«Педагог мәртебесі туралы» заңды бұзғандар жазалануда

  • 30.08.2020
  • Malim Админ

Бұрын қалай еді? Ауылда да, қалада да ағаш әктеп, әкімшілік жұмыстарды ұйымдастырып, мерекелік шаралардың басы-қасында қаптап мұғалімдер жүретін. Әрине, мұғалім жүрген жерде оқушы да жүреді. Сөйтіп, бүкіл мектеп сенбіліктер мен өзге де бұқаралық, қоғамдық жұмыстарға жегілгендей әсер қалдыратын. Осы бір мәселе жылдар бойы көтеріліп, бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып жүргенмен, көп уақытқа дейін көңіл бөлінбей, көлеңкеде қалып келген. Тек 2018 жылдың аяғында жіті қолға алына бастаған шаруа, 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заңның бекітілуіне ұласты.

Бүкіл қоғам болып, белсенді ұстаздар мен өзге де сала адамдары жан-жақты талқылап барып қабылданған заң қазір қаншалықты орындалып жатыр? Бір анығы – мұғалімдер көптеген шаруалардан босатылды. Жылдан жылға жалақысы өсіп келе жатқан ұстаздар қауымының еңсесі көтеріле бастағанын аңдауға болады. Қағазбастылықтан, қосымша жұмыстардан өзін өзі дамытпақ түгілі, есеңгіреп келіп, түннің бір уағына дейін оқушы дәптерін тексеріп, ертеңіне шала ұйқымен мектепке қайта баратын мұғалімдердің жай-күйінен хабардар көп жұрт мұғалім болуды азапқа балап, жаны аши ұарайтын. Тіпті, өзге жерден жұмыс таппағандар амалсыз мектепке жұмысқа тұратындай көрінетін.

Қазір қалай? Кезінде төрт жыл бойы оқып (арасында алты жыл оқыған ғылым магистрлері де бар) алған дипломын сандық түбіне тастай салған біраз азаматтар соңғы кездері «мұғалім болсам қайтеді осы?» деп, шындап ойлана бастады. Осы күні «мектепке кірсем деп жүрмін, дипломды «жаңарту» керек еді», деген сөздерді де жиі естуге болады.

Дегенмен, мұның бәрі жағдай 100 пайызға түзеліп кетті дегенді білдірмейді. Мұғалімнің еңбегін қанап, оларды тегін жұмыс күші ретінде көретіндер әлі де ұшыраспай тұрмайды. Бұл тенденция былтыр заң қабылданғаннан кейін бірнеше мәрте көзге түскен. Бірнеше аудан, ауыл әкімдері мұғалімдерді жұмысқа жауып жіберіп, көзге түсіп қалып, артынша «олар өз бастамаларымен көмекке келді», деп ақталуға мәжбүр болған. Олардың бұл ақталуларына қоғам мүлде кері реакция танытты. Содан бері бұл тараптағы мәселе тыншып қалғандай болған. Сөйтсек, бұл тарапта педагог мәртебесін әлі де мойындамай жүргендер бар екен.

Қазақстанның бірнеше мектептері мен мектеп-интернаттарында былтыр қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңды бұзу фактілері кездесіп, заң бұзғандар заң аясында жауапқа тартылды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке «Педагог мәртебесі туралы» Заң нормаларын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмысты жалғастыруды тапсырды. Аталған құжаттың маңызды ережелерінің бірі – педагогті міндетіне жатпайтын функцияларға тартудан қорғау, орынсыз есептіліктен босату. Бұл нормалар жаңа оқу жылы қарсаңында өте өзекті. Министрліктің осыған қатысты қатаң ұстанымдарына қарамастан, өкінішке орай, осы ережелерді бұзу фактілері әлі де кездеседі», деп мәлімдеді министр.

Иә, биылғы коронавирус пандемиясынан есі екеу, түсі төртеу болған ел ертең жаңа оқу жылына аяқ басқалы тұр. Үйден шығудың өзі мұң болған осындай кезеңде мұғалімдерді міндетіне кірмейтін жұмысқа тартудың өтемі бұрынғыдан да ауыр болатыны белгілі. Өйткені, вирус өршіп тұрған шақта мұғалімді қосыша жұмысқа тарту оның еңбегін қанау ғана емес, оның өміріне қауіп төндіру есептелсе керек.

Осындай бір іс бірнеше апта бұрын Ленгір мектеп-интернатында болған. Онда бір емес, бірнеше мұғалімді «лауазымдық міндеттеріне кірмейтін жұмыстарға тартқан». Сыбыс шыққан соң, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті оқиға орнына барып, қызметтік тексеру жүргізген. Фактілер расталып, мектеп директорының міндетін атқарушының үстінен әкімшілік іс қозғалып, жауапқа тартылыпты. Мұндайда мектеп басшылығы ғана емес, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылығы да жауаптан тыс қалмауға тиіс. Министр Аймағамбетов те соны айтады.

«Бұған дейін Түркістан облысы Кентау қаласындағы Молда Мұса атындағы мектепте де қызметтік тексеру жүргізілді. Онда мұғалімді мектепті жөндеу жұмыстарына тартқан. Аталған факті тексеру барысында расталды. Мектеп директорының міндетін атқарушы да, Кентау қалалық білім бөлімінің қызметкері де әкімшілік жауапкершілікке тартылды», дейді ол.

Министрдің сөзіне қарағанда, қысқа уақыт ішіндеғана Білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттерге жүзден астам өтініш келіп түскен. Қазірге дейін лауазымды тұлғалар мен бірнеше оқушалардың ата-аналарының үстінен 30-дан астам әкімшілік іс қозғалған.

Мұғамлімнің міндеті – саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеу, өзінде бар білімді өзгеге сіңіру. Демек, мұғалім қалай да білімді болуға тиіс. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегенді біздің ел осыған қарап айтқан болса керек. Мұғамлім 45 минут сабақтан тыс уақытын өзін өзі дамытуға, білімін жетілдіруге жұмсауы тиіс. Оның сыртында олар әлеуметтік жағынан да толықтай қорғалған болуы керек. Жалақысы жоғары, жұмысы тұрақты болса, мұғалім психологиялық тұрғыдан да өзін еркін сезіне алады. Демек, ол өзіне ғана емес, өзгенің өміріне де жауапты. Қысқасы, мұғалім жақсы болса – бәрі жақсы. Сондықтан, мұғалім мәртебесіне бүкіл ел жауапты болуға тиіс.

«Бұл жұмыс тұрақты түрде жүргізілетін болады. Заңсыздыққа жол берген жауапты тұлғаларға қатысты шаралар мұнымен шектелмейді.  Әкімшілік жазалардан бөлек, жұмыстан босату туралы шешімдер де қабылданады. Мұғалімдердің құқығын қорғау – жергілікті аумақтық орган басшыларының да, мектеп директорларының да тікелей міндеті», - дейді министр.

Асхат Аймағамбетов, сондай-ақ, ұстаздардың өздеріне қойылатын талапқа сай болуы керектігіне де баса мән берілетінін айтады. Олардың құқығы қалай да қорғалады, ал, олар өз міндеттеріне адал болуға тиіс. Иә, «жаңа Заңның талаптары да жаңа». Педагогикалық этика мәселесінде де кейбір ұстаздар жағымсыз жағынан көзге түсіп қалып жатады. Балаға қорғансыз, өзіне бағынышты адам ретінде емес, тең дәрежелі тұлға ретінде қарау, олармен әдепті сөйлесіп, ар-намысына тимей, ізетті қарым-қатынас жасау да маңызды. Одан  бөлек, педагогтердің өзін мәдениетті ұстауы да өзекті мәселе. Мәселен, биыл онлайн оқуға қатысты кейбір мұғалімдердің оқушылармен телефон арқылы сабақ өткізу кезінде өрескел қылықтары әлеуметтік желілер мен месенжерлер арқылы тарап кетіп жатты. Бұл, әрине, педагог мәртебесін көтере қоймайтын жағдай. Сол себепті, мұғалімдердің кәсібилігін бақылайтын арнай орган құрылмақшы.

«Осы қағидалардың сақталуын бақылау үшін біз мұғалімдерге қатысты құқықбұзушылықтар мен педагогикалық этиканы өрескел бұзу туралы даулы мәселелерді қарастыратын арнайы алқалы орган құруды қарастырудамыз. Бұл – педагогикалық этика және мұғалімдердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес. Мұндай институт алғаш рет пилоттық режимде осы жылдың тамыз айынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеуді бастады. Болашақта этика бойынша Кеңестер еліміздің барлық аймағында құрыла алады. Олар білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері жанында жұмыс істейтін болады», - деп мәлімдеді білім-ғылым минстрі. .

Бұл кеңес мемлекеттік қызметкердердің кәсібилігін, өзін ұстауын қадағалайтын Әдеп жөніндегі кеңестің үлгісі бойынша жұмыс істейтін болады.

Иә, мұғалім мәртебесін тек заң ғана емес, өздері де көтеруге міндетті. «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген сөздің мәнісі ұстаздарға қарата айтқанда тіпті ашыла түсетіндей. Мемлекет қабылдаған заң олардың ыңғайлы жағдайда жұмыс істеуін қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар, сапалы білім беруін де талап етеді.

Байланысты жаналықтар

Дәрігер: 425 мыңның орнына төлегендері 30-35 мың теңге

05.08.2020

MalimCinema. «Біздің аналар мен әкелер»: жеңімпазы жоқ соғыс

08.05.2021

Докторантураға қанша грант бөлінетіні белгілі болды

24.05.2020

Министр Аймағамбетов ата-аналарға ескерту жасады

03.02.2020

Атырау облысында 149 адам коронавирус жұқтырды

05.01.2021

Цой Маминға карантиндік шараларды тоқтатуды ұсынды

28.07.2020