденген. Елімізді дамыған демократиялық елдердің қатарынан көреміз десек, олардың озық тәжірибелеріне де арқа сүйеуге тиіспіз.

Біздегі саяси жүйе біртіндеп көппартиялылыққа бет бұрып келеді. Халықтың талқысынан өтіп, сайлауда сыналып үлгерген көппартиялылық жүйенің  бұдан әрі іргесі бекіп,негізі нығайа береді деп сенемін. Партиялар арасындағы конструктивті, ашық саяси бәсекелестік қоғамның қажеттіліктеріне жауап беріп, билік пен халықтың арасындағы нақты  диалогтың қалыптасуына жол ашатыны анық. Қоғамда жүйелі оппозициялық күштің болуы да көппартиялылық жүйенің  құрамдас бір бөлігі емес пе?... Біріншіден бұл саяси алаңдағы бәсекені күшейтеді. Ал бәсекелестік бар жерде бақылау мен  сапа бар. Яғни парламент қабырғасында қабылданатын заңдар бір жақты сипат алмасы үшін жетекші партияға қарсы уәж айтып, дауысын есіте алатын кәсіби деңгейі аса жоғары саяси күш қажет. Әрине кез-келген партия бірінші кезекте өзінің позициясын сақтап қалуға күш салатыны анық. Партия дегеніңіз - өзінің негізгі идеологиялық постулаттарынан кері шегіне қоймайтын жұмылған жұдырық емес пе?...Саяси күштердің арасындағы қарама-қайшылықтар мен теңсіздікті реттеу үшін «парламенттік оппозиция туралы» заңды барлық партиялар қолдауға тиіс деп білемін. Өкінішке орай жергілікті жерлерде әлі күнге дейін белгілі бір топтардың пайдасына бұрмалаушылықтардың бар екенін жасыра алмаймыз. Мұндай келеңсіздіктер электоралды кезеңдерде, басқа уақыттарда да бой көрсетіп қалады. Біз саяси бәсекелестіктен қорықпаймыз.Тек бәсекелестік, ашық, әділетті және заңмен реттелген болуы керек.

Барлық партияларға бірдей мүмкіндік беретін жүйені орнықтыру түпкі мақсатқа айналған кезде ғана елімізде толыққанды көппартиялық саяси мәдениет қалыптаспақ.

Пікір алуандығы мен құрамында  қоғамдағы сан қилы әлеуметтік топтардың мүддесін қорғайтын саяси күштер болса, Парламент де  ықпалды бола алады. Алайда  біз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қоғамды демократияландырудың революциялық емес, эволюциялық жолын таңдаған елміз. Бұл бағыт осы уақытқа дейін өз-өзін толық ақтап келеді. Қазақстанның басты құндылығы – елдің мызғымас  бірлігі мен ынтымағы. Сондықтан ең бастысы жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар қоғамдық тұрақтылыққа нұқсан келтірмеуі тиіс.

─Алда мәжіліс пен мәслихат сайлауы. Бізде саяси алты партия бар. Олардың дайындықтарын қалай бағалайсыз?

Басқа партиялар үшін жауап бере алмаспын. Менің көзқарасым: кез келген саяси партия күн сайын ертең сайлау болатындай белсенді режимде жұмыс істеуі керек деп білемін. «Ауыл» партиясы Республика бойынша 17 филиалы және  200 тарта аудандар мен қалалардағы өкілдіктерімен жоспарлы жұмыстарынан танған емес.

─Ауыл халқы саяси процесстерден алшақ. Барлық саяси шешімдер қалада қабылданады. Қазір ауыл халқы қаншалықты өзгерді. Саяси өзгерістерге, қоғамдық өмірге деген белсенділіктерін бақылайсыздар ма?

Ауыл халқы саяси процестерден алшақ деген жаңсақ пікір деп ойлаймын. Ауыл тұрғындары ешқашанда сайлау үдерісінен шет қалған емес. Тіпті кейбір өңірлерде ауылдықтардың белсенділігі қала халқынан асып түспесе, бір кем емес. Біздің негізгі электоратымыз ауылдық жерлерде болған соң қадағалап отырамыз. Қай тұрғыдан алсақ та, ауыл адамы өзгере қойған жоқ.  Ауылдағы ағайын сол баяғы адал, ақжарқын қалпында. Бір идеяға сенім білдірсе, шынайы болмысымен барын салып қызмет етеді. Ауылдардағы көптеген белсенділеріміздің бойында дәл осындай қасиеттер бар. Мүмкін ауыл емес, қалалықтардың ауылға деген көзқарасы өзгерген болар. Ол енді басқа мәселе...

«Ауыл» партиясының басты бағдарламалық бағыттарының  бірі – ауыл  тұрғындарының әл-ауқатын жақсартып, ауыл шаруашылығын дамытып, ауылдық жерлердегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді шешу. Бұл мақсатта елімізде қабылданып жатқан саяси шешімдерге ықпал ету үшін бар ерік-жігерімізді жұмсап, әлеуетімізді қолданамыз.

─ «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы соңғы жылдары жаңарды. Қазір атқарып жатқан шаруаларыңызға тоқталсаңыз.

Біздің партиямыз сөзімен ғана емес, ісімен де өзінің саяси әлеуетін, ерік – жігерін танытып келеді. Ең бастысы біз өзіміздің қоғамға аса қажетті саяси құрылым екенімізді дәлелдік. Әрине мұнда «Ауыл» партиясының әрбір мүшесінің үлесі бар екенін мақтанышпен айта аламын.

«Ауыл» партиясының 2015 жылы қайта құрылымданудан өткені баршаңызға аян. Қазіргі таңда қалыптасу кезеңін тамамдап, партиямыздың іргесі бекіп, қанаты қатайып,қатары толықты .

Өткен жылдарда жеткен жетістіктерімізді ескерсек, қашанда саяси бәсекелістікке дайын күш екенімізге  ешкім күмән келтіре алмайды деп ойлаймын.

«Ауыл» партиясы - өзіндік саяси тәжірибесі бар партия. Өткен саяси кезеңде партия президенттік және парламенттік электоралды науқанға қатысты. Осы сайлау науқандарындағы стратегиялық ұстанымдарының нәтижесінде «Ауыл» партиясы жұмыс жүйесі  қалыптасқан, танымал саяси брендке айналды. Қаншама жылдық саяси тәжірибеміз бізге «еліміздің саяси – партиялық алаңындағы өз күшіне сенімді партиямыз» деп айтуға толық мүмкіндік береді.Партия құрылымдық тұрғыдан  күшейіп, аяғына нық тұрды. Барлық өңірлер мен аудан, аймақтарда партияның филиалдары мен ұйымдары тұрақты түрде жұмыс жасауда. «Ауыл» партиясының аймақтарда шынайы беделі бар. Еліміздің әр өңірінен алынған ақпараттарға сүйене отырып, мен сайлаушылардың біздің партияға деген көзқарасы одан сайын жақсарып, партия мүшелеріне деген сенімнің артқандығын атап өткім келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген азаматтардың «Ауыл» партиясына өтуге ниет білдіруі - партиямыздың артып келе жатқан абыройының тағы бір айғағы. Тек 2015-2019 жылдар аралығында  біздің партияның құрамы 44 мың адамға артты. Бір сөзбен айтқанда қазіргі «Ауыл» партиясының кез келген саяси бәсекелестікке төтеп берер әлеуеті бар, ерік-жігері жеткілікті. Партияның 2019 жылдың соңында өткен 16 съезінде бірнеше маңызды шешімдер қабылданды. Жан-жақтан келген делегаттардың ұсынысымен бірнеше саяси бастама көтердік. Бұл бастамалар қазіргі таңда жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Соңғы жылдары партияның интернет пен әлеуметтік желілердегі белсенділігін арттырып, осы бағытта тындырымды жұмыстар атқарып жатырмыз. Партия тынысымен толықтай танысамын деген оқырмандарыңызға auyl.kz ресми сайтымыз бен фейсбук, инстаграмдағы  парақшаларымызды қарай жүріңіздер демекпін.

─Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қ. Тілеуханұлы

 

Байланысты жаналықтар

«Ауыл» қорықпайды, «Байтақ» мәжіліске бармақ

21.01.2023

Әкесі азсынады, баласы жеп қояды... Бектаев қайтеді?

04.10.2022

Сайлаудың алдын ала қорытындысы белгілі болды

11.01.2021

«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы сайлауға қатысады

21.10.2020

Індет Қазақстан халқы үшін де ауыр сын болды

12.05.2020

Азаматтық қоғам шындала түседі

30.04.2020
MalimBlocks
«Ауыл» қорықпайды, «Байтақ» мәжіліске бармақ

Жақында ғана тіркелген «Байтақ» партиясының жетекшісі Азаматхан Әміртайға  президент Қ.Тоқаевтың мәжілісті таратып, кезектен тыс сайлау тағайындау шешімі қуат бергендей.

Әкесі азсынады, баласы жеп қояды... Бектаев қайтеді?

"Ауыл" партиясы мен Қазақстан фермерлер қауымдастығы әріптестік меморандумға қол қойған. Одан кейін "Ауыл" партиясы күтпеген жерден Жигули Дайрабаевты президенттікке кандидат ретінде ұсынды. Енді ортаға киліккен мына дау бұл "достыққа" қалай әсер етеді?

Сайлаудың алдын ала қорытындысы белгілі болды

«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы сайлауға қатысады

Індет Қазақстан халқы үшін де ауыр сын болды

Азаматтық қоғам шындала түседі