Науқастарды тегін емдегендер жазаланды

Malim Админ

  • 14.09.2020

Коронавирус жұқтырған науқастарды тегін емдегені үшін айыппұл арқалаған Алматыдағы "Талант-К" жекеменшік медицина орталығының директоры Талант Омаров айыппұлдың салдарынан жұмысшыларға жалақы төлей алмағанын айтады. Індет өршіген тұста науқастарды тегін қабылдап, емдеген Шаңырақ ықшамауданында орналасқан емханаға Алатау аудандық тауар және қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті санитарлық талапты сақтамағаны үшін айыппұл салған. Талант Омаров бізге берген сұхбатында індет өршіген тұста науқастарды қалай емдегені мен қазір тап болған қиындықтар жайлы әңгімелеп берді.

– Коронавируспен ауырған науқастарға жазылып шыққан соң профилактика керек. Індет өршіген тұста қалалық емханалар оларды қабылдамай жатты. Науқастар ауруханаларға қарала алмай, көп сабылып қалды. Оның үстіне өлім көп болып жатты. Ерлан және Гүлшат Нұрпейісовтердің "Красивые дети Казахстана" жекеменшік қоры бізге шығып, індет кезінде мұқтаж жандарға сіздер арқылы көмек көрсетсек, емдесек, дәрі-дәрмек таратсақ деп ұсыныс тастады. Сөйтіп, халыққа көмектесуге бел будық. Бізге бұл істі жүргізу оңай болған жоқ. Емханада 13 медициналық қызметкер жұмыс істейді. Індет өршіген шілде айында күніне 120 науқас қарадық.

– Науқастарды қалай емдедіңіздер?

– Үкіметтен түскен емдеу хаттамасы бар, соны негізге алып, жалпы емдеудің хаттамасын жасап шықтық. Біз хаттамадағы дәрілермен әсері бірдей, бірақ атауы басқа дәрілерді пайдаландық. Әр науқастың жағдайына жеке-жеке қарап емдедік. Мысалы, созылмалы аурулары бар ма, жоқ па, вирус жұқтырғанға дейін бойында қандай аурулар боды, соның бәрін назарға алдық. Өйткені созылмалы аурулары бар болса, вирус кезінде олар қозып, қан қоюланады.

Емханада ем жасайтын процедуралық кабинет болды. Стационар болған жоқ. Жағдайы ауыр, стационарда ем алуы тиіс науқастарды "Сұңқарға" жібердік. "Сұңқар" да "Красивые дети Казахстана" қорымен жұмыс істеп, науқастарды тегін емдеді.

– Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин емхананың жұқпалы ауруларды емдеуге қосымша рұқсаты болмады, емханада тазалық талаптары сақталмады деді. Расында, рұқсаттарыңыз болмады ма?

– Шын мәнінде, ондай рұқсат берілмейді. Амбулаторлық емханалық жағдайда ауыр халдегі жұқпалы науқастарды емдеу дейтін лицензия атымен жоқ. Сол себепті маған оның керегі жоқ. Біз жеңіл түрдегі жұқпалы ауруларды емдейтін бөлімшеміз. Менде жеңіл түрдегі жұқпалы науқастарды емдеуге рұқсат бар. Яғни амбулаторлық емхана жағдайында науқасты қарауға рұқсатым бар.

Санитарлық талапқа келсек, ол да бізде сақталды. Наурыз айында қалалық әкімдіктен рұқсат алған кезде термометр сатып алдым. Карантинде жұмыс істеуге рұқсат беретін сайтқа тіркелдім. Емхананы лас және таза аймақтарға бөлдім. Бізде кіреберіс лас аймақ, ол жақтан науқастарды бір-бірден өткізуге шамамыз бар. Қызуы көтерілген науқастарға бөлек бөлме бар. Тіпті артқы ауладан кіретін есік бар. Дәрігер кабинеті, егу бөлмесі,  таңу бөлмесі бар.

СЭС қызметкерлері тексеріп келгенде сағат тоғыздан жиырма минут кеткен болатын. Ал емхана сағат онда ашылады. Тіркеуде отырған медбике ол уақытта шығып кетіпті. Бірақ көп ұзамай орнына қайтып оралды. СЭС қызметкерлері болса бірден дәріханаға барып термометр бар-жоғын сұраған.

Тексерістен кейін бізге 319 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Онымен келіспегендіктен, айыппұлды төлемедім. Бірақ СЭС соған қарамастан тағы да хаттама толтырып, енді 638 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Яғни бір заңбұзушылық үшін екі айыппұл салып отыр. Заңгерлер бірінші айыппұлды төлемеуге болады деді. Ал екіншісін төледім.

Енді жұмысшыларым айлықсыз отыр. Емханадағы 13 қызметкер пандемия өршігенде күн-түн демей жұмыс істеді. Оларға айлықтарыңызды кешіктіремін деп жағдайды түсіндіріп жатырмын. Маған ешкім үйіп-төгіп ақша беріп жатқан жоқ. Айыппұл салып кеткелі бері қормен жұмысты уақытша тоқтата тұрдық.

СЭС-ке өтініш беріп, шешімін алуым керек. Содан кейін СЭС тағы келіп, тексереді. Егер сол уақытта ешқандай мін таппаса, онда оларды сотқа беремін. Өйткені алдында заңбұзушылық тауып, артынша жұмыс істеуге рұқсат беріп тұрса, онда ол дұрыс емес, менің үстімнен жала жапқандай нәрсе.

 

Байланысты жаналықтар

Елжан Біртанов қамауға алынды

03.11.2020

"Бірде-бір вакцина 100 пайыз қорғай алмайды"

08.02.2021

Тағы екі адамнан коронавирус табылды

15.03.2020

Цойдың цифры шатастырады

03.08.2020

Коронавирусқа шалдыққан шенеуніктер

11.03.2020

Қазақстан тағы қандай елдерден көмек сұрады?

02.04.2020
MalimBlocks
Елжан Біртанов қамауға алынды

"Бірде-бір вакцина 100 пайыз қорғай алмайды"

Тағы екі адамнан коронавирус табылды

Цойдың цифры шатастырады

Коронавирусқа шалдыққан шенеуніктер

Қазақстан тағы қандай елдерден көмек сұрады?