Алматыда жаңа әлеуметтік кодекс қызу талқыланып жатыр
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында бекіткен әлеуметтік кодекстің жаңа нормалары жергілікті жерлерде талқылаудан өтіп, түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл кодекстің жаңа нормалары шілде айының бірінен қолданысқа енеді.
Осыған орай, Алматы қаласы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау Комитетінің департаментінің басшылары, медициналық-әлеуметтік мекемелердің, халықты жұмыспен қамту орталығының жетекшілері, қалалық қоғамдық кеңестің өкілдері, қоғамдық ұйымдардың белсенділері әлеуметтік кодекстің жаңа нормаларын түсіндіру шараларын өткізуді бастап кетті.
Айта кетуі керек, жаңа әлеуметтік кодекстің жаңалығы көп: 2023 жылы толықтай қолданысқа енетін отбасының цифрлық картасы атаулы әлеуметтік көмек, зейнетақы төлеу жүйесін реттеу және жұмыспен қамту амалдарын жүйелендіріп бір ізге түсіреді. Осы ретте арнайы жиын өткізген Алматы қалалық Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов өз баяндамасында, кодекстің жаңа талаптары қала тұрғындарын қағазбастылықтан құтқарып, көмек көрсету амалдары мен көлемін яғни, адамның дүниеге келгеннен зейнеткерлікке шыққанға дейінгі бүкіл өмірлік циклін қамтыйтынын атап өтті.
Біз департамент басшысының баяндамасын шағындап, тұжырымдап ұсынғанды жөн көрдік.
Мәселен, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Отбасының цифрлық картасы іске қосылды.
Отбасының цифрлы картасы:
а) азаматтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне теңдей қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек
қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шараларын қарастыруға мүмкіндік алады;
ә) карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік санатына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы қызметін атқаратын болады;
б) мемлекеттік қолдауды проактивті форматта жүргізу көзделген. Яғни азаматтарға әлеуметтік төлемдер мен көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделіп тағайындалады. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылатын болады.
2023 жылдың қаңтарынан бастап әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтердің 10 түрін көрсету бойынша 59 мыңнан астам СМС-хабарлама жолданып, 38,2 мың адамға төлемдер тағайындалды, оның 5,6 мыңы проактивты форматта.
Бастапқы кезеңде мемлекеттік органдардағы ақпараттық жүйелердің деректері негізінде отбасылардың әл-ауқат деңгейі мен оларға тиісті мемлекеттік қолдау шараларын айқындау бойынша жұмыс жүргізілді.
Қазірдің өзінде цифрлық картада шамамен 6 млн. отбасы және 19 млн. оның мүшелері туралы деректер қамтылған, сондай-ақ «отбасы портреті» деп аталатын деректер қалыптастырылған. Карта деректері отбасы және оның мүшелері мәртебесінің өзгеруіне қарай жаңартылып отырады.
Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін әлеуетті алушыға СМС-хабарлама жіберіледі. Келісім алғаннан кейін – әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа түрлері тағайындалып, кейін алушының банк шотына аударылады.
Расын айту керек, осы күндері кейбір қала тұрғындары өздеріне тиесілі жәрдемақыларды ала алмай жүр. Оған себеп құжаттарын уақытында тапсырмайды. Немесе құжат тапсырудың ретін білмейді. Ал кеш тапсырылған құжат көп жағдайда әкімшілік қызметкерлерге қосымша жұмыс болып, жәрдемақы есептеуде салмақ түсіріп жатады. Отбасының цифрлық картасы азаматтарды осындай әуреден құтқарады.
Екіншіден, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетовтың баяндауынша, мұқтаж жандарға әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі өзгереді. Енді жан басына қарай норматив енгізіледі. Яғни әлеуметтік қызметтер мен қаражаттың барлық түрлері үшін Бірыңғай есептеу әдістемесі мен баға лимиті қойылады.
Бұл жаңалық оңалту қызметтерінің сапасын жақсартуға және қаражат бөлудегі ашықтықты реттеуі тиіс. Мәселен, бұрын ерекше күтім қажет ететін адамды күтуге арнайы дайындығы бар әлеуметтік қызметкер алынатын. Мұндай қызметкердің айлығы аз болатын. Айлық аз болған соң бұл мамандыққа көп адам бармайтын. Ал оңалтуды қажет ететін жанды көбінесе үйіндегі туысқаны, бауыры, ағайыны күтіп қарайтын. Әрине, олардың бұл қамқорлығына ақша төленбейтін. Және олар оңалту күтімін қажет ететін бауырын, туысын үйде тастап, жұмысқа шығып кете алмайтын. Енді, отбасындағы жұмыссыз жан оңалтуды қажет ететін бауырын, туысын күтуші ретінде жұмысқа тұра алады, жеке көмекшісі ретінде ресімделе алады.
Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдар үшін оңалтудың техникалық құралдарының тізбесін қайта қарау жоспарланып жатыр. Мемлекеттік көмек пен көмек алушының арасындағы байланыс орнап, дұрыс жүйе қалыптастыру мақсатын да мүгедектігі бар адамдарға порталда тауарлар мен қызметтердің уақтылы жеткізілмегені және сапасы туралы пікір жариялау құқығы беріледі.
Мұндай өтініштерді арнайы құрылған комиссиялар қарауы тиіс, олар әлеуметтік қызметтер порталында тіркелу мәселелерін шешеді.
«Алтын алқа» мен «Күміс алқа» мәртебесі анықталады
Үшіншіден, әлеуметтік қызметтің бала күтіміне қатысты жаңалығы да бар.
Бала күтімі бойынша төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарды.
Ал «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған аналарға наградталған ана мәртебесін берілмек және оның жәрдемақы мөлшері ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап сараланады. Сонымен қатар, асыраушыларынан айырылған отбасыларға төленетін жәрдемақылардың мөлшері тағы 14,5% - ға ұлғаймақ (бұрынғымен салыстырғанда өсім 23% -. құрайды). Алматы қаласында бүгінде 26 мыңнан астам көпбалалы ана тұрады. Оның ішінде бес мыңға жуығы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері.
Сондай-ақ, биыл қаңтар айынан бастап 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің орнына ақша беру жүйесі енгізілді.
Бұрын әлеуметтік көмектің осы түрі азық-түлікпен жүретін. Бұл қоғамда біраз дау тудырды. Өйткені, әлеуметтің азық-түлікті алушылардан шағым көп болатын. Біріне ақ нан ұнамайды, екіншісіне ұнның сорты жақпайды дегендей. Енді әр балаға 5 мың 175 теңге немесе 1,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша берілмек. Жалпы, Алматы қаласында 7,5 мыңнан астам балаға осындай көмек көрсетіліп келеді.
Төртіншіден, әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелері жаңаша жетіледі. Мәселен, қазіргі зейнеткерлер үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы ұлғаймақ. Сондай-ақ, еңбек зейнетақысының мөлшерін есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін немесе орташа жалақының 70% - на дейін көбеймек. Өз жинақтары есебінен зейнетақы қалыптастыратын болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілердің қосымша зейнетақы жарналары енгізілмек. Сондай-ақ олардың зейнетақы активтерін басқару құқықтары кеңейтілді.
Негізі қолданыстағы жүйеге зейнеткерлердің 3 санаты кіреді.
Алматы қалалық Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаменті мамандары 3 санаттағы зейнетақының өзгеруін былай түсіндіреді:
-1998 жылға дейін және 1998 жылдан кейін зейнетке шыққандар зейнетақының негізгі бөлігін мемлекеттен алады. 2038 жылдан кейін зейнеткерлік жасқа жететін болашақ зейнеткерлер өздері жинаған жарнадан зейнетақы алады.
Жақын арада зейнетақы жүйесінің негізгі проблемалары 1998 жылғы 1 қаңтарға еңбек өтілінің төмендеуіне байланысты мемлекеттен төленетін зейнеткерлік жасқа толған адамдардың ынтымақты зейнетақысының мөлшерін азайту, сондай-ақ болашақ зейнеткерлерде зейнетақы активтерінің жеткіліксіздігі болады.
Осыған байланысты үкімет:
1) зейнеткерлердің бірінші және екінші санаттары үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап:
* базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% - дан 60% - ға дейін көтерілді. Базалық зейнетақыны арттыру 2028 жылға дейін жүргізілетін болады, базалық зейнетақы мөлшері 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге арттырылатын болады.
*зейнеткерлік жасқа толған азаматтар үшін 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне байланысты тағайындалатын зейнетақы мөлшері 55 еселенген айлық есептік көрсеткішке (бұрын 46 АЕК) тең табыс сомасынан есептеле бастады.
* нәтижесінде ағымдағы жылы орташа зейнетақы мөлшері 120 мың теңгеден асты, бұл орташа жалақының (міндетті зейнетақы жарналарын төлеу бойынша есептелген) 50% -. құрайды.
2) 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап үшінші санат - болашақ зейнеткерлер үшін жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізілетін болады. Бұл шара азаматтардың зейнетақы активтерінің мөлшерін ұлғайтуға бағытталған.
3) жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушыларға зейнетақы жинақтарының 50 пайызынан аспайтын бөлігін зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компанияларға беру және осындай компанияны өз бетінше таңдау құқығы беріледі.
Жалпы, Алматы қаласында бүгінде 250 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Яғни, қала басшылығы үшін зейнеткерлердің қолайлы өмір сүруі, сапалы азық-түлік пен медициналық қызмет көруі басты мәселенің бірі.
Бесіншіден, жаңа әлеуметтік кодекс Алматы тұрғындарын жұмыспен қамту саласындағы жаңа тәсілдерге есік ашуға, жаңа еңбек нарығына бет бұруға, еңбек нарығындағы кедергілерді азайтуға; цифрлық жұмыспен қамту орталықтарын қалыптастыруға жол ашпақ.
Жалпы, цифрландыруға қатысты әңгіме Алматы қаласында қызу жүріп жатқанын ашық айту керек. Қоғамдық кеңес өкілдері әлеуметтік саланы цифрландыру мәселесін қолдап отыр.
Ал Алматы қаласындағы Еңбек саласы мәселелері бойынша еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Еркінбек Әмірғалиев еңбек ұжымдарымен кездесу өткізгенде жұмыспен қамтудың икемділігі талқыланып жатқанын айтады. Жұмыспен қамтудың икемділігін ол былай түсіндіреді:
«Мысалы, жұмысқа бірлесіп орналасу. Жұмыс берушіге бір қызметтің атқарылғаны керек. Сол қызметті орындауға бірлескен жұмысшыларды алу. Немесе, жылжымалы жұмыс кестесін орнықтыру. Яғни, аптаның әртүрлі күндерінде жұмыс кестесінің әр түрлі ұзақтығымен жұмыс істеу. Жұмыс беруші мен жұмысшының келісімі бойынша, төрт күндік жұмыс аптасы, бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасынан ауысу құқығын енгізу. Әлеуметтік кодекстің жаңарған формасында осындай мүмкіндіктер көп».
Кеңес қорытындысы бойынша аудан әкімдіктеріне әлеуметтік кодексте көрсетілген жаңалықтарды мұқият зерделеу, әлеуметтік Кодекс бойынша түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысу және азаматтардың әлеуметтік сауалдарына жедел ден қою, әлеуметтік төлемдерді уақтылы жүргізу, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға оңалту құралдары мен қызметтерін ұсынғаны үшін өнім берушілерге ақы төлеу тапсырылды.