Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Алғабас ауылында таңертең жеке үйден шыққан өрттен 12 адамның, оның ішінде 9 баланың қаза табуы бүкіл елді дүр сілкіндірді. Қайғылы оқиғаның алдында отбасы той жасап, жақындарымен бас қосқан екен, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Көршілерінің айтуынша, бұл отбасы бір күн бұрын сүндет той өткізген. Үй иесінің үш ағайынды екені, олардың бірі осы үйде, бірі жолдың арғы бетінде, үшіншісі көрші ауылда тұратыны белгілі болды.
Көрші Қайырберген Божымбетов оқиға сәтін былай деп еске алды:
"Кеше той болған жанұясында. өзі 3 ағайынды біреуі осында, екіншісі жолдың арғы бетінде, үшіншісі көрші ауылда тұрады. той жасаған бір бауыры осында қалған. осындай жағдай блоып отыр. Келіншек үйіме келді айқайлаған дауысы. мен жүгіріп шықтым. Әпке маған жәрдем беріңізші үй өртеніп жатыр деп. қып-қызыл от боп жанып жатыр екен ешкімді құтқара алмадық", – дейді көршісі Қайырберген Божымбетов.
Оның айтуынша, ол өзі мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Таңертең шамамен 07:30-да жұмысқа бара жатқанда, қайғылы оқиға болған үйдің маңында жедел жәрдем мен өрт сөндіру көліктерінің көп тұрғанын көрген.
"Маған өрт сымдардан шыққанын айтты, газ жарылғанын естіген жоқпын. Қазір жұмыстан қайтып келсем, тергеушілер мені өртенген үйге кіргізді. Ішке кірсем, үйден ештеңе қалмаған барлығы толықтай жанып кеткен", – деді көршісі.