Қашықтан оқу: студенттер тағы тау мен шатырға шығып оқи ма?

  • 26.08.2020
  • Malim Админ

ҚазГЮУ-дың 3-курс студенті Айбар Тәңірбеген осы семестрде шәкіртақы ала алмайды. Екі жыл бойы тек "бес" пен "төртке" оқыған студент қашықтан оқуға өткен алдыңғы семестрде бір сабақтан сүрініп, шәкіртақыдан айырылды. Айбар мұны интернеттің баяу жылдамдығынан көреді. Алдағы семестрде қашықтан оқитын студенттер интернет жылдамдығы үшін тағы да қиындыққа тап боламыз ба деп уайымдайды. Кей студенттер интернетке қосылу үшін көрші ауылға қатынаса, енді бірі тауға шығуға мәжбүр.

Айбар Тәңірбеген тұратын  тұратын Созақ ауданына қарасты Жартытөбе ауылында интернет байланыс әлсіз. Zoom арқылы болатын сабақтарға қосылу қиын. Айбар өткен семестрде сабақты Wi-Fi қондырғысы бар туысының үйіне барып оқыған.

–  Туысымның үйінде вай-фай бар да презентация жасайтын программа жоқ, ал үйде ол бар болғанмен интернет жоқ. Оның үстіне тек интернетте бар затпен ғана шектелесің. Кітапханаға барып, кітаптан оқу деген жоқ. Әдеттегі лекциялардың өз атмосферасы болады ғой, онлайн лекцияда ұйқың келіп, назарың басқа жаққа ауып кетеді. ­Тапсырманың барлығы үйге берілгендіктен қиын қылып беріледі, ал оффлайн оқығанда бақылауды аудиторияда жазатын едік. Солай өтіп кететін, - дейді Айбар.

Екі күнде төрт сабақтан бақылауы қатар келген Айбар интернет жылдамдықтың әлсіздігінен бір сабағының тапсырмасын уақытынан кешіктіріп орындайды. Өтініш жазғанына қарамастан нөл алып, артынша стипендиядан айырылып қалған Айбар қашықтан оқуға еш дайындықсыз, мәжбүрлі түрде көштік дейді. Қазір ауылда Beeline-ның 4G байланысы орнатылып, қолдан келгенше дайындық жасап жатқан ауыл тұрғындары алдағы уақытта интернетпен қиыншылықтар болмайды деп үміттенеді.

Қазақстанда интернет қолжетімсіз ауылдар да бар. Сүлейман Демирел университетінде ақпараттық жүйелер мамандығында оқитын Бекнұр Омарбек – Созақ ауданына қарасты Аққолтық аулының тұрғыны. Бекнұрдың айтуынша, ауылда жылдам интернет қолжетімсіз. Лекцияларға қатысу үшін Бекнұр көрші ауылға барып-келіп жүруге мәжбүр болған.

–  Лекцияларға көрші ауылға барып-келіп қатысып жүрдім, кейіннен ауылдың мектебіне кіруге рұқсат алып, сабақты мектепте оқитын болдым. Тапсырамаларды да жинап-жинап, интернетке қосылғанда бір жасайтынмын. Мүлде мүмкіндік болмай жатса біреуге жасап беруге өтініш жасайтын едім. Байланыс жақсы болмаған соң оқуға деген зауқың да қашып кетеді екен. Білім деңгейі төмендеді, көшіру көбейді әрі оңайырақ болды, - дейді Бекнұр.

Ауылдағы өзге студенттер сабақтарын Бекнұр секілді мектеп ғимаратында, кейде тауға шығып оқыған. Қазіргі уақытта Бекнұр ауылына 4G жылдамдығымен интернет тартылып жатқанын айтты. Келесі семестрге дейін бітпесе Бекнұр Түркістан қаласына барып оқимын деп шешім қабылдаған.

Сүлеймен Демирел университеті оқудың толықтай онлайн болатындығын хабарлап қойған. Ал Еуразия Ұлттық университетінде автоматтандыру және басқару мамандығында оқитын 3-курс студенті Руслан Нұриллаев Кентау қаласының жанындағы Бабайқоран ауылдық округі Серт ауылында тұрады. Ол лекция өтетін күндері ауылдағы қырға, енді бірде Кентауға қатынап оқығанын айтты.

[caption id="attachment_6776" align="alignleft" width="542"] Руслан Нұриллаев[/caption]

 

–  Ауылда байланыс мүлдем нашар. WiFi орнатқан үйлердің өзінде интернет жылдамдығы онша емес. Студенттер онлайн лекцияларда отыру үшін қырға шығатын. Қыр басында Beeline мен Tele2 абоненттері әрең ұстайды. Кейбір ауыл тұрғындары ауылдың кіре берісінде байланыс жақсы болғандықтан көлікпен сонда барып сабақ оқыды. Мен де анда-санда қырға шығып жүрдім. Лекция күндері Кентауға апамның үйіне келіп оқыдым. Ауылдағы көп студенттер осылай Кентауға, Қарнақ пен Түркістанға барып оқыды, - дейді Руслан Нұриллаев.

Руслан оқу барысында факультет мұғалімдері тарапынан жеңілдіктер болғанын айтады. Интернет байланыстың нашарлығына мұғалімдер түсіністікпен қараған. Алайда жылдам интернетке қолжетімділік, гаджеттердің жетіспеушілігі сынды мәселелерге университет әкімшілігі еш көмек көрсете алмайды, ол студенттің мәселесі дейді Руслан Нұриллаев.

Университеттер өткен семестрдегі қашықтан оқытуды дайындықсыз бастағанымен, осы жолы ала жаздай қамданып кіріскелі отыр. Интернет жылдамдығы нашар ауылдарда тұратын студенттердің оқуын қалай ұйымдастырмақ? Осы сұрақты бізге сұхбат берген студенттер оқитын СДУ және ЕҰУ ректорларына жолдадық, алайда сол бойы жауап алмадық.

КАЗГЮУ ректоры Сергей Пеннің Instagram-да жазбасына қарағанда, университеттің бірінші және төртінші курс студенттері Нұр-Сұлтан қаласында болғаны дұрыс. Себебі сырқаттану деңгейі бәсеңдесе алғашқы және соңғы курс, магистратура мен докторантура студенттері оффлайн оқиды деп болжам жасауда.

–  Білім алу барысында бағдарламаны игерудің басталу және аяқталу сәттерінің маңыздылығы мен күрделілігін түсінеміз. Сырқаттану деңгейінің тұрақты төмендеуі байқалса, оқуды гибридті форматта бастаймыз. Яғни, студенттердің бір бөлігі барлық сақтық шараларын сақтай отырып, аудиторияларда оффлайн оқи алады. Ғимаратқа кіре берісте термометрия мен дезинфекция шаралары ұйымдастырылады, үзіліс кезінде аудиториялар зарарсыздандырылып кварцталады. Бұл ретте университет білім алушылар үшін барлық жағдайды жасайды. Тегін интернет және компьютерлер қолжетімді, - дейді ректор КАЗГЮУ-дің Instagram парақшасында.

Ректордың айтуынша, жатақханаға орналасқан студенттер үшін университет есебінен вирусқа қарсы иммунитет бар-жоғын анықтайтын тестілеу ұйымдастырылады. Нәтижесіне байланысты әр санаттағы студентті лайықты бөлмеге орналастырады-мыс.

Дінмұхамед Русланұлы. 

Байланысты жаналықтар

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нурикамал Сейітжанқызы дүниеден озды

14.04.2021

Тоқаевқа ашық хат: Іс жүзінде қолдау көріп отырған жоқпыз

22.09.2020

«Праймериз» жүйесінің жұмысы бір қалыпқа түсті

02.10.2020

«Қазақконцерт» ұйымы «Жер сағаты» бүкіләлемдік акциясына қатысты

28.03.2021

"Ханның қызы" шаруаларға құлақ аса ма?

21.12.2020

Бір жылда ұсталған браконьерлер

29.10.2020