Украинада соғысқан 27 жастағы қазақстандық 4,5 жылға сотталды

Талдықорғанда Украинадағы соғысқа қатысқан қазақстандық жігіт сотталды, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Сот 27 жастағы азаматты Қылмыстық кодекстің 172-бабы («Шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу») бойынша 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
Тергеу барысында белгілі болғандай, Талдықорған тұрғыны бірнеше жыл бұрын ресейлік жеке әскери компания «Вагнермен», кейіннен «Редутпен» келісімшартқа отырған. 2023 жылғы ақпаннан 2024 жылғы желтоқсанға дейін Украина аумағындағы әскери қақтығысқа белгілі бір жалақы үшін медик және кезекші офицер ретінде қатысқан.
Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметі күдіктінің кінәсін толық мойындағанын мәлімдеді. ҚК 172-бабы бойынша жаза 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
«Заңнамаға сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық үшін негізгі жаза ең жоғары мерзімнің немесе мөлшердің жартысынан аспауы тиіс. Осыған байланысты айыпталушыға 4 жыл 6 ай мерзім тағайындалды», – деді Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрсұлтан Орынбасаров.
Қылмыстық іс жеделдетілген алдын ала тергеу тәртібімен аяқталды.
Қазақстанда шетелдегі әскери қақтығыстарға қатысқаны үшін екі бап бойынша жаза қарастырылған:
- 170-бап – «Жалдамалылық» (17 жылға дейін бас бостандығынан айыру),
- 172-бап – «Шетел аумағындағы қарулы қақтығыстарға немесе әскери әрекеттерге қатысу» (9 жылға дейін бас бостандығынан айыру).
Фото: depositphotos.com

Ең көп оқылған
