Арон Атабек ауырып қалды ма?

  • 30.07.2020
  • Malim Админ

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Шаңырақ ісі бойынша 18 жылға сотталған Арон Атабек (Арон Едігеев) ауырып қалды деген хабар алғанын жеткізді.

"Аронмен бір түзеу мекемесінде отырған тұтқынның туысы хабарласып, Арон Атабек ауырып қалғанын хабарлады. Бірақ қандай ауруға шалдыққаны белгісіз, ол жайлы ақпарат жоқ. Маған жеткен бұл хабардың рас-өтірігін де білмеймін. Өйткені маған хабарласқан адамды танымаймын. Алайда қазір қамау орындарда тұтқындар ауырып жатыр. Макс Боқаев өзі отырған мекемедегі қызметкерлер мен тұтқындардың 40 пайызы коронавируспен ауырып шыққанын айтты. Алматы түбіндегі Заречный колониясында жаза мерзімін өтеп жатқан Алмат Жұмағұлов та ауырып жүр. Онымен бірге сотталған Кенжебек Әбішев түрмеде ем алып жатыр. Таяуда оған өзім дәрі-дәрмек жібердім. Сондықтан Арон Атабек те ауырып қалған болуы мүмкін. Өйткені елде эпидемия жүріп жатыр", - дейді құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

Malim kz Арон Атабек жаза мерзімін өтеп жатқан Павлодар қаласындағы АП162/1 түзеу мекемесіне хабарласты. Телефон тұтқасын көтерген Адель Бисенғалиева есімді қызметкер Арон Атабектің денсаулық жағдайы туралы ақпарат алуымыз үшін түзеу мекемесінің басшысына ресми сұрақ жолдауымызды сұрап, ақпарат беруден бас тартты.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина А.Атабектің хал-жағдайын білуге адвокат жіберген күннің өзінде оны түзеу мекемесіне кіргізбейтінін айтты. "Сол себепті әлеуметтік желі арқылы омбудсмен Эльвиза Азимовадан Арон отырған түзеу мекемесіне хабарласып, Аронмен тікелей видеобайланысқа шығып, оны жұртқа көрсетуді сұрадым", - дейді құқық қорғаушы.

"Арон Атабек 67 жаста, түрмеде отырғанына 14 жыл болды. Бірақ ол еш уақытта шағымданбайды. Өте намысқой, абыройын биік ұстайтын азамат. Бәлкім, далаға шығып қыдырып жүргенде жөтелгенін тұтқындардың бірі көріп қалып, маған жеткізуді сұраған шығар. Әйтпесе Аронның өзі еш уақытта ауырып қалдым дейтін азамат емес", - дейді Б.Төреғожина.

Біз Арон Атабектің қызы Айдана Айдарханға хабарластық. Айдана Айдархан әкесі ауырып қалды деген хабарды естіген бетте түзеу мекемесіне хабарласқанын айтты. Бірақ ондағылар Айдана Айдарханға кейінірек хабарлас депті. Кейін Айдана Айдархан әлеуметтік желідегі парақшасында түзеу мекемесінің санитарлық бөліміне хабарласқанын, ондағылар әуелі ешқндай ақпарат жоқ деп тұтқаны қоя салғанын жазды. "Екінші мәрте хабарласқанда тұтқаны алған медбике санитарлық бөлімнің барлық қызметкері ауырып қалып, денсаулығына байланысты демалысқа кеткенін, ал өзі онда жұмыс істемейтінін, тек бір адамның орнына шыққанын айтты. Сонда Аронды кім қарады? Оның денсаулық жағдайын қанағаттанарлық деп бағалаған кім? Павлодардың қылмыстық атқару жүйесі департаменті бүгін ғана денсаулығын тексердік деді ғой. Аронға менімен, журналистермен және құқық қорғаушылармен видеобайланысқа шығуға мүмкіндік беруді талап етемін", - деп жазады Айдана Айдархан. Начало формы

Б.Төреғожинаның әлеуметтік желідегі жазбасына жауап қалдырған Қылмыстық атқару жүйесі комитеті "Павлодар қылмыстық атқару жүйесі департаменті мәліметі бойынша, Арон Едігеевті дәрігер 29 шілде күні қарағанын, Арон Едігеевтің дене қызуы мен басқа симптомдары болмағанын жазыпты. "Қазіргі кезде Арон Едігеевтің жағдайы қанағаттанарлық, шағымдары жоқ", - делінген жауапта.

Б.Төреғожина Арон Атабектің денсаулығы туралы жазбаны бүгін, шілденің 30-ы күні жаза тұра, қылмыстық атқару жүйесі неліктен 29 шілдедегі мәліметті келтіріп, жауап бергеніне таң. "Сіздер маған Аронның денсаулығы туралы хабар түсетінін алдын ала біліп, оны дәрігер бір күн бұрын тексерген бе? Тез арада Аронмен онлайн видеоконференция ұйымдастырыңыздар. Сау екенін Аронның өзі айтсын", - деп жазады құқық қорғаушы.

67 жастағы Арон Атабек 2006 жылғы Алматы түбіндегі Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған диссидент, ақын. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Арон Атабекті саяси тұтқын деп таныды. Арон Атабектің шартты жазаға өтініш жазып, мерзімінен бұрын босап шығатын уақыты жеткенімен, диссидент кінәсін мойындамайтындықтан, ондай өтінішті сотқа беруден бас тартты.

Байланысты жаналықтар

Қытайдан тағы да көмек келді

24.04.2020

Байден АҚШ президенті қызметіне кірісті

21.01.2021

Сенатор педофилдерді ату керек деп мәлімдеді

24.07.2020

Алексей Цой айтқан сөзінен айнып қалды

01.08.2020

Көпбалалы аналар «NUR OTAN»-ды қолдайды

25.12.2020

Дариға мәжіліске қайта оралды

12.01.2021