Біртанов: Дәрі-дәрмек тапшылығына "СҚ-Фармация" кінәлі емес
"СҚ-Фармация" ЖШС-ның экс-басшысы Берік Шәріптің сотына куәгер ретінде қатысқан экс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов былтырғы дәрі-дәрмек тапшылығы үшін "СҚ-Фармация" кінәлі емес" деп мәлімдеді. Сондай-ақ экс-министр жеке қорғаныш құралдармен Қазақстанды қамту туралы келісімшарт талаптарын Қытай тарапы бұзды, бұл жерде Берік Шәріптің кінәсі жоқ деді.
"СҚ-Фармация" мен Берік Шәріп жеке қорғаныш құралдарын жеткізу жоспарын бұзған жоқ. Бұл аяқ астынан болған форс-мажор, Қытай тарапынан болған нәрсе. Қытай тарапы келісімшарт талаптарын бұзды. Сөйтіп, Қазақстан тарапы "СҚ-Фармацияға" (қорғаныш құралдарын) мерзімінде жеткізе алмады. Басқа келісімшарттарды қарасақ, Берік Шәріпұлы тәуекелге бармай, регламентке сәйкес шетелдік тауар өндірушілерге 90, ал отандық тауар өндірушілерге 60 күн мерзімін (жеткізуге) белгілеуіне болар еді. Алайда ол уақытта бұл қолайсыз болатын. Сөйтіп, елшілер маска мен қорғаныш құралдарын бүкіл әлемнен іздеді", - деді Біртанов.
Біртанов "СҚ-Фармация" басшысы міндетін дұрыс орындағанын, барлық талапқа сай болғанын жеткізді.
"Бұл Берік Шәріпұлының кәнәсі емес, керісінше ол қорғаныш құралдарын тезірек жеткізу үшін қолынан келгенін жасады", - деді Біртанов.
Сонымен қатар экс-министр былтыр індет өршігенде дәрі-дәрмектің тапшылығы үшін "СҚ-Фармация" жауапты емес деді.
"СҚ-Фармацияның" мақсаты мен міндеті – ауруханаларға дәрі-дәрмек сатып алу. Ауруханаларда онкология, туберкулез, психикатық ауытқуы бар науқастарға тегін берілетін дәрі-дәрмекті сатып алады. Ал дәріханаларға келсек, бұл жекеменшік нарық. Денсаулық сақтау министрлігі оны еш уақытта қадағалаған емес. "СҚ-Фармация" еш уақытта дәріні дәріханаларға жеткізген емес. "СҚ-Фармация" жалға алатын қоймалардың бір жағында ауруханаларға арналған дәрілер тұрса, екінші жағында дәріханаларға арналған дәрі-дәрмек тұруы мүмкін. Үлкен сұраныс туындап, халық дәріханалардағы дәрілерді алып кеткенде, дәрілерді көтерме өткізетін және жекменшік компаниялар сол сұранысты өтей алмай қалды. "СҚ-Фармацияның" бұған қатысы жоқ", - дейді экс-министр.
"СҚ-Фармацияның" бұрынғы басшысы Берік Шәріпке медицина қызметкерлерін қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етпей, қасақана вирус жұқтырды деген айып тағылған. Тергеу қорғаныш құралдарының тапшылығы кесірінен медицина мекемелерінің қызметкерлері жаппай вирус жұқтырды деп есептейді. Тергеу таққан айыпқа қарағанда, "СҚ-Фармация" ЖШС-ның басқарма төрағасы "Іңкар" ЖШС-н лоббилап, өзге өнім берушілердің құқығын бұзған.