РЕДАКТОР

Malim Админ

  • 10.10.2020

«Қазақ әдебиетіне» жұмысқа кіріскенде ағай: «Барынша шын жазуға, барынша дұрыс жазуға тырысайық» деді алғашқы жиналысында-ақ. Осы ұстанымынан ешқашан айнымады.

Қалыпты күндердің бірі еді. 2010 жыл болатын. Наурыз мерекесіне арналған арнайы номер шығуы керек. Қызылағаштағы оқиғаны естіп елдің жүрегін зіл батпан қайғы езіп тастаған уақыт. «Аза тұтуымыз керек еді. Ел-жұрт түк болмағандай той тойлауға дайындалып жатыр, ә?», – деді сол күнгі жиналыста ағай қабағын түйіп. Біз де көзімізді үстелден алмадық.

– Қанат (Тілеухан) түнделетіп Қызылағашқа барып келіпті. Жазғаны бар екен, газетке соны берейік. Ғалым (Жайлыбай) өлең жазыпты, бірінші бетке сол өлеңді басайық. Ал сен, – деп маған бұрылды, – осы қайғы елді қалай біріктірді, неден сабақ алдық әлде алмадық, осының төркініне үңіліп көрші, – деді.

Наурыз тойына арналған түрлі-түсті ұранмен басталуға тиіс газетіміздің сипаты лезде өзгерді. Газеттің маңдайшасына «Ұлттық аза күні» деп қап-қара жазу жаздық. Қан жұтқан қаншама үйге көңіл айту үшін облыста ғана аза тұту күні жарияланғанына қарсылық танытқан түріміз. Ғалым ағаның «Жүрегіне жерлейді бауырларын» атты өлеңі және ағай айтқан арнайы материалдар жарық көрді. «Қазақ әдебиеті» қарайтын «Қаламгер-Медианың» атқарушы директоры Жанарбек Әшімжан да мұндай сәтте азаматтық позициямыздан ауытқымауымыз керек екенін құптады. Сонымен мерекелік номеріміз аза тұтуға арналған материалдармен жарық көріп кетті.

Ертесі... Иә, ертесі біраз шу болған сыңайлы. Бас мақаланың авторы ретінде де маған қарата біраз сын айтылыпты. Бірақ, бір жақсысы, ол әңгіменің ешқайсысы бізге жетпеді. Қос бастық өздері реттеп, өздері шешкен болуы керек. Әлдебір ерлік жасағандай біраз уақыт еңсемізді тіктеп жүрдік...

Кейін, Жаңаөзендегі жағдайда Қызылағаштан біраз «сабақ» алған ағай, ешкімнің соққы алғанын қаламай алғы сөзді өзі жазды. Бас редактор бағанында елдің сөзін айтқан, жердің жайын қозғаған ақсақалдық сөз айтты. Онысын да күллі газеттің абыройына балап, шын сөзімізді айта алатын басылымда жүрміз деп кеудемізде бір мақтаныш кернеген еді...

Иә, біз ағай деп отырған бас редактор Жұмабай Шаштайұлының газет шығарудағы басты ұстанымы мынау: «Ең бастысы, осы жазғандарыңды он-он бес жылдан соң оқысаң, ұялмайтындай болуың керек».

Әр журналистің қалам қуатын тап басатын ағай әрқайсысына әлеумет, қоғам, тіршілік, әдебиет, мәдениет деген тақырыптарды әділімен бөліп береді. Міндетті түрде сұхбат пен дөңгелек үстелді ұмытпайды. Дөңгелек үстелге қатысатын сарапшылардың «ел аузында жүрген» атақ-даңқына емес, тосын да өткір пікір айтатуына баса назар аударады. Тақырыптарды теңдей етіп бөліп алған соң мақала жазуға кірісеміз. Оны тапсырған соң редактор кабинетінің алдынан көп өтпеуге тырысамыз. Жүрексіне тұрып «ай, мынаны бұрынырақ неге жазбағансың?» деп өзімсіне «ұрса жөнелсе» деп редактордың есігі жаққа мойынымызды созып-созып та қоямыз. Тоқтарәлі мен Ерлан, біз қос қоңыр қаз деп ат қойған қос ақын «Екеудің әңгімесін» жазып болған соң, олар да «ағай шақырып қалмас па екен» деп елеңдеп жүргені. «Ағайдың үндемей қойғанынан қорқу керек. Ұрысса, демек, ұнағаны» дейтін Тоқтарәлі Таңжарық – Тоқаш. Оған Ерлан Жүніс үнсіз бас изейді. Сол арада хатшы – Айнұр апай келеді:

– Сендерді шақырып жатыр.

Біз жамырай сұраймыз:

– Ашулы ма?

– Білмеймін, бірақ қабағы түюлі секілді.

Жыл аралатып «демалысқа» барып келетін Назым Дүтбаева бастаған топ бір-бір блокнотымызды құшақтап, блокноты жоғымыз бұрқылдай ұрысқан Айнұр апайдың алдынан бір-бір ақ қағаз бен жеткеніміз қалам, жетпегеніміз қарындашты ала сала редактордың кабинетіне кірер едік.

Әркімнің өз орны бар. Тізіле жайғасып болған соң, ағай әуелі жайлап сөз бастайды. Бір уақытта жаһандық мәселелерді қозғай өтіп әдебиет, мәдениет, бұрынғының әңгімесі дейсіз бе, талай қиырды шарлап барып тоқтайды. Біраздан соң: «Тоқтарәлі, Ерлан, «Екеудің әңгімесі, былай, дұрыс шыққан сияқты ма?» деп өздеріне сынай көз тастайды. Ерлан жылы жымияды. Тоқаш кірпігін тез-тез қағып ағайға үнсіз қарайды. «Үй, сендерге сұрақ қойып отырмын ғой!» дейді ағай жорта ашуланып... Біз үнсіз күлеміз...

Алайда сол «жорта ашуланғанды» ұққанша біразымыз ағайдың алдынан аттай тулап шыққан болармыз...

Кей мақалаңды оқып болған соң: «Сен, былай... өскен секілдісің» деп қояды ырза қылып. Ондайда төбең көкке бір елі жетпей қалады. «Біз кішкентай адамдармыз ғой» дейтіні тағы бар, әлденеге ақылдассаң. Сөйте тұра идея, тақырып редакциядағы журналистерге түгел жетіп, тіпті бізден асып, сырттағы шәкірттеріне де шүлен таратқандай идеясын таратып, «тақырыптарды» бөліп-бөліп беріп тастайды. Содан қоғамның әр соқпағын шарлап, газет бетіне түрлі тақырыптарда жазған материалдарымызды даярлауға кірісіп кетеміз. «Газетіміз бір дауысты емес, көпүнді болуы керек» дейтін ағай.

Ағайдың күллі мінезіне қанық болып, ашуының шай орамал кепкенше екенін анық ұғынған соң біздің де еркінсігіміз келеді ғой енді. Қайда-а-а-н? Әп-сәтте бәрімізді қуырып алып, ретке келтіре қояды. Не үшін? «Қазақ әдебиеті» үшін. «Сендер қандай қасиетті газетте істеп жүргендеріңді білесіңдер ме?» дейді күйіп кетіп, біз әлденені шалағай орындай қалсақ. Жалпы ағайдың аузынан «қасиетті газет» сөзі екі басылымға қарата айтылады. Бірі өзі талай жыл бас редактор болған «Қазақ әдебиеті», екіншісі  «Жас Алаш» газеті туралы сөз болғанда. Жастығы өткен сол басылымдарды әңгімелей отырып, бас редакторлардың өнегесін де айтып беретін. «Сейдахмет Бердіқұлов болғанда», «Шерхан Мұртаза айтқанда» деген әңгімелердің бір парасын да өз редакторымыздың әңгімесінен көп естідік.

Кейде редакцияға әдебиеттің ақсақалдары келеді. Ондайда біздің таудай бас редакторымыз лезде жасарып кеткендей болады. «Сіз енді үлкен адамсыз ғой» деп басталатын әңгіменің соңы міндетті түрде адамдықтың сипаттарына ауысады. Әлде бізге солай көріне ме?

Ағай басылымды қатты жақсы көргені сонша, өзін аяған жоқ. Талай уақытын түрлі газет-журнал оқып, солардың жазған, қозғаған тақырыптарын сараптап, салыстыруға арнады. Талай уақыты газетке шын жаны ашығандықтан бізді отырғызып қойып материалдар тапсыруға кетті. Талай уақыты газет бетінде жаңа айдарлар, қосымшалар ашып, соларды барынша жақсы етіп шығаруға жұмсалды....

«Осы газетке жүрегіммен берілдім, осы газетке қайрылмасам қанша көркем шығарма жазып тастар едім» деді ағай бізге бір ренжігенінде әлде күйініп, әлде мұңайып. Бірақ ағай қанша байқампаз болса да, өзі кітап жазбағанымен талай шәкіртіне бір-бір кітаптің жүгін арқалатып жібергенін байқамаған еді.

Назым Перненің «Біздің жақтың қазақтары» деген бір ғана мақаласына «көңілі құлаған» Ырысбек, Ырысбек Дәбей арнайы танысуға келіп, бір-бірін ұнатып екеуі шаңырақ құрады. Сол Назым «Қазақ әдебиетіне» ағай келген уақыттан бастап қаншама ғажап мақалалар легін ұсынды?! Ағайдың өзі көңілденіп кетіп: «Назымның осы мақалаларын құрастырса, бүгінгі қазақ қоғамының портретін жасаған қандай керемет кітап шығар еді» дейтін. Газетіміздің 3333 номерінен Ырысбек Дәбей «Әкелеріміз айтқан әңгіме» сериясын бастады. Қазақ жүрегінің бары мен жоғын ашып көрсеткен, нағыз қазақы әңгіменің биігіне айналған сол дүниелер кейін кітап болып жарық көрді де, өз оқырманын тапты. Білуімше, бірнеше рет қайта басылып шықты. Ырысбектің прозаға бет бұруына ағайдың ықпалы болғанын Ырысбектің өзі де айтып жүр. Тоқтарәлі Таңжарық пен Ерлан Жүністің «Екеудің әңгімесі» айдарымен берілген дүниелерінің басын құраса, ол да талай оқырманын тәнті еткен кітапқа айналары хақ. Ағайдың мінезіне мінезі аумай тартқан Роза Сейілханның поэзияны нәзіктікпен тани білуі талай әріптестеріне үлгі болғаны анық. Осы басылымда жүріп Роза қаншама сұлу жыр жазды. Қазақ әйелдерінің образын құрақ көрпеше құраған Назым Дүтбаеваның да сырлы дүниелері газет оқырманының ілтипатына бөленді. «Қазақ әдебиетінен» басталған дүниелері тұтас кітапқа айналған Әлібек Байбол, Алмас Нүсіп, Арман Әлменбет, Бағашар Тұрсынбайұлына «Ағай сендер келгенде жұмсарды ғой, көп ұрыспайтын болды» деп қоятынбыз әзілдеп.

Біз, «Қазақ әдебиетінің» ағай редактор болған тұсында басымыз біріккен ұжым, шынымен бір үйдің баласындай едік. Шын әзілдесе кететінбіз. Шын өкпелесіп қалатынбыз. «Кең болсаңдаршы» дейтін ондайда ағай. Ағай бәріміздің басымызды қосып тұрғанда біздің бір үйдің баласындай болмауға хақымыз да жоқ сияқты.

Жұмыстан ауысқанда: «Айналайын, құлыным деген сөз әрбіріміздің таңдайымызда тұруы керек екен. Сол сөзді сендерге көп айтпаппын. Бәрің менің құлынымсыңдар» деді бізге қарата. Бірақ ағай қанша байқампаз болса да, жиі «Әке» дейтіні, кейде «Әй, сволыш, сен өзі кісімсіп кеткен секілдісің ғой» деп жорта ұрсуының өзі бізге айналайын, құлыным деген сөзі екенін тағы да байқамаған сияқты.

Қарагөз Сімәділ.

Байланысты жаналықтар

Жазушы Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті

12.03.2024

Мұқағали минуттары

07.10.2021

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

03.04.2021

Менің мылқау махаббатым, қалайсыз?..

11.03.2021

Қонаев сынаған кітап жарыққа шықты

16.10.2020

Жұмабай аға айтатын жылы сөз

09.10.2020
MalimBlocks
Жазушы Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті

Ол 4 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Мұқағали минуттары

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

Менің мылқау махаббатым, қалайсыз?..

Қонаев сынаған кітап жарыққа шықты

Жұмабай аға айтатын жылы сөз