Індет кезіндегі джип-сафари: Сапарбаев сөгіс ала ма?

Malim Админ

  • 07.07.2020

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Рысқұлов ауданында джип-сафари экспедициясын ұйымдастырған. Ол туралы Сапарбаевтың инстаграм парақшасында жазған.

«Рысқұлов ауданында алғаш рет джип-сафари экспедициясы өтті. Оған қатысқан танымал қонақтар, олардың ішінде отандық эстрада жұлдыздары, атақты спортшылар мен блогерлер Әулиеатаның киелі жерлерін аралады.
Джип-сафари әдеттегідей әсерлі әрі жоғары деңгейде өрбіді.
Экспедицияның ашылуында қонақтар назарына көне жәдігерлер, халық қолөнер бұйымдары ұсынылып, ұлттық салт-дәстүрлері туралы баяндалды.
Іс-шараға қатысушылар өңіріміздің климаттық, географиялық және геологиялық жағдайларының қолайлығына көңіл бөлді.
Екі мың жылдық тарихы бар Тараз қазақстандық және шетелдік туристердің орталығына айналуы тиіс. Әлемнің көптеген елдері бюджеттен елеулі қаражат бөле отырып, туристік жобаларды табысты жүзеге асырып келеді. Бұл орайда өңіріміздің әлеуеті жоғары. Джип-сафари экспедициясы ішкі туризмді дамытуда үлкен рөл атқаратынына сенімдімін. Аталған шара дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін болады
» деп жазады облыс әкімі.

Біздің елдегі кез келген басшылардың бір шара ұйымдастырса әншілер мен спортшы жұлдыздарды шақыратын әдеті бойынша Сапарбаев та салттан аттап өтпеген. Индира Расылхан, Сәкен Майғазиев, Кенжебек Жәнәбілов, Ринат Зайытов, Жанқош Тұраров сияқты елге танымал азаматтар джипп-сафаридің меймандары болған. Індет өршіп, елде карантин болып жатқанда Сапарбаевтың қылығын түсінер адам бар ма? Әй бірақ әншілер түсініп, тіпті, риза болған екен. Әкімнің мейманы болған Сәкен Майғазиев инстаграм парақшасында Сапарбаевқа рахмет айтқан. «Жамбыл облысында ішкі туризмнің дамуына ықпал ету, тарихи орындарына саяхаттау, тарихты тереңіне бойлатып, мәдени мұраларымызды қастерлеу және туристік нысандардың карантин кезінде туристерді қабылдауға дайындығынмен мүмкіндіктерін бағалау мақсатында ашық аспан аясында ұйымдастырылған "Джип-Сафари" экспедициялық турына қатысып қайттым.
Іс шара барысында «Рысбаева және К» ЖШС-ң қолөнер және кәдесый бұйымдарының және «Аспара» сән үйінің халықаралық брендті ұлттық үлгідегі киімдер көрмесін тамашаладық. Сондай-ақ, Жамбыл облысының танымал фотографы А.Қартабайдың фотокөрмесін көрсетті. Экспедициялық турдың маршруты киелі «Топағаш» тоғайы, «Арғынкөл» жағалауы және «Сұмқайтты» жазығын қамтыды. Осындай мүмкіншілік беріп, айтулы іс-шараның өтуіне қолдау білдіріп шақырған облыс әкімі 
@saparbayev_bm мырзаға айтар алғысым шексіз! Жамбыл өңірінде 3441 тарихи-мәдени құнды ескерткіштер сақталған. Оның ішінде Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан 5 нысан ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енген («Ақтөбе» (Баласағұн), «Өрнек», «Құлан», «Қостөбе» қалашықтары және «Ақыртас» сарай кешені), сондай-ақ ерекше қорғалатын 6 мемлекеттік аймақ («Берікқара», «Меркі», «Аңдысай», «Жусандала», «Үмбет», «Қарақоңыз») және 37 негізгі туристік нысандартуристер үшін өте тартымды. Осындай тарихқа толы өлкеміздің алдағы уақытта туристерді қабылдауға жоғары деңгейде дайын екенін айтқым келеді.
Киелі мекеннің абыройы асқақтай берсін жарайсыздар!», – деп жазады әнші.

Сапарбаевтың джипп-сафариіне келген қонақтарды Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаев қонақ қылып, күткен екен. Кеше белгілі кәсіпкер қайтыс болды. Азаттық радиосының журналисі Манас Қайыртай фейсбук парақшасында:

«Жамбыл облысы әкімдігі бір апта бұрын экспедиция ұйымдастырыпты. "Джип сафари" деп атапты оны. Ондаған көлік, қаптаған адам. Мұның тойдан не айырмасы бар? Әнші-блогерлер барған. Сапарбаев шақырып жатыр дегенге олар да ұшқан-ау. Өкініштісі, бүгін бір апта бұрын көп қонақты қарсы алған демалыс орнының иесі, кәсіпкер Сайрамбай Дөненбаев қайтыс болыпты...

Өткенде вице-премьер Тоғжанов халықты айыптады. Тығылып той жасайсыңдар деді. Солай болды, рас. Алыстан қонақ шақырып, экспедициялаған Бердібек әріптесіне ескерту айтсын Тоғжанов», – деп жазды.

Ел көңілі алаң, екі көзі төртеу боп отырғанда той жасамаса да, тойдан кем жасамаған Сапарбаев сөгіс ала ма? Бізде асып кетсе, сөгіс беруші еді ғой.

Байланысты жаналықтар

Сәкен Майғазиев жаңа қызметке тағайындалды

23.12.2020

Үкімет комиссиясы Қордай ауданына барды

08.02.2020

Сапарбаевтың орынбасарының лауазымы «Jas Otan»-да жыл сайын өсіпті

13.04.2021

Ноғаевтың жоспары қай жоспар?

13.10.2020

Мамин Сапарбаевтың інісін жаңа қызметке тағайындады

02.04.2021

Сапарбаев: «Карантин сайлауға кедергі болмасын»

09.12.2020
MalimBlocks
Сәкен Майғазиев жаңа қызметке тағайындалды

Үкімет комиссиясы Қордай ауданына барды

Сапарбаевтың орынбасарының лауазымы «Jas Otan»-да жыл сайын өсіпті

Ноғаевтың жоспары қай жоспар?

Мамин Сапарбаевтың інісін жаңа қызметке тағайындады

Сапарбаев: «Карантин сайлауға кедергі болмасын»