Сағынтаев мырза, 260 мың парацетамол кімге жетеді?

  • 08.07.2020
  • Malim Админ

Сағынтаев жұрт дүрбелеңге түсіп болған кезде, «дәрі-дәрмек нарығында дүрбелеңге жол жоқ» екенін айтып, мәлімдеме жасады. Алматы дәріханаларындағы тәулік бойы басылмайтын кезекті қала әкімдігі қалай тоқтатпақ? Алғашында мед.маска таппай табанынан тозған тұрғындар парацетамол мен аспирин іздеумен де аз сенделген жоқ.

"Сұранысқа ие препараттарға деген қажеттілікті тұрақтандыру үшін 1 шілдеден бастап дәріханаларға 475 мың дана әлеуметтік маңызы бар препарат, соның ішінде 260 мың парацетамол, 98 мың аспирин, 35 мың ингавирин, 22 мың азитромицин, 15 мың кардиомагнил және басқа да дәрі-дәрмектер түсті", -деп жазды әкім Facebook-та.

Оның сөзіне қарағанда сұраныс ерекше артып, тіпті, дәріханалар кіре беріске «парацетамол, аспирин... жоқ» деп жазып қоюға мәжбүр болған дәрілердің тоқтаусыз жеткізіліп жатқанын айтады.

Алматының бейресми тұрғыны 2,5 миллионнан еркін асып жығылатынын, оған сырттан келетін елдің де дәрі-дәрмекті мегаполистен іздейтінін есепке алсақ, Сағынтаевтың дәріханаларға жеткізіп жатқан парацетамолы мен қоймаға сақтап қойған аспирині жете қояр ма екен. О баста әр адамға үшеуден артық сатпаймыз дегенмен, көптеген дәріханалар «бір адам – бір парацетамол» «принципін» ұстанып жатқаны белгілі. Тіпті, бір адамға бір дәріден сатқанның өзінде, әкім айтқан 260 мың парацетамол мен 98 мың аспиринді қалай жеткізері тағы белгісіз.

Тағы бір айта кетерлігі, Сағынтаев дәрі-дәрмектің 1 шілдеден бастап «тоқтаусыз жеткізіліп жатқанын» айтады. Бірақ, бұған дейін аузын қу шөппен сүртіп отырған дәріханалардың «мүлде жоқ» деген сөзді «жаңа ғана таусылып кетті» немесе «кешке дейін келіп қалу керек» деген сөзбен алмастырғаны кеше ғана. Парацетамол таппай, дәріханалардың табалдырығын тоздырып жүрген ел әлі де жетерлік.

Соған қарамастан, Сағынтаев ешқандай дүрбелеңге жол бермеймін деп отыр. Сөйтсек, әлеуметтік маңызы бар дәрілер қоймаларда да сақтаулы тұр екен: «301 мың аспирин, 84 мың кардиомагнил, 73 мың парацетамол, 42 мың ибупрофен, 26 мың амоксиклав бар». Бұл дәрілерді «бір адам – бір дәрі» акциясымен сатқанның өзінде жұғынға жұқ болмасы анық. Мұны әкімнің өзі де біліп отыр.

"Күн сайын қаладағы 105 дәріханаға дәрі-дәрмек жөнелтіледі. Бірақ олар тез сатылып кетуде. Десе де, іркіліс болмайды. Шілде айының соңына дейін 1,2 миллион аспирин, 930 мың парацетамол, 350 мың ибупрофен, ингавириннің 100 мың қаптамасы, 80 мың азитромицин, 40 мың тамифлю және басқа да әлеуметтік маңызы бар дәрілер жеткізіледі", - дейді ол.

Дәрінің тапшылығын аяқ асты артқан сұраныс қана емес, дәрі нарығындағы дүрбелеңді (!) пайдаланған алыпсатарлар да асқындырып жіберді. Сағынтаев басқаратын қалада бұл мәселемен «құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Алыпсатарлар жазаланады» екен.

Ал, әкім қайдан алатынын нақты айтпаған миллиондап келетін дәрілер келгенше, алматылықтар бір-бір парацетамол мен аспиринді қанағат ете тұрады.

Байланысты жаналықтар

«Қайсарда» қазақша сөйлеуге тыйым салған. Әбдіқалықова оны біле ме?

31.10.2020

"Болашақ" түлегі: Әр адам шетелде оқып көруі керек

31.05.2020

MalimCinema. «Біздің аналар мен әкелер»: жеңімпазы жоқ соғыс

08.05.2021

Шымкенттік ұстаз «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

17.05.2021

Қ.Тоқаев: Үстел теннисі жеңіске жетеріне үміттімін

23.11.2020

Балуан әкім «мусорды» жеңе алмай жүр

03.09.2020