Біртанов ісі. Экс-министр үйқамақта тағы екі ай отырады
Апелляциялық сот Елжан Біртановтың үй қамағынан босату туралы өтінішін тағы да қанағаттандырмады.
Апелляциялық сот қызметтік мансабын асыра пайдаланды деп күдікке ілінген бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үй қамағынан босату туралы өтінішін қанағаттандырмады. Істі судья Мұрат Солтыбаев қарады.
14 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласының тергеу сотының судьясы Талғат Ақшабаев Біртановтың үйқамағын екі айға, яғни 14 қарашаға дейін ұзартқан еді. Экс-министрдің өзі мен оның қорғаушылары қаулымен келіспей, сотқа бұлтартпау шарасын өзгерту туралы арыз түсірді.
Бұл шағымдар бүгін Нұр-Сұлтан қалалық сотында қарастырылды. Процесс ZOOM платформасы арқылы онлайн өтті.
Біртановтың адвокаты Дмитрий Куряченко бұрыңғы министрді тергеу ісіне кедергі келтірмейтінін, елден қашпайтынын алға тартып, үй қамауында ұстау туралы шешімді өзгертуді сұрады.
-Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі бұлтартпау шараларын, әсіресе үйқамақты, тек ерекше жағдайларда қолдануға шақырады. Мысалы, күдікті тергеу әрекеттеріне кедергі келтірсе, тергеушілерден немесе сот органдарынан жалтаруға ниеті болса, болмаса, қылмыс жасауды ойластырып жүрсе. Бірақ бұл істе ондай негіздер жоқ, – деді Куряченко.
Әдетте айыпталушы Біртанов сот процесстерінде өзінің кінәсіз екенін, жемқорлыққа қатысы жоғын барынша дәлелдеуге тырысатын. Бұл жолы экс-министр «қорғаушыларымның айтқанына қосарым жоқ» деп қысқа қайырды.
Судья Мұрат Солтыбаев аз ғана ойланып, қорғаушы тараптың арыздарын қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім шығарды. Яғни, Біртановқа қатысты шектеу шаралары 14 қарашаға дейін жалғасады. Дегенмен, оған 8:00 мен 19:00 аралығында үйінен шығуға, жұмыс істеуге рұхсат берілген. Себебі Біртанов отбасын асырау керек.
Айыптау тарабы экс-министр Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевты денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық платформаны жарамсыз күйде қабылдап, мемлекетке 1,5 млрд теңге залал келтірді деп санайды. Әуелі экс-министр мемлекеттік қаражатты жымқырды не ысырап етті деп күдікке ілінсе, артынан бұл айып «қызметтік мансабын асыра пайдаланды» деген бапқа өзгертілді.
Біртанов ісі бойынша тергеу амалдары 7 шілдеде аяқталған, қазір тараптар 133 томнан тұратын қылмыстық іс материалдарымен танысуда. Бұрыңғы министрдің кінәсі бар ма, жоқ па – оны басты сот талқылауы кезінде білетін боламыз.
Аделаида Ауеспекова