Батыс Қазақстан облысында жантүршігерлік жол апаты салдарынан жарақат алған төрт адамның жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Malim.kz.
БҚО денсаулық сақтау басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, барлық пациент дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Ем-шаралар толық көлемде жүргізіліп жатыр.
Он үш жастағы ұл бала Ақжайық аудандық ауруханасынан облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 17 қараша күні сағат 21.40-та жеткізілді. Жабық бас-ми-жарақатына қоса оның миы шайқалған. Төбе тұсындағы жұмсақ тіндерінің жарақаты бар.
Сол мезгілде облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген 1 жасар қыздың да жабық бас-ми жарақатымен бірге миы шайқалған. Сол жақ сан сүйегінің кіші бұдыры сынған.
Бұлардың екеуінің де жағдайы орташа ауыр.
23 жастағы әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін Ақжайық аудандық ауруханасында ота жасалып, талағы алып тасталған. Жабық бас-ми жарақатына қоса миы шайқалған. Сондай-ақ құрсақ қуысында, сол жақ шынтағының буынында және оң жақ санында жарақат бар. Жағдайы тұрақты.
- 24 жастағы ер адам белінің төменгі бөлігінен, сол жақ жамбас-сан буынынан жарақат алған. Науқасқа амбулаторлық ем тағайындалып, баласының қасында болу үшін облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жіберілді. Жағдайы қанағаттанарлық, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жол апатынан 8 адамның көз жұмғанын жазған едік.