Баталов құрылыстағы былықты біле ме?

  • 01.07.2020
  • Malim Админ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі басшысы Алик ШПЕКБАЕВҚА жазылған хаттан кейін сең қозғалды ма?

"Талдықорған қаласы құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Жандос ТЕЛЕУБАЕВ 565 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді. Күдікті жобалық сметалық құжат әзірлейтін компанияны «қамқорлығына» алған екен. Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталып кетіпті.

Бұған дейін Ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Талдықорған қаласы құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Жандос Телеубаевты 17 рет әкімшілік жауапкершілікке тартып, 2 млн теңгеден аса айыппұл төлеткен. Сөгіс те жарияланған. Алайда, қылмыстық жауапкершіліктен сытылып кеткен еді.

Бір қызығы «Талдықорған қаласы құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесіндегі заңсыздық жайлы талдықоғарғандық кәсіпкер Александр АНИКИН Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облыстық департаментінің басшысы Ернар МАҚАЖАНОВҚА 2020 жылдың 5 мамыр күні ресми хат арқылы баяндаған-ды. Бірақ оның сөзін Талдықорғанда елеген ешкім болмады.

«Талдықорған қаласы құрылыс бөлімі" мемлекеттік мекемесінің заңсыз әрекетін тексеру қажет. Қызмет бабын асыра пайдалану бабы бойынша тексерілсе. Мемлекеттік мекеме Талдықорғандағы жобалау жұмысымен айналысатын компаниялардың заңмен қорғалған жұмысына зиян келітіріп отыр. Жергілікті компаниялар заң аясында өз жобаларын «откатсыз» орындаушы еді», - деп  «Геодезия сервис» ЖШС басшысы Александр АНИКИН Шпекбаевқа артынша хат жолдады.

Мәлім кз сайтының тілшісі жетісулық кәсіпкерге хабарласқан еді. Александр Аникин жиналған бюджет ақшасы талан-таражға түсіп жатқанын айтады. Мәселен, Тараздық «Uni project group» компаниясы №74 2019-10-02 келісім бойынша 60 пәтерлі тұрғын үйдің сметалық жобасын әзірлегені үшін 9 480 004 теңге алған.

Ал жергілікті «Ж-Строй-Эксперт» ЖШС №21 2020-01-27 келісім бойынша  60 пәтерлі тұрғын үйдің (6 шағын аудандағы) жобалық сметасын жасау үшін 5 405 611 теңге алған. Сонда тараздықтарға 1.75 есе көп төленген. Қарап тұрсаңыз екі компания бірдей жұмыс атқарған.

Александр Аникиннің айтуынша, «Талдықорған қаласы құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі тағы бір тараздық «Арыстан-сервис» компаниясымен 168 406 000 теңгеге заңсыз 11 келісім шарт жасасқанын айтады. Сондай-ақ, Тараз қаласының «UNI project group» компаниясымен осы жылдың мамыр айында 36 913 713 теңгеге тағы да заңсыз келісім шарт жасалған деп отыр. Тура осындай схемалар "Тараз қаласы құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінде де жасалған дейді Аникин Шпекбаевқа жазған хатында.

Алайда Жандос Телеубаевқа қатысты айыпта жүздеген миллиондар туралы сөз жоқ. Әрине, барлығы толық тергеу жұмыстарынан кейін белгілі болар.

Тараздық компаниялардың Талдықорғандағы құрылыс саласында қаптап кеткенін бәлкім бұрынғы Тараз қаласының әкімі, қазіргі Талдықорған шаһарының басшысы болып отырған Ғалымжан ӘБДІРАЙЫМОВТАН сұрау керек шығар.

Ғалымжан РАЙЫЛҰЛЫ 2019 жылдың сәуір айында Әулиеата жерінен Жетісуға ауысып келген еді. Баласы Алматыда көлігімен оқ пен доллар тасыған Дастан ШАЛТАБАЕВТЫҢ орнына әкім болған еді.

Талдықорғандағы құрылыс саласындағы былықты Алик Шпекбаевтың өзіне баяндаған Александр ВЛАДИМИРОВИЧ бұл салаға кеше ғана келген жоқ. «Геодезия сервис» компаниясын 2004 жылы бауыры Сергей АНИКИНМЕН бірлесіп құрған. 2017 жылы өңірдің экономикалық һәм әлеуметтік дамуына қосқан үлесі үшін облыс басшысы Амандық БАТАЛОВТЫҢ алғыс хатына да ие болған. Айтпақшы, мамандығы құрылысшы әкім Амандық ҒАББАСҰЛЫ иегінің астында болып жатқан осы жайттардан хабардар ма екен деген сұрақ та туындары анық. Бұл сауалды сайт тілшісі қойды.

«Құрылыстағы проблемаларыды, заңсыздықтарды қала басшылығына айтудай-ақ айттым. Амандық Баталовты түрлі жиындарда былай көріп жүреміз ғой. Бірақ қабылдауына кіре алмай-ақ қойдым ғой. Әкімдіктегілерге бардым. Бірінші орынбасары Ләззат ТҰРЛАШЕВҚА жолық дейді. Ол кісіге жолықтым. Бәрін айттым. Сосын қайта-қайта жолыққанда не өзгереді деп шештім», - дейді Александр Аникин.

Жетісулық шенеуніктер бізден қос президент шықты деп мақтанатын Алматы облысының орталығының дамуына биыл бюджеттен 29,2 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді. 2020 жылға 439 үй немесе 1882 пәтер, 900 және 1200 орындық мектеп, 280 орындық балабақша құрылысы басталады деп жоспарланған. Бұл ауқымды құрылысқа бөлінген қаражат әкімдердің, министрлер мен президент қалтасынан шықпасы белгілі. Халықтың салығынан жиналған бюджет ақшасы жұмсалады. Енді осыншама құрылысқа сметалық жобалар қалай жасалып жатыр деген күдіктің молая түсетіні де анық.

Фото: zhetysu.gov.kz

Байланысты жаналықтар

Тасмағамбетовтің күйеубаласы АҚШ сайлауын шулатып жатыр

22.10.2020

Газымыз арзан деп жүргенде газсыз қалмаймыз ба?

28.08.2020

Еуропарламент депутаты Қазақстанға санкция салуды ұсынды

12.02.2021

«Ләппайшыл» парламент, өзгермейтін үкімет.  Орталық Азияға ортақ диагноз

20.01.2021

Кредитті жеңілдетудің жолы қайсы?

12.11.2020

Коронавирустан кейін Шудың «шөбіне» сұраныс арта ма?

26.04.2020