Цойдың цифры шатастырады

  • 03.08.2020
  • Malim Админ

Денсаулық сақтау министрлігі 1 тамыз күні коронавирус пен коронавирус белгісі бар, бірақ ПТР нәтижесі теріс пневмония статистикасын біріктіргенімен, "біріккен статистика" әлі де көп сұрақ тудырып тұр. Коронавирус статистикасын беріп тұратын coronovirus2020.kz сайтында 1 тамыздан бастап коронавирус белгісіне ұқсас пневмонияға шалдыққандар мен қайтыс болғандар бөлек көрсетілсе де,  коронавирус анықталғандардың жалпы статистикасына сол күйі қосылмаған.

Осы себепті болса керек, әлем елдеріндегі коронавирус статистикасын беретін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Джон Хопкинс университетіндегі мәліметтерде де Қазақстанның коронавирус статистикасына пневмония қосылмаған.

Бүгін брифингке шыққан денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға пневмонияға шалдыққандар неге бөлек көрсетіледі, коронавирус жұқтырғандардың жалпы статистикасына неге қосылмады?" деген сұрақ көп қойылды.

"Біз барлық статистиканы, пневмония бойынша бөлек кодталған науқастар мен коронавирус анықталғандардың статистикасын дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына бердік. Жақында сайттарда жаңартылады, бәлкім, кешке немесе ертең халықаралық ақпарат агенттіктері осы деректерді жаңартатын шығар", - деді министр.

Бірақ бұған дейін Алексей Цой 1 тамыздан бастап пневмония мен коронавирус статистикасын біріктіріп бере бастаймыз дегенді айтқан еді. Олай болса, 1 тамыздан бастап coronovirus2020.kz сайтында статистика неге біріктірілмеді?

"Статистиканы біріктіру үшін цифрлар керек. Бізде бүкіл цифр бар. Оны күнде жаңартамыз. Бөлек кодтауды көрсету үшін пневмонияны бөлек беріп отырмыз. Бұл деректерді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына жібердік. Жақында  коронавирусты пневмония коронавирустың жалпы статистикасына қосылады", - деді министр.

Қырғызстан ДДСҰ-ның кеңесінен кейін пневмония мен коронавирус статискасын бірден біріктірген. Қазақстан 18 шілдеден бері бұл деректерді неліктен қосып санай алмай отыр? 1 тамызға дейінгі коронавирусты пневмония неге есепке алынбайды? Осы сұрақтар да Алексей Цойға осымен бірнеше мәрте қойылды.

1 тамызға дейін дәрігерлерге коронавирус белгісі бар пневмонияны кодтауды үйреттік деген денсаулық сақтау министрі жалпы бұрынғы цифрлар емес, қазіргі цифрлар маңызды екенін айтты.

"Бұл мәліметтер алдағы уақыттағы шешімдерді қабылдап, болашақты жоспарлау үшін қажет. Оның үстіне ДДСҰ  статистиканы белгілі бір кезеңнен бастап біріктіруді ұсынды. Қазір дәрігерлерге онсыз да пневмония мен коронавирусты кодтауда салмақ түсіп жатыр, егер бұрынғы деректерді кодтауды тапсырсақ, дәрігерлер науқастарды емдей ме, әлде есеп-қисап жүргізіп санап отыра ма? Бұрынғы цифрлар бүгінгі күні аса қажет емес", - деді министр.

Vlast порталының журналисі Тамара Вааль министрге "шілде айында "барлық деректі қосып жариялаймыз дедіңіз". Әлі қоспадыңыз. Сіздің мәлімдемелеріңіз халықты мазақ етумен бірдей" деді. Бұған А.Цой "әсірелеудің қажеті жоқ. Бір-екі күн күтіңіздер" деп жауап берді.

 

Байланысты жаналықтар

Коронавирустан тоғызыншы адам қайтыс болды

10.04.2020

Әкімдіктер салауатты өмір салтын насихаттауға миллиондар жұмсайды

27.04.2021

Қазақстанның бас санитар дәрігері жаңа қаулы шығарды

07.12.2020

Бекшиннің шамасы "Мегаға" жетеді, барахолкаға жетпейді

26.10.2020

Ақтөбе әкімдері қашан жол жасап үйренеді?

06.03.2020

Мәсімов ресейлік спортшыға жанкүйер

25.10.2020