Пневмониямен ауырып жатқандарға оттегі жетіспейді

Елнұр Бақытқызы

  • 09.07.2020

 Қазақстанда коронавирус індеті неге өршіп кетті? Коронавирус жұқтырған адам қалай емделуі керек? Қандай дәрілерді ішіп, қайсысын ішпеген дұрыс? Осы және басқа сұрақтарды Отбасы дәрігерлері қауымдастығының оқытушысы, дәрігер Елена ХЕГАЙҒА қойдық.

"Билік те, халық та карантиннен шығуға дайындық жасамады"

– Елде коронавирус анықталғандар 53 мыңнан асты. Денсаулық сақтау министрлігінің 8 шілде күнгі дерегінше, пневмонияға шалдыққан 40257 адам ауруханада жатыр, оның 30 734-інің ПТР нәтижесі теріс.  Осыған қарап, ахуал бақылаудан шығып кетті деуге бола ма?

– Меніңше, ахуал бақылаудан шыға бастады. Науқастар, оның ішінде пневмонияның ауыр түрімен ауыратындар алдағы күндері көбейе беретін болса,  нағыз ауыр ахуалға тап боламыз. Өйткені стационардағы науқастар ең алдымен қандай ем алуы керек? Бұл антибиотикпен де, гормонмен де емдеу емес, науқастарды әуелі оттегімен тыныс алатын құралдармен қамтамасыз ету керек. Біздегі стационарлар барлық науқасты оттегі баллондарымен қамтамасыз ете алмайды. Ең басты мәселе осы. Қазір Halyk Arena, тағы басқа жерлерді стационарға айналдырып, науқастарды жатқызбақ. Бірақ бұл стационарлардың науқастарды емдеу мүмкіндігі шектеулі болмақ. Өйткені пневмониямен ауырып жатқандарға оттегі керек, ал ондай стационарларда оттегі беру мүмкіндігі болмайды.

– Бұл стационарларға оттегі баллондарын жеткізуге болмай ма?

– Біздегі стационарлар негізінен ауыр науқастарға арналмаған. Шетелдегі стационарлардың төсек орындарының бәрі оттегі, қажет құрал-жабдықтармен қамтылған. Өйткені шетелде стационарларға тек ауыр науқастарды жатқызады. Әлбетте, бізде де ауыр жарақаттанған, операцияға жататын науқастарға арналған төсек орындар бар. Бірақ елдегі стационарлар негізінен жоспарлы түре ауруханаға жататын науқастарға арналған. Дамыған елдерде жоспарлы түрде жылына бір-екі мәрте ауруханаға жату деген түсінік мүлде жоқ. Стационарға тек ауыр науқастар жатады, сол себепті әр төсек орын арнайы құралдармен жабдықталған.

– Індет өршіп, ел ішіне әбден тарап кетті. Мұндай жағдайда екі апталық карантиннің пайдасы бола ма?

Жұқпалы ауруларға келгенде, қатаң карантин шаралары қашанда да тиімді. Бұл бұлжымас қағида. Бізде наурыздағы карантин шаралары өз нәтижесін берді, сол уақытта аурудың өршуіне жол бермеді. Бірақ билік те, халық та карантиннен шығуға дайындық жасамады. Негізгі қатеміз осы. Халыққа карантиннен қалай шығу керектігі айтылмады, билік карантинді не үшін енгізгенін халыққа дұрыстап түсіндірмеді. Денсаулық сақтау министрі, тағы бірен-саран шенеунік шығып, ара-кідік түсіндіріп жатты. Бірақ меніңше, халықпен ресми терминдермен емес, түсінікті, қарапайым тілде сөйлесу керек. Карантин не үшін енгізілді, осының бәрін нақты мысалмен көрсету керек еді. Яғни "қатаң карантин енгіздік, ұзартуымыз мүмкін, бірақ қазірден бастап карантиннен шығуға дайындала бастайық, қоғамдық орындарда маска тағу, арақашықтықты сақтау, қолды жиі жуу карантиннен кейін де жалғасып, әдетке айналуы тиіс" делінуі керек еді. Не үшін? Қоғамдағы әлсіз топтарды қорғау үшін. Содан кейін шектеулер біртіндеп алынуы керек еді. Шектеуді алып тастаған соң, науқастар көбейетіні түсінікті. Дегенмен әрқайсымыз қарапайым санитарлық талаптарды сақтасақ, індеттің таралуын тежей алар едік. Карантин біткен соң, өмір бұрынғыдай болмайтынын,  отбасы шаралары, бұқаралық іс-шараларын өткізу, қыдыру, адамдармен кездесуге болмайтынын наурыз айынан бастап айтып отыру керек еді. Өйткені біз қазір көзге көрінбейтін жаумен алысып жатырмыз.

Шетелде халыққа карантиннен шыққан соң, өмір бұрынғыдай болмайтыны, сақтанып жүру керектігі түсіндірілді. Әлбетте, ол жақтағы халық бастапқыда оған көнгісі келмеді, тіпті қарсылық акциясына шыққандар болды. Бірақ мұны тұрақты түрде, үнемі жұртқа түсіндіріп отырса, бұл бәрібір жемісін береді. Тіпті қазірдің өзінде ауру өршіп кетсе де, билік халықпен осы тақырыпта сөйлесіп, маска тағып, арақашықтық сақтау керектігін түсіндіруі керек. Ал қазір халық осы қарапайым шараларды сақтамайтынын, масканы иегіне ғана тағып алып жүретінін көріп отырмыз. Күн ыстық болса да, маскамен тыныс алу қиын болса да, оны дұрыс тағу керек! Масканы дұрыс тақсақ, өзіміз бен туған-туыстарымызды қорғаймыз. Әрқайсымыздың отбасымызда тәуекел тобындағы адам бар.

Жер-жерде адамдар қайтыс болып жатыр, әлеуметтік желі қаралы хабарға толып кетті. Хаос жайлап, адамдар дәрі іздеп жүр. Дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшы. Шын мәнінде, мұның алдын алуға болар еді. Әлі де ахуалды реттеуге кеш емес. Ол үшін жоғарыда айтқанымдай, маска тағып, арақашықтық сақтап жүру керек. Маска сатып алуға мүмкіндік болмаса, ескі киімнен-ақ тігіп алып, оны жуып, үтіктеп, қайта пайдалануға болады.

"Бәріне бірдей КТ жасау керек емес"

–  Дене қызуы көтеріліп, аурудың қандай да бір симптомдары пайда болған науқастар аурухана аралап, өкпесін компьютер томографиясына түсіріп, кезекте тұр. Өкпені компьютер томографиясына түсірмей-ақ немесе ПТР тестен өтпей-ақ коронавирус жұқтырғаныңды анықтауға бола ма?

 Бәріне бірдей КТ жасау қажет емес. Шын мәнінде, КТ ауруханаға түскен жатқан науқастарға жасалады. Дәрігер ауруханаға науқастың өкпесінің қанша бөлігіне зақым келгенін КТ арқылы анықтайды. Емханада немесе үйде емделгенде КТ-ға түссе, симтомы бар және симптомы жоқ науқастардың өкпесінен белгілі бір өзгеріс байқауға болады. Бұл ағзада вирус бар дегенді білдіреді. Бірақ бұл тыныс алуға әсер етпеуі мүмкін. Біздің ағза өзін-өзі реттейтін жүйе. Сондықтан өкпедегі аздаған қабынуды зақым келмеген өкпенің қалған бөлігі қалпына келтіре алады. Өкпедегі аздаған өзгерісті адам байқамайды, одан тыныс алу жиілігі өзгермейді, ентікпе пайда болмайды, оттегі сатурациясы төмендемейді.

Қазіргі кезде жұқпалы аурудың кез келген симптомы: жөтел, дене қызуы көтерілсе, жүрек айнып, іштің өтсе, мұны коронавирус инфекциясы деп қабылдау керек. Бүкіл әлемдегі тәжірибе осындай. Әлемегі ешбір елдің бүкіл халыққа коронавирусқа тексеретін тест жасауға немесе КТ-дан өткізуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан ең алдымен науқастың симптомдарына қарайды. Дамыған елдердің ешқайсысында азаматтар біздегідей өз бетінше, дәрігердің тағайындауынсыз КТ-дан өтіп немесе ПТР тестке бара алмайды. Бізде жөтел пайда болса немесе дене қызуы көтерілсе, адамдар аурухананы аралап, кезекте маскасыз тұрып, басқаларға ауру жұқтырады. Әлемжеліде КТ, ПТР тест немесе дәріханаларға ұзын-сонар кезектің суреттері қаптап жүр. Сол кезекте коронавирус инфекциясымен ауыратын адамдар тұрғаны белгілі. Сол адамдармен бір кезекте тұрып, инфекцияны жұқтыруың мүмкін. Қазір дәрігерден кеңес алу қиын, адам өзінде коронавирус бар-жоғын анықтағысы келетінін түсінемін, бірақ пандемия кезінде ауру адамның бұлайша көше кезіп, кезекте тұрғаны жауапсыздық. Яғни ауру белгілері бар ма, ары-бері жүрмей, үйде отыру керек. Науқастардың үйде оқшауланбай, ары-бері жүруі індеттің жаппай таралуына әкеп соқтырды.

Біз де шетелдегідей КТ пен ПТР тестті тек дәрігердің рұқсатымен өтуіміз керек. Соның арқасында қаптап тұрған кезек сейілер еді. Маған қаралуға келетін науқастардың көпшілігі КТ нәтижесін алып келеді, онысы таза болып шығады. Немесе кейбір жұмыс берушілер ПТР тест я болмаса КТ нәтижесін сұрайтын көрінеді. Бұл да негізсіз. КТ немесе ПТР коронавирустан құлан таза екеніңізді көрсетсе де, ұзын-сонар кезекте тұрған сап-сау адам вирус жұқтырып алуы мүмкін.

[caption id="attachment_5464" align="alignleft" width="1024"]Дәріханаға кезек Дәріханаға кезек Фото; Тимур Батыршин, Sputnik[/caption]

– Дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болды делік. Ондай адам үйде қалай емделуі керек?

Біріншіден, коронавирус – жедел распираторлы вирустық инфекция екенін түсіну керек. Яғни басқа вирустар секілді сол вирусқа қарсы бағытталған арнайы ем жоқ. Сондықтан үйде тек симтомға байланысты ем жасалуы керек. Бұл дұрыс тамақтану, дұрыс ұйықтау және жылы суды көп ішу. Егер дене қызуы қатты көтерілсе немесе дене қызуы сәл көтерілсе де, адам өзін жайсыз сезінсе, парацетомол, ибупрофен сияқты дене қызуын түсіретін дәріні күніне үш мәрте бір таблеткадан ішуге болады. Ең бастысы, науқас ауырып қалған күннен бастап симтомдарды түртіп отыратын күнделік жүргізуі керек. Ол күнделікті күніне екі мәрте толтыру керек. Қарт адамдардың симптомдарын күніне 4-5 мәрте жазып отырған жөн. Яғни тыныс алу жиілігі, дене қызуы, әлсіздік, бас ауруы осының бәрін 0-ден 10-ға дейінгі шкала бойынша бағалап отырған абзал. Сол күнделікке қарап, адамның хал-жағдайы нашарлаған-нашарламағанын байқауға болады.

"Антибиотиктер мен дексаметазон иммунитетті әлсіретеді"

– Әлсіздік, бас ауруы тәрізді коронавирус симтомы бар адамдар әлеуметтік желідегі топтарда, Telegram-дағы дәрігерлердің каналынан көмек сұрап жатыр. Топтардағы жұрт немесе дәрігерлер науқастарға қандай дәрі ішу керектігін айтып, жазып жатыр. Әлеуметтік желідегі мұндай топтарға қаншалықты сенуге болады?

– Отбасы дәрігерлері қауымдастығын да осы топтарға қатысуға шақырды. Біз ол топтарда науқастарға қандай ем тағайындалатына қарап, оларға кіруден бас тарттық. Бұл ем қауіпсіздік пен тиімділік сияқты талаптарға мүлде жауап бермейді.

Отбасы дәрігерлері қауымдастығы да онлайн кеңес береді. Бірақ біз қашанда да тиімділігін дәлелдеген, халықаралық тәжірибеге сүйенеміз. Біз көптеген елдердің емдеу хаттамаларын зерттедік. Көптеген әдебиет оқыдық. Сондағы түсінгеніміз, бізде тағайындалатын көп препараттың коронавирусқа мүлде қатысы жоқ. Бізде тым көп дәрі тағайындалады. Бұл бір. Екіншіден, емдеу тәсілі дәлелді медицина приницптеріне қайшы. Былайша айтқанда, кооронавирус – бұл вирусты инфекция. Ал әлемжеліде кеңінен тарап жатқан емдеу схемаларында дәрігерлердің кемінде екі-үш антибиотик тағайындап жатқанын байқауға болады. Қайсыбіреуі тіпті жамбасқа салынады немесе көктамырға құйылады, ал үйде ем алатындарға оны мүлде салуға болмайды. Әдетте көктамыр арқылы құйылатын дәріні тек өз бетінше дәрі іше алмайтын немесе өкпені жасанды желдететін аппаратқа қосылған науқастарға ғана тағайындайды. Қалған науқастар дәріні өздері ішуі керек. Бізде бәрі керісінше, бактерияға қарсы препараттардан бөлек вирусқа қарсы екі-үш дәріні жазып береді. Мысалы, олардың ішінде осельтамивир, яғни гриппке қарсы дәрі жүр. Шілдеде грипп вирусы бізде мүлде жоқ. Тіпті ұшыққа қарсы қолданылатын ацикловирді жазып беретін дәрігерлер бар. Барлық дәрінің теріс әсері бар, ал бірнеше дәріні жазып берсе, ол тіпті теріс әсер етіп, бауыр мен бүйректі құртады. Яғни ол дәрілердің коронавирусқа қарсы ешқандай әсері жоқ, есесіне басқа органдарға әсер етеді. Медицинаның ең бірінші қағидасы "ешкімге зиян тигізбе". Демек, пайдасы жоқ, кесірін тигізетін мұндай ем тағайындалмауы керек. Ал стационарда науқастың халі нашарласа, оны құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін  жасап көруге болады. Яғни науқас ауыр халде болса ғана ондай емге рұқсат етіледі.

Антибиотиктер иммунитетті құртады, екіншіден, қазір резервтегі антибиотиктер қолданылып жатыр. Бұл айрықша жағдайда ғана, өмірге үлкен қатер төнгенде қолданылатын препараттар. Әлемде оны ешкім қолданып жатқан жоқ. Бұл антибиотиктер вирусты емдемейді, бірақ флора оларға үйреніп қалады. Сонда күзде тұмау маусымы немесе бактериалды пневмония басталғанда оны немен емдейміз?  Былайша айтқанда, бұл туберкулез бен өмірге қатер төндеретін инфекцияларға қарсы қолданылатын препараттар. Ал біз оны вирусқа қарсы қолданып отырмыз. Біз алдағы уақытта мұның салдарын тартамыз. Антибиотиктерге үйреніп қалған соң ол әсер етпейді, сөйтіп, жұрт ендігі жерде коронавирустан емес, қатардағы инфекциядан көз жұмуы мүмкін. Бұл антибиотикке төзімділік деп аталады. Ең жаманы, ол адамнан адамға беріледі.

– Сондай-ақ желіде дексаметазон іздеп жатқан жұрт көп.

Әлемдегі тәжірибе үйде немесе емханаға барып қаралып жүрген науқастарға дексаметазон көмектеспейтінін, керісінше теріс әсер етуі мүмкін екенін көрсетті. Тек өкпені жасанды желдететін аппаратқа қосылған науқастарға ғана дексаметазон көмектескен. Гиперцитокинемия, яғни иммунитет ауруға төтеп беремін деп қанда цитокиндер күрт өсіп, иммуниет сау органдар мен жасушаларды бүлдіре бастағанда, дексаметазон құйылуы мүмкін. Неге десеңіз, дексаметазон мен басқа гормондар иммунды жүйенің жұмысын баяулатады. Науқастардың 80 пайызы вирустан өз бетінше, ешқандай дәрі-дәрмексіз емделе алады. Дексаметзонды жаппай жазып берсе, бұл адамның иммунитетін құртады. Үйде жатып немесе емханаға барып емделетіндерге дексаметазон берілмеуі керек. Ондай гормандарды жазып беретін дәрігер науқасты үнемі бақылап отыруы керек.

– COVID-19 диагностикасы мен емдеу хаттамасына жақында толықтыру енгізілді. Енді амбулаториялық емдеуде гидроксихлорохин мен лапинавир/ританавир қолдануға рұқсат етілді. Бұған қалай қарайсыз?

– Мұнымен үзілді-кесілді келіспеймін. Өйткені бұл препараттардың жағымсыз әсері көп. Мысалы, гидроксихлорохин жүрек жұмысына, ал лапинавир мен ританавир асқазан, ішек жұмысына кері әсер етеді. Лапинавир мен ританавирден жүрек айнып, іш өтуі мүмкін. Бұл препараттар басқа вирус түрлеріне қарсы ойлап табылды, сондықтан коронавирусқа қарсы тек сынақ түрінде қолданылып жатыр. Науқасқа бұл дәрі тек эксперимент түрінде қолданылатыны, тиімді-тиімсіздігі белгісіз, жағымсыз әсері бар екені түсіндірілуі шарт. Мұндай дәрі-дәрмек ішетін науқастарды жіті бақылап, дәрінің теріс әсерін түртіп жазып отыру керек. Ал енді амбулаторлық жағдайда оларды кім бақылайды? Жағымсыз әсерін кім тіркеп, есеп береді? Онсыз да жұмысы көп учаскелік дәрігерлер оны қалай бақылайтыны миға қонбайды. Дәрігер ретінде өзім мұндай дәрі ішіп отырған адамның халі сол препараттан нашарлады ма, әлде ауруы асқынып жатыр ма, оның ара-жігін қалай ажырататынымды білмеймін. Қызығы, наурыз айында вирус анықталғандардың бәрін жаппай привозор орталықтарына жатқызғанда, симптомсыз науқастарды да осы дәрі-дәрмекпен емдеген. Сол уақытта көптеген адамдар маған хабарласып, симптомсыз науқастарды мұндай дәрі-дәрмекпен емдеу қаншалықты қисынды деп сұрады. Сұрақ көп, жауап жоқ. Өз басым бұл дәріні бергенді қолдамаймын.

– Әр үйде коронавирусқа қарсы қандай дәрі болуы керек?

– Қатардағы вирус инфекциясына қарсы қандай дәрі қолданылса, коронавирусқа қарсы дәрі қобдишасында дәл сол дәрілер болғаны дұрыс. Неге десеңіз, коронавирусқа қарсы нақты ем жоқ. Симптомдарды басу үшін парацетамол, ибупрофен болғаны дұрыс. Сондай-ақ жүрек айнуы, диарея кезінде регидрон ішуге болады. Егер регидрон таппасаңыз, оны үйде бір литр суға бір шай қасық тұз бен қант қосып жасауға болады. Сонымен қатар дене қызуын өлшейтін градусник және ағзадағы оттегі сатурациясын өлшейтін пульсоксиметр болғаны дұрыс.

– Иіс сезбей қалған жұрт не істеу керектігін сұрап жатыр. Әлеуметтік желіде оларға ас содасын ыстық суға ерітіп, соның буымен демалыңдар деп кеңес беріп жатқандар бар. Бұл қаншалықты дұрыс?

Иіс сезу қабілеті жоғалса, сода немесе спирт буымен демалып, ингаляция жасап керек емес. Ол тыныс алу жолдарын күйдіріп жіберуі мүмкін. Одан іс сезу қайтып келмейді. Иіс сезу неге жоғалады? Өйткені вирус жүйке жүйесінің жұмысына әсер етеді. Жүйке жасушылары өз бетінше қалпына келеді, сондықтан күту керек. Әр адамға иіс сезу түрлі уақытта қайтып келеді, бірі бірнеше күннне кейін, енді бірі бірнеше аптадан кейін иіс сезе бастайды. Өкінішке қарай, желтоқсан айында вирустың бірінші толқынында иіс сезу қабілетінен айырылып, әлі күнге дейін иіс сезбей отырған адамдар баршылық.

– Біз індеттің шарықтау шегін өтіп кеттік пе? Індет қашан аяқталады?

Індеттің шарықтау шегінен әзірге өтпедік. Індеттің ары қарай қалай өрбитіні бізге байланысты. Неғұрлым тез жауапкершілікті сезініп, сақтық шараларын ұстансақ, жағдай соғұрлым тез түзеледі. Асылы, вакцина ойлап табылғанға дейін көпшілігіміз вируспен ауырып шығамыз. Бірақ мақсат денсаулық сақтау жүйесіне бір мезетте көп салмақ салмау үшін бір мезгілде неғұрлым аз адам ауыруы керек, бір мезгілде көп ауыр науқас болмауы керек, сонда оттегі баллондары жетеді. Біз екінші мәрте қатаң карантин енгізген жалғыз елміз. Карантинді әлсіретіп еді, адамдар маска тақпай кетті, көп адам қатысатын шаралар өткізді. Сондықтан ең алдымен өзіміздің сана сезіміміз өзгеруі керек.

СҰХБАТТЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!

Байланысты жаналықтар

Қатаң карантинді екінші рет енгізген жалғыз елміз

05.07.2020

Үкімет ай қарап отыр ма: 187 мың науқастың көз жасы

29.07.2020

Бүгін Нығматуллин, ертең кім?

17.06.2020

Нұрымбетов Көлгіновтен асып түсейін деп тұр

13.05.2020

Коронавирустан қайтыс болғандар 60-тан асты

10.06.2020

Коронавирусқа шалдыққан шенеуніктер

11.03.2020
MalimBlocks
Қатаң карантинді екінші рет енгізген жалғыз елміз

Үкімет ай қарап отыр ма: 187 мың науқастың көз жасы

Бүгін Нығматуллин, ертең кім?

Нұрымбетов Көлгіновтен асып түсейін деп тұр

Коронавирустан қайтыс болғандар 60-тан асты

Коронавирусқа шалдыққан шенеуніктер