Олимпиадада жүлде алған 3 спортшы мен 2 бапкерден коронавирус анықталды
Президенттің Париж Олимпиадасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі кейінге қалдырылды.
Париж Олимпиадасында жүлде алған спортшылардан коронавирус инфекциясы табылған. Бұл туралы Туризм және спорт министрінің қоғаммен байланыс және БАҚ жөніндегі кеңесшісі Диас Ахметшәріп мәлім етті, деп хабарлайды Malim.kz.
«Коронавирус инфекциясы 3 спортшы (үшеуі де жүлдегер - ред.) мен 2 бапкерден анықталды. Жалпы спортшыларды тексеру барысында олардың ПТР тесті оң нәтиже көрсетіп, COVID-19 вирусы анықталды. Үш спортшының үшеуі де Париж Олимпиадасынан жүлдеге қол жеткізген спортшылар. Қазір олар оқшауланып, ем-дом қабылдауда. Жағдайлары жақсы. Вирус жеңіл формада өтуде. Тезірек сауығып кетулеріне тілектеспіз. Құраманың қалған мүшелері дін аман», - деді Диас Ахметшәріп.
Айта кетейік, 15 тамызда, Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасының жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездеседі деп жоспарланған болатын. Берік Уәлидің айтуынша, спортшылардың жартысына жуығынан коронавирус анықталуына байланысты іс-шара кейінге шегерілді.
Фото: МАГАТЭ