Мемлекеттік бағдарламамен үй алу харам ба?

Malim Админ

  • 08.10.2020

Ипотека немесе мемлекеттік бағдарламалар арқылы үй алуға ислам діні қалай қарайды? Басқаны былай қойғанда, мүфтият пен қазақстандық дінтанушылар немесе діни қызметкерлер бұған не айтады? Malim.kz тілшісі сараптап көрді.

Редакциямызға оқырмандардың бірі хабарласып, осы сұраққа жауап таба алмай жүргенін айтады. Мүфтияттың өзі тұратын облыстағы филиалына хат жолдаған екен, әлі жауап келмепті...

Несие – исламда харам есептеледі. Өйткені, онда пайыздық өсім бар. Одан бөлек, уақытында қайтара алмаса қосылатын айыппұл (пения) да құпталмайды. Дегенмен, үй алуға жағдайы жоқ, үй алатындай қаржы жинауға мүмкіндігі жетпейтін отбасылар қайтеді? Өмір бойы пәтерде жүруге тиіс пе? Өйткені, кейбір діни өкілдер мен имамдар, ислам дінтанушылары егер адам шынымен мұқтаж болса, онда үйді мұндай жолмен алуға болады деп есептейді. Сөйте тұра, үй, пәтер жалдап тұруға шамасы жететін адамдар мұндай мұқтаж отбасылар қатарына кірмейтінін, олар үшін ипотека харам деген де сөз айтады.

Осы мәселе жөнінде MALIM тілшісі белгілі дінтанушы Қайрат ЖОЛДЫБАЙҒА хабарласып көрді.

«Бұл мәселе жөнінде ғұламалардың пікірі екіге бөлінеді. Бірінші топтағылар мұны ислам дінінің негізгі қағидаттарына қайшы, өйткені, онда өсім бар. Ал, өсім болған жерде ол харам саналады деген пікірді алға тартады. Екінші топтағылар, мысалы Мұстафа Зарқа сияқты ғалымдар егер басқа үй алудың басқа жолы жоқ болса және жалға беру қымбат болатын болса, үйдің құны нарықтағы бағасынан қымбат болмаса, онда, пәтерден пәтерге қаңғып жүрген отбасылардың алуына болады деген сөзді алға тартады», - дейді дінтанушы.

Осындай алуан түрлі пікір салдарынан дін ұстанатын отбасылар қай тарапқа бұрыларын, кімді тыңдарын білмейді. Тілшіміз, осыны ескере келіп Қайрат Жолдыбайдың жеке пікірін сұрады.

«Мен бұған басқаша қараймын. Меніңше, бұл толықтай болады. Өйткені, мұнда мемлекеттің арнайы бағдарламасы. Артында өсім арқылы пайда табу мақсаты емес, мемлекеттің халыққа қандай да бір жолмен әйтеуір бір баспана алуына мүмкіндік жасасақ деген жобаның аясында жасалып жатқан дүниелер. Мұнда мемлекеттің халықтың арқасында ақша тауып қалсақ деген ниеті емес, үйлі болуға жағдай жасасақ деген игі мақсат тұр. Сондықтан, бұл харам емес, рұқсат деп ойлаймын. Өйткені, бұл жерде біріншіден үстеме берілетін өсім ондай көп емес, Қазақстан экономикасында ол бір жылдық инфляцияны да жаппайды. Кейбір ғалымдар сол инфляция деңгейінде пайыз болса, ол харамға жатпайды деген пәтуелерді алға тартады. Екіншіден, үйлер нарықтағы бағадан арзан. Сондықтан, халық мемлекеттік бағдарламалар арқылы үй алам деп жатса, діни тұрғыда кедергілер жоқ екенін алға тартам. Бірақ, бір мәселені ескеру керек: егер басқа жолмен үй алуға мүмкіндігің бар болса, онда бұл жолға бармаған жөн. Бұл мәжбүр, зәру жағдайда ғана рұқсат етіледі. Ал енді ақшасы, бизнесі бар бола тұра мына жақтан да бір үй алып қояйын дейтіндерге бұл рұқсат етілмеген жол болады», - дейді Жолдыбай.

MALIM тілшісі хабарласқан тағы бір дінтанушы, имам бұған нақты үкімді Қазақстан діни басқармасының ғұламалары айту керек дейді. Дегенмен, мұның өте нәзік тақырып екенін айтады. Сондықтан, бұл тұрғыда кесіп пікір айту оңай емес. Дінтанушы шама келсе несиеге, ипотекаға жоламаған дұрыс деп есептейді. Өйткені, қазір көптеген қазақстандықтар астында көлігі, басында үйі болса да несие алғыш болып алғанын, сосын оны қайтара алмай сарсаңға түсіп жүретіндерін алға тартады.

«Бұл мүмкін біреулер үшін тиімді шығар. Бірақ, ислам діні адам өміріне үлкен мән береді. Мың, миллион адамға пайдалы болса да, егер ол бір адамға зияны тиіп, оның өміріне қауіп тудыратын болса, демек, ол харам. Пайызбен қарыз алу деген, былайша айтқанда, өзіңді құлдыққа арнау ғой. Сондықтан ислам діні оған тыйым салады. Дегенмен, бұл туралы мүфтияттан сұраған дұрыс. Онда мүфтияттағы ғұламалар мен мүфтилер кеңесіп, заманға сай туындаған кейбір мәселелерді жеңілдік жағына бұратын да жағдайлары болады. Бірақ, меніңше, несиеге рұқсат беретін пәтуа шыға қоюы екіталай. Өйткені, мұның зияны қаншама адамға тиіп жатыр. Төлей алмай, үйін банк тартып алып жатыр, отбасылардың шаңырағы ортасына түсіп жатыр, біреулер өзіне қол жұмсап жатыр. Сондықтан, бұған ешқашан жол береді деп ойламаймын. Мемлекет рұқсат берген нәрсенің бәрі дұрыс деп біз айта алмаймыз ғой. Мысалы, мемлекет араққа, казиноға рұқсат беріп отыр... Бұл жерде қаншама адамның өмірі, қаншама адамның көз жасы тұр. Бұл да сол сияқты. Мысал үшін ғана айтайық, сіз қазір маған сұрақ қойып тұрсыз, бірақ, ар жағында үлкен жеңілдік іздеп тұрсыз. Ертең бір басқа имам сізге «ой ол болады», дей салуы мүмкін, сіз соған сене саласыз. Сұрақ қойғанда да адам өзі көтере алатын мәселені сұрағаны дұрыс. Егер, «оған тыйым салынған» деген жауап алса, оны істей ала ма, ұстанып жүре ала ма? Мәселе сонда», - дейді Қанат Маратұлы.

Маратұлы ешқашан несие алмаған және қан жақын туыстары да мұндай жолдан алыс жүреді. Ол «әке-шешеміз несиесіз-ақ 8 баланы асырап өсірді, біз айналдырға 3-4 баланы асырау үшін банкке жүгіреміз. Адам еңбектенсе, ниет қылса, Құдай берекесін береді», деген ұстанымда.

Мүфтиятқа хабарласқанымызда, пәтуа бөлімі ғұламалар кеңесіне кіріп кеткенін айтты. Баспасөз қызметі телефонын көтермеді. Бәлкім, осы уақытқа дейін пәтуа шығарып та қойған болар деп, Muftiat.kz сайтына кіріп, шығарылған пәтуалар мен берілген үкімдерді шолып шықтық. Сұрақ-жауап бөліміндегі материалдарды да қарадық. Дәл осы мемлекеттік бағдарламамен үй алуға қатысты үкім айтылмаған секілді. Жалпы баспасөзде де жекелеген дінтанушылар мен діниқызметкерлердің бірлі-жарым жеке пікірі болмаса, мүфтият айтыпты деген сөзді ұшырата алмадық.

Бірақ, осыған ұқсас жағдай – «бөліп төлеу арқылы тауар алуға бола ма?» деген сауалға жауап бар екен.  
«Бөліп сатуға (рассрочка) шариғатымызда рұқсат берген. Оны «Байғ тақсит» яғни, бөліп сату саудасы деп атайды. Оның көрінісі мынадай: Мысалы, сатушы сатып алушыға: «Бұл кітаптың қазіргі нақты сатылатын бағасы 1000 теңге, ал белгілі бір мерзімге дейін бөліп төленетін бағасы 1200 теңге. Оны әр айда 120 теңгеден төлеп құтыласыз», - дейді. Егер затты осы аталған бағада сататын болса, ол адал сауда. Демек, қандай да бір затты қолма-қол нақты бағаға сатып алып, кейін оны белгілі уақытқа дейін негізгі бағасына қосып бөліп сататын болса, ол шариғатқа теріс емес. Тек кешіккен жағдайда айыппұл есебінде белгілі пайыз (пеня) қосылса, ол риба. Өйткені, бұл сауда түрі белгілі бір уақытқа дейін қарызға берген еді. Кешіккен жағдайда қарыздың үстінен қосымша пайда көру шариғатта тыйым салынған», - делінген мүфтият сайтында.

Ақпарат үшін айта кетейік, сонау 1990 жылы Жидда (Сауд Арабиясы) қаласында өткен Мемлекетаралық Ислам Фиқһ ұйымының алтыншы отырысында қабылданған қаулылардың бірінде былай делініпті:

«Баспана адам баласының негізгі қажеттілігінің бірі екені сөзсіз. Сондықтан оған шариғатқа теріс келмейтін жолдармен, халал дүниемен қол жеткізу керек. Ал, ипотекалық және тұрғын үй банктерінің ұстанған жолы, дәлірек айтсақ, ұстеме пайдамен несие беру жолы (мейлі аз болсын, мейлі көп болсын), ол шариғатта харам болып есептеледі. Өйткені онда өсім бар».

Бір екерерлігі, бұдан бері де біраз уақыт өтті. ҚМДБ-ға дәл осы төңіректе, қазақ қоғамын, Қазақстан экономикасын, діни ұстанымдарды ескере отырып, нақты бір пәтуа айтатын кез келген секілді.

Байланысты жаналықтар

ҚАДІР ТҮНІН ҮЙДЕ ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ ҚМДБ ҮНДЕУІ

18.05.2020

"Бекеңнің жүйкесі сыр бергенге ұқсайды. Шын жаным ашыды"

20.08.2020

Сайлауда дауыс ұрлау күнә ма?

06.01.2021

"Түрлі қылмыстарға барған мұндай адам биліктен кете алмайды"

11.03.2020
MalimBlocks
ҚАДІР ТҮНІН ҮЙДЕ ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ ҚМДБ ҮНДЕУІ

"Бекеңнің жүйкесі сыр бергенге ұқсайды. Шын жаным ашыды"

Сайлауда дауыс ұрлау күнә ма?

"Түрлі қылмыстарға барған мұндай адам биліктен кете алмайды"