Грузияда дәрі іздеп сабылған жұрт жоқ

  • 06.07.2020
  • Елнұр Бақытқызы

Грузия – коронавирустың таралуын тежей алған санаулы елдердің бірі. 3,7 миллион халқы бар елде вирусты 953 адам жұқтырды, оның 830-ы жазылып шықты, 15 адам қайтыс болды. Қазіргі кезде вирус анықталған небәрі 108 адам ғана ем алып жатыр.

Грузия коронавирус індетімен қалай күресті, індеттің таралуын қалай тоқтатты? Мұны Тбилисиде алты жылдан бері тұрып жатқан қазақ азаматы, ChichiLuckyTour туристік агенттігінің иесі және киім дизайнері Салтанат Мұхтаровадан сұрап білдік.

– Салтанат ханым, Грузия коронавирусқа қарсы нәтижелі күрес жүргізе алған елдердің бірі. Грузия үкіметі індеттің таралуын тоқтату үшін қандай шараларды қолға алды?

– Вирус тарай бастағанда, Грузия қатаң шаралар қабылдады. Бірден шекараны жапты. Шекара әлі күнге дейін жабық. 1 шілде күні үкімет шекараны ашып, туристер қабылдауды жоспарлаған еді. Алайда қаржы министрі індет қайта тараса, туризмнен түсетін табыс өзін-өзі ақтамайтынын, вирустан айығу үшін жұмсалатын шығынды жаппайтынын ашық айтты. Сондықтан әуе рейстерін ашуды 1 тамызға шегерді.

Грузия төтенше жағдай жариялап, екі айға коменданттық сағат енгізді (31 наурыздан 22 мамырға дейін – ред.) Коменданттық сағат кезінде кешкі сағат тоғыздан таңғы алтыға дейін көшеге шығуға тыйым салынды. Тіпті дәріханаға баруға болмайтын.

Бір жағы халық карантин шараларын саналы түрде қатаң ұстанды, әлі де ұстанады. Халық көшеге көп шықпайды, шықса, арақашықтықты сақтайды. Меніңше, осының бәрі айналып келгенде, вирустың таралуын тоқтатып, нәтижесін берді. Осының арқасында әлемдегі жетекші басылымдар Грузияны Еуропадағы ең қауіпсіз 15 елдің тізіміне қосты. Еуропа бірқатар елге шекарасын ашты, оның ішінде Грузия да бар.

Қазір Грузия Амстердам, Вена, Тель-Авивке әуе рейстерін ашты.

– Карантин кезінде тағы қандай шаралар енгізілді?

– Қашықтықтан жұмыс істеуге көштік. Қоғамдық көлікті бірден тоқтатты. Ал Пасха кезінде тіпті жеке автокөліктердің жүруіне тыйым салынды. Өйткені Грузия дінді қатты ұстанады, Пасха кезінде жұрт шіркеуге, зират басына жаппай баратын еді. Вирус таралуының алдын алу үшін үкімет жеке көлікпен жүруге тыйым салды.

Жалпы, Тбилисиде 2 миллион халық тұрады. Қатаң карантин кезінде Тбилисидегі тіршілік кәдімгідей саябырсып қалды. Тбилиси, Кутаиси, Батуми тәрізді ірі қалалар жабылды. Көпшілік орындар жұмыс істемеді, халық жаяу жүрді.  Көпшілік тамақтанатын орындар тек маусымда ашылды, оның өзінде далада отыратын орны бар кафе-мейрамханалар ғана жұмыс істеп тұр.

Карантинде сауда ойын-сауық орталықтары, сұлулық салондары жабылды. Тек дәріхана мен азық-түлік дүкендері жұмыс істеді, оларға маска тағып барып жүрдік. Саябақтар да жабық болды. Олардың сыртына күзет қойылды. Осының бәрі індет өршуінің алдын алды. Соңғы дерек бойынша, Грузияда коронавирустан 15 адам қайтыс болды. Олардың барлығы дерлік созылмалы ауруы бар қарт адамдар.

– Төтенше жағдай кезінде үкімет халыққа жәрдемақы төледі ме?

– Иә, жұмыссыз қалғандарға 200 лари (26575 теңге) төледі. Наурыз айынан бастап барлық коммуналды қызмет ақысын төлеуден босатты. Әлі күнге дейін коммуналдық қызмет ақыны төлеп жатқанымыз жоқ.

– Қазақстандағы ахуалды сырттай бақылап отырған боларсыз. Сырт көз ретінде айтыңызшы, бізде не нәрсе дұрыс жасалмады?

– Қазақстанда не болып жатқанын оқып-біліп отырмын. Меніңше, Қазақстанда дәл Грузиядағыдай қатаң шаралар болмады, мысалы, коменданттық сағат енгізілмеді.

Індетті тежеу бір жағы халыққа да байланысты. Грузиндер ахуалды жете  түсінді, сол себепті барлық шараларды қатаң ұстанды. Грузияда жабық ғимаратқа міндетті түрде маскамен баруың керек. Тіпті мейрамхананың жазғы алаңындағы үстеліне отырғанша маска тағуың керек.

Ал Қазақстанда халық бұл мәселені жете түсінбеген сияқты. Тіпті әлі күнге дейін күмәнмен қарайтындар бар. Көпшілік тойға, бір-біріне қонаққа барып жүрді. Ал бұл – нағыз індеттің ошағы. Бәлкім, халық сақтық шараларын ұстанса, індет бұлай асқынбас еді.

Сонымен қатар Қазақстанда төтенше жағдай аз уақыт болды, оны ерте алып тастады. Сауда ойын-сауық орталықтары, сұлулық салондары, фитнес орталықтар да ерте ашылды. Мәселен, Грузияда фитнес залдар әлі істемейді. Өйткені фитнес залдарда кондиционерсіз жаттығу жасау мүмкін емес, ал кондиционер қосулы тұрса, тез ауырып қалуың мүмкін.

– Грузияда коронавирус жұқтырғандарды қалай анықтайды?

– Ақылы тестер бар. Кез келген адам ақылы негізде коронавирустың бар-жоғына тексеріле алады. Қандай да бір симптомдар пайда болса,  аурухана арқылы тегін тест тапсыра алады.

– Вирус анықталған адамдарды қалай емдейді?

– Менің білуімше, оларды бірден оқшаулайды. Сондай-ақ науқаспен байланыста болған отбасы мүшелерін де оқшаулайды. Індет басталғанда шетелден елге қайтып оралған Грузия азаматтарын қонақ үйге оқшаулап, күзет қойып, бақылауда ұстады.

– Яғни індеттің таралу тізбегін бірден үзіп отырды ғой?

– Иә, мысалы, Тбилисиден 70 шақырым жердегі бір ауылда қарт кісі көп адам қатысқан жиынға барды. Артынша оған қатысқан бірнеше адамнан вирус анықталды. Сөйтіп, бүкіл ауылды екі айға жауып тастады. Ол елдімекенге тек полиция мен дәрігерлер ғана кіріп шыға алды.

– Грузияның денсаулық сақтау жүйесі эпидемияға дайын болды ма?

– Үкімет ауру тез тарап, өршіп кетсе, медицина оған дайын емес, ауруханада орын, науқастарды емдейтін медицина қызметкерлері мен өкпені жасанды желдететін аппараттар жетпейтінін ескертті. Сөйтіп, ауру біртіндеп емес, бірден тараса, науқастардың бәріне көмек көрсете алмайтынын айтып сақтандырды.

– Індеттің шарықтау шегіне жеттіңіздер ме?

– Үкімет біз одан өтіп кеттік дейді. Алайда қандай да бір болжам жасау қиын, ертең не болатынын білмейсің. Мысалы, шілдеде Қазақстаннан туристер келмек еді, шекара сол бойы ашылмады. Сөйтіп, жоспарымыз іске аспады.

– Туризм Грузия экономикасына ақша құятын негізгі сектордың бірі. Әзірге туристерді қабылдап жатқан жоқ. Пандемия туризм саласына қалай әсер етті?

– Пандемия туризмге қатты әсер етті. Биыл Грузияның 10 миллион турист қабылдаймыз деген жоспары болған. Былтыр 8 миллион турист келген. Бұл Грузияға өз халқынан екі есе көп турист келді деген сөз. Бұл салада қонақ үй, мейрамханалар,  шарап жасайтын орындар жұмыс істейді. Қазір олар табыстан қағылды. Шекараны 1 тамыз ашқан күннің өзінде көп турист келе қоймайды. Сондықтан келесі жылы ахуал түзелетін шығар деп үміттенеміз.

– Өзіңіздің туристік агенттігіңіз бар. Пандемия сізге қалай әсер етті?

– Әлбетте, көп жоспар болды. Көп тур ұйымдастырамыз деп ойладық. Бірақ бұл менің жалғыз табыс көзім емес. Сондықтан бұдан да ақырындап өтерміз.

 

МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Байланысты жаналықтар

Жұмабай Шаштайұлы: «Ескіруді ескермейтін ұлтқа айналып барамыз»

08.10.2020

"Қуаттай батырларға Бекболаттай жыраулар аға боп жүретін"

15.09.2020

Дос Көшім: Қазақ жерін өзінен басқа ешкім қорғамайды

24.12.2020

Кевин Хайнс: Еркектерден гөрі әйелдер суицидке бейім. Бірақ...

24.04.2021

Ташкентті жүгіріп өткенде

29.03.2021

Орынбасарының соты басталды, үкімді әкім күтеді

04.12.2020