«Ауыл» қорықпайды, «Байтақ» мәжіліске бармақ
Жақында ғана тіркелген «Байтақ» партиясының жетекшісі Азаматхан Әміртайға президент Қ.Тоқаевтың мәжілісті таратып, кезектен тыс сайлау тағайындау шешімі қуат бергендей.
«Дұрыс. Бұл Жаңа Қазақстан құру жолындағы саяси реформаның бір тармағы. Жаңа Қазақстанға жаңа депутаттармен, жаңа партиялардың саясатқа араласуымен барған жөн. Дұрыс қадам!» деп жазды ол әлеуметтік парақшасында.
Жаңа Қазақстанға баратын жаңа депутат пен жаңа партияның атын атап айтпаса да, қарсылас 6 партиямен (тіркелген партия саны 7-ред.) бақ сынасып, парламентке өтпек екен.
«Алдағы сайлау бұрынғылардан өзгерек. Қазіргі жағдайға байланысты, алдағы сайлау аралас партиялық-мажоритарлық жүйеде өтпек. Сондай-ақ, Қазақстан халық ассамблеясы мәжіліске депутаттар ұсынбайды. Сайлау додасына елімізде тіркелген жеті партия: «Аманат», «Ақ жол», Қазақстан халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «Ауыл», «Байтақ» және «Respublica» түспек. Осы орайда біз Байтақтықтарда осы аламан бәсекеде өз бағымызды сынап, парламентке өтуге тырыспақпыз. Рас, елімізде экология мәселесі ақсап жатыр. Жағдай сын көтермейді. Сондықтан түйіні мол экология мәселелерін парламент мінберіннен көтермек ойдамыз» деп күшейіп отыр жаңа партияның жетекшісі А.Әміртай.
Жас партия жетекшісі осылай жұлқынып шыққанда, көнеден келе жатқан «Ауылдың» төрағасы да көп күттірмей, әу деді.
«Ауылды, ауылды аумақтарды дамыту, ауыл шаруашылығын өркендету біздің мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі болып есептеледі. Бұл - біздің партияның бастапқы және өзгермейтін саяси бағыты. Сондықтан "Ауыл" партиясы парламенттің төменгі палатасы мен мәслихаттарға сайлау өткізуді құптайды. Біз Қазақстанда партиялық өрістің кеңейгені мен саяси күштер арасындағы бәсекелестіктің дамып келе жатқандығын көріп отырмыз. Бұл бізді қорқытпайды, керісінше, ынталандырады. Себебі біздің өзіміздің саяси платформамыз бар. «Ауыл» партиясының ауыл және ауылды аумақтарды дамыту концепциясына қосатын өзінің ұсыныстары бар» депті өз мәлімдемесінде партия төрағасы Әли Бектаев.
Жарыса мәлімдеме жасайтын кезекте 5 партия тұр. Күтейік. Қойылым көргендей көрейік.