Бас санитар қателігін мойындады, Біртанов ше?

  • 03.09.2020
  • Жанар Қожанова

Елімізде жарты жыл бойы коронавирусқа қарсы жүргізілген заласыздандыру жұмыстары бекер болып шықты. Яғни наурыз айынан бастап дезинфекцияға бөлінген бюджеттің миллиондаған қаржысы текке жұмсалған.   Мәселен, әу баста адам көп шоғырланатын жерлер мен аялдама, аулалар міндетті түрде  заласыздандырылу керек деп қаулы шығарған Ақтөбенің бас санитар дәрігері Нұрсұлу БЕРКІМБАЕВА  өз қаулысының  дұрыс емес екенін жұмыстар аяқталып, миллиондар жұмсалып біткеннен кейін  ғана айтып отыр. Сөзінше дезинфекция ашық  көшелерде емес жабық ғимараттардың ішінде жасалуы керек екен.

Елімізде коронавирус індеті таралып, ел карантинге жатқан күннен-ақ  көшелерді заласыздандыру жұмыстары басталған еді. Әлеуметтік желілерде  дезинфекция жұмыстарынан жарыса есеп беріп салынған фото мен видеолардың да есебі  болған жоқ.   Көшелерді заласыздандыруға әр қаланың  бюджетінен  қыруар қаржы бөлінгені де анық. Мәселен Талдықорған қаласы ашық көшелерді заласыздандыруға 66 миллион, ал Ақтөбе 48 миллион теңге жұмсаған. Әкімдіктегілер бұл қаржыға аялдамалар, аулалар мен арбаттарды түгелдей дезинфекциялап шықтық деп отыр.

«48 миллионға қала бойынша барлық саябақтарды жасадық. Аллеяларды, адамдар көп шоғырланатын жерлер. Сосын қала бойынша 240-280 шақты иесіз тұрған үйлер бар. Соларды жасадық. Берілген ақша толығымен жұмсалды. Ол жұмыстарды онлайн режимде бақылап тұрдық», – дейді Ақтөбе қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мирас ӘЖІБАЕВ.

Ақтөбенің бас санитар дәрігері болса, осыдан алты ай бұрын заласындандыру жұмыстарына қатысты бекіткен қаулысын жоққа шығарып, миилиондар жұмсалып біткеннен кейін, көшелерде жүргізілген дезинфекцияның  бекер болғанын  айтты.  Сөзінше дезинфекция ашық көшеде емес, жабық ғимарат ішінде жасалуы керек екен.

«Бізге денсаулық сақтау министрлігінен хат келді. Министрлік анализ жүргізген. Соның қорытындысы бойынша  көшелерде жүргізілген дезинфекция шаралары актуалды емес болып шықты.  Барлық заласыздандыру шаралары қатаң түрде жабық ғимараттардың ішінде жүргізілуі керек. Бұл мемлекеттік орган болсын, кәсіптік нысан болсын. Сондықтан қазір көшелердегі жұмыстарды тоқтаттық», -  деді Ақтөбе облысының бас санитар дәрігері Нұрсұлу Беркімбаева.

Осылайша Ақтөбенің бас санитар дәрігер денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен көшелердегі заласыздандыру жұмыстарын тоқтаттық деп отыр. Министрліктің бұл шешімі  тек Ақтөбе емес еліміздің барлық қалаларына да  таратылыпты. Енді жерге кеткен миллиондардың сұрауы  Елжан БІРТАНОВТАН сұрала ма?

Фото ғаламтордан алынды. 

МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ. 

Байланысты жаналықтар

Тағдыры ауыр балалар көп – бәрін бауырыма басқым келеді

12.03.2021

Студенттер онлайн оқуға қарсы

16.09.2020

Қырғызстан Қазақстанды айыптап жатыр

10.06.2020

"Денсаулық сақтау жүйесінің шамасы жоқ"

27.06.2020

Вирус: Ауру белгісі жоқ науқастар неге көбейіп жатыр?

08.06.2020

Қызылордада бастықтар полицейлерге ұйқы бермейді екен

17.05.2020