Әкесі азсынады, баласы жеп қояды... Бектаев қайтеді?
"Ауыл" партиясы мен Қазақстан фермерлер қауымдастығы әріптестік меморандумға қол қойған. Одан кейін "Ауыл" партиясы күтпеген жерден Жигули Дайрабаевты президенттікке кандидат ретінде ұсынды. Енді ортаға киліккен мына дау бұл "достыққа" қалай әсер етеді?
Қыркүйектің аяғында президент сайлауына түсем деп айды аспанға шығарған, ешкім білмейтін, бұған дейін саяси аренада көрінбеген Жигули Дайрабаев біз ойлағандай тым белгісіз адам емес екен. Дайрабаевтар Жамбыл облысында біраз елге белгілі фамилия болып шықты. Оған Жигули Дайрабаевтың да, оның ұлдарының да қосқан үлесі аз емес.
Кеше бірқатар БАҚ Жигули Дайрабаевтың ұлдарының сотты болғанын жазды. Алааяқтық бойынша бір емес екі ұлы бірдей тергеуге алынып, үйқамақта отырғанда президенттіктен үміткер адамның осы уаққа дейін ешқандай мәлімдеме жасамағаны, тіпті, журналистердің арнайы сұрағына да жауап бермегені таңғаларлық жағдай. Malim.kz тілшісі де арнайы хат жазып, сұрақ қойғанмен, ешқандай жауап ала алған жоқ.
Тараз қалалық сотының там-тұмдап берген мәліметінде бұл іс бойынша қаңтар айында ұсталған Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Ерлан Күлкеевтің және Елжан Елібайдың аты аталады. Демек, жыл басынан бері тергеліп жатқан Күлкеев ісіне Дайрабаевтардың да қатысы бар болып шыққан. Тағы бір мәліметтерде Дайрабаевтың ұлдары Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалықтың субсидияны жеп қойғаны туралы да айтылып жатыр.
«Ауыл» партиясы кандидатын кері қайтара ма?
Егер Дайрабаевтың ұлдары басқа емес, субсидия ісі бойынша күдікті деп танылса, онда, президенттікке үміткер Жигули Дайрабаевтың ғана емес, оны үміткер ретінде ұсынып отырған «Ауыл» партиясының да абыройына нұқсан келеді. Себебі, Жигули Дайрабаев – Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқармасының және «Атамекен» ҰКК АӨК комитетінің төрағасы ретінде ауыл шаруашылығына, субсидияға қатысты көп мәселе көтеріп жүрген. Ол көбіне субсидияның тым аз екенін айтатын және президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан агробанк құрып беруді сұрап жүрген. Ол ауылшаруашылығы өнімдерінің жетіспеушілігі қолдан жасалып отырғаны туралы да айтқан. Енді, өзінің қос ұлы бірдей субсидияға қатысты қылмыспен ұсталса, онда, оның президенттікке кандидат ретінде түсуге моральдық құқы қалмайды.
Ал, «Ауыл» партиясы, аты айтып тұрғандай, ауылшаруашылығы тақырыбын басты көзір қылып ұстап жүрген партия. 2020 жылы партия мен фермерлер қауымдастығы әріптес боламыз деп, меморандумға қол да қойған. «Қазақтың бары да, жаны да ауыл» (Дайрабаев та жиі айтады) деп ұран тастап жүрген партияның президенттікке жұрттан бұрын ұсынған кандидатының балалары ауылшаруашылығына бөлінген субсидияны жеп қойса, онда, бұл партия тез арада мәлімдеме жасап, кандидаттарын кері қайтаруға тиіс. Әйтпесе, партия төрағасы, 2019 жылы «Нұр Отан» партиясының съезінде қабылданған бастамалар «Ауыл» партиясының төрағасы ретінде менің де ойымнан шықты» деп, сүйікті елбасының әр бастамасына сүйсініп жүретін, Тоқаевтың әр бастамасына елден бұрын қолдау білдіретін, «Жаңа Қазақстан» сөзбұйдаға салынып кетпесін деп уайымдап жүретін Әли Бектаевқа да абырой әкеле қоймайды. Қанша дегенмен, Тоқаев «маған қарсылас болуға қандай адам жіберіп отырсың?» деп ренжуі де мүмкін ғой.
Жигулидің басынан дау арылмайтын ұлдары
Тоқаев алдағы уақытта бұл қарсыласын сайлаудан бұрын-ақ жарыс жолынан шығарып тастай салуы мүмкін. Дайрабаев кешелі бері ұлдарының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасап, ең болмағанда «егер олардың қылмысы дәлелденсе, мен президенттікке түсуден бас тартам» деуі керек еді. Бір жағы елдің алдында аздап болса да ұпай жинап, «мынау қайтеді?» дегізіп, өзіне назар аудартып алар еді. Ақорда да басқаша санаса бастар ма еді... Қанша дегенмен, ең бір оңтайлы, алып та, шалып та жыға салуға болатын кандидатынан айрылып қалу Тоқаев билігі үшін де тиімсіз.
Жалпы, Жигули мырзаның балаларының сотты болып, дауға қалғаны бір бұл емес. Осы ұлы Марат Дайрабаев Шу ауданының тұрғыны Сәбит Саудабаев атты азаматтан 22,5 млн теңге ақша алып, орнына беруге тиіс 500 тонна бидайды уақытында бермей, әкесінің (Жигули Дайрабаевтың) атына тіркелген көліктің бағасын асыра бағалап, қарызын бермей қойған. Арты сотқа ұласып, сот Дайрабаевқа ақшаны қайтаруға міндеттеген. 2018-де басталған дау 2020 жылы сотпен аяқталған, бірақ, одан кейін де Дайрабаев ақшасын уақытында қайтармай, әлі «отсрочка» сұрап жүр. Сот орындаушы да бір жарым жылдың ішінде Дайрабаевқа сот шешімін орындата алмай жүр. Бұл туралы Сәбит Саудабаев Ratel.kz сайтына берген сұхбатында бір қызық себеп айтады.
«Меніңше, сот орындаушының міндетін атқара алмай жүруінің себебі, сот орындаушылар, нотариустар, адвокаттар, заңгер кеңесшілерді әділет департаменті бақылайды ғой, ал онда қарызданушының бауыры Дәурен Дайрабаев басқарма басшысының орынбасары болып отыр».
Сот орындаушы, әрине, Дәурен Дайрабаев тарапынан ешқандай қысым жоқ екенін айтады. Ол Марат Дайрабаев басшылық ететін «MOLBAL» ЖШС-ға қарасты егістік алқап пен жер телімдерін, өзге де мүліктерін тұтқындауға енді кірісіп жатқанын да айтыпты. Қазір Марат Дайрабаевтың үстінен қозғалып жатқан істің ішінде бұл дау бар ма, жоқ па, белгісіз.
Қысқасы, жұрт білмейтін Жигули Дайрабаев Жамбыл облысында тамырын тереңге жайған кәсіпкер болып шықты. Оның өмірбаянында 2015 жылы «MOLBAL» ЖШС-нің бас директоры болғаны жазылған, ал, оны қазір баласы Марат басқарып отыр.