Митинг заңы: Тоқаев уәдесінде тұра ма?

  • 13.02.2020
  • Елнұр Бақытқызы

Құқық қорғаушылар мен белсенділердің үкімет дайындаған бейбіт жиын мен шерулер өткізу жөніндегі заң жобасына көңілі толмайды. Олардың айтуынша, ашық үкімет порталында талқылауға шығарылған заң жобасы митинг өткізу құқығын бұрынғы заңнан бетер шектейді.

Ашық үкімет порталында жарияланған бейбіт жиын ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң жобасына қарағанда, митингілер арнайы белгіленген орындарда ғана өтеді, басқа жерлерде митинг өткізуге тыйым салынады. Митингіге 200 адамға дейін қатысатын болса, ұйымдастырушы оған рұқсат сұрамай-ақ, жергілікті билікті хабардар етсе жеткілікті. Бірақ митингіге қатысушылар 200-ден асатын болса, жергілікті биліктің рұқсаты керек. Егер ұйымдастырушы билікке бейбіт жиынға 200-ден аз адам қатысады деп хабарлап, іс жүзінде жиынға 200-ден астам адам жиналатын болса, бұл митингіні тоқтатуға себеп болмақ. Заң жобасында бейбіт жиынды ұйымдастырушы мен оған қатысушылардың ғана емес, БАҚ өкілдерінің де міндеттері мен құқықтары жазылған.

Құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан ТӨРЕҒОЖИНА жаңа заң жобасы азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын қазіргі заңнан бетер шектейді деп есептейді. "Заң жобасы дүбәра, қайшылыққа толы. Бейбіт жиын туралы хабарлаудың келісім алудан не айырмасы бар екенін түсіну қиын. Құқық қорғаушы ретінде бұл екі ұғымнан анау айтқандай айырма көріп тұрғаным жоқ. Хабарлау түсінігін бұрмалап жіберген. Хабарлау біржақты түрде жүруі керек, одан кері байланыс немесе жауап күтпейді. Бейбіт жиын өткізуге қосымша міндеттер жүктелген, айыппұл мен әкімшілік қамауға алу сияқты жауапкершілік күшейтілген, Бұдан басқа журналистердің құқықтары мен міндеттерін де кіргізіп жіберіпті. Ал бірақ БАҚ өкілдерінің құқықтары мен міндеттері БАҚ туралы заңда жазылады", - дейді Б.Төреғожина.

Құқық қорғаушының айтуынша, талқыға шығарылған заң жобасы Қазақстан қол қойған халықаралық құжаттардағы міндеттемелерге сай келмейді. Оның бұл пікірімен азаматтық белсенді Әлнұр ІЛИЯШЕВ те келіседі. "Бір жағынан біз мемлекетті бұл заңды өзгертуге мәжбүр еттік. Билік осы талапқа құлақ асты. Бірақ екінші жағынан билік әлі де болса дұрыс механизм жасап шығарудың орнына наразылықты шектеп, бақылауда ұстағысы келеді.  Егер үкімет халықаралық міндеттемелерге қайшы шығып, заңды осы күйінде қабылдайтын болса, онда біз халықаралық құжаттарда көрсетілген құқықты пайдаланып, митингілерге шыға бермекпіз. Тіпті осы заң жобасының 2-бабы 5-бөлімінде "егер Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісімдерде осы заңда көрсетілгеннен басқа ережелер бекітілсе, онда халықаралық ережелер қолданылады" делінген. Олай болса, бейбіт жиынды өзіміз қалаған жерде өткізе береміз. Бейбіт жиын өткізуге рұқсат сұрамаймыз, хабарлаумен шектелеміз", - дейді белсенді.

Бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы жаңа заң жобасында жиынға қатысушылар медициналық көмек алуға, митингіні аудио және видеоға түсіруге құқылы екені көрсетілген. "Азаматтар онсыз да оған құқылы ғой. Мұны не үшін жазған?.. Оны былай қойғанда, зорлық-зомбылықсыз бейбіт шара деген ұғым жүр. Құдды бір зорлық-зомбылық қоса жүретін бейбіт шара бар сияқты", - дейді Ә.Ілияшев.

Б.Төреғожина құқық қорғаушылар президент Қ.Тоқаевтың атына хат дайындап жатқанын айтты. "Бұл хатты жариялап, қол жинаймыз. Заңды ЕҚЫҰ-ның адам құқықтары мен демократия институттары жөніндегі бюросына сараптамаға жіберуді сұраймыз. Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің бұған балама аң жобасы бар. Соны да талқылауға шығарамыз", - дейді ол.

Президент Қ.Тоқаев желтоқсан айында өткен Ұлттық сенім кеңесінің отырысында бейбі шерулер туралы заң өзгеріп, митингіні жергілікті биліктен рұқсат сұрамай, ескерту арқылы өткізу тәртібіне көшетінін айтқан.

Фотолар: picture-alliance/dpa/AP/A,   azattyq.org,  yvision.kz

Материалды көшіріп басуға болмайды!

Байланысты жаналықтар

Сапарбаев қайда – Жылқыбаев сонда

19.02.2020

Солтүстік Қазақстан Қырымның тағдырын қайталамас үшін

04.04.2021

Сенім мен махаббаттың құрбаны

11.02.2020

2020 жылы қазақтар Айсұлтанды көп іздепті

30.12.2020

Жемқорлыққа байланысты президент тапсырмасы орындала ма?

11.09.2020

Әкім елдің қаржысына салынған спорт кешенін сатып жіберді

22.10.2020